Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
1
02:27, 01 июня 2012

Ерік ЖОЛЖАҚСЫНОВ: Қазақ циркіндегі ұрпақтар сабақтастығына қуанамын

Blog post image

Драма және кино актері. ҚР Еңбек сіңірген әртісі, ҚазКСР Кинемотографистер одағының мүшесі. Қазіргі таңда Астана циркін басқарады.

– Біздің журналдың атой сөзі – «Жаңарған қоғам – жаңаша талғам». Сіз мұны қалай түсінесіз?

– Қоғам өзгеріп тұру керек. Есейгендердің орнына жастар келеді. Мағжан ақынның «Мен жастарға сенемін» деп келетін өлеңі бар емес пе? Аға толқыннан жастарға деген селкеусіз сенім, тілеулестікті көргім келеді. Кез келген ұрпақ өз жаңалығымен, өз лебімен келеді. Сол жастарды жатырқамай, жазғырмай қабылдауды – жаңа талғам деп түсінемін.

– Cіздің бой-бітіміңіз кәсіби спортшыға көбірек келеді....

– Өнер институтына түскенге дейін бокспен айналысқанмын. Кәсібіміздің өзі спортты қажетсінеді. Мысалы, Голливуд актерлері спортпен күнделікті дағдылы түрде айналысады. Кейбіреуінің тіпті келісім-шартында солай міндеттеледі де. Өте дұрыс. Мойындау керек, кезінде біздің өнер адамдары спортпен шұғылдануға жоқ еді. Қазір бұл үрдіс бізге де жетті. Өз басым, жігіт адам жарау боп жүру керек деп есептеймін. Сондықтан жасым қырықтың қырқасына келсе де, спорттан алшақтай қойғаным жