Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов42 подписчика
Всяко-разно
2
06:42, 17 июля 2012

ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ МЕН ПОЛИЦЕЙЛЕРІ АТТЕСТАЦИЯДАН ӨТЕ АЛА МА? (ЕКІНШІ БӨЛІМ)

Мал ұрлығынан бөлек Ақбұлақ ауылында сорақылықтың небір түрі орын алған. Бірнеше рет ауыл жылқыларын атқан Серік Сақыбеков атты азаматтың үстінен заң орындарына арыз берілгенмен жауапқа тартылмай жүріп жатыр.

Оқиға былай болған: 2010-жылдың қазан айының 21-нен 22-не қараған түні Ақбұлақ ауылының тұрғыны Сақыбеков Серік өзінің жеке көлігімен келіп көрші Қарабастау ауылының тұрғындары Кәдірберді Қабылбеков пен Сламбек Парманашевке «Ауылдарыңның бір топ жылқысы менің жоңышқама түскен соң мылтықпен біреуін атып өлтірдім, жылқының кімдікі екенін көріңдер» деп жоғарыда Ақбұлақ ауылының маңында жылқының өліп жатқан жеріне алып келіп көрсетеді. Олар қараңғыда қаза болған жылқыны танымайды. Содан соң Сақыбеков Серік  К.Қабылбеков пен С.Парманашевты үйлеріне жеткізіп салып сол ауылдың тұрғыны Темірбеков Жайылханды машинасымен жылқы жатқан жерге апарады. Бірақ Ж.Темірбеков те қараңғылыққа байланысты жылқының кімдікі екенін ажырата алмайды. Келесі күні таңғы сағат 7-8 шамасында атылған жылқының менікі екенін маған хабарлайды. Мен Сақыбеков Серіктің үйінің етегіндегі жоңышқалыққа барып өлтірілген күрең қасқа биемнің сол жақ мойынынан тиген оқтың орнын және осыдан құлын тастағанын көрдім. Сол арада Сақыбеков Серік өзінің інісі Берік екеуі келді. Мен: «Жоңышқа орылғанына біраз уақыт болды, басқа малдар еркін жайылып жүргенде бұның не?» деген сұрағыма Сақыбеков Серік: «Менің жоңышқама түскен соң атып тастадым» деп жауап берді. «Қандай мылтықпен аттың, тиісті орындарға тіркелген бе?» деген сұрағыма С.Сақыбеков: «Атам ба атпаймын ба, оны өзім білемін: Менің мылтығымды Бадам учаскелік инспекторы түгілі Ордабасы ауданының ішкі істер бөлімі де тексере алмайды. Рұқсаты Шымкент қаласында» деп жауап берді. Менің «биемнің құнын төле» деген талабыма Сақыбеков Серік: «Бір тиын да төлемеймін! Атқаным атқан, баратын жеріңе бара бер, маған ештеңе істей алмайсың!» деп кетіп қалды.

Бұдан кейін Ордабасы ауданы ішкі істер бөліміне хабарласып, полицияның шұғыл тобының келуін өтіндім. Содан соң өзінің жеке көлігімен өтіп бара жатқан С.Сақыбековті тоқтатып: «Серік, кетпе, Ордабасы ауданының ІІ бөлімінен шұғыл топ келе жатыр» деп ескерттім. Полиция мен сот қызметкерлерінің атына небір былапыт сөздер айтқан С.Сақыбеков: «ауданның прокуроры Берген Ержаппар менің жақсы танысым, керек десең менің үйлену тойымда қонақ болған, берген сотыңа бере бер, қолыңнан келгенін істеп ал» деп жүріп кетті.

Келген полиция қызметкерлері өлтірілген биені және оның тастап қойған құлынын суретке түсіріп алды, бірақ бие денесінен атылған оқты айғақтық зат ретінде алу туралы талабымды орындамай кетіп қалды. Сонымен бұл қылмыстық іс олицей Мақсат Қаратаевтың бие денесіндегі оқты айғақ ретінде алмауына байланысты шиеленісіп кетті.

