Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
1
09:30, 07 сентября 2012

АҚ САҒЫММЕН АРАЛАСҚАН БАЛА АРМАНЫМ

 

Көңіліміз көптен сағына күткен көктем де келді. Жапалақтап жауып өткен қармен қоса, тоң болып қатқан шыныдай мұздар күннің нұрына төтеп бере алмай еріп жатыр. Бірін-бірі қуып жылғалардан аққан су есіктің алдын кішкетай көлшікке айналдырған. Осынау әдемі көрініске, құстардың әсем үні сән беріп тұр. Таң ұйқыңнан тебірентіп оятатын осы көктемде оралған құстардың адамға берер әсері де ерекше. Ұйқыдан оянғанда құстардың дауыстарын естіп керемет бір сезімде боласың. Олар нағыз жұлдыздар сияқты, ұстатпайтын, тек биіктерде билеп қалқып жүретін. Жер Ана бусанып, жер беті жаңарып, көкпеңбек болып бәйшешектей бүршік атқан хош иісті гүлдер өне бастады... Жаның жадырап, жайқалады...

Blog post image

Бұл көктем, мен үшін де жаңа көктем. Менің бұл көктемдегі мақсаттарым мен армандарым да былтырғыға қарағанда мүлдем басқа. Алға қойған Алатаудай арманыма қол жеткізсем деген ұмтылысым өзіме күш береді. Қандай арман дейсіз ғой? «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» демей ме? Міне, менің бала күннен бергі қиялдағы арманым - ортаңа сыйлы азамат болу, халқыма адал еңбек ету...  Бір қарағанға оңай болғанымен, адамгершіліктің жүгін көтеруден ауыры жоқ екен.

Заманды адам өзгертеді деген бар. Кейде өзімдей қазақтың қара домалақ баласы сахнада жансыз дауыспен ән шырқап тұрғанын көргенде, жүрегім қарс айырылып, намысым мен өкінішім жігерімді қамшылай түседі. Біреуінің таланты, біреуінің танысы сахнаның «сәнін» келтіріп жүр. Жоқ... дұрысы, сәнін кетіріп жүр. Анау әнші ән салатындай мүмкін, расында да, ар жағында көкесі бар шығар. Әлде «аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесін» дегендей ме? Тіпті, мәдениетіміздің құлдырап бара жатқаны соншалық, таланты жоқ екінің бірі өздерін «жарық жұлдызға» балайтын халге жетті. Батысқа еліктеп жүріп әйтеуір, жалаңаш қалып қоймасақ болғаны. Елдігімізді, байлығымызды қолдан беріп, біреуге бодан болудан сақтанғанымыз абзал.

Әншілерді пір тұтып, олардың жүріс-тұрысына, өнеріне еліктеушілік деген әр баланың басынан өткен шығар. Бала кезімізде қолымызға домбыраны ала салып, «Мен Мейрамбектей әнші болам», деп «Бозторғайды» ала жөнелетінбіз. Көршінің қыздары да қалыспаудың амалымен, «Мені Нағима Есқалиева деші» десе, ал екіншісі «мен Роза Рымбаевамын» деп жарысып, болмаса да өздерінше ұқсап бағатын. Сол кезде үлкенірек тастарды жиып алып, көрші-қолаңды «арнайы қонағым болыңыздар» деп отырғызып қойып, шоқтан қалған қара күйемен қабырғаға «Әнші балапан» деп айбақ-сайбақ қылып жазып қоятынмын. Сосын балаң дауысыммен ән айтатынмын. Онда тыңдармандарыма ешқандай микрофон, жарық көздері де керек емес-тұғын. Сөйтіп, қазақ өнерінің көгінде жарқыраған жұлдыздарға еліктеп жүріп өсіп кеткенімізді де аңғармай қалдық. Сол бала күнімдегі Жанар Айжанованың сыңғыр дауысындай тұнық арманым, сол кездері жоғалтып алған үнтаспаның ішінде қалып қойғандай. Қазіргі кезім мүлдем басқаша, бәлкім, әнші болу пешенеме жазылмаған болса керек.

Расында балдәурен балалық шағымды бірге өткізген достарым да басқа салада қызмет етіп жүр қазір. Маған жазған хаттарында: «Біреуіміз Нағима болсақ, ал екіншіміз Роза апаларымыздай сенің қойған бала концерттеріңе демеу болатынбыз, әй, бірақ сені нағыз Мейрамбектей әнші болады дегенге дүйім ауыл үміт артушы еді» делінген еді. Мен үкілеген үміттерді ақтай алмағаным болар, оның үстіне әнші болу мен ойлағандай оңай емес екен. Дәлірек, арманға қол жеткізуге болады-ау, егер қалтаң қалың, тірегің төбені тіреп тұратындай мықты болса...

