Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
09:33, 06 сентября 2012

Мұнайшылар «Халық майданына» имандай сеніп қалған...

Жаңаөзен оқиғасының басты айыпталушылары В. Козловтың, С.Сапарғалидың, А.Аминовтың істеріне қатысты Ақтауда өтіп жатқан сот процесі жұма 31тамызда қайта жалғасты. Сот залында негізгі процеске қатысушылардан басқа адам қарасы өте аз болды.

Тіпті оннан да аспады. Отырғандардың өзін тек журналистерқауымы құрады. Алғашқы күнгі сот отырысына келген сотталушылардың жақтастарының бірін де байқамадық. Бұл күні жауап беруін жалғастырып жатқан А.Амированы қосқанда алты куә жауап берді.
Сот басталысымен А.Амирова келіп, бұған дейін аяқталмаған жауап беруін жалғастырды. С.Сапарғали сұрақ қоюды бастап, Амированың да қамауда болғанын ескеріп, ең қажетті сауалдарды ғана қоятындығын айтты.Алайда, сұрақ қоямын деп пікірін білдіріп тұрып алды, судья оған ескерту берді, нақты сауалын қоюға.
«Сіз неге ереуілге шығып жатқан жұмысшыларға көмек беру туралы В.Козловқа хабарламадыңыз» деді Сапарғали. Амирова бұл туралы Б. Атабаевқа, Ж. Мамайға айтқанын білдірді.«Сіз жарты жылда саяси беделге ие болдыңыз, В.Козловтың сеніміне кірдіңіз, сол уақытта өзіңіздің қылмыс істеп жүргеніңізді қалайша білмедіңіз деген сауал берді Сапарғали. Айжангүл болса «Мен кінәмді мойындадым, солай болғанына өте өкіндім. Бәрін ой елегінен өткізе келе осындай ойға келдім. Өзіме неге бұлай деген сауал да қойдым, алайда жауабын таба алмадым» деп жауап берді. Оның сөздерінен шынында да болған іске өкінетіндігі сезіліп тұрды.
Козлов негеАмированы сатып кетті...
Сотталушы В.Козлов сұрақ беруге шығып, Жаңаөзенде атқарған жемісті қызметі үшін Айжангүлге үлкен адами ризашылығын білдірді. Айжангүлде үлкен жауапкершілік барын айтып, Жаңаөзенге барған жалғыз әйел адам екендігін атады. Соған қарамастан сұрақ беретінін, себебі өзін ақтауы керектігін жеткізді. Оның сөзінен ұққанымыз, қанша жерден маған беріле қызмет еткеніңмен, өз басымды қорғау үшін сені де құрбандыққа шалуға бармын деген ойды анық ұққандай болдық.
«Сіз маусым айында Жанар Сақтағанова екеуіңіз көмек сұрағанда, бітімгершілік комиссиясы барғасын, заңгерлік, құқықтық көмек болады дегенім есіңізде ме деді Козлов.
«Сіздерге сонда жету керек» деп жауап бергеніңіз ғана есімде. «Құқықтық көмек беру дегеніңіз әлдеқайда кейін айтылған. Мен танитын адамдардың арасында заңгерлер болған емес. 23 маусымда болған жиналыста да заңгерлер болған емес. Мұнайшылар келген адамдарды қабылдамады, себебі қандай бір нәтижеге қол жеткізушілік болған жоқ деді Айжангүл.
«Себебі, мұнайщылар өздерінің білімі төмен болғандықтан, келген заңгерлерді танып, білмеді». Дәл осылай деген В.Козлов енді кінәні мұнайшылардың өздеріне аударуға тырысты. Және де Әжіғалиеваны, Аминовты қорғауға қорғаушылар жалдағанын Амироваға да қорғаушы жалдағанын алдыға тартты. Дегенмен, оларды өзінің мүддесі үшін керек болғасын ғана қорғағанын айтпай қалды.
В. Козлов А.Амированың тергеуде берген жауаптарын қайта қайта нақтылаумен болды, сондықтан прокурорлар ескерту жасады. Бұған жауап ретінде Козлов «прокурорлар шыдамдары таусылса, тыныштандыратын дәрі ішіп алсын» деп жауап берді. Сөйтіп олардың арасында текетірес қыза түсті.
Сондай ақ Айжангүл өзіне көрсетілген үнпарақтарды танып, алаңда таратылғанын растады.