Мен полиция тобының басшысының айтуымен сол күні Бадам ауылдық округінің мал дәрігері Ш.Орынбайды оқиға орнына алып келіп, ол биенің атылған оқтан құлын тастап қаза болғаны туралы акт түзді. Осыдан соң оқиға детективті кинолардағыдай өрбіді. 25 қазан күні ұялы телефоныма мал дәрігері Ш.Орынбай 8777-605-28-40 нөмірінен қоңырау шалып, өзін Ордабасы аудандық Ішкі Істер бөлімінің аға тергеушісі шақырып алып, қатты қысым көрсетіп, оқиға болған жерде жазылған бірінші актіні басқаша жазуға мәжбүр еткенін хабарлап кешірім сұрады. Аға тергеушінің бұндай қадамға бару себебі неде? Ол кімді қорғамақ болған? Қалай болғанда да аға тергеуші менің қолымда алғашқы актінің көшірмесі бар екенін білмегені анық.

Blog post image

Бірінші актінің көшірмесінің суреті.

Арада бірнеше күн өткенде ағам Есенқожа Издибаев Серік Сақыбековпен жолығып жылқыны атқанын мойындап: «Аға, байқамай атып қойдым, құнын төлеймін» деп уәде береді. Бірақ, ертесіне-ақ уәдесінен айнып кетеді.

2011 жылдың 1 наурыз күні Сақыбеков Серік өзінің автокөлігімен жанына полиция формасын киген бір аға лейтенантын қасына ертіп алып Қабылбеков Кәдірбектің үйіне барып одан Ордабасы аудандық ІІ бөлімінде берген жауабын өзгертуін талап еткен. К.Қабылбеков олардың бұл заңсыз талабын орындаудан бас тартқан соң, Сақыбеков Серік өзінен жасы үлкен Қабылбеков Кәдірбекке үйінің ауласында, балаларының көзінше балағат сөздер айтып: «Ісім сенімен болсын, енді сенің де жылқыларыңды атамын!» деп қоқан-лоққы көрсетеді. Сақыбеков Серіктің қасына еріп келген полиция аға лейтенанты оның жоғарыда келтірілген сөздерін естіп тұрып қоғамдық тәртіп сақшысы емес, бейтаныс адамдай араласпай тұра береді. Біршама уақыт өткен соң тапа-тал түсте Серік Сақыбековтің туған інісі Берік үлкен «Камаз» автокөлігіне мініп келіп Қабылбеков Кәдірбекке кішкентай балаларының көзінше былапыт сөздер айтып: «Полицияға айтқандарыңнан бас тартпасаң, бала-шағаңмен қосып, бәріңді қырып-жоямын!» ағасының істегенін қайталайды. Егер Сақыбеков Серік кінәлі болмай, сүттен ақ, судан таза болса куәгерлерден жауабын өзгертуді неге талап етеді?

Арада тағы бір аптадай уақыт өткенде 2011 жылдың 9 наурыз күні Сақыбеков Серік аға лейтенат формасын киген бір азаматпен Ж.Темірбековтің үйіне барып оны полиция бекетіне алып кетеді. Барған соң С.Сақыбеков капитан Мұратов Нұрланның және басқа полиция қызметкерлерінің көзінше Ж.Темірбековтен тергеушіге берген бұрынғы жауабын өзгертуін талап етеді.  Ж.Темірбеков оның бұл талабымен келіспейді. Ойындағысы бола қоймаған соң С.Сақыбеков өзінен көп үлкен Ж.Темірбековке небір ауыр сөздер айтып, боқтауға шейін барады. Капитан Мұратов Нұрлан және басқа полиция қызметкерлері болса С.Сақыбековті тоқтатудың орнына, оны қостап Ж.Темірбековке қысым көрсетеді.

Содан соң полиция бекетінен қайтып келе жатқанда Жайылхан Темірбековке Серік Сақыбеков: «Мен Ордабасы ауданының ІІ- бөліміне «тірлігімді бітіріп беремін» дегеніне сеніп көп ақша беріп қойған едім, бірақ олай болмай тұр. Мен сендерге бір жылқының құнын төлегенше Ордабасы Ауданының полициясына он жылқының ақшасын төлегенім жақсы. Есесіне таныс арттырамын» деп мақтанады.

