Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
2
06:34, 17 июля 2012

ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ МЕН ПОЛИЦЕЙЛЕРІ АТТЕСТАЦИЯДАН ӨТЕ АЛА МА? (БІРІНШІ БӨЛІМ)

Соңғы кезде Ордабасы ауданы Бадам ауылдық округіне қарасты Ақбұлақ ауылының сыртындағы төбеде күнде жиын, күнде айқай-шу. Себеп біреу-ақ. Мал ұрлығы үдеп тұр.

Мал ұрлығы бұрын да болып тұратын. Бірақ, жағдай неге ушығып кетті? Үстіміздегі жылдың басында, атап айтқанда қаңтар айында 41 жылқының ұрланғаны мәлім болды. Жоқшылар арызданбақ болып Бадам учаскелік полиция бекетіне барады. Бірақ қашан барсаң да жабық тұратын бекеттен тәртіп сақшыларын іздеп табуға бірнеше күн кетеді. Осылайша әрең дегенде полицейлермен кездесіп болған іс жайында баяндайды.

Бірақ, полицейлер тек киноларда ғана жақсы жұмыс істейтін сияқты. Себебі болған жайды білген замат іске бірден кірісудің орнына жоқшыларға: «Малдарыңа ие болмай не қарап жүрсіңдер» деп дүрсе қоя беріп, басқа да дөрекі сөздер айтқан. Арада тағы бірнеше күн өтеді...

Егер сіздер осы күндері полицейлер жоғалған жылқыларды іздеген болар деп ойласаңыз, онда шындап қателескен болдыңыздар. Полиция капитаны Елтаев Байжан мен лейтенант Бағлан Әлімжан жоғалған жылқыларды табу жолында шара қолданудың орнына өз басшылығына нендей ақпар беретінін ойлапты. Ойлап қана қоймапты, өздерінше оңай жол тауыпты. Сонымен полицейлер: капитан Елтаев Байжан мен лейтенант Бағлан Әлімжан 6 наурыз күні арыз иесі Ғалымжан Сарыбековтің інісі Ғаниды шақырып алып: Жылқылар Бадам өзенінің арғы бетіндегі Сайрам ауданына қарасты Айкөл деген жерде жайылып жүргенде ұрланды, деп жазыңдар. Себебі қазір Сайрам аудандық Ішкі Істер бөлімінде Артық деген азамат жылқы ұрлағаны үшін ұсталды. Біз басшылықпен келісіп қойдық, бұл ұрлықты да Артықтың мойнына артып жібереміз, сонда қылмыстық іс ашылған болып есептеледі, - дейді.

Бірақ басшылықпен келісіп қойған полицейлердің бұнысынан ештеңе шықпайды. Себебі жылқылардың иелеріне полицейлердің жалған ақпары емес малдың нақты табылғаны керек еді. Өз дегендері болмаған соң полицейлер ашуына мініп дегенімізге көнбесең: мал иелерінен жылқышы Сарыбековтің үстінен арыз жазғызып, шығынның бәрін соның мойнына ілеміз, - деп қоқан-лоқы көрсете бастайды. Бұнысымен қоймай жылқысы қолды болғандардың үйді-үйіне барып жылқышының үстінен арыз беріңдер деп үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Бірақ, ауыл адамдары олардың дегеніне көнбейді.

Полицейлердің жұмыс-әдісінің осындай екенін білгенде халқымыздың «Мен не деймін, домбырам не дейді» деген сөзі еске түседі. Ауданда әділеттіліктің жоқ екені түсінікті болған соң 27.03.2012ж., 15.05.2012ж. күндері ОҚО Ішкі Істер департаментінің бастығына жазбаша арыздар да жолданды. Бірақ ешқандай  нәтиже шыққан жоқ.

Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қалған әрі полицейлерден дөрекілік естіген жоқшылар, өзіміз іздейміз деп облысымыздағы Қапланбек, Қарабұлақ, Георгиевка, Темірлан, Арыс, т.б. мал базарларының бәрін аралады.  Соның нәтижесінде 13 мамыр күні Сайрам ауданының Қарабұлақ елді мекенінің мал базарында жоғалған жылқылардың біреуін сатып тұрған азаматты көреді. Надиров Полат жекеменшік жылқысын өзі салған енінен танып полицияға хабар беріледі. Келген полицейлер жылқы сатып тұрған М.Қаратаев деген азаматты Ордабасы аудандық ішкі істер бөліміне алып кетеді. Қаратаев өз кезегінде жылқыны Сайрам ауданының тұрғыны Тұраров Ержаннан сатып алғанын айтады. Мал іздеушілер Тұраров Ержанмен кездесіп онымен сөйлескенде, ол, жылқыны Қарабұлақ базарынан сатып алғанын айтқан болатын.

