Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
1
23:30, 05 сентября 2012

Жақсы өмір сүру үшін қанша жалақы қажет?

Ең аз жалақы алатын өңір
Еліміздегі ең төмен күнкөріс деңгейі ағымдағы жылы 17 439 теңгені құрап отыр. Үкіметтің электрондық сайтында берілгендей, бұл көрсеткіш былтырғы 2011 жылмен салыстырғанда 1440 теңгеге өскен (2011 жылы 15 999 теңгеге теңескен). «2012 - 2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 17 439 теңгеге таяған. Ал айлық есептік көрсеткіш 1618 теңгені құрапты.
Елбасымыз атап өткендей, жалпы, ең аз мөлшерде жалақы алатын жұмыскерлер еліміздің солтүстік өңірінде өмір сүреді. Статистика агенттігінің мәліметі бойынша ағымдағы жылдың мамыр айында солтүстік жұмыскерлерінің орташа жалақы мөлшері 67 733 теңге болған. Жалпы аймақтар бойынша биылғы жылдың маусым айының жалақы көлеміне тоқталатын болсақ, орташа айлық жалақы мөлшері 175 953 теңгені құрап, алғы шептен көрініп отырған аймақ батыстағы Маңғыстау және Атырау өңірі. Демек, ең көп айлық алатын адамдар Атырау мен Маңғыстау об­лыстарының тұрғындары. Орташа айлық жалақы мөлшері 150 417 теңгемен Астана қаласы екінші орында. Үшінші орында Алматы қаласы, ондағы жұмыскерлердің орташа жалақысы 135 685 теңгені құрайды. Ал орташа жалақының ең төменгі көрсеткіші жоғарыда айтып өткеніміздей Солтүстік Қазақстан өңірі, ондағы орташа жалақы маусым айында 74 267 теңгеге жеткен.
Ал сәуір айында еліміз бойынша орташа жалақы 97 568 теңгені құраған. Бұл айдағы мәліметте ең аз және ең көп алатын сала мамандарының ең­бек жалақысына келсек, «mojazarplata.kz» сайтында берілген статистика­лық көрсет-кіш бойынша бірінші кезекте бірінші болып 302 929 теңге жалақымен Экстерриториялық органның және ұйымдарының қызмет­керлері тұр. Екінші орында 205 762 теңге жалақы мөлшерімен қаржы және сақтандыру саласы, ал үшінші тұғырда кәсіби, ғылыми және техникалық саланың мамандары, олардың сәуір айындағы орташа жалақысы 193 697 теңге. Ең төменгі айлық ауыл, орман және балық шаруашылығында - 43 232 теңгені құрап отыр. Екінші кезекте тұрған Су шаруашылығы және канализациялық жүйе қызметтері, ішкі бақылау қыз­меттерінің (контроль над отходами) жалақысы 59 437 теңге. Жалақы шеңберіндегі көрсеткіштер осындай, дегенмен жалақы мөлшері тұрақты бола бермейтіні де белгілі.