«Сіздің компьютеріңізге ортақ желіден Египет парақшасын жібергенін айттыңыз. Оны кім жібергенін білмеймін дедіңіз. Ал Сіз айыпталушыдан, куәгерге өткенде оны Козлов жіберді деп неліктен айттыңыз» деді Козлов. «Мен жауабымды ауыстырғам жоқ, тек оны толықтырдым» деп жауап берді Айжангүл.
В.Козлов тағы да сот барысында прокурорларға сұрақ қоюға болады куәға, маған неге болмайды деп наразылығын білдірді сот барысында. Өзінің ұзақ пікірін білдіріп тұрып алғанын ескермеді.
«Сіз жауабыңызда Жаңаөзен қаласында жұмсалған қаржы төрт млн теңге, төрт мың евро, он мың АҚШдоллары шамасында болды дедіңіз. Оның қалай жұмсалғаны туралы есеп бердіңіз бе?» деп сұрады В.Козлов.
«Иә, мен сізге скаиф жазбасы арқылы есеп беріп отырдым, ақшаның қалай жұмсалғаны жайлы. Он алтыншы қарашаға дейінгі жазған есептерім сізді қанағатандырған болатын. Және де ол бере салып сұрамай кететіндей аз ақша емес қомақты қаражат қой және сіз менен үнемі сұрап отырдыңыз, ақша жетеді ме деп» деген жауап қатты Айжангүл. Бұған қарап бірінші кезекте «Алға» партиясы өкілдерінің елде төңкеріс жасауға еш қаржы аямағандығын, молынан салғанын байқаймыз. Екіншіден В.Козловтың қанша ақша кеткенін жақсы біле тұра, Амировадан қайыра сұрауын, кезекті бір айлаға басқаны деп түсіндік. Әйтпесе, мұхит асқан Әблязовтан кеп құйылып жатқан қаражат үшін оның алдында да есеп беру керектігін Козлов мырза жақсы біледі емес пе?
Онымен қоймай В.Козлов оның көпшілігі қаржылық емес, ақпараттық жазбалар ғой. Қаржы туралы берген есептеріңіз есімде жоқ деп бірден жалтарып кетті. Мұның өзі оның айлакер түлкіге тән іс қимылын әшкерелеп берді. Оның өз басы үшін бәріне де баратындығы байқалды тағы бір мәрте.
Сұрақ беруін Козлов өзінен Амированың әлдеқашан алыстап кеткенін біле тұра Жаңаөзенде сізге сенім артып едім, соңына дейін солай болып қала беруін қалаймын деп бітірді беті еш шімірікпестен.
Қорғаушы В.Сәрсенбинаның«Егер үнпарақтарда жазылғандарды түсінсеңіз, неге жергілікті билікке хабарлап айтпадыңыз, Сіз әйел адам ретінде қиыншылыққа шыдамай кетіп қалуыңызға болатын еді ғой, неге қалдыңыз партияда, ақша қызықтырды ма, әлде партия жұмысы ұнады ма деп сауал берді.
Амирова: «Мен ол партиядан бір тиын да ақша тапқан жоқ. Мені бұл жұмыста ақша жағы қызықтырған жоқ. Мен тек жұмысшылардың сезімдеріне ортақтасқым келді деп жауап берді.
Қорғаушы А.Плугов «Козловтың ұйғарымынсыз іс әрекет жасамадым дедіңіз, Жаңаөзенде қалу туралы өз шешіміңіз болды. Сіз оппозициялық БАҚ тар бір жақты жұмыс істеді дедіңіз, олар нені көрсете алмады, қандай шындықты жасырды деп сұрады. Оған Айжангүл«Алаңда билік жағынан көп оңды жұмыстар жасалды. Бітімгершілік шаралары болды. Солардың барлығын оппозициялық журналистер көрсетпеді. Тек арандатушылық материалдарды ғана жариялады» деді.
Мемлекеттік айыптаушылар А.Амировадан «Алматы қаласында да осындай жағдайлар болып, ірі мөлшерде қаржылар бөлініп пе еді деп сұрады. «Жоқ, ондай мөлшерде ақша бөлетін жағдайлар болған жоқ»деген жауап берді. Осыған қарап, «Алға» партиясының басшылығы Жаңаөзенге бар күштерін бағыттағанын тағы да байқаймыз.
