Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
1
00:13, 05 сентября 2012

Абайды танып болдық па?

1. Қызыл империя Құнанбайды қара ниетті, қатыгез тадам тұрғысында бағалады. Ал тәуелсіздік тұсындағы таным түсінік, ұстаным қандай болуы керек?
2. Халықтың түсінігінде «қара» деген оңды ұғым емес. Ал Абайдың сом алтындай сөздері «қара сөздер» деп аталуының сыры неде?
3. Абай өмір сүрген кезеңде экологиялық жағдай жақсы, ауа, су, топырақ, азық-түлік те тап-таза еді. Ал ақынның ішкені қымыз бен қымыран, жегені қазы мен қарта. Ол неге бар болғаны 59-ақ жас өмір сүрді?
Жүніс Үпенұлы, ардагер ұстаз
Жаңақорған ауданы,
Қызылорда облысы.

Абай тұлғасына және абайтану мәселелеріне қатысты қойылған оқырман сауалына филология ғылымдарының докторы, профессор, «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ жауап береді:
1. Біз бұл орайда тарихи Құнанбай және әдеби Құнанбай деп екі бөліп қарастырамыз. Әдебиеттегі Құнанбайды «Абай жолы» роман-эпопеясынан жақсы танимыз. Ол онда жағымсыз, қатыгез кейіпкер ретінде сипатталады. Ал тарихтағы Құнанбайдың тұлғасы мүлде бөлек. Мұхтар Әуезов шын өмірдегі тарихи Құнанбайды жақсы білген. Бірақ жазушы сол кездегі әдебиет заңдылықтарына сай, социалистік реализм талабына жауап беретін шығарма жазуы керек болғандықтан, туындыны әке мен бала арасындағы тартысқа құруға мәжбүр болды. Олай етпесе, Абай тұлғасын аша алмас еді. Әке мен бала арасындағы үлкен тартыс біздің тарихымызда да кездеспейді. Бұл қазақ халқының менталитетіне де жат. Ал тарихи Құнанбай - елге өзінің парасаттылығымен, көрегендігімен, әділдігімен танылған. Оны «Қарадан шығып хан болған, айырдан туып нар болған» деп, халық бекер мадақтамаған.
2. Әдебиет жанры - проза, поэзия, драма деп бөлінетіні белгілі. Поэзияны - өлең сөз, ал прозаны - қара сөз дейміз. Абайдың ғақлиялары (қара сөздері) поэзия тілімен емес, прозада жазылғандықтан «қара сөз» атанып кетті.
3. Құнанбай ұзақ өмір сүрді. Өйткені ол өмір сүрген кезең Абайдың заманынан әлдеқайда жақсы болды. Абай халқының берекесіз өмірін көрді. Неге берекесіз дейсіз ғой? Әңгімені әріден бастайын.
Ресей бізді жаулап алған соң, ұзын арқан, кең тұсау саясатын ұстанды. Орта жүзге аға сұлтандық басқару жүйесін енгізді. Ал батыста, кіші жүзде басқаруға сұлтан-правительдерді қойды. Сұлтан-правительдер ол кезде тек төрелерден сайланатын. Алайда Кенесары көтерілісінен кейін төрелерге саяси сенім болмай, билікке қара қазақтар келе бастады. Қазақ халқын толықтай билеуді мақсат еткен отаршылар территориялық принципке негізделген ел басқару жүйесін енгізді. Ел билеудегі болыстық жүйенің астарында патшалық Ресейдің үлкен саясаты жатыр. Олар жабайыларды жабайылардың қолымен жоятын тәсілді ойлап тапты. Яғни бірнеше үлкен рулардан тұратын аймаққа бір ғана тізгін беріп, «жеңгені алсын» деп, таластырып қойды. Өзі де солай болды, көп рудың ішінен параны мол бергені жеңіп шығып, болыс болды. Қазақты кәдімгі аш иттерге сүйек лақтырғандай, билікке таластырып, өздері сырттан бақылап отырды. Солайша қазақтардың арасына алауыздық шоғын тастап, рушылдықтың тұтануына себеп болды. Рушылдықты қазақтың қанына сол сұрқия жүйе арқылы еккен де солар. Домалақ арызды домалату дәстүрі де сол кезде пайда болған. Ал Кеңес өкіметі тұсында халықтың арыз жазуға машықтанғаны сонша, еліміз ең арызқой халықтың бірі болып шыға келді.
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Айтыс» атты поэмасында:
«Абай тұсы халықтың бұзылғаны,
Қаралыққа айналып қызыл қаны.
Ақ бейіл, бауырмалдың қалпы кетіп,
«Желбуаз», «сұрқия» боп қызынғаны.
Ханнан күш, қарындастан қайырым кеткен,
Көңілден ар, әм беттен ұят кеткен.
Ұлтшылдық, намысшылдық қарасы ұшып,
Есі-дерті болған онда шен мен шекпен» деп келетін жыр жолдары бар. Осы жолдардан-ақ сол заманның суретін көруге болатындай. Міне, қазақ осылайша тобырға айнала жаздады. Бір-бірін аңдыған, итше ырылдасқан ел арасында береке болмады. Әйтпесе халқымыз бұған дейін дәстүрге берік, үлкен әрі мықты ел еді. Абай қазағының осы қасіретін көрді, берекесіз қоғамның дәл ортасында жүрген ол таяққа да жығылды. Бұзылған сұмдық заманды, сол заманның ынсапсыз адамын көрген ол:
«Қайғы шығар ілімнен,
Ыза шығар білімнен.
Қайғы мен ыза қысқан соң,
Зар шығады тілімнен» дейді. Қазақ сол бұзылғаннан әлі де түзеле алмай келеді.
Абай өмірден өтерінде бір сұмдықты біліп кетті. Орыстан үйренсе, қазағының көзі ашылады дегенге шын сенген ақынның қолына шамамен 1902 жылдары Қосшығұлов деген кісінің хаты келіп түседі. Онда орыстардың жасырын түрде шоқындыру жұмыстарын жүргізгелі жатқаны баяндалған. Түрік халықтарының жендеті - Ресейдің ұстанған басты мақсаты қазақтың көзін жойып, қалғанын орыстандырып шоқындырып тарихтан жойып жіберу екенін сезді. Сеніп отырған орысы осындай қитұрқылыққа барғанын сезген ол қалай құса болмасын?! Ұлының қайғысы, халқының қасіреті Абайдың еңсесін көтертпеді.
Құрметті оқырман, көкейде жүрген сауалыңыз болса, жолдаңыздар. Сұрағыңызға білікті мамандар жауап береді.

Дайындаған
Сабина ЗӘКІРЖАНҚЫЗЫ

1
448
0