Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
03:07, 04 июля 2012

Сона

Сіздер сонаның не екенін жақсы білесіздер. Ол ызыңдаған даусының өзі жанды түршіктіретін үлкееен сары шыбын. Ауылда өссеңіз талай көрген шығарсыз. Көрмеген болсаңыз мен көргенімді айтайын.

Өріске малымды шығарып, олар көк қуып қашаңдамай, жусай бастаған кезінде бір уақ шөп жұлсын деп атымды тұсап қояр едім. Мамыражай күнде мал да, малшы да маужырап, әдемі бір сәт орнайтын. Сол сәтті бұзатын осы Сона болар еді. Алыстан ызыңдааап келіп, тұсап қойған атымның бауырына қона қалатын. Ызыңдағанның бәрінен қашатын Қамбар ата ма,  ол алаңсыз тұра береді. Осы кезде әлгі оңбаған аттың бауырын оңдырмай тұрып шағады. Біріншіден, шаққан жерін терісімен қоса жұлып алғандай ойып түсіреді. Екіншіден, ол бәле қанға тоймайды. Сона сора бастағанда атым байқұс жегені желкесінен шығардай болып, бауырын сабалап мазасы қашатын. Мен қай сона қай жақтан келеді деп қашанғы аңдимын, оның үстіне ол итің реті келсе, өзіңді де қан қақсатудан тайынбайды. Менің айтпағым ауыл көрінісі емес, сөз арасында ойыма оралған соң тілге тиек еткенім ғой оны.

Анау Мұхтар Әбілазов дегенді қасындағы мәңгүрт, әрі тойымсыз серіктері Муха деп еркелетеді. Муха – Мұхтар Әбілазовтың лақап аты. Тілі де, санасы да әбден орыстанған, көзі қара, өзі қара болғандығы болмаса «қазақ» деген аттан садаға кеткір екеніне өз басым әлдеқашан көз жеткізгенмін.

Көзіне қоса ниеті қара екенін сізді қайдам, кезінде бар тапқан таянғанымды банкке сақтаймын деп, осы иттің кесірінен тақырға отыра жаздаған мен жақсы білемін. Саясатта шаруам болмағанмен, бала-шағамның болашағы БТА банктегі былыққа байланып қалғанда оны тануға тырысқанмын. Құдай сақтағанда мемлекет араласып барып, аман қалдым бір нәубеттен. Оған да мың шүкір.

Жаман иттің атын бөрібасар қояды. Кім баласын жаман болсын деп ойлайды? Ұлы жазушыға тартсын деді ме, әлде арқалы ақын ағамызға ұқсасын деді ме екен, әйтеуір атын кезінде Мұхтар қойыпты. Бірақ, оған Мұхтардан гөрі әлгі мәңгүрт серіктері берген Муха деген аты құйып қойғандай жарасады.

Орыстың тілінде Муха деген кәдімгі боққа да, таққа да талғамай қона беретін шыбын емес пе?! Әжетханадан әндетіп келіп, ақ адал дастарханыңа әкесінен қалған астай қол салып, қонжия кететін кәдімгі қара шыбын ол. Біздің үйде шыбын қаққыш деген болушы еді. Ызыңдап келіп, қона қалып, бағанадан боққа малған қолдарын асықпай жалай бастаған кезін аңдып тұрып, талайын тоңқалаң асырғанмын. Мына шыбындар да соған лайық.

Құдай өзі берген жанын өзі алады. Біреудің жанына ортақтасудан сақтасын, бірақ тойымсыз немелерді түрмеде шіріткен абзал. Мен негізі ешкімге жәбірім жоқ, біреуге жамандық тілеуден аулақтау адаммын. Алайда, мың асқанға бір тосқан болуы қажет, әділет салтанат құруы тиіс деп ойлаймын.

Бірақ, мына шыбын жай шыбын болмай тұр. Ескі достарының сенімін, ел ағаларының кешірімшілдігін пайдаланып, майлы таққа отырып алып, айналасын апырып-жапырып соруға кірісті. ТұранӘлемБанкін тұралатып, оның бойындағы бар нәрін қылдырықтай кеңірдегінен қылтамақ болмай-ақ өткізіп жіберді. Мыңдаған адамның талай жыл бел жазбай еңбек етіп, жылдар бойы тапқан тиын-тебенін (көп түкірсе көл емес пе, ол аз ақша емес-тін) араны апандай асқазанына апарып бір-ақ тықты.

Онысы «жау жағадан алғанда бөрі етектен» болып шықты. Рас, сөз басында айтқан Сонаның шаққанынан өлген атты көргенім жоқ. Халық та солай, қараң қалып, аштан қатпақ емес. Дегенмен, дүниежүзілік дағдарыстың салқыны білініп, етек-жеңін қымтауға кірісіп жатқанда бұл жығылғанға жұдырық болып тиді. Сонаның әрекетінен бауырын тепкілеп мазасы қашқан менің бала күнімдегі атым секілді қиналып қалды. Әйтеуір, бала-шағаның аузынан жырып, қиын-қыстау күндер туа қалса қажеті болар деп алдын-ала жинаған ұлттық қордың арқасында БТА-ының ауған жүгі әрең түзелді. Мен де бала шағамның несібесін әупіріммен қайтарып алдым. Айтайын дегенім бұл да емес.

Қысқасы, жаңағы Муханың, яғни шыбынның сипаты шай шыбын емес, Сонаға ұқсайды. Сонаның сүйкімдісін, пайдалысын көрген емеспін. Жақсылық пен жамандықты итжығыс түсіріп, ақ пен қараның тепе-теңдігін сақтау үшін жаратқанның қолынан шыққан бір жексұрын. Ендеше анау да  бір шіріген жұмыртқа, Мұхтар деген әп-әдемі атты оған қор қылмай, Сона деп атасақ жетіп жатыр. Келістік пе? Келісетініңізге сенімдімін.

Сонымен Мұхтар Әбілазов ендігі жерде Сона. Оның айналасында өзі түгілі ызыңдаған даусыныңыз өзі жиренішті қара шыбындар жетіп артылады.

Бұл Сона қазаққа не қылмады? Бір кезде өзін еңбек етіп, гүлден бал жинап, омартасына таситын, адал еңбектің символы – Ара етіп көрсеткісі келгені есімізде. ҚДТ деген қозғалыс құрып, демократия деп өрекпи өзеуреп жүргенде істеген заңсыздықтары мен қылған қылмыстары айдай әлемге әшкере болғаны, алаөкпе қылықтары өзінің маңдайына қалай тигені туралы айтылды. Одан кейін жаздым-жаңылдым деп зар илеп, табалдырыққа басын ұрғылап жүріп кешірім алғаны жайында естілді. Одан қалды, қалай мінгені белгісіз қаржы мұхитындағы алып кеменің төрінен бірақ шыққанын көрдік. Үлкен бір банктің төріне отырып алып, өзіне тән Сонаның тәбетімен елдегі ең ірі қаржы құрылымдарының бірін таза тақырға отырғыза жаздағанына куә болдық. Оларға оралып жатпай-ақ қоялық.

Ендігі істеп отырғаны мынау. Қалтасын қампайтып шетелге қашып кеткені аздай алты қырдың астында жатып алып, бейбіт жатқан елді алатайдай бүлдірді. Қазақты қазаққа айдап салды. Жандайшаптарын жіберіп, елді азғырды. Кім көрінгенге туған елін жамандап, ұпай жинауға көшті.  Осы Сонекең «көпті жамандаған көмусіз қалады» деген атасынан қалған асыл сөзді өмірінде естімеген де шығар. Әй, қайдан естісін?! Қағынан жеріген қасқа ғой. Елін жамандағаннан не өндіріп алғанын көре жатармыз.

Отанына сатқындық жасап, Отырардың қақпасын Үгедейге ашып берген қара жүректі Қараша сый ретінде Шыңғыс ханнан жанына сауға сұрағанда жаһангер қаған «өз еліне опа бермеген оңбаған өзгеге қандай серік болып жарытар дейсің» деп, басын алатыны естеріңізде болар. Елінде қылмыс жасап, саяси қуғын көрген адамның пердесін жамылып бара қалғанның бәрінің басынан сипай беретін батыстағылар да түгелдей есектің миын жеген жоқ шығар. Бір секіріп құтылып, екі секіріп құтылып, үшінші секіргенде бәрібір тұтылатын шегіртке секілді олардың қай-қайсысы да ерте ме, кеш пе өздері құрған қақпанға түсері анық.

Ағылшындардың арасына барып, Қазақстандағы қитұрқылықтарын қайталай қоймақ болған Сона әлден ақ тұтылып жатыр. Алаяқтықпен тауып, анда-мында тықпыштаған ақшасы мен дүние-мүлкін ағылшын сотының назарынан жасыра қоймақ болып құйқылжыған ол «сотты сыйламағаны үшін» сырттай 22 айға бас бостандығынан айырылды. Бұғалық түсер сәт келгенде баяғы әдетіне басып қашып кеткенмен, бір күні бәрібір басына таяқ тиері анық. Өрісі де, тынысы да тарылып келеді Сонаның. Әтештей ғана әлімен атанның жүгін көтермек болған шыбынның «шыбын жаны» мұрнының ұшында жүрген шығар. Халықтың қарғысы – құдайдың әмірімен аттас екенін ұмытпағаны абзал. Ел аман болса әлі-ақ кімнің кім екенін тани түсеріміз анық.

0
2829
3