Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
02:35, 01 июня 2012

Сандалма, Сейдуманов!!! Есірме, Есімов!!!

29 мамыр, 2012 Blog post image

Blog post image

«Алматы қайтадан Алма-Ата болуы мүмкін. Әкімнің және менің көзқарасыма сәйкес, қала атының Алма-Ата болғаны әдемі жазылады, әдемі тасымалданады және жақсы естіледі. Конституцияны жазғанда оны дайындағандар ешкімнен сұрамай қазақша да, орысша да қаланың атын «Алматы» деп жіберген», - депті әкімнің орынбасары өз сөзінде (http://abai.kz/node/13812 )

Серик Турарович!

Мәскеуде есін жыйып, етегін қымтаған Сіз үшін, әрине, қазақ  құндылығы - әрі өгей, әрі құнсыз. Бірақ, ол - қазақтың тілі мен құндылығының құнсызданғаны емес, Сіздің санаңыздың уақыт талабына сәйкес құнсызданғанын білдіреді. Есі дұрыс лауазымды тұлға басқарып отырған туған ұлтын бұлай масқаралап, тұқыртпайды, қазақша мұндайды «сандалау» дейді. Орысшасы - «нести чужь»!

Сіздің бастамаңызға орай бірқатар сауалдар туындады, соны жария етуге мәжбүрміз. Себебі, қазақтың арқасында елдің ең үлкен қаласын басқарушылардың бірі болып отырғаныңызды ешкім де жасыра алмайды. Ресейдегі орыс болсаңыз да, қазақ болсаңыз да, оның провинциялық шағын қаласын басқарудың өзі Сізге бұйырмайтыны бесенеден белгілі. Тойыпсыз. Болыпсыз. Ұлттың бағасын қайта беретіндей «биіктепсіз». Енді жауап бересіз. Біздің сауалға болмаса да, ұлт пен өз тағдырыңыздың алдында!

1. «Конституцияны жазғанда оны дайындағандар ешкімнен сұрамай қазақша да, орысша да қаланың атын «Алматы» деп жіберген.» Сонда қалай, кәзір Есімов екеуің Конституциялық кеңеске мүшесіңдер ме? Әлде Атазаңды өзгертуге құзыры бар елбасшысыңдар ма? Конституцияда балағат жазылса да, оны Есімов екеуіңнің бастамаларыңмен өзгерте алмайтындарыңды білмейтін қандай «сауатты» басшысыңдар? Конституция қабылданғанда, қаланың «Алматы» аталуына қарсы заңдық қандай негіз таптыңдар? Әлде әкім мен оның орынбасарының көзқарасы Конституция үшін биік құрылым ба?!

2. Немене, Ономастика туралы заңжоба әкімдер мен олардың орынбасарларына атауларды өзгертуге еркінситін құзыр беріп отыр ма? Әлде Есімов екеуіңнің бұлай еркінсулеріңнің артында Ономастика туралы қабылданатын заңның бағасы тұр ма? Яғни, Алматыны «алма-ата» атауға келіскеннен кейін ғана шала-жансар Ономастика заңын қабылдайтын болдық па?

3. «Алма-ата» сөзінің әдемі жазылып, әдемі тасымалданып әрі жақсы естілетініне қай лингвист сараптамасын берді? Олар «Алматы» сөзінің нашар жазылатынын, тасымалданбайтынын және әдемі естілмейтінін қандай ғылыми негіздерге сүйеніп, сендерге кеңес берді? «Алматы» сөзі тасымалданбау кесірін неше рет бастан кешіпті? Егер де «алма-ата» орыстанған сөз екенін, ал «алматы» қазақ сөзі екенін ескерсек, онда Есімов екеуіңнің тұжырымдарыңа сәйкес - лексикамыздан «Қазақстан» сөзін аластап, тек қана «казахстанға» көшуіміз керек пе? Бәлкім, орыс тілінен де әдемі айтылып, тасымалданып, көрікті жазылатын тілді таңдармыз, Серик Турарович мырза, соны ойластырмадыңыз ба? (Сізді, өзіңіз меңзеген әдемі айтылып, жазылатын тілде атап отырмыз). Әлде әкімнің орынбасарына ойлану қабылеті тән емес пе?!

4. Серик Турарович, Сіз тәуелсіз Қазақстанның ең ірі қаласын басқарушылардың бірі болсаңыз да, санаңыз тәуелді Қазақстан дәуірінде қалыпты. Аса өкінішті. Ару Алматымыздың гүлденуі, оның әлемдік жетекші қалалардың қатарына қосылуы - ата-бабамыз «Алматы» атаған кемінде 2 мыңжылдық тарихын тұл етуге қатысты емес. Тіпті, болмысты сансыраған санамыздың төмендігімен өлшеу де қажет емес, керісінше, көзқарасты бүгінгі күннің биіктеген деңгейімен беттестіру арқылы ғана алға жылжып, абырой табатынымыз хақ. Рухани бейшаралығымызды, тілдік тәуелдігімізді  әлемге әйгілеп, тым жақсы қазақ сөзін тағы бір буынға ұлғайтқаннан, алар асуыңыз биіктей түсе ме? Алаштың ардақты сөзін аяқасты етіп, Алматыны  «алмааталағанда» арманыңызға тезірек жетесіз бе? Ол қандай арман, құпия болмаса?

Сандалма, Сейдуманов! Есірме, Есімов!

«ЕЛ» алқасы және «Абай-ақпарат» ҚҚ-ның ұжымы

P.S. «Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі - Алматы қаласының» (Н. Назарбаевтың сөзі) «Алма-атаға» айналуына наразы көпшілік әдеттегідей «www.abai.kz» ақпараттық порталының пікір алаңына өзінің аты-жөнімен электронды поштасын көрсетіп, қарсылығын білдіре алады. Бұл арада «қарсылық білдіргеннен не шығады?» деп салғыртсуға болмайды. Басқасын былай қойғанда, Abai.kz порталы ғаламторда қарсылық акциясын ұйымдастыру арқылы Елордадағы хан бабалар ескерткішінің қайтып тұғырын табуына, қазақ халқын өз жерінде көптің бірі етіп көлеңкеге жібере жаздаған доктринаға, қытай диханшыларына жерді жалға беріп «ұтысқа» шығуды ойлаған Мәсімов үкіметінің әрекетіне тосқауыл қойған болатын. Сол ауызбірілігіміз бен елдігімізден айнымайық, Алаш баласы!

«Абай-ақпарат»

0
555
0