Конституция күнін қалай тойлап жатырмыз?

Алия 2012 M11 8
4315
5
9
0

Әдетте мемлекеттік мерекелерді тек демалыс ретінде қабылдап, 2-3 күнді ресми түрде қызылмен белгілесе, басқа қалаға не шетелге шығып кетуге қалап тұрамыз. Ал мерекенің маңыздылығы мен қажеттілігіне...

Әдетте мемлекеттік мерекелерді тек демалыс ретінде қабылдап, 2-3 күнді ресми түрде қызылмен белгілесе, басқа қалаға не шетелге шығып кетуге қалап тұрамыз. Ал мерекенің маңыздылығы мен қажеттілігіне аса мән бере қоймаймыз. Шындығында, әр мерекенің негізінде үлкен тарих, үлкен маңызды оқиға жатқанына әркім ойлана бермейді. Мемлекеттік маңызы бар мейрамдардың бірі — Конституция күнін басқа елдер қалай тойлайтынына кішігірім шолу жасап, салыстырып көрейік.


2001 жылы 17 қыркүйекте президент Джордж Буштың ұсынысымен АҚШ-та Конституция және Азаматтық күні белгіленді (Constitution Day and Citizenship Day). Ал 1955 жылдан 17-сі мен 23-қыркүйек аралығы Конституция Аптасы ретінде қабылданған. Бұл мереке мемлекеттік болып табылмағанымен, американдықтар бір апта бойы адамдардың құқығы мен міндеттері жайлы әңгімелер жүргізеді, барлық оқу орындарында лекциялар оқылып, шығармалар жазылады. Конституцияның құрылу тарихы жөнінде сабақтар өткізіліп, қайырымдылық қорларға ақша өткізу дәстүрге айналған.

Францияда ең алғаш конституция 1791 жылы 3-қыркүйекте Ұлы француз революция кезінде қабылданған. Ал қазірде 1958 жылы Шарль де Голльмен қабылданған Конституция іске асады. Ол Еуропа бойынша конституция мәселесін алғаш көтерген ел болғанымен, қазірде бұл күн басқа күндерден еш ерекшеленбейді. Оның орнына 14 шілде тойланатын Бастилияны алу күні аса құрметке ие. Жалпы Францияда конституциондық дәстүрге қарағанда, революциондық дәстүрлер көбірек бағаланады.

Басқа еуропалық елдермен салыстырғанда, Испанияның конституциясы жақында қабылданды. 1939-1975 ж.ж. 30 жылдық диктатураны жеңген демократиялық құндылықтар испандық тарихтың жаңа бетін ашады. 1978 жылы 6-желтоқсанда испан халқы жалпыхалықтық референдумда ұлттық Конституцияларын қабылдады. Сол кезден бастап, олар үшін осы дата мемлекеттік мереке әрі демалыс күні. Жалпы тойлауды жақсы көретін испандықтар бұл мерекені де қалт жібермей, жалпыхалықтық қыдыру деңгейінде атап өтеді. Мерекеге қарсы Депутаттар Конгресі испан парламентінің Төменгі Палатасын аралап көру мақсатында ашық есік күндерін өткізеді.

Ал Жапония елінде Конституция күні 1948 жылдан бастап 3-мамырда тойланады. Мемлекеттік мейрамда Жапония Парламент ғимаратының есігі барлық келушілер үшін ашық тұрады. Демократиялық және пацифистік конституцияның маңызы жөнінде лекциялар оқылады. Ал газет беттерінде конституцияға арналған мақалалар жарық көреді, әсіресе мемлекеттің кез келген жағдайдағы соғыстан бас тартуын айқындайтын 9-бабы жайлы көптеген материалдар жарияланады.

Ал 1949 жылы 1-қазанда ресми қабылданған Оңтүстік Корея конституция күнін 17-шілдеде атап өтеді екен. Алайда 2008 жылдан бастап бұл дата мерекелік болғанымен, демалыс күніне жатпайды. Сеул сияқты үлкен қалалардағы ресми шаралардан өзге басқа мерекелік тойлаулар болмайды. Алайда, дәстүр бойынша бұл күні әлемнің түкпір-түкпірінде марафондық жүгірулер өткізіледі.

САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

Әмірхан Омаров, кәсіпкер, блоггер:

Қазақстанда Конституция күні қалай тойланып жатқанын, шынымды айтсам, білмеймін. Себебі ресми мейрам күндері ұйымдастырылатын шараларға қызықпаймын. Мен қызығатын ресми мереке күндері — Тәуелсіздік күні және Наурыз мейрамы.
Менің ойымша, Конституция күнінің ресми түрде демалыс күні болып қалуы, әрине, артық болмас. Елімізде бір жылда 11-13 ресми мейрам күні бар. Бұл басқа елдермен салыстырғанда көп емес. Жылына 20-25 күн демалатын Бразилия, Иран, Бутан, Үндістан сияқты елдер бар.

