Super normal Бақытжанның хикаясы

Алия 2012 M11 9
2744
2
10
0

Mesqueunblog.kz — Бақытжан атты алматылық жасөспірімнің өмірі француз суретшісімен бейнеленген әңгіме. Өзгелер секілді болғысы келетін, бірақ бола алмайтын адам жайындағы комикс. Әдетте көпшілік...

Mesqueunblog.kz — Бақытжан атты алматылық жасөспірімнің өмірі француз суретшісімен бейнеленген әңгіме. Өзгелер секілді болғысы келетін, бірақ бола алмайтын адам жайындағы комикс. Әдетте көпшілік байқай бермейтін мүмкіндігі шектеулі жандар мен олардың отбасы туралы хикая.

Ресми ститистика бойынша Қазақстанда мүгедектікке шалдыққан балалар мен жасөспірімдер саны 50 мыңға жуық.

Еліміздегі балалар мүгедектігіне себепкер болған аурулар арасында жүйке жүйесі бірінші орында тұр. Мүгедектікке шалдығуға ықпал еткен негізгі факторлардың арасында елдегі экологиялық жағдайдың нашарлауы, ана мен бала денсаулығына өндірістік қалдықтардың зиян келтіруі, сонымен қатар, көңіл қанағаттандырмайтын медициналық бақылау ерекше рөл ойнауда. Оның өзі қолдау білдіру терапиясы мен қосымша оперативті еммен ғана шектеледі.

Міне, осы мүгедектікке шалдыққан балалар мен жасөспірімдердің проблемалары, қоғамның оларға деген қарым-қатынасы, Қазақстанда көпшілік елей бермеуге тырысатын шындықты аудиторияға ашып көрсету Mesqueunblog.kz ("Жәй ғана блог емес") жобасының лейтмотиві болып табылады.

Mesqueunblog.kz - балалар ми сал ауруымен ауыратын 18 жастағы Бақытжан Жұманов пен оның отбасының күнделікті өмірін суреттейтін комикс формасындағы репортаж.

Мұнда Бақытжанн мен оның отбасы, дәрігерлер мен әлеуметтік жәрдем мамандарының сөздері беріледі. Жобаға негіз ретінде құқық пен статистикалық фактілерді тізбелеп шығу емес, мүмкіндігі шектеулі адамның қазақстандық қоғамдағы өз-өзін көтеруге тырысуы алынып отыр.

Футболды өте қатты жақсы көретін Бақытжанның сүйікті футбол клубы "Барселона". Бұл клубтың ұраны "Mes que un blog" ("Жәй ғана блог емес") атауымен үндеседі. Яғни, блогтың атауы жоба авторларының кездесуін әңгімелеуді ғана емес, одан үлкен ойды жеткізу ниетін білдіреді...

Мүгедек жасөспірімнің өмірін көру арқылы оқырман оның да өз талғамы мен қызығушылығы бар екенін және өзге дені сау балалардан еш айырмашылығы жоқтығын түсіне алады.

Жобаның мақсаты - Қазақстанда аса назар аударылмайтын проблеманың шындығын аудиторияға жеткізу. Мүгедек адамдардың жағдайы оларға деген қарым-қатынасқа тәуелді екендігін адамдарға түсіндіру.

Автордың репортажға қатысуы - қоғамның мүгедек адамға деген ниетін жеткізетін көмек сияқты. Суретшінің күдігі - мүмкіндігі шектеулі жандарды көргенде бізде пайда болатын қорқыныш пен стереотиптерімізді білдіреді.

Сонымен қатар, жоба ақпараттық-танымдық міндетті де өз мойнына алып отыр. Қоғамдағы осы проблемаға назар аудару Қазақтандағы мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайына қатысты құқықтық ережелер бастамасының өзектілігін арттыруға жол ашады.

Николя Журну, репортаждар авторы, иллюстратор:

Орталық Азия үшін комикс жаңа дамып келе жатқан өнер, қайталанбас түрде көптеген тақырыптарды сөз қылуға болатын жаңа тіл. Бұл - мүгедектік секілді күрделі мәселелермен жұмыс істеу барысында қажет тәсіл. Бұл мәселені көпшілікке жеткізу барысында маған үлкен көмек көрсеткен Бақытжанға және оның отбасына үлкен алғысымды білдіргім келеді. Өйткені үйлеріне бейтаныс адамды кіргізе салу да оңай емес қой. Олар мені тек шақырып қана қоймай, менің жұмысыма қызу кірісті. Бұл жоба, комикс, көрме барлық жерде жазылып тұрғандай - екі автордың, яғни Бақытжан мен менің жұмысымыздың жемісі.

