Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов42 подписчика
Всяко-разно
3
02:29, 19 июня 2012

АДАМ МЕН ТЕЛЕФОН АРАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫС

Адам баласын өмiрде әртүрлi нәрселермен салыстыра отырып, соларға ұқсата қарауға болады. Тылсым дүниедегi әрбiр жаратылушы нәрсе тiптi жандысы-жансызының да пенделiк рөлдiң кейiпкерi болып жүрген адам қауымымен әйтеуiр бiр жерлерiнде ұқсастық бар. Кейбiр мақұлықтардың өзi де өмiрлiк образы бар ерекше адамдардың қасиеттерiн айна-қатесiз қайталайды. Сонда мынадай ой түйесiз. Жаратқан иемiз адамдарға жануарлардан артық «сана» деген сый бергенмен, сыртқы көрiнiсiндегi қасиеттерiн өте ұқсас жаратқан секiлдi. Ахаң айтқан аққу, шортан һәм шаянның да әрекеттерi өмiрдегi неше түрлi мiнездегi адам бейнесiн қайталап бередi. Мысал жанрындағы арыстан, түлкi секiлдi жануарлардың образы күнде көрiп жүрген ағайындардың мiнез-құлқымен сәйкестенiп отырады. Бұл айтып отырғандардың барлығы белгiлi, күнделiктi естiп, айтып, қақсап жүрген салыстырулар. Ендi бiз жанды мен жансыздың арасындағы ұқсастыққа көшелiк. Қысқасы, адам мен телефон арасындағы байланысқа мән бермекпiз.

Blog post image

Жаһанданудың жалына жармасып, ХХI ғасыр жаңашылдығымен өмiр сүрiп жатқан кезде таңғалатын дүниелер де қарасын батырды. Басында ұялы телефон деген нәрсе бiр таңсық болып көрiнетiн. Қазiр телефонсыз жер басып жүрген пенде кемде-кем шығар. Төлқұжаты қалтасында болмаса да, ұялы телефоны қолында болатын кез алдымызға жетiп жығылды. Байқасаңыз, осы телефон деген пәлсапа адам болмысына бiршама ұқсайтын көрiнедi. Әрине, ол адам қолымен жасалатындықтан, шектеулi ойлайды. Бiрақ заман ағымына қарай ол да дамып келедi. Телефондардың бүгiнгiдей дамуы адамның да жоғары дәрежеде ойлайтындығын көрсетедi. Басында қарапайым болып шыққанмен, қазiргi үлгiлерi жан-жақты функциялармен қамтылған. Мысалы, бiздiң қолымызда жүрген ұялы телефондардың ең көп кездесетiн түрлерi: Nokia, Samsung, Sony Erikson, LG, Fly секiлдi алыстан жылдам хабар алғызатын құралдар. Nokia телефоны қазiр қолда көп кездеседi, бiрақ өкiнiшке орай Nokia секiлдi адамдар өмiрде аз кездеседi. Себебi бұл телефонды бiр рет қуаттап алсаңыз, екi-үш күнге дейiн беймарал жүре бересiз. Nokia секiлдi талмай жұмыс iстейтiн, еңбекқор адамдар қазiр жоқ деп айту қиын, бiрақ шыны керек, мүлдем аз. Сол сияқты адам баласының мiнездерi де әрқилы. Бiреу биязы, бiреу дөрекi, бiреу есерсоқ, бiреу алып-ұшпа. Кейбiр жандар бiрiн-бiрi тез түсiнiсiп кетiп жатады. Ал кейбiреулер бiрiн-бiрi әбден танып-бiлуi үшiн ұзақ уақытты қажет етедi. Ал осы жағдайды телефонмен байланыстырайық. Егер сiз blutooth арқылы Nokia-дан Nokia-ға әлдебiр сурет, видеоклип не болмаса ән-күй көшiретiн болсаңыз, зу етiп кiрпiк қаққанша өте шығады. Samsung-тен Samsung-ке жiберсеңiз де, дәл солай. Ал егер  Samsung-тен  Nokia-ға бiрдеңе жiберiп көрiңiзшi. «Пiс қазаным бес ай, отырайын он ай» деп ұзағынан күтiп отырасыз. Ал LG-ден Nokia-ға жiберу деген алтын уақытыңды алатын бiр кәдуiлгi жұмыс. Яғни  LG мiнездi адам мен Nokia мiнездiлердiң бiрiн-бiрi түсiнуi аса қиын. Белгiлi бiр уақытты талап етедi.