«Амированың қатысуымен Б.Атабаевтың жауабын жарияласақ дейміз» деді мемлекеттік айыптаушылар. Оған қорғаушылар қарсылық танытты. А.Плугов та қарсы пікір айтты. Оның өзі деп кеп жауап береді дегенді алға тартты.
Судья Б.Мырзабеков мемлекеттік айыптаушыларға оның жауабын оқу туралы шешімге келді.

Атабаев та өкінетіндігін айтады...
Б.Атабаевтан тергеу барысында В.Козловтың және оның партиясының әлеуметтік арандатушылықты қоздырды дегенге пікірі сұралады.Ол айтады:«Олардың өз саяси мүдделері болды. Маған ақпарат кеш жетті, ол туралы «Республика» басылымына жазған С.Сапарғалидың мақаласынан оқып білдім. Сондықтан ақпарат ерте жеткенде мен Жаңаөзенге бармас едім. Ереуілдеушілерді жұмысберушілермен ортақ мәмілеге келуге шақыратын едім.Мен Жаңаөзендегі үнпарақтарды оқымадым, сондықтан онда не жазылғанын білмеймін. Сондықтан олардың қандай әсері болғандығын айта алмаймын.Партия өкілдері жұмысшылармен кездескенде олардың мәселелерін шешеміз деп үміттендірді. Мен олардың қылмыстық әрекеттері болғандығын білмедім. Болған оқиға үшін өкінетінімді білдіремін. Мен Жаңаөзенге екі рет барып мұнайшылармен кездескенімде жұмыс берушілер тарапынан жасалып жатқан шараларды білмедім, алайда, олардың тарапынан біршама жұмыстар атқарылыпты. Хаттама менің айтуыммен толық әрі дұрыс жазылған» Б.Атабаев та өз жауабында В.Козловтың Жаңаөзенге не мақсатпен барғанын бекіте түседі.
Келесі кезекте Мақсат Ескендіров есімді куә жауап берді. Ол айтады:«2011 жылдың 26 мамырында басталаған ереуілшілер көтерілісіне бардым. Ара-арасында барып тұрдым.Жұмыс арасында Ақтау қаласына барып, таксист болып жүретінмін. Келсем, полиция іздеп келіп кетіпті. Бізге «Алға» партиясының өкілдері келіп, сендерге көмек болады, заңгерлер келеді деді. Және Маңғышлақ станциясынан жеті-сегіз рет Ақтауға және Жаңаөзен қаласына қағаз қораптар тасып әкелдім. Оның ішінде «Республика», «Правда Казахстана» деген газеттер болды. Оларды А.Амированың айтуы бойынша істедім және әр жолы он екі мың теңгеден алып отырдым. 2011 жылы Маңғышлақ станциясына А.Аминова екеуіміз барып, пойыздан шатырларды, үнпарақтарды түсіріп алдық. Айжангүлден олар қайдан келді деп сұрағанымда, Алматыдан деп жауап берді. Оны В.Козлов жібергенін білдім».
Оған өзі тасыған үнпарақтар көрсетілді. Ол иә, осылар деп жауап берді.
Келесі кезекте Оңғарбаева Айман деген куә жауап беруге келді. Ол мұнай мекемелерінің бірінде машинист болып жұмыс істейді екен.
Айман айтады: «2011 жылдың 26 мамырында Жаңаөзенде мұнайшылар арасында аштық жариялау басталды. Олардың арасында Н. Әжәғалиева, Р. Төлетаева деген таныстарым болды.Сосын оларға аптасына екі рет барып, қажетті заттарын, дәрі-дәрмек, су апарып беріп тұрдым. Өзім жұмыста болдым, ереуілге де аштыққа да қосылмадым, олардан естіп білгенім, еңбек дауы екен, ақшалары түсіп кетіпті, тек еңбек даулары екендігін түсіндірді. Өзім білмегенсін көп араласпадым.Ақыры жұмысшылар алаңға барып тұрып қалды. Олармен бірге мен де тұрдым. Содан кейін журналистер келе бастады. Сол кезде А.Амировамен таныстық, олөзін журналиспін деп таныстырды. Сосын Атабаев, Мамай деген адамдар келіп, «Сендерге «Нұр Отан» партиясы көмектеспейді, одан шығып, «Халық Майданына» кірсеңдер, сендерге көмек болады, заңгерлер келеді деді. Көпшілік жұмысшылар соған сеніп «Нұр Отаннан» шығып кетті. Одан соң алаңға Пол Мерфи келді. Сол кезде алаңға көп адам жиналды. Ол бұлай еткендерің дұрыс, сендердің заңды құқықтарың бар деді. Оған жиналған мұнайшылар мәз болып, сеніп қалды. Содан кейін адамдардан С.Сапарғали деген адамның келгенін естідім. Ол «Құрылай құрып, жергілікті билікті алып тастау керек, өзіміздің арамыздан әкім сайлау керек» деген сөздерді айтып жүріпті» .