Бірақ тойланатын күні ыңғайсыз. Кейбір өзге елдердегідей бірнеше мейрамды бірден өткізсек ыңғайлы болар еді. Мысалы, Қиыр Шығыс елдерінде «Алтын Апта соңы» деген ұғым бар. Жапонияда 29 сәуір — Егіс күні, 3 мамыр — Конституция күні, 4 мамыр — Мемлекет күні, 5 мамыр — Балалар күні. Осы күндер ресми мейрам болып табылады және жапондықтар бір апта бойы демалады. Егер біз жыл бойынша шашылып кеткен мейрамдарымызды осылай жинақтап өткізетін болсақ, тиімдірек болатын сияқты.

Осы күні жасалатын іс-шараларға келетін болсақ, Конституция күні билік пен халықты жақындастыратын шаралар өткізілсе орынды болатын сияқты. Мысалы, осы күні Парламент үйі, Президент Сарайы, Бас прокуратура, облыстық және қалалық билік органдары есіктерін бір күнге халыққа ашса, депутаттар, прокурорлар, төтешілер өз орындарында халықты/қонақтарды күтіп, қойылатын сауалдарға жауап беретін болса, бұл мейрам күнінің мағынасы зор болар еді. Кейбір елдерде Конституция күні осылай өткізіледі.

Бақытжан Бұқарбаев, саясаттанушы, блоггер:

Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылдың 30 тамызында Республикалық референдум қорытындысы бойынша қабылданғанын көпшілігіміз білеміз. Еліміздің Ата заңы адам мен азаматтың негізгі құқықтарын қамтамасыз етуге кепілдік беріп, мемлекет құрылуының жаңа принциптерін көрсетті.

Еліміздегі көптеген мерекелер кезінде халықтық қыдырулар өтеді, оларға көп жағдайда ойын-сауық сипаты тән. Атап айтатын болсақ, осындай мерекелер қатарына Наурыз мерекесін, Қазақстан халқының бірлігі күнін жатқызуға болады. Конституция күнінің маңыздылығы басқада: осы мерекеміз азаматтардың ұлтжандылығын арттыруға септігін тигізетін шараларды өткізуге мүмкіндік береді. Қазақстанда Конституция күнінде әскери парад, ғылыми конференциялар өткізу дәстүрі қалыптасқан. Бұл орынды. Мәселен, былтырғы парадқа Қарулы күштеріміздің барлық әскер түрлері, атап айтқанда 2,5 мыңдай әскери қызметкерлер қатысып, 130-дан астам қару және әскери техника түрлері, 60-тан астам ұшақ пен тікұшақтар көрсетілді. Сол кезде халқымыз осылардың белгілі бөлігін тұңғыш рет тамашалауға мүмкіндік алды. Бұл шараның патриоттық маңызы зор.

Биыл әскери парад өткізілмейді, себебі мамырдың үші мен алтысы аралығында Астанада «KADEX-2012» қару-жарақ және әскери техниканың Халықаралық көрмесі өткізілді. Дегенмен, еліміздің барлық аймақтарында Конституция күніне орай ғылыми конференциялар өтеді. Сонымен қатар, спорт шаралары да орын алады. Биыл, мәселен, Алматыда былтырғыдай веложарыс өтеді.

Той-думанның жөні бөлек, бірақ Конституция күні өткізілетін шаралар патриоттық бағытта болғаны дұрыс. Әрбір азамат демалыс күні үйінде жатып, кабель арқылы шетелдік арналарды тамашаламай, өзін бір шаңырақтың теңдей мүшесі сезініп, елім үшін не істей аламын деген ой түзу керек.

Өкінішке қарай, арамызда Конституцияның маңыздылығын біле бермейтін адамдар да бар, өзім де ондайларды бірнеше рет кезіктірдім. Олардан осының себебін сұрайтын болсаңыз, «жүз қайтара түзетілген құжаттың қандай маңызы бар екен, жай қағаз емес пе?» деп жауап қайтарады да, «ал АҚШ-тың Конституциясы болса...» деп өздерінше дәлел келтіре кетеді. Кейін тіпті Конституцияның бетін де ашып көрмегені анықталады. «Оқымадым, бірақ сынға аламын» деген сөз бар ғой орыстарда, сол сияқты шыға қояды. Бұл не деген сөз? Қазақстандағы конституциялық реформалардың маңызын түсінбейді деген сөз. Ия, рас, 1998 және 2007 жылы Ата заңымызға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бірақ бұл заман талабына сай жасалған шара болды. Қазақстан қоғамды демократиялауға бағыт алған ел. Ол оңай іс емес. Соңғы конституциялық реформадан кейін, мәселен, заң шығарушы органымыздың кіші палатасының депутаттар корпусы 77 адамнан 107 адамға дейін кеңейді. Оның тоғызы Қазақстан халқы ассамблеясы тарапынан сайланады, яғни өзге ұлт өкілдерінің мүдделері Парламентте міндетті түрде таныстырылатын болады.
АҚШ-тың Конституция «300 жыл өзгеріске ұшырамады» дейтіндер, әдетте, осы уақытқа дейін америкалықтар Ата заңына 27 өзгерту енгізгенін біле бермейтін шығар. Оның есесіне әлеуметтік зерттеулер бойынша қазіргі кезде АҚШ халқының он пайызына жуығы өз Конституциясын ескірген деп санап, оған өзгертулер енгізілгенін қалайды.