Рисалят Жамалова, Бақытжанның әжесі:

- Николя мен Бақытжан қалай танысты?

- Николя қыста Аяз ата болып киініп үйімізге келді. Сонда ол Бақытжанмен өте қызықты уақыт өткізіп, сол күннен кейін жиі келе бастады. Осы уақытқа дейін Бақытжанның жанында болып, көңілін аулап, қалдырмағанына үлкен алғысымды білдіремін.

- Бақытжан жайында айтып берсеңіз, ол қандай?

- Өте мейірбан, ақ көңіл жігіт. Адамдармен араласқанды, сөйлескенді ұнатады. Бастысы адал.

- Көбіне уақытын қалай өткізеді?

- Көбіне компьютерде отырады, теледидар көреді. Футболды өте қатты жақсы көреді. Футбол болған түндері сол ойынды көріп, таң атқанға дейін отыра береді.

Алдымыздан қандай қиындықтар шықса да, барынша төзудеміз. Өзі де бізге көмектеседі. Осындай ұлымыздың болғанына Аллаға рахметімді айтамын. Осындай болса да, бұл бала біздің басымызға біткен "Бақыт" деп білемін.

Дінмұхаммед Зиядин, жобаның үйлестірушісі:

Жалпы бұл жоба интернет сайтынан бастап, көрмемен жалғасқан ерекше жоба деп айтар едім. Қоғамымызда мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты белгілі бір қатып қалған стереотиптік көзқарастар бар. Олар туралы БАҚ хабар таратса да, сондай аянышты, сұр, қара түстегі ақпарат беріп жатады. Адамдардың өздері де оларды көргенде қорқыныш пен күдік оймен қарайды. Шын мәнінде, осы көрменің арқасында олардың бізден айырмашылығы тек осы шектеулі мүмкіндік болмаса, ешқандай айырмашылық, ерекшелік жоқ екендігіне Бақытжан мен Николяның арқасында көзім жетті. Олардың талғамдары, ой-пікірлері, көзқарастары тура біздікіндей.

Жалпы бұл жобаның көрмесін тек Алматымен шектелмей, басқа қалаларда да көрсетіп, мүмкін бұдан да үлкенірек, ауқымдырақ жобаға айналдыру ойымызда бар. Бірақ сонау басында жоспарлағанымызда осы көрме Mesqueunblog-тың соңғы нүктесі, қорытынды шарасы болып саналған болатын. Барлығы уақыттың еншісінде.

Тахмина, әпкесі:

Негізі бұл жұмыстардың бастапқы кезеңін ғана көрген болатынмын. Бүгін көрмеден толық жұмыстарды көріп, таңқалып қалдым. Бәрі сондай түрлі түсті, әдемі. Суретші Бақытжанның өмірін шынайы көрсете білген. Комикстің орыс тілімен қатар қазақ тілінде де басылып шыққандығы қуантады.

Ұлмекен, көрермен:

Көрме өте ұнады. Бұл суреттерге қарап мүмкіндігі шектеулі адамдардың төзімділігін, өмірге деген құштарлығын көре аласың. Репортаждың әрбір бөлімі қызық, әрі суретші Николя суреттер арқылы белгілі бір жағдайды адамның жүрегіне жеткізе алған. Николяның бұл іс-әрекетін өте орынды деп білемін. Өйткені біздің қоғам мұндай адамдарға қызық қарайтындығы жасырын емес. Ал бұл комикстерді оқи отырып, Бақытжанның мүгедек екендігіне аса мән бермейсің. Оның қызық оқиғаларын оқи отырып, өзіміз қатарлы жігіт екендігін көресің.

Көрменің өткізілетін уақыты: 4-14 қыркүйек 2012 жыл

Адресі: Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайы, Сәтбаев көшесі, 30а.

Мәтін, фото: Айнұр Ракишева

Оцените пост

10

Комментарии

4
...Өте тамаша көрме. Алла, Бақытжанға сабыр берсін тек...
3
Qandai keremet zhoba!!
Bakha zharaisyn, tek alga basaber, biikten korineber.
Nikolya men Batesti bilemin, supersyndargo!!
Показать комментарии
Дальше