«Жұмысшылардың жұмысқа шықпағанын қалай білдіңіздер» деген сауалға«Олар көп күн тұрып қалды. «Халық майданы» Отарбаеваның атына есеп-шот ашып берді. Оған төрт жүз жиырма мыңдай ақша түсті. Оның екі жүз мыңын Қаражамбасқа жібереміз деді. Қалғанын алаңдағы жұмысшыларға бөліп бердік. Ол өте аз болды. Біраз жұмысшылар қайта жұмысқа шығып кетпек болды.Маған Амирова хабарласып, адамдар келеді, алаңға адамдарды жинап қой дейтін. Бұрын да адамдар болған, бірақ аз болған. Көбісі басқа жақтарға ақша табу үшін кетіп қалған болатын. Мен алаңға күнде баратынмын. Ақпарат болса хабарлап отырдым» деді Оңғарбаева.
Ол алаңда Амирова таратқан үнпарақтарды танып, осылар деді.
Қорғаушы В.Сәрсенбина барлық ақпараттарды Әжіғалиевадан алып отырғандығын сұрады да, оның мінез құлқынан өзгешеліктер болғанын байқадаңыз ба деп шұғыл сауал берді. Айман:«Наташаның ақыл есі дұрыс, тек аздап қызбалау деп жауап берді. Және дебіз «Халық майданынан» ешқандай ақша сұрағанымыз жоқ, олар өздері көмектесеміз» дегенін айтты.
Және де Айман: «Мен «Нұр Отаннан» шыққан жоқпын. Сол партияда болдым. Және алаңдағы азаматтарды үгіттеген жоқпын, алаңда тұрыңдар деп. Біз «Халық Майданының» айтқандарына Құдайдай сеніп отырдық, әкімді де тыңдамадық. Қатты сеніп қалдық» деді.
Егер «Халық майданы» жеті ай бойы келмесе, неге тостыңыздар?, сонша ол көп уақыт қой. Ақылға сыймайды деді қорғаушы Плугов. «Ондай болғанда Сіздің адамдарыңыз неге осылай еткендеріңіз заңды деп әу баста алдап кетті» деп қарсы сауал тастады Оңғарбаева. Айманның да сөздерінен көбісі орта білім ғана алған, Жаңаөзеннен ұзап шықпаған мұнайшылардың Алматыдан келген адамдардың айтқандарынат имандай сеніп қалғандары байқалады.
Сотталушы В.Козлов сауал қойып, тамыз айында Б. Атабаев пен Ж.Мамай келді, оларды В. Козлов жіберді дегенді қайдан алдыңыз деді. «Енді «Алға» партиясының жетекшісі Козлов емес пе» деп жауап берді. Айман. Және ол біздің қарапайым еңбек дауларымызды саяси бағытқа бұрып кетті деді.
Келесі куәгер Сұлтансейіт Ермағанбетов болды. Ол 2008 жылы ереуілдердің басталғанын, Аминовтың, Сақтағановтың жұмыстан шығып кеткенін айтты. «Келесі жылы да ереуілдер болған, олар шешілген. 2010 жылы да биліктен адамдар келіп, мәселелерін шешіп беріп кеткен. 2011 жылы ереуіл болып, жеті айға созылып кетті. Адамдар келеді, шешеді деп көп тосып қалды жұмысшылар. Содан ереуілдер басталып кетті. Н. Соколова келіп, жұмысшылар жалақысы үш жүз мың емес, алты жүз мың болу керек деп кетті. Мұнайшылар соған сеніп қалды. Мұнайшылардың талабын орындату туралы жоспар халықпен құрылды» деп жауап берді Сұлтансейіт.