Былай қарап тұрсақ, АҚШ Конституция әлем тарихындағы мемлекеттің негізгі заңы ретінде қабылданған тұңғыш Конституция. Дегенмен, АҚШ ресми түрде Конституция күнін тойламайды, олар Тәуелсіздік күніне басым көңіл бөледі. Америкалықтар Тәуелсіздік Декларациясы қандай жағдайда қабылданғанын жақсы білгенімен, Конституциясы қабылданғанда қандай даулар көтерілгенін біле бермейді. 2001 жылдан бастап қана АҚШ-та 17 қыркүйекте, яғни Конституциялары қабылданған күні, Азаматтық күні атап өтіледі. Осы күні «Конституция апталығы» жарияланып, оның шеңберінде білім беру мекемелері мен мәдени орталықтарда Ата заңға арналған іс-шаралар жүргізіледі.

Қарап отырсақ, АҚШ-тың өзі негізгі заң қабылданғаннан кейін 200-ден астам жыл өткесін Конституция күнін атап өтетін болды. Яғни осындай күннің маңыздылығы бар екенін көреміз. Сондықтан Қазақстанның мерекелер тізімінде Конституция күні болғаны заңды құбылыс. Оның маңызы жылдан жылға артып, оның мазмұны неғұрлым терең болса деген ниет бар. Халқымыз Конституция қай жылы қай күні қабылданғанын білсе де, ол қандай жағдайда қабылданды, Ата заңның құрастырылуына кімдер үлес қосты, сол жылдары қандай пікір-таластар орын алды, қысқа қайырғанда, қабылдану тарихын біле бермейді. Өз тарапымнан мереке күні өткізілетін шаралар осы мәселеге назар аударып, ақпараттандыру қызметін де барынша мол орындаса деймін.

Сонымен қатар, Конституция күнін тойлауда формальдылыққа ауып кетуден аулақ болу керек. Айтайын дегенім, мерекелік шаралар тек есеп беру үшін ғана өткізілмеуі керек, оның басты мақсаты — халықты жұмылдыру, ұлтжандылығын ояту. Білім беру орындарында, басқа жерлерде Конституцияға арналған конференциялар мылжыңға айналып, тек есеп беру үшін ғана өткізілмей (егер осындай жағдай орын алып жатса), жастарға қызық болу керек. Арамызда креативті ойлайтын жастар жетерлік, белсенді жастарға да тапшы емеспіз, жастармен ақылдасып, осындай жиындарды олардың қай формада өтетінін алдын-ала талқылап өткізген жөн.

© Екпін

 

Оцените пост

8

Комментарии

1
Посттың авторына үлкен алғыс білдіремін. Сауалды айқын көтеріп, демонстративті түрде салыстырулармен бөлісіп, танымал қазақтілді блогерлердің пікірін де беріпті. Бірақ, байқағаным, бұл посттың өтімділігі шамалы секілді. Ата заң, ата заң дегенімізбен, 1995 жылы қабылданған Конституция толықтырылғаннан гөрі, "тұншықтырылған" заңдар жинағына айналған болатын. 1993-тегі қабылданғанмен айырмашылығын кез-келген есі түзу заңгерден сұраңыз. Екіншіден, Конституция күнін тойлаудың өзі аздап абсурдтау. Меніңше, қалай тырыссақ та, Жаңа жыл, 8 Март, Туған күн тойлағандай, халықтың бұл мерекенің жетегіне мерейін қандырып жіберуіміз екіталай. Өзге елдердің мысалдарын келтіргеніңізбен, ол жақта қалыптасқан, тек Конституция күнінде болатын мерейтойлық программа жоқ. Сондықтан азаматтардың барлық дүние жүзі бойынша мемлекеттік мейрамдарға бірдей деңгейлі немқұрайлықпен қарайтынын бірден ұғынуға болады. Сондықтан "Конституция күнін қалай тойлап жатырмыз" сұрағыңызға жауабым: "Ел қатарлы тойлап жатырмыз". Бітті. Мұнан асып тойлауымыз екіталай.
0
Астанада жыл сайын парад өтуші еді, сол кезде парадқа барып, суретке түсіп қайтушы едік. Кейін туған-туыстар суреттерді көріп, қай кезде түскенімізді сұрап жатса, бұл 9-майда ғой, деп байқамай айта салатын едім. Сонысы, Конституция күні мен әскери парадты бір-бірімен байланыстара алмағандықтан-ау деймін.
0
ал мейрамдардың бәрін қатарынан өткізу керек деген пікірге қосылмаймын, осы мейрамдардың арқасында ғана балалар жұмыстан қол тимейтін әкелерімен, аналарымен бірге уақыт өткізе алады.
0
Қызық емес. Жәй ғана күн.
Показать комментарии