Ғаламның картасын жасаған кім?

«Айқын» 2012 M09 13
2950
0
18
0

Әлемде ғалымдарды тығырыққа тіреген құпия жеткілікті. Соның бірі -Уилфрид Войнич манускрипі. Картинадағы жазбалардың 500 жылдық тарихы бар. Оны 1912 жылы букинист Уилфрид Войнич тауып алған. Қайдан...

Әлемде ғалымдарды тығырыққа тіреген құпия жеткілікті. Соның бірі -Уилфрид Войнич манускрипі. Картинадағы жазбалардың 500 жылдық тарихы бар. 
Оны 1912 жылы букинист Уилфрид Войнич тауып алған. Қайдан және қалай тапты, ол әлі белгісіз. Хатқа түсірілмеген. Тек ғалымдар картинадағы жазулардың кем дегенде бес ғасыр бұрын жазылған дегенді есептеп шығарған. Белгісіз таңбалар 170 000 белгіні құрайды. Ол 240 бетке жазылған. Войнич өле-өлгенше әлгі жазулардың құпиясын ашуға талпынды. Бірақ қолынан келмеді. Арманда көз жұмды. Одан кейін таңбалардың құпиясын ашуға әлемнің ең мықты деген криптографтары, математиктері, лингвистері, сондай-ақ жұмбақ таңбаларды оқитын әскерилер де араласты. Бірақ солардың бірде-бірі дым шығара алмады. Жазу әлі сақтаулы. Әзірге оның сырын ашуға ешкімнің құдіреті жетер емес.
Ғалымдарды әбігерге салған құпиялардың бірі - түрік флотының адмиралы Пири Рейстің картасы. 1929 жылы тарихшылар теріге салынған көне картаны тауып алды. Зерттей келе карта 1513 жылы атақты түрік адмиралының қолданған картасы болып шыққан. Мәселе табылған картада емес, мәселенің үлкені - сол картаға салынған суретте. Картада Африканың батыс жағалауы, Оңтүстік Американың шығыс жағалауы және мәңгілік мұз жамылып жатқан Антарктиканың солтүстік беті белгіленген.
Ең бір қызық тұсы, Пири Рейс картасында бүгінгі күні көкмұз бүркенген өлке көк желек жамылған, бұлақтары сыңғырлап аққан оазиз болып салынған. Бұл қалайша? Ғалымдардың басын қатырған осы. Өйткені түрік адмиралының картасы жасалған соң 300 жылдан кейін ғана Антарктика ашылды емес пе?! Геологтардың зерттеуіне қарағанда, картада көрсетілген мұзды өлке Мод корольдігі 6000 жыл бұрын мұзсыз болған екен. Демек, түрік адмиралы қандай да бір жолмен баяғыда жоғалып кеткен өркениеттің орнын тапқан һәм солар теріге түсіріп кеткен жер шарының сұлбасын көшіріп картаға түсірген. Ғалымдар осындай жорамал жасауда. Бірақ ол қандай өркениет? Зерттеу бойынша, алғашқы өркениет бұдан 5000 жыл бұрын қос өзен (Ефрат және Ніл) бойында дүниеге келген. Одан кейін қытай және үнді жерінде өркениет бой көтерді. Бірақ олардың ешқайсысы да жер шарын шарлап, картаға түсіретіндей деңгейге жете қоймаған. Сонда 6000 жыл бұрын кім керемет мүмкіндікке ие болып, ғаламның картасын жасады екен?

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Оцените пост

15
Дальше