Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
04:25, 09 сентября 2012

ГАЗЕТ БЕТІНДЕГІ МАҚАЛА

Экологиялық төлем түйткілін тек жаңа заң шеше ме?

Blog post image

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өттік. Еліміз демократияландырудың жаңа белесіне көтеріліп, көппартиялы Парламент құрылды. Одан кейін Елбасымыз Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын арнады. Бұл Жолдау әлемге қаржы дағдарысының екінші кезеңі қауіп төндіріп тұрған уақытта Қазақстан халқының әл-аухатын жақсартуға бағытталғанымен құнды. Иә, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту – мәртебелі іс. Осы орайда құзырлы орындар назарын мына бір өзекті мәселеге аударғым келіп отыр. Сайып келгенде, бұл да әлеуметтік салаға қатысты.

«Сыр – Алаштың анасы» деп Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев атаған аймақ Мемлекет басшысының ұдайы қамқорлығын сезініп келеді. Президент тапсырмасымен Қызылорда облысында өңірдің экологиялық ахуалын сауықтыруға бағытталған, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздейтін ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Кеңестік кезеңде экономикасы аграрлық саламен шектеліп қалған өңірде мұнай өндірісі дами берсін деп Қарағанды облысының жерін Сыр аймағына жалға беру мерзімін тағы да ұзартып берді. Елбасымыз осылайша бір жағында тартылған Арал теңізінің тұзды табаны, бер жағында Байқоңыр ғарыш айлағы, оған қоса, уран өндірілуімен радиация әсері бар аймақ халқына ерекше көзқарас танытып келеді. Экологиялық апат аймағы саналған облыс тұрғындарына экологиялық жеңілдіктер қарастыратын «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңының жұ­мыс істеп тұруы да – соңың бір дәлелі. Шынында да, жаздың 50 градусқа жақындайтын ми қайнатар аптап ыстығы, 40 градусқа жуықтайтын қысқы аязы, жылдың алты айында шаң боратып соғатын аңызақ желі бар суперконтиненталды климатты өңір тұрғындарына бұл жеңілдіктер – өте қажетті нәрсе және әжептеуір демеу. Бірақ осы заңды тұрғындарға қатысты теңсіздік толық сақталған деп айта аламыз ба? Заң бойынша облыста еңбек етіп жатқан адамдардың барлығының жалақысына экологиялық коэффициент қосылады. Ол Арал және Қазалы аудандарында 50 пайыз болса, қалған бөлігінде – 30 пайыз. Аталған екі аудан экологиялық апат аймағының орталығы саналғандықтан, бұл жағынан айтар дау жоқ. Мәселе – басқада. Аталған коэфициенттер әркімнің жалақысының көлеміне қарай қосылады. Ал осы дұрыс па?

Ойлап қараңызшы, мәселен, мемлекеттік бір мекеме басшысының жалақы ставкасы 200 мың теңге делік. Заңға сәйкес, оның айлығына (30 пайыздық үстемемен есеп­тегенде) 60 мың теңге қосылуы тиіс. Ал 60 мың теңге деген – төмен қызметте жүрген­дердің айлығы. Тіптен одан да төмен, 25-30 мың теңге шамасында алып жүргендер жетерлік. Ал соларға экологиялық коэффициент әрі кетсе 9-10 мың теңге көлемінде ғана қосылады. Сонда жоғары қызметте жүргендер экологиялық аймақта жұмыс істеп, оның зардабын сезінгені үшін айлығына қосымша 60 мың теңгеден аса ақша алса, төменгі қыз­меткерлердің алатыны 10 мыңға жетпейді.

Бұл қалай болғаны сонда? Бәрі бір өңірде, атап айтқанда, экологиялық ахуалы басқа аймақтармен салыстырғанда төмен саналатын облыста тұрып, сол жердің ауасын жұтып, суын ішеді. Жоғары қызметте жүргендердің қоршаған ортаның зиянды әсерлерін азайтуға онсыз да айлық жалақысы жетіп-артылады.

Олардың құнарлы азық-түлік, көкөніс пен жемістерді, қажетті дәрумендерді сатып алып тұруға шамасы молынан жетеді. Денсаулығын түзеймін десе, ауруханалар мен шипажай­ларға қолжетімділігі қарапайым халық өкілдерімен салыстырғанда анағұрлым жоғары емес пе?

Бұл жерде осындай теңсіздік орын алып отыр деп ешкімді кінәлаудың реті жоқ, ешкімді жазғыруға болмайды да. Өйткені заң солай қабылданған, оны тек орындау керек. Әкімдерге онсыз да зор жауапкершілік жүктелген. Мың сан проблемалардың шешімін та­уып отыруы қажет. Мемлекеттік қызметкерлер мен құқық қорғау саласы өкілдерінің әрқайсысының өз міндеттемелері бар.

