«Мәңгіліктің роктың» екінші фондағы бас кейіпкерлері

Dinmukhamed Ziyadin 2012 M06 20
1092
2
2
0

"Мәңгілік рок" туралы жеке ой-пікірге негізделген рецензия

Рок-н-роллдың жілігін шағып, майын ішкендер «Мәңгілік роктың» етін сүйегінен ажыратып баға-пайымдауларды беріп-ақ жатқан тұста, аталған жанрды ара-тұра ғана тыңдайтын, ойындағы азды-көпті ақпараты шаң басып жатқан дилетанттың пікірі оқырманға қаншалықты қызықты боларын білмедім, алайда, хэви-метал мен хард-роктың глэм-металға қандай қатысы бар екенінен шала-шарпы хабардар жұртшылық үшін рецензия зиянсыз болар деп шештім.

1987 жыл. Жетпісінші жылдары бұрқ ете қалған глэм-рок Америка Құрама Штаттарында танымалдылықтың ақырғы күндерін өткізіп жатыр, жұдырықтарын түйіп, екі саусақтарын шошайтып, тіл шығарған мыңдаған фанаттар жақын арада жаппай поп-музыканың астында қаларын сезер емес.

Голливудты бағындырамын деп келген Шерри аузын ашып жүріп бар дүниесінен айрылып қалады. Аты дүрілдеп тұрған жергілікті барға даяшы болып жұмысқа орналасады, бармен болып істейтін музыкант Дрюмен танысады, тірнектеп жүріп дөңгелек пластинкаларын жинаған атақты рок-жұлдыз Стейси Джекксты «тірідей» көреді, жағымсыз кездейсоқтықтың арқасында жігіті болып үлгерген Дрюмен айрылысады, биші болып басқа ойын-сауық орнына кетеді, жылап-сықтайды, билейді, ән салады…


«Шаш спрейі» (Лак для волос/Hairspray) фильмі арқылы 60-шы жылдардың атмосферасын айна-қатесіз дерлік жеткізе алған (сарықарын бәйбіше рөліндегі Джон Траволтаны ұмытпаған шығарсыздар) режиссер Алан Шенкман – көрермендерге таныс маман. Оның «Естелік серуені» (Спеши любить/A Walk to Remember) туындысын ауызға алса болды, алды мектеп оқушысы, арты орта жастағы аудиторияның шулап қоя беретіні бар.

Сол Шенкман алдыға Джулианна Хаф (Шерри), Диего Гонсалес Бонета (Дрю) секілді жас актерларды салып, ауыр артиллерияның орнына Алек Болдуин (Деннис Дюпри), Кэтрин Зета-Джонс (Патриция Уитмор), Пол Джиаматти (Пол Гилл) және Том Круз (Стейси Джексс) сияқты тіс қаққан мамандарды алып «Мәңгілік рокты» түсірген екен.


Фильм, мюзикл болғандықтан, бірінші кезекте өзіне тән ерекшелігімен, яғни музыкасымен, әуенімен, актерларының дауысымен аудиторияға қызықты. Бұл тұрғыда «Мәңгілік рокты» сынап, ұрсып, сүзгілейтін жөн жоқ, себебі, сол кездегі глэм-метал мен AOR (Album-oriented Rock – Рокқа бағытталған альбом) жанрларындағы танымал еңбектердің каверлері ойнатылатын фильм рок-музыкадан еш хабарым жоқ деген көрерменді берісі дән риза қылып, арысы «I Love Rock 'n' Roll» деп ән айтқызып қояды. Сондықтан, жеке өзім тұтынушы ретінде мюзиклдардың сценариін жазған Крис Д’Ариенцоға рахмет айттым.

«Валькирия» операциясы», «Соңғы самурай» және басқа толып жатқан фильмдерде ер мінезді, нар тұлғалы кейіпкерлерді сомдап келген Том Крузды ковбой қалпағын баса киген, виски бутылкасы аузынан ажырамайтын, денесін тату басқан, сықырлаған теріден жасалған киім киген Стейси Джексс бейнесінде көру көрермен ретінде мені «мәдени нокаутқа» жіберді (Алек Болдуин мен Кэтрин Зета-Джонсты қойшы, қиямпұрыс кейіпкерлерінің шет-жағасын көрдік қой). Сөз жоқ, «Орындалмас миссияның» қаһарманы «Мәңгілік роктың» екінші пландағы бас кейіпкері атануға лайық: фильмнің сөлі, мәні осы Джексстың маңына шоғырланған.


Екі ғашық-бас кейіпкерлерді ойнаған Джулианна Хаф пен Диего Бонета таң қалдыра алмады. Әрине, ол актерлардың алдарына қойылған миссияның кесірінен болар, бірақ шашы дудыраған ақсары қыз бен бұйрабас жігіттің осы рөлдері өздеріне дейін және кейін экранға шыққан/шығатын голливудтық қалың бозбала-бойжеткендер тобының арасында қалып қоя ма деймін.


Фильм жан-тәнімен музыкаға берілген меломандарға ғана емес, жай ғана фильм тұтынушыларына да қызықты болады деп ойлаймын. Әрине, егер сізді рок-н-роллдың лас тұстары кері итермесе (мәселен, «секс, есірткі және рок-н-ролл» ұраны), онда фильм тек орындалатын саундтректері үшін ғана көруге тұрарлық деген ұсынысты қабылдап көрсеңіз болады.

«Мәңгілік роктың» күлкі шақырған тұсы boy band-тардың көрсетілгені болды. 90-жылдары жаппай аса танымал болған бұл топтар бір кездері рок-аудиторияның ысқырығын естіп, лақтырған бөтелкелерінен «таяқ жеуі» ескінің кетіп, жаңаның келуі туралы пәлсапалық ойларға жетелеп-ақ кеткені рас. Бірақ, бұл басқа әңгіме…

P.S. Алек, сізге гомосексуал болған жараспайтын сияқты


Дінмұхамед Зиядин
Киностан.кз

Оцените пост

2