Жылқы жоғалтқандар енді қалған мал да табылатын болды деп қуанады. Бірақ, олай болмайды екен... Жылқысын үйіне әкелген Надировтің қуанышы да ұзаққа созылмайды. 26 мамыр күні полицейлер келіп «жылқыны сараптамадан өткізіп қайтып әкелеміз» деп жылқыны алып кетпек болған кезде, тәртіп сақшыларының немқұрайлылығына көңілі әбден қалған бір ауыл азаматы болған оқиғаны суретке түсіріп алады. Бұны көрген полицейлер неге екені белгісіз, оның қолын бұрап, түсірген суреттерін өшіріп тастайды. Мал иесіне қандай сараптамаға әкетіп бара жатқанын да айтпайды. Ешқандай құжат та толтырылмайды. Жылқысын іздеп барған Надиров Полатқа полицейлер, жылқыны көруге болмайды, деп жолатпайды. Полицейлердің бұл қылығын жылқы іздеушілерге жауласуы дегеннен басқа амал жоқ.

Сонымен полицейлер әкеткен жылқы үшті-күйлі жоқ болады. Хабар алмақ болып барған Ғани Сарыбековке Ордабасы ауданының прокуроры Берген Ержаппар қол қойған нұсқаудың көшірмесі беріледі. Ордабасы АПБ-нің бастығы полиция подполковнигі Ш.Ш.Мырзахметовке берілген №2-1210-00853-інші нұсқауда Надировтен полицейлер алып кеткен жылқы сараптамасы туралы ештеңе айтылмаған. Демек ешқандай сараптама жасалынбаған.  Және бұрын «Қарабұлақ базарынан сатып алдым» деген Тұраров Ержанның полицияға: «...қаражат керек болған соң амалсыздан сатқанын, ол жылқы ешқандай ұрлықы мал еместігін» көрсеткендігі жазылған.

Бұл нұсқауды оқыған кім де болса, Ордабасы ауданының полиция қызметкерлерінің ісінде жүйелілік жоқ сияқты деген ойға келері сөзсіз. Себебі, Қарабұлақ базарында табылған жылқы, иесі Надировке беріледі де, біршама уақыттан соң ол жылқы «сараптама жасау үшін» деп қайтарып алынады. Бірақ ешқандай сараптама жасалынбайды, Надировке де қайтарылмайды. Іс бұнымен бітпейтіндігін Ордабасы ауданының прокуроры өзі де мойындайды. Ол өзінің нұсқауында: ...М.Қаратаевтан дау түпкілікті шешілмейінше ол жылқыны өзінде ұстауға міндеттеп тиісті құжаттар рәсімделуі тиіс» деп тұжырым жасаған прокурор Берген Ержаппардың жылқының кімдікі екенін әлі дөп басып айта алмағаны  бұл іс түпкілікті шешімін әлі таппағанының дәлелі.

Ғани Сарыбеков М.Қаратаевқа жолығып жылқы мәселесін әңгіме еткенде ол: «Ордабасы полиция қызметкерлері маған жылқыны қайтарған жоқ», деп айтқан. Сонда жылқы қайда?

Бұның бәрін егжей-тегжей жазған себебім, ел заң орындары мен тәртіп сақшыларына сенуден қалып барады? Осындай сорақылықтарға жол беріліп жатқан Ордабасы ауданының прокуроры Берген Ержаппар, ауданның тергеу ісі жөніндегі орынбасары Айдар Ізбасарұлы, полиция қызметкерлері капитан Елтаев Байжан мен лейтенант Бағлан Әлімжан да аттестациядан сүттен ақ, судан таза болып өте шығады ма?

Blog post image

Айтбай Байжанұлы. ІІ топ мүгедегі.

Ордабасы ауданы, Ақбұлақ ауылының тұрғыны

 


 
2
937
0