Ақшаның көп бөлігі қайда жұмсалады?
Жалпы, биылғы жылы адам басына шаққандағы Қазақстандағы ең аз жалақы мөлшері 17 439 теңгені құраса, өткен маусым айында бұл 16 979 теңгені құраған. Ал орта есеппен ағымдағы жылдың жалақы мөлшері 100 мыңның ар жақ бер жағы.
Сондай-ақ жақында HeadHunter компаниясы жалақы туралы зерттеу сауалнамасын жүргізіп, деректемелер ұсынған болатын. HeadHunter компаниясының зерттеу орталығының жүргізген сауалнамасы барысында анықталғаны бойынша қазақстандықтар жалақыларының көп мөлшерін тамаққа жұмсайды. Ал екінші кезекте 22 пайыз отандастарымыз жалақыларының біршама бөлігін несиелерін төлеуге жібереді, және де қазақстандықтардың 6 пайызы үшін коммуналдық төлем отбасы бюд­жетінен кететін шығын болып келеді. Сонымен қоса сауалнама бары­сында қаражаттың баспанаға төлеуге, оқуға төлеуге, банктен депозит ашуға, сапарларға шығуға кететіні сияқты жауаптар тізбектелді.
Сауалнамаға қатысқандардың 29%-ы айына 60-100 мың теңге жалақы алады екен. Төрттен бірінің ай сайынғы кірісі 100-150 мыңды құраса, респонденттердің бесінші бөлігі 60 мың теңгеден төмен алады. Сондай-ақ респонденттердің төрттен бірі негізгі түсетін жалақыдан бөлек, қосымша табыс игеретінi де белгiлi болды. Ал отбасылардың 43%-ы жалақыларын әрдайым үзбей ертеңгі күніне сақтап отырады. Олардың көпшілігі дерлік ақшасын автотранспорт және тағы да басқа жылжымайтын мүлік алу мақсатымен жинаса, 15 пайызы сапарларға шығуға, шетелдерде дема­луға сақтайтын көрінеді. Ал емделуге және қымбат киім-кешек алуға ақшаларын қия беретіндері аз екен. Респонденттерге ұсынылған варианттар бойынша ақша жинау себептерінің басымдылығы «қатты қажет еткенге», «бизнеске», «оқуға», «тойға» арналады екен.
Респонденттердің үштен бірі өзінің өмір сүру деңгейін «5-ке» бағаласа, 16 пайызы «4-ке» бағалаған. Ал 2 пайызы тіпті өзін кедей санайды екен, және респонденттердің дәл осындай құрамы өздерінен ештеңе ая­майтынын жасырмапты.

Ең төмен тұтыну себетіне жұмсалатын қаражат
Жалпы, ең төмен тұтыну себеті (минимальная потребительская корзина) - адамның өмір сүру жағдайын қамтамасыз ету үшін қажетті тамақ өнімдерінің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің заттай және құн түріндегі ең төмен жиынтық. Ал ең төмен күнкөріс деңгейі - мөлшері бо­йынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс.
Тамақ өнімдерін тұтынудың ең төменгі нормаларынан есептелген халықтың жан басына шаққандағы орташа күнкөрісі ағымдағы жылдың маусым айында 16 979 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш статистика агенттігінің анықтамасы бойынша өткен аймен салыстырғанда 1,2%-ға кем, ал былтырғы жылдың маусым айымен салыстырғанда 2,2%-ға өскен. Оның 10 188 теңгесі азық-түлік себетіне (корзина) кетсе, 6 791 теңгесі азықтық емес қоржынға, ақылы қызметтерге жұмсалмақ.
Азықтық қоржын құрылымына игерілетін шығынның үлесін есептесек, адам басына шаққанда шығын құрылымында ет пен балықты сатып алуға жұмсалған шығыстың үлесі 23% болса, 15,3%-ы сүт, май, тоң май өнімдері мен жұмыртқаға, 12,1%-ы жемістер мен көкөністерге кеткен, нан және жарма өнімдеріне 7,4% жұмсалса, қант, шай және дәмдеуіштерге жұмсалған шығын үлесі 2,2%-ды құрайды. Бұл көрсеткіштер бір адамның басына шаққандағы және үнемдеулі түріндегі ең төменгі мөлшерлемелер.
Айта кетейік, ең төменгі тұтыну қоржыны адам тіршілігін қамтамасыз етуге қажетті тамақ өнімдерінің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің заттай және құндық көріністегі ең төменгі жиынтығы болып табылады. Ол азық-түлік қоржынынан және азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтерге жұмсалатын шығыстардың бекітілген үлесінен тұрады. Күнкөрістің ең төменгі деңгейін есептеуге арналған аз тұтынылатын азық-түлік емес та­уарлар мен көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шығыстардың үлесі ең төменгі тұтыну қоржыны құнының 40 пайыздық мөлшерінде белгіленген.
Ал бас шаһарымыз Алматыда қалалық статистика басқармасының анықтамасы бойынша адам басына шаққандағы орташа күнкөріс деңгейі маусым айында
19 693 теңгені құраған. Бұл көрсеткіш халықтың тұтынатын негізгі азық-түлігінің төменгі нормасының өлшемі, ол алдыңғы аймен салыстырғанда 105,3%-ға, ал 2011 жылдың маусым айымен салыстырғанда 101,5%-ға өскен екен. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің құрылымындағы 22,4 пайыздық шығыс үлесі ет және етті тағамға жұмсалған, ал 2,2% балық сатып алуға, 3,5% май, тоң май өнімдеріне, 12,2% ірімшік және жұмыртқаға, 2,1% қант, шай және дәмдеуіштерге, 7,4% нан және жарма өнімдеріне және 10,2% жемістер мен көкөністер сатып алуға кеткен. Демек, азық-түлік тауарларына орташа есептегенде 11 816 теңге қаражат жұмсалса,
7 877 теңгесі өнеркәсіптік тауарларға және ақылы қызметтерге кететін шы­ғын.
Бұдан шығатын қорытынды, үнемдеп жұмсалған қаражаттың көрсеткіші бойынша адам басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі 16 979 теңгені құраса, үш адамнан тұратын отбасына ең төменгі күнкөріс үшін кететін қаражат 50-60 мыңның шамасында. Ал қазіргі уақытта бір отбасында екі не үш адам қызмет істеп, үйге 100 мыңның сыртында табыс әкелсе жақсы өмір сүруге жетеді ме? Жақсы өмір сүру үшін қанша қаражат қажет?