Ешқандай талантты талап етпейтін заманда өмір сүріп жатырмыз. Ақшаң болса ертең-ақ жұлдыз бола саласың, бірақ күнде атыңды жер әлемге паш ететін ол сенің талантың емес, қалтаңдағы ары жоқ жалған ақша. Жадырап тұрып жардан құлап шапқылап жүріп нардан құлап жүрген талант иелері аз емес-ау. Бойындағы өнерлері іштерінде қайнаған жанартаудай қалып қалған нағыз өнер адамдарының өсе алмай жүргендеріне қайран қалам. Әділетсіздік де өмірдің заңы ғой бірақ...

Мен секілді біраз адамдар да әнші болуды армандайтын шығар. Өмірде ең жаманы - дарының болып дамыта алмай қалсаң, сол жаман. Көктем шуағында ән салатын құстардың әндерінің бүгінде қайырмасын қайырып келемін. Бәлкім, кезі келгенде жұлдызым жанып, дәл осы парақ бетіндегі хикаямды өз аузымнан естіп қаларсыздар. Үміт шіркін, адам баласының жүрегіндегі бір күре тамыр болса керек, ол сенімен өміріңнің соңына дейін бірге болары анық. Өмірдегі серігім ән айтып, өнер майталманы болу. Дәл қазір серіксіздігім ол менің арманыма қол жеткізе алмағаным. Тәңірімнің жазған уақытында күннің көзі батысқа жетіп, арайлап атқан таңым маған бақытын сыйлап арманым орындалып кететіндей үміттенем. Әзірше, мен арманыммен бірге ай мен күндей біріміздің артымыздан біріміз келеміз.

Кезінде мектептегі ұстазым Майгүл апай бір әңгімесін сынып оқушылырымен бөліскен еді. Ол кісі: «Менің сыныптасым Талғат өте талапты оқушы болған. Оның математик екені біздің мектепке әйгілі еді. Оның санасының мықтылығына таңқалатынбыз. Біз отыз алты оқушы отыз алты нұсқаны алып, басымыз қатып отырғанда, ол өз тапсырмасын 5-ке аяқтап, қалған талайымызға көмегін беріп жүретін. Ол өте дарынды, алғыр болашағы зор бала болатын. Мектеп оқытушыларының үлкен үмітін күтетін математик Талғат бүгін мүлдем басқа салада жүр. Арада қаншама жылдар өтті, мектеп қабырғасын аяқтап, жоғарғы оқу орнын тәмәмдап, мектепте қызмет атқарып жүргеніме де біраз уақыттан асты. Былтырғы жылы ойламаған жерден күнделікті біз баратын базардан Талғатты көріп  қалдым. Өзгеріп кеткен. Мені көріп әбден сасқалақтап қалды. Екеуміз ары кетіп, бір- біріміздің амандығымызды сұрасып жатқанымызда, ол өзінің оқуға түсе алмай, сол базарда картоп сатып күнкөріп келе жатқанын айтқанында, шыны керек төбемнен найзағай ұрғандай боп құлап қала жаздадым» деп өмірдің түйіткілімен бөлісіп еді.

«Өмірде бақ шабама, әлде бап шабама», деген нақыл бар емес пе?! Мүмкін менің оқуға түсе алмай, ақылы оқи алмағаным дәл сол Талғаттай болғаным шығар. Талғат та көп балалы отбасынан болатын. Өзіме жетер жетістігім, ол менің қол жеткізген арманым болар. Өмірге еш өкпем жоқ. Өйткені, біз жолымыздың болмағанына, айымыздың оңынан тумағанына ешкімді кінәлай алмаймыз. «Қуған жетпес, бұйырған кетпес» деген де бар емес пе?! Жаратқанның маңдайымызға шимайлағанын көреміз де, көнеміз...

Сөзімді жаныма қуат беретін, тынымсыз тірліктен шаршағанда шуақ төгетін ақын Мұқағалидың мына өлеңімен түйгім келеді.

Сен әлі серіксіз бе едің?

Серіксіз бе едің,

Құрбыжан.

Өтіпті- ау айлар.

Еріксіз жылдар

Жылжыған.

Жападан жалғыз

Жауатын күндей тұнжырап.

Жүресің Құрбым.

Не істеймін саған

Қынжылам.

Жаңа жарылған.

Жауқазын едің

Көктемде.

Жылысып жазың

Өткен бе?!

Лапылдап тұрған.

Жалын едіңғой,

Өрт кеуде.

Тәйір атқырлар!

Танымай сені

Кеткен бе?!

Өмірде мына.

Тап болар талай

Тосын жай.

Өмір- өмірғой!

Өмірдің заңы

Осындай.

Бірі- Батыста.

Ал бірі- Шығыста.

Жарқ еткен көздің

Жасындай.

Өтуі мүмкін.

Жақсы мен жақсы

Қосылмай!

   

Арман  ҚҰРМАНБАЙ,

АСТАНА қаласы.

 
1
1751
0