«Бұл заңның жобасын жасағандар мен оны қабылдағандар қайда қараған?» деп те айта алмаймыз. Өйткені заң алғаш қабылданған уақытта көптеген баптардан тұратын. Бірқатар баптар табысы төмен отбасыларына арнайы көмек көрсетуді міндеттейтін. Заңға сәйкес, тұрғындарға жеңілдікпен 2 тоннадан көмір беріліп тұрғаны есімізде. Онан бөлек жеңілдік түрлері де болды. Әйтеуір аталмыш заң талаптары алғашқы кезде табысы төмен отбасыларына біраз көмек көрсетіп, теңгермешілікті ұстап тұрды. Алайда кейіннен заңның көптеген бөліктері алып тасталынып, жоғарыдағы негізгі бап түрлері қана қалды. Ал өздеріңіз байқағандай бұлар негізінен жалақысы жоғары адамға ғана жағымды екен.

Ал әділіне келсек, экологиялық коэффициент бұл мерекеге байланысты жалақы көлеміне сәйкес қосылатын сыйақы емес (негізінде бұл мәселеге де басқаша көзқарас танытса артық болмас еді), экологиялық үстеме болғаннан кейін ол барлығына бірдей төленуі тиіс. Ол 50 пайыз қосылатын аудандарда белгілі бір көлемде, 30 пайыздық аймақта сәйкесінше одан төмендеу болуы қажет. Оған қалай қол жеткізуге болады? Заң қатып қалған догма емес, оған уақыт, заман талабына қарай өзгерістер мен толықтырулар енгізуге болады. Ендеше бұл заңға да өзгеріс енгізетін уақыт жетті. Оны үстіміздегі жылы қалыпқа келтіріп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Қазір облыста экологиялық төлемге бір жылға қаралған қаржы көлемі 11 млрд теңге шамасында. Бірақ бұл ақша тек бюджеттен қаржыландырылатын қызметкерлерге ғана төленеді. Осы қаржыны оларға бірдей етіп төлегені абзал. Әрине солтүстіктегі екі ауданда сәйкесінше көбірек болады. Осыдан кейін басқа салаларды да осыған теңестіріп төлеуге міндеттеген дұрыс. Мүмкін, есептеудің мынандай жолын қарастырар: Облыстағы орташа жалақы көлемі 70 мың теңге деп алсақ, соның 50 пайызы – 35 мың теңге, 30 пайызы 21 мың теңге болып шығады. Міне, осындай көлемде аймақтарына қатысты төленіп отырғаны дұрыс болар еді. Немесе экологиялық коэффициентті ең төменгі айлық, не АЕК көлемімен есептеудің жолдарын ойластыру керек болар. Есептеудің мұндай жолдарынан жоғары айлық алып жүргендердің ұтылатыны рас. Бірақ олар бұл жағдайға ренжімес деп ойлаймын. Өйткені қаншама жерлестерінің жалақысына 5-10 мың теңге қаржы қосылады. Мұның өзі – оларға біраз көмек. Қарлығаштың қанатымен су сепкендей. Біреулер «5-10 мың теңге деген не тәйірі» деп ойлауы мүмкін. Ондайларға бұл екі-үш қап ұнның құны екенін жеткізуге болады. Және бір ескеретін жайт, халықтың көпшілігі жеке секторда істейтіндіктен, олардың экологиялық төлем алуға мүмкіндіктері жетпеуі ықтимал. Әсіресе солтүстік аудандарда. Ондай жағдайда мемлекет қосымша субсидия беру жағын ойластыру керек болар.

Мамандар кіріссе барлығына бірдей төлеудің механизмін жасап алатынына сенімдімін. Мүмкін, қаржы көлемінің немесе жұмыс істейтін адамдар санының өзгеруіне байланысты төлем мөлшерін де өзгертіп тұру керек болар. Оны жылына бір немесе екі рет алдын ала облыстық мәслихат шешімімен бекітіп алып тұру қиынға соқпас. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болады. Қысқасын айтқанда, заңға өзгеріс енгізу қажет. Сыр елінде еңбек етіп жатқан барлық қатардағы қызметкерлер мен жұмысшылар пайдасына. Осындай көзге ұрып тұрған теңсіздікті қалыпқа келтіретін мезгіл жеткен сияқты.

Аталған мәселеге байланысты заңгерлер, қаржыгерлер, экономистер, Парламент депутаттары, оның ішінде Сыр өңірінен сайланған азаматтар, сондай-ақ жергілікті мәслихат депутаттары пікірлерін білдіріп, мәселенің оң шешімін табуына атсалысады деп сенемін.

Ыдырыс ТҰРЛЫҒҰЛОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Қызылорда қаласы

"Алаш айнасы". 05.09.2012. Коллаж газет интернет сайтынан алынды (Абай Омаров)

Автормен келісіп салынып отыр

0
5224
0