«Канн арыстандары-2012». Қорытынды.

Алия 2012 M11 6
1287
1
4
0

Естеріңізде болса, наурыз айында «Жас арыстандар» атты жарнама, маркетинг, маркетингтік коммуникациялар саласында жұмыс жасайтын жас мамандарға арналған байқау жайында жазған болатынбыз. Осы аптаның..

Естеріңізде болса, наурыз айында «Жас арыстандар» атты жарнама, маркетинг, маркетингтік коммуникациялар саласында жұмыс жасайтын жас мамандарға арналған байқау жайында жазған болатынбыз. Осы аптаның басында ұйымдастырушылар «Канн арыстандары-2012» шығармашылық фестиваліне қазақстандық делегацияның қатысу қорытындысының шығуына байланысты баспасөз-мәслихатын өткізді. Бұл іс-шараға «Екпіннің» журналистері барып қайтқан болатын.


Жылдан жылға әлемдік масштабтағы бұл фестиваль дүние жүзінен маркетинг, жарнама және шығармашылық идея саласындағы кәсіпқойлардың үлкен аудиториясын жинақтап келеді. Қазақстан биыл жарнамалық индустрияның халықаралық аренасына тұңғыш рет ресми түрде қатысып отыр.

59-шы халықаралық «Канн арыстандары-2012» шығармашылық фестивалі шын мәнінде  қатысушылар үшін де, оны ұйымдастырғандар үшін де рекордтық көрсеткіш жасады. Өйткені фестиваль тарихында алғаш рет 87 елден 34 мыңнан астам жұмыс ұсынылып, фестивальге 12 мыңнан астам делегат қатысты.

Қазақстан үшін де бұл жыл ерекше болып отыр. Себебі қазақстандық делегация құрамындағы 15 адамның фестивальге тұңғыш рет қатысып отырғанына қарамай, семинарларға, форумдарға, көрмелерге, тақырыптық кештерге қатысып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген қатысушылармен өз ойларымен бөлісіп қана қоймай, өте құнды халықаралық тәжірибелер жинақтауға мүмкін алды.

- Қазақстан үшін бұл ерекше жыл болды. Себебі Қазақстан делегациясы алғаш рет осындай үлкен құраммен әлемдік жарнама нарығына барып қайтты. Өзіміз бірінші рет қатысып отырсақ та, қазылар алқасына бірден 18 жұмысымызды жолдадық. Биыл барлық жұмыстарды, кезінде «Young Lions» Kazakhstan деген халықаралық атпен өткен бірінші ұлттық байқауға демеуші болған, TBWA CA&C жарнама агенттігі ұсынды. Қазақстандық жеңімпаз Алуа Иманғазиева атанды. Сонымен қатар, ол бүкіл әлемдегі өз әріптестерімен «Канн арыстандары-2012» фестивалінің арнаулы кітабына енгізілген жарнаманың болашағы туралы нақыл сөздер авторларының бірі болды, - дейді «Канн Арыстандары» фестивалінің Қазақстандағы ресми өкілі Асхат Өскембаев.

Ал Алуа Иманғазиева өзінің фестивалге қатысуы туралы былай дейді:

- Каннға бару маған тек шабыт қана беріп қойған жоқ, сонымен қатар, өзімнің сүйікті ісіммен айналысып жүргендігімді толық түсіндім. Осындай үлкен деңгейдегі байқауларға қатысқанда сен тек өзіңнің жұмыс істейтін жарнама агенттігіңнің атынан емес, бүкіл еліміздің атынан қатысып тұрғандығыңды ұмытпауың керек. Қазақстанның бұл байқауға бірінші рет қатысып, осындай нәтиже көрсеткендігінің өзі үлкен жетістік деп білемін.

«Канн арыстандары-2012» фестивалінде қатысушылар өздерінің шығармашылық идеялары арқылы өзін таныстыруға мүмкіндігі болған 17 категория болды. Соның ішінде Қазақстандық жарнамашылар «Баспасөз» және «Сыртқы жарнама» категориялары бойынша жұмыстар тапсырды. Қазақстандық жарнамашылар бірінші рет қатысып тұрғандықтан, олардың жұмыстарына қазылар алқасы қырағы көзбен қарағандығымен, жалпы алғанда барлық жұмыстар жылы шыраймен қабылданды.

Фестивальде 80-ге жуық семинар, форум, шеберлік сыныптары мен жұмыс топтары ұйымдастырылды. Біздікілер олардың 95 пайызына қатысты деуге болады. Әрбір басқосуда көптеген қызықты да жаңа мәліметтер білуге, бүкіл әлемнен келген әріптестермен талқылау арқылы саланың маңызды мәселелерінің шешімін табуға керемет мүмкіндіктер туды.

-   Күзде біз «Алтын Арыстан» иегерлерін қазақстандық жарнамашылармен өз тәжірибелерімен бөлісіп, оларды жаңа идеялармен рухтандырулары үшін Алматыға шақырмақпыз. Кері шегінуге жол жоқ, бізді әлі көптеген жеңістер күтіп тұр, - деп сөзін қорытындылады Асхат Өскембаев.

«Young Lions» фестиваліне қатысқан 34 301 жұмыстың 1 028-і «Алтын Арыстан» жүлдесін иеленді. Барлық жұмыстармен  www.canneslions.com сайтынан танысуға болады.

Материалды дайындаған:

Айнұр Ракишева, Айжан Кәрібаева

Оцените пост

4