Бұл аз болса Бадам полиция бекетінің бастығы, полиция капитаны Мұратов Нұрлан мырза 2011 жылдың наурыз айының 14 күні сағат 16.13 минутта менің ұялы телефоныма 8705-704-30-00 нөмірінен қоңырау шалып сәлемдеспей бірден: «Сенің жылқың қанша тұрады?» деп сұрады. Мен: «Маған ай-шай жоқ «сен» деп дөрекі сөйлейтін кімсің?» деп жөн сұрадым. Ол бұндай жауап күтпеген болуы керек, телефонын өшіре салды. Осымен әңгіме бітті.

Сақыбеков Серіктің 12 калибрлі бесатар мылтығының бар екенін және менің жылқымды С.Сақыбектовтің атып өлтіргенін ауылдың барлық тұрғындары және ауылдық учаскелік инспекторларының бәрі біледі.

Іс бұнымен бітпейді. «Баяғы жартас сол жартас» демекші, Ордабасы ауданының полиция қызметкерлері қылмысты ашып кінәлілерді жауапқа тартудың орнына ауданның тергеу ісі жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Айдар Ізбасарұлы өзі бас болып бұл қылмыстық істің осылай созбалаңға салынуына түрлі сылтаулар айтып бар күшін салғандай іс-әрекет етуінің мәнісі неде? Бұған оның маған «оқиға орнында түсірілген суреттер күйіп кетті» деп жалған ақпарат бергені дәлел. Бірақ мен сурет түсірген полиция қызметкеріне жолығып суреттерді тауып, қылмыстық іске дәлел ретінде қайта қабылдатқаннан кейін Айдар Ізбасарұлына жолығып: «Қылмыстық істі дұрыс жүргізбесеңдер, генералдарыңа айтамын» дедім. Айдар Ізбасарұлы: «Генералға барсаң бара бер, ол маған ештеңе істей алмайды!» деп жауап берді.

Өз кезегімде ізденуімді тоқтатпай ОҚО Ішкі Істер департаментінің бастығы, полиция генералы Досымовтың қабылдауына екі рет кіріп қылмыстық істі қайта қозғатқаныммен де еш нәтиже шықпады! Сонда облыс генералынан ауданның подполковнигі мықты болғаны ма?! Солай сияқты, Ордабасы аудандық Ішкі Істер бөлімінің бастығы полиция полковнигі М.Медетбековтің 06.10.2011 ж. күнгі берген жауабында: «...қылмыстық іс бойынша айыпталушы адамның анықталмауына байланысты істің тоқтамға алынғандығы хабарлаймын» деп жазылған. Көрмес түйені де көрмес, деген осы шығар!

Аудан прокурорына әбден арқа сүйеніп алған Серік Сақыбеков бүгінде ойына келгенін істеуді тіпті де үдетті. Өткен жылдың күзінен бері Бадам өзені бойынан тас артып пайдаға батып жатқан  әрекетінің қаншалықты заңды екені белгісіз. Онысымен қоймай ауылдың ортасымен ағып жатқан арықты бөгеп көпшілікті сусыз қалдырып отырғаны тағы бар. «Бұның қалай» дегендерге: «қолдарыңнан келгенін істеңдер!» деп айқайлап қорқытып үркітуін қояр емес. Бұлай бола берсе кеше жылқы атып жүрген басбұзар енді адамдарға да оқ атудан тайынбас!

Осылайша ауылдастарының жылқыларын атып олардың иелеріне моральдық және материалдық нұқсан келтірген Серік Сақыбековтің осы уақытқа дейін жауапкершілікке тартылмай алшаңдап басып жүре беруіне жағдай жасап отырған полиция қызметкерлерінің бұл шарасыздықтарына  аудан прокуроры Берген Ержаппарұлы көзін жұмып отыра беруінің өз себебі бар сияқты?

Қазіргі кезде прокуратура мен полиция қызметкерлерін аттестациялау іс-шарасын өткізіп жатқан еліміздің басшылығын қолдаймын. Жоғарыда аты аталып түсі түстелген прокуратура және полиция қызметкерлері аттестациядан өте ала ма, соны білгім келеді!

Blog post image

Жұмабек Издибаев.

Ордабасы ауданының тумасы.

   
2
1976
1