Балалық шақтың «фольклоры»

Жандос Байділда 2012 M08 28
5130
9
8
0

Кім бала болмады дейсіз? Балалық шақ бәріне ортақ ностальгия. Сондықтан, сонда жиі қонақ болып, есалаң кездерді еске түсіріп, тентектігімізді айтып бір марқайып қаламыз. Ол кезде істегеніңнің бәрі...

Кім бала болмады дейсіз? Балалық шақ бәріне ортақ ностальгия. Сондықтан, сонда жиі қонақ болып, есалаң кездерді еске түсіріп, тентектігімізді айтып бір марқайып қаламыз. Ол кезде істегеніңнің бәрі жарасады. Қазір ғой, қарқылдап күлсең де, дарақыланып дауыс көтерсең де, айқайлап ән айтсаң да жағымсыз көрінесің.

Қарап отырсақ, көпшілігінің балалық шағы ұқсас келеді (ауылда өскендердікі әрине). Бірақ, қанша ұқсас болғанмен, соншалықты қызық. Ол кездегі қулығың да сыпайы көрінеді, тентектігің де сүйкімді келеді. Сол көпшілігінің басында бар ұқсастықтардың бәрін жіпке тізбесем де, ойыма оралғандарын ұсынып отырмын.

******

Біздің ауылда «ғұлы-ғұлы» деген бар. Құм жерлерді кішкене ұйық қылып қазып ап, астында тығылып жатады. Атын әлі күнге дейін білмеймін. Ауылдағылар оны осы күнге шейін «ғұлы-ғұлы» деп атайды. Сол ғұлы-ғұлыны құрығымызға түсіріп, оны өлтіріп табанымызға жағатынбыз. Желаяқ боласың дейді үлкендер. Ол үшін алдымен құмырсқа ұстап аламыз да, ғұлы-ғұлы ұйығына тастап жібереміз. Сосын әлгі «зынданнан» шығу үшін құмырсқа айналасын қазып тыпырлай бастайды. Сол кезде құмның астындағы ғұлы-ғұлы құмырсқаның аяғынан тартып, өзінің бар екенінен хабар береді. Біздің қармағымызға да осы жағдайда ілінетін. Балалық аңғалдықпен қанша ғұлы-ғұлыны құрбан еткенім есімде жоқ, бірақ табаныма жағудан шаршамайтынмын. Содан желаяқ болып кеткенім жоқ бірақ. Біздің ауылда әлі күнге дейін Усейн Болтты кішкентайында аяғына ғұлы-ғұлыны көп жаққан-ау деп таңырқап отыратындар бар. Мұндай әрекетті Шиелі ауданының бірнеше ауылында әлі күнге дейін күшін жоймағанын естіп, қызыға, тамсана қарадым.

******

«Құрбақа өлтірсең, жел тұрып, жауын жауады» дейтінбіз. Құрбақаның да пайда болатын кезі белгілі. Ол кезде жаңбыр табиғатқа өң бермейді, керісінше егінге кері әсерін тигізеді. Бірдеңені біліп айтады екенбіз ғой.

******

Молаға қарап қол шошайтпайтынбыз. Егер байқаусызда саусағымызды сол жаққа бағыттай қалсақ, сол саусақты ауырғанша тістеп, табанымызға басатынбыз.  Әруақты риясыз құрметтеу деген осы шығар.

******

Бала кезде әжетхана дегенді білмеуші едік. Көрінге жерге әжетімізді өтеп жүре береміз. Бірақ, үлкен дәретке отырғанда ешқашан бір-біріміздің әурет жерімізді көрсетпейтінбіз. «Егер көріп қойған жағдайда, шешеңнің емшегінен сүт шықпай қалады» дейтін кеудеде үрей тұратын. Бүгінгі кейбір қылығымызға қарап, балалық шағымызда ақылдырақ болған екенбіз ғой дейміз. Нағыз этикаға баулитын балалық «тиым» емес пе?!

******

Кездейсоқ араның (біз жақта «әре» дейді) ұясына тап болғанда «Пышағым бар, балтам бар» деп қашатынбыз. Соған қарамастан араға талай таландық. Бірақ, әлгі сөзде бір құдырет бардай қайта-қайта айтушы едік. Осы сөзді Талдықорған жақта жел тұрғанда айтады екен. Қызық.

******

Бала күндерімізде ертеден кешке дейін далада жүреміз. Сонда жас жыңғылдардың шыбығын сындырып ап, балшықтан жұмбаз ұрып, кішігірім үй тұрғызатынбыз. Содан кеш батқанда, таңертеңнен бері еңбекпен салған үйімізді түнде шайтан пайдаланып кетпесін деген оймен «Мен ойнаған жоқпын, шайтан ойнады» деп бұзып кететінбіз. Ертесіне сол дағдыға қайта көшеміз.

******

Біздің жақта құмырсқаның екі түрі болатын (басқа да түрлері көп қой, бірақ біз осы екеуін бөлек қоятынбыз). Бірінің қимылы ауыр әрі қоңыр түсті, ал, екіншісі қап-қара әрі жылдам. Бірін совет, бірін фашист дейтінбіз. Екеуін ұстап алып бір-біріне қарсы қойсаң, міне қызық! Фашист қашқанша алысатын. Бір қызығы, фашистке фашисті қарсы қойсаң, немесе советке советті айдап салсаң да ешқашан қарсыласпайды. Кеңестік кезеңнің ықпалы ғой, қазіргі балалар олай істемейді. Істеген күнде «жеңімпаз құмырсқаға» қазақ деген ат беруші еді...

     

Оцените пост

8

Комментарии

0
братан ол ойындардын сонын биз ойнадык ко. ка ауылда кишкентай балдар ойнамайт ондайды.
0
қазіргі балалардың балалық шақтары біздікінен ерекше, кейде қызықсыз болып көрінсе де, еш күмәнсіз, олар сол кездерді жүректегі жылылықпен еске алады.
0
Керемет! Тамаша! Маған қатты ұнады! Балалық шағымның ең ғажап сәттерін еске салып, сағындырып жіберді... Әсіресе, "ғұлы-ғұлы" мен "ара" туралы дәл тауып айтылғандай.. Жүрекке жылу, жүзіңе күлкі үйіретін осындай әсерлі мақала үшін үлкен рахмет!
0
Балалықтың қайта келмес шақтары-ай!!!
0
Тiлге бай Тарактынын Тарландарынан соз артылмаган гой шiркiн.Кайта келмес балалык шакты осылай сагынышпен еске аламыз.Еш уайымсыз журетин кундер ай.Жибер Жаке
Показать комментарии
Дальше