Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
1
01:14, 29 июня 2012

Алматыдағы ғашықтар мекені қайсы?

Ғашықтық сөзіңізді айтуға, сезім білдіруге, үйленуге ұсыныс жасауға, жас арудың сүйріктеу саусағына сақина тағу үшін қай жерді таңдар едіңіз?! Тау төрінде ме, қымбат мейрамханада ма, әлде алабұртқан сезіміңізді іліп әкететін Көктөбе биігінде ме?..

Blog post image

Қатардан қанша ығыстырмақ болғанмен, «Әулие Валентин күнін» асыға күтіп, жаныға атап өтетіндер баршылық. Кездесу кешін белгілеп, шуақты жүздесу өткізу үшін дабырлаған халықты жиі кездестіресіз. Театрлардағы ғашықтық қойылымдарға назар сап, махаббатқа толы ерекше кеш ұйымдастырғысы келетіндер аз емес. Кездесу орнын белгілеп, әуре-сарсаңға түсетіндер қаншама. Гүл құшақтаған, сүйгеніне деген ынтызар сезімін арқалаған жастардың жалынды көздеріне қарап, ғашықтықты қастерлейтін риясыз көңіл әлі де заманның ағысынан қалмай келе жатыр екен-ау деп іштей қуанасыз.

Сол күнгі жаныққан жастардың әңгімесінің ауаны қайда кездесуге болады деген сықпытта өрбиді. Шындығын айтсақ, Алматыда күнімен-түнімен жұмыс істейтін ойын-сауық орталықтары өртеңге шыққан шөптей жыл санап көбейе түскенмен, ішінен нақты мынаусы махаббаттың бал сезімін бастан кешіруге лайықты орын деп ешқайсысын айта алмайсыз. Уақытты көңілді өткізу үшін, сүйгеніңмен ғана болатын оңаша орындарды іздеп табуға болады. Әйтсе де, есте қалатын кездесу ұйымдастыру үшін бұл орындардың барлығы жеткіліксіз.

Өмір кездесу мен қоштасудан тұрады. Күнде адамдардың бірін кездестіріп, бірін шығарып салып жатамыз. Бірімен болған әңгіме ғұмыр бойы жадыңда сақталып қалғанмен, бірімен болған жүздесу демде ұмытылып кетеді. Кейбір жандарды кездескен орынның ерекшелігімен есте сақтайсың. Кездесудің түр-түрі бар. Достардың бас қосуы, ғашықтардың кездесуі, туған күн тойлау дегендей. Қазақтың көрнекті жазушысы Дулат Исабеков бір сөзінде: «Қазақта туған күн тойлау қашаннан бері дағдыға айналғанынан хабарым жоқ. Бірақ, біздің жастық шағымызда туған күн деген жас ғалымдар мен қас қаламгерлердің пікір таластыруы үшін жақсы сылтау болатын. Жалпы, мұсылман қауымы дастархан үстінде ашыла, тасына сөйлейді емес пе? Қазақтың мәдениеті мен әдебиеті, тарихы мен тағылымы тұрғысында тартысқа толы пікір-талас орнайтын. Біздің буынның әдебиетке деген махаббаты жоғары болатын. Замандас досыңның жұрт ақтармаған кітапты, ешкімнің көзі шалмаған деректерді тізіп шыққанына еріксіз ризашылығыңды білдіресің. Тіпті, мұндай парасатты түрдегі шығармашылық отырыстар университет іргесінде де, жазушылар бас қосатын жиындарда да бола бермейтін. Кездесу деген естен кетпейтін дәрежеде болу керек. Ал, есіңде тек жақсы дүниелердің қалғанына не жетсін!» – дегені бар. Бүгінгі басқосудың барлығы ішіп-жеумен ғана шектеледі десек артық айтқандығымыз, бірақ, отырыстың бағыты шығармашылыққа негізделеді де дей алмаймыз.