ӘР АДАМНЫҢ ТЕЛЕФОНЫ ӨЗIНIҢ КӨШIРМЕСI

Қазiр кiмнiң қандай екендiгiн телефонын ақтарып жатып-ақ бiлiп алуға болады. Егер сiздiң қолыңызға бiр телефон тидi делiк. Иесiн танымайсыз. Бiрақ оны телефонын ақтарып жатып-ақ, танып алуыңызға әбден болады. Түрiн бiлуiңiз үшiн «Мәзiрге» кiрiп, «Картинки» деген ұяшықты ашыңыз. Iшiнде «Мои картинки» деген тағы бiр ұяшық бар. Бармағыңызбен басып, соған көз тастасаңыз, телефон иесiнiң түр тұлғасы бетке ұрып тұрады. Сонымен түрiн таныдыңыз. Ендi оның қандай адам екендiгiн ажырату керек. Бiр телефонды ақтарсаңыз, онда сары фильмдерден үзiндiлер жинағы, бипыл, дөрекi әндер, жалаңаш қыздардың суреттерi тұрады. Қандай адамның телефоны екенiн бiлiп отырған шығарсыз. Ал екiншi бiрiнiң қалтафонына қол салсаңыз, атақты футболшылар мен әншiлердiң суреттерi кездеседi не болмаса әсем табиғат, аң-құс, жан-жануарлардың кескiн келбетi бар. Яғни бұл әсемдiкке, әдемiлiкке қызығатын адамның телефоны. Ал ендi бiреудiң телефонына үңiлсек, шақыру қоңырауына «Азанның» дауысын сақтап қояды. Iшiне үңiлсек, Мр3 жүйесi бойынша Құран аяттары құлағыңызға жағымды естiледi. Хиджап киген қыздардың суреттерi, «Алла» деген жазудың неше түрлi кескiнде таңбаланғандығын көресiз. Сөзсiз дiн жолында жүрген немесе соған аяқ басқалы жүрген иманжүздiнiң бiрi. Дәл осылай айта берер болсақ, «МұзАрт» тобынан бастап, бүгiнгi Ерболат Құдайбергеновтың «Мен қазақпын» деген өлеңдерiне дейiнгi қазақ өнерiнiң қақ ортасына тап боласыз. Қоңырау шалғанда делебеңдi қоздыратын «Балбырауын» атты күй ойнайды. Бұл – ұлтжанды адамдардың санатынан. Егер алда-жалда бiр ұнатқаныңызбен (қызбен немесе жiгiтпен) таныса қалатын болсаңыз, оның телефонын сұрап алыңыз да, бiр рет қарап шығуды ұмытпаңыз.

ҚАНДАЙ БАЙЛАНЫС НӨМЕРIНЕ ҰҚСАҒЫҢЫЗ КЕЛЕДI?

Егер осы сұрақ арнайы маған қойылатын болса, iркiлместен Kcell дер едiм. Себебi Kcell Африкада да Kcell ғой. Қырда да, ойда да, жапанда, түзде, Берпақдалада да, қысқасы кең байтақ Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнде байланыс аясынан тыс қалмайды. Менiң де қай жерде болмасын жатырқамай, осы Kcell байланысы секiлдi еркiн болғым келедi. Жалпы, Beeline мен Activ те жаман емес. Ал мынау Dalacom, Pathword, Neo ныспылы байланыстар қалалы жерлерде ғана жарамды. Ауыл атаулыны жек көрiп, тек қана қалада өмiр сүргiсi келетiндер бар емес пе? Тура солар сияқты. Адам денесi телефонның өзi болатын болса, әлгi чип сол адамның жүрегi iспеттi. Егер сол чип жұмыс iстемейтiн болса, құр қаңқаның пайдасы жоқ. Демек сiзге Dalacom жүректен Kcell жүрекке көшу қажет.

 

P.S. Мiне, осындай ұқсастықтарды айта беретiн болсаңыз, таң атырып, кеш батырасыз. Мен адамдармен икпорт құсап та, bluеtooth секiлдi де араласып көрдiм. Сондағы аңғарған дүниелерiм осы болады. Тiптi үйден шықпай, тек қана бала бағып отыратын әйелдердi үй телефонына ұқсатуға бармын. Себебi олар ешқайда шыға алмайды. Баратын жерi үй телефонының бауы секiлдi белгiлi бiр өлшеммен ғана бекiтiлген. Одан асып ешқайда аттап баса алмайды. Тарықпайды да, жалықпайды. Бiр қалыпты. Ай сайын ақшасын төлеп тұрсаңыз болғаны. Тағы бiр айтпағымыз бар. Кез-келген ұялы телефон қуаты бiтер алдында 7-8 рет «зарядите батарею» деп шиқылдай бередi. Кейбiрi қуаты әбден бiтiп, шамасы келместен сөнiп қалады. Құдды ажал алдындағы кәлимаға тiлi келмей көз жұмып бара жатқан адам iспеттi. Жалпы адам да сол қуаты бiткен телефон секiлдi өмiрден өтетiндей болып елестейдi.

Жандос БАЙДIЛДА.

3
1907
0