В.Сәрсенбина «Халық майданынан» Б.Атабаев, Ж.Мамай және «Алға» партиясының өкілдері келгенін көрдіңіз бе? деді. «Мен көрмедім, тек елден Болат Әбілов, Ж.Мамай келді деп естідім. Олар сендер тұра беріңдер, істегендерің дұрыс, мұны жоғарыға жеткіземіз деп кетті. Олар келіп кетпегенде, жұмысшылар жұмыстарына оралар еді, желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасы болмас еді деді ол.
Келесі куәгер Аманкелді Лұқпанов келіп кірді залға. Аманкелді: «Біз мамыр айында көтеріліске шықтық. Ереуілдің басында ұйымдардан адамдар келді. Оның ішінде «Жас Алаш» газетінен Жәнібек Қожақ және Болат Әбілов тағы басқа адамдар келді. Айжангүлмен таныстық. Артынан ол маған хабарласып, таксист қызметіне шақырды, айына сексен мың аласың деді. Мен келісіп тамыз айынан қарашаға дейін таксист боп жұмыс істедім. Екі апта сайынАлматыдан пойызбен пошта келіп тұрды. Оны Маңғышлақ стансасынан тосып алып жүрдік. Оның ішінде «Республика», «Правда Казахстана» деген газеттер болды. Оын біразын «Қаражамбасмұнайға» қалдырып, қалғанын түгел Жаңаөзен қаласына алып кетті» деді.
Ал, Аманкелді мемлекеттік айыптаушылар үнпарақтарды көрсеткенде бірден таныды, Амированың сотында үстелден он шақты данасын көргендігін айтты. Оны оқыдыңыз ба деген сауалға, иә, бірақ мәтіні толық есімде емес деп жауап қатты.

С. Сапарғали Қырғызстан көтерілісін неліктен мысал етті...
Келесі куә ретінде залға Рамазан Байсаров келіп кірді.
Сіз Амировамен қай уақыттан бері жұмыс жасай бастадыңыз және қанша ақша алдыңыз? деген сауалға ол«Мен келген адамдарды күтіп алып, әкімшілік жұмыстармен айналыстым. Ол үшін алпыс мың теңге алдым. «Халық майданының» Ақтаудағы кеңсесіне менен басқа ереуілдегі жұмысшылар барып тұрды» деді.
Б.Атабаев пен Ж.Мамайдың келетіні жөнінде не білдіңіз? «Оны алдын аа білмедім. Олар жұмысшылар алдында «Қаражамбасмұнайда» сөз сөйледі, сонда ғана көрдім» деп жауап берді Байсаров.
Мұнан соң Байсаров Алматыға барған сапарының жол қаражатын А.Амирова төлегенін, Алматыда «Әлия» қонақүйінде С.Сапарғалимен кездескенін,ол 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы туралы бейне жазбалар таратып тастағанын және құрылтай құру керек дегенін және Қырғызстан жайлы айтқандарын ортаға салды. С. Сапарғалидың жасақ құру туралы айтып, жиналғандарға мысал ретінде ереуілдерінде жеңіске жеткен Қырғызстанды келтіргенін айтып берді. Бұған дейінгі тергеу барысында берген жауабын қуаттайтынын айтты.
«Сіз үнпарақтарды көрдіңіз бе?»«Иә, Амировамен бірге поштадан алып келуге барғанбыз. Оның басын ғана оқыдым, маған ұнамады. Қандай да бір шақыру болған, сосын оқымадым» деп жауап берді.
С.Сапарғали сұрақ қойды Байсаровқа,өзіне айтылғандарға байланысты. Байсаров оған «Оның айтқандары ұнамады, сосын тындамадым, себебі ол Қырғызстанды айтты, сол маған ұнамады, себебі біздің дауымыз тек қарапайым еңбек дауы болатын, оған Қырғызстанды қосудың еш қажеті жоқ болатын» деп жауап қайтарды.
Мұнан соң сот төрағасы дүйсенбіге дейін үзіліс жариялады.
Жұма күнгі сот отырысы «Алғаның» өздерінше жинаған абыройлары (егер солай деуге болатын болса) түбі тесік шелектегі судай азайып келе жатқандығын тағы бір дәлелдеді. Алдағы уақыттарда бұдан басқа да тұщымды дәлелдер мен куәлар жауаптарының болатындығын ескерсек, шелектегі судың таусылар күні алыста еместігін сеземіз. Оны алдағы күндер көрсете жатар...

http://arhar.kz/news/2012.09.05_13.10.19.php

0
519
0