Айман ЖАМАНСАЕВА, пәтер жалдаушы:
- Жақсы өмір сүру үшін кем дегенде ең аз жалақы мөлшері 17 мың емес, 50 мыңның сыртында болуы керек деп есептеймін. Себебі күнделікті тіршілікте көбінесе ақшамызды жеткізе алмай жатамыз, сондай-ақ өзім отбасыммен пәтер жалдап тұрамын, кететін шығын көп.

Қали АХМЕДОВ, Астана тұрғыны, жеке кәсіпкер:
- Отбасындағы адам санына байланысты деп ойлаймын. Мысалы, бір отбасыға 100 мың теңге жетеді деп ойламаймын, себебі оған күнделікті қант-шайыңды ғана алсаң, жарытып ет те сатып ала алмайсың. Оның үстіне тек азық-түлігіңді қамдағаныңмен, ақшаң қыдыруға жетпей қалып жатады. Сол себептен мен өзімнің жеке ісімді аштым, ақшам өзіме жетеді.

Дана ЕСЕНОВА, Алматы тұрғыны:
- Ақша ешқашан жетпейтін шығар. Жақсы өмір сүру үшін менің ойымша айына орташа жалақы мөлшері 200 мың болу керек. Себебі жарыққа 5000 теңге, пәтер иелерінің кооперативіне1000 теңге, телефонға - (ғаламтор­сыз)1000 теңге, лифтке - 1000, су мен қоқысқа - 4 мың, жолыңа - 4 мыңнан артық кетеді. Оның үстіне алатын тамағың, киім-кешегің бар, соның бәрін есептегенде жетпей қалады.
Иә, әрине, әркім өзінің жағдайына байланысты тон пішеді. Бұл кезекте жақсы өмір сүру үшін біреулері 200 мыңды қанағат тұтса, енді бірі одан да көпті қажет етеді. Алайда «Егер қаржыны дұрыс пайдалана алсаң сен оған билік жүргізесің, ал тиімді пайдалана алмасаң ол сені билейді» деген қанатты сөз бар, ендеше ең бастысы ақшаны дұрыс жұмсай білу керек шығар.

Нұрсұлу Мырзахмет

1
2032
0