Заман өзгерді, адамдар да қарап қалған жоқ. Бұрынғыдай ұрын барып, кездесуді айлап жоспарлау деген атымен жоқ. Қалқаман мен Мамырдың қалың қамыстың арасында кездескеніндей күндер өткеннің еншісінде қалды. Бүгінгі күні кездесуден оңай шаруа жоқ секілді. Тіпті, оның жолы да оңай. Ғаламтор желісі, ұялы телефон дем арада кездесуге таптырмас құрал. Бірақ, біздің айтпағымыз кездесу емес, кездесу орны. Алматылықтар қайда кездеседі, қайда жүздеседі деген көлденең сұраққа бір сәт жауап іздейікші.

Ұлы Абай да:

Тау жаңғырып, ән қосып

Үрген ит пен айтаққа

Келмеп пе едің жол тосып

Жолығуға аулаққа? – деген жолдар арқылы сүйгенімен кездесу орнын меңзейді. Адам баласы кездесуге қашан да құмартып тұрады. Жүздесуге жаны құмар. Жылы сөздер, жайсаң отырыстар, риясыз көңіл кездесудің негізгі нышандары. Және кездесудің сол нышандарға толы болуына кездесу орнының да ықпалы зор. Кейде белгілі қаламгерлердің естеліктеріне көз жіберер болсақ, Алматыдағы «Аққу» кафесі туралы жиі еске алады. Жастық шаққа деген сағынышы, өткен күнге деген өшпес сезімі сол бір «Аққу» кафесімен шендесіп жататындай. Қарсы алдында жұбы жазылмай жүзіп жүретін қос аққу туралы естеліктері нағыз ертегідегідей көріністі көз алдыңызға әкеледі. Қазір сол «Аққу» кафесінің жұрнағы да қалмады. Аққу ұшып көлге кетті, құмай ұшып шөлге кетті дегендей. Сондай-ақ, Алматыдағы қаншама жанды тоғыстырған «Саяхат» автобекетіндегі «Сағаттың асты» да (халықтың қойған атауы) сағымға айналды. «Сағаттың астында» сағаттап күтетін күндер-ай десеңізші! Әр сенбінің кешінде «Сағаттың астында» сыныптастар кедесетін. Алматыға аяқ басқан әр жастың құбыласы сол «Саяхаттағы» «сағаттың асты» болатын. Өйткені, кездесу орнын белгілеген уақытта көпшілікке таныс, ел білетін жер деп таңдау соған түсетін.

Жастардың кездесу мекеніне айналған орындардың ішінде дәстүрлі түрде міндетін атқарып келе жатқан әзірге «Арман» кинотеатры ғана. Бұрынғыдай Абай ескерткішінің алдында жолығатындар да сирек. Демек, көпшілік кездесу орны ретінде әлі күнге шейін кинотеатрға иек артады деген сөз бұл.

Жақында ғаламтор желісінде «Алматыдағы ғашықтар мекені» қайсы деген сұраққа жауап іздепті. Бірі 28 панфиловшылар саябағын меңзесе, бірі «Арбаттың» бойы сезімге толы депті. Дені ҚР Тұңғыш Президенті атындағы дендропарк пен «Медеу» мен «Шымбұлақтың» арасын жалғайтын қанатты жол да сүйгенің үшін ағыңнан жарылатын орын деген пікір білдіріпті. Демек, Алматыда «махаббат мұнарасы» дейтіндей нақты бір атаулы орынның болмағаны да.

Алматының әр нүктесі қастерлі. Есентай жағасында, «Арбат» бойында, саябақта іште булыққан асау сезімді бір тулатып алуға болады. Шалғайда жатып, Алматының көшесімен ерсілі-қарсылы жүруді армандайтындар шаш етектен. Жұбы жазылмай жүрген миллиондаған махаббат иелеріне куә Алатаудың құшағы сезім құштарлығына мас болған әрбір жанды сыйдырып ала беретін кең екендігін жүрек сезетіндей.

Әр қаланың өзіне тән «махаббат мұнарасы» бар. Жақында Семей қаласының басшылары Ертіс жағалауын ғашықтар мекені етіп жасады. Мұндай үрдіс әр қалада жалғасын табуда. Алматыда да ғашықтар жиі жолығатын арнайы махаббат мекені пайда болса екен дейсіз...

Жандос БАЙДІЛДА

1
1391
0