Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
03:43, 10 сентября 2012

Артық табысқа жоғары салық белгілеу дұрыс па?

Мәжіліс депутаттарының бір тобы Қазақстан Республикасының Салық кодексіне енгізілетін өзгертулер жобасын әзірлеуге кірісіп кетті. Жаңа ұсыныстарға сәйкес, келешекте елімізде басы артық молшылық иелеріне салынатын салық түрлері пайда болуы мүмкін. Total.kz. ақпарат көзінің мәліметінше, құжатты әзірлеу кезінде 2013 жылдан бастап-ақ артық дүние мүлкі үшін «байлардан» тиісті төлем өндіруді көздеп отырған Кеден одағы бойынша әріптес - Ресей тәжірибесі ғана емес, сондай-ақ басқа да шетелдік үлгілер ескерілетін көрінеді.

Интернет-басылым тек ең дәулетті 50 қазақстандықтың дүние-мүлкі 24 миллион АҚШ долларын, ал олардың жиынтық табысы биылғы жылға белгіленіп отырған 36 миллиардтың үштен екі бөлігін құрайтынын есептеп шығыпты. Егер Үндістандағы сияқты, артық дүние-мүлікке бар-жоғы 1 пайыздық болмашы салық өндіру енгізілген күннің өзінде, біздегі «Forbes тізіміндегілер» мемлекет қазынасына 240 миллион доллар қаржы құяды екен. Ол аз ақша емес, теңгемен есептесек 36 миллиард мол қаржы болады.
Осы тұста 2008 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке шикізаттық емес секторға түсетін жүктемені азайтып, молшылыққа салық салуды көздейтін жаңа Салық кодексін әзірлеуді тапсырғанын айта кеткен жөн. Мемлекет басшысы сол кезде қолданыстағы Салық кодексі «іс жүзінде өз міндетін түгескенін» айтып еді. Заңды жолмен тапса да, қылмыстық жолмен жиса да қолындағы барынан кім біреуге бөліп бергісі келеді бұл заманда?! Елбасы айтуын айтқанмен, өкінішке қарай, арадан төрт жыл өткен соң ғана 2012 жылдың ақпан айында Қаржы министрлігі осы бағыттағы Ресей тәжірибесін үйренуге ниет (!) білдірді. Ал «Ақ жол» партиясының жетекшілігіне келіп, Мәжілістің жылы орнына енді ғана жайғасқан депутат Азат Перуашев мырза сол кезде «молшылықтан алынатын алым» немесе артық табысқа жоғары салық белгілеу - елімізде бай адамдардың өз табыстарын жасыруға алып келетінін айтып:
«...Қазақстанда молшылыққа салық салуды дұрыс болады деп есептемеймін. Егер сөйтсек, біз адамдарды табысын жасыруға итермелейміз. Себебі елімізде прогрессивті салық мөлшерлемесі енгізілген кезде, ол бір айлық жалақыға бірнеше адамның ресімделуіне алып келді. Біз бұдан ештеңе ұтқан жоқпыз, тым селқос қарап, ешкім өзінің нақты табысын көрсеткен жоқ» деп еді. Оның пайымдауынша, елімізде миллиардер саналатын бай, қуатты адамдар жалақы есебінен өмір сүрмейді. Олар акциялардан түсетін дивиденттер немесе басқа көздерінің есебінен ақша жасайды. Әдетте олардың барлығы ел аумағынан тыс жерлерде орналасқан. Оның үстіне мұндай салық салу - адал еңбек етіп, елімізге салығын уақтылы төлеп отырған басқа адамдар үшін де төлем мөлшерінің көбеюіне алып келуі мүмкін. Сондықтан жүктеме артық табыс тауып, оны жасыратын адамдарға түсетіндей болуы тиіс.
Бұл - кешегі кәсіпкер, бүгінгі депутаттың пікірі. Ал ғалым не дейді, енді журналист-ғалым, экономика ғылымдарының кандидаты Жетпісбай Бекболатұлын тыңдап көрейік:
- Негізінде қандай табыс болса, соған сәйкес салық салынғаны әділетті. Бұл көптеген елдердің тәжірибесінде бар. Ал табысты жасыру, одан тиісті төлемдер төлеуден қашу - қылмыстың көбеюіне алып келеді. Ең қауіптісі - салық өндірудегі әділетсіздік қоғамда қарапайым адамдардың бай, дәулетті адамдарға деген жеккөрушілік сезімін ұлғайта береді. Ол ел бірлігі, мемлекет дамуының тұрақтылығы, жас ұрпақты отаншылдық рухына тәрбиелеу сияқты ұлттық мұраттардың орындалуын қиындата түседі. Сондықтан артық табыс, мол мал-мүлікке салық салу турасындағы бастаманы әлеуметтік әділдік тұрғысынан дұрыс деп есептеймін және оны төлеуге табысы мол жеке адам, кәсіпкер, үлкен байлық иелері ешқандай мәжбүрлеусіз, өздері мүдделі, ынталы болатындай мемлекеттік тетіктер жасалуы қажет деп есептеймін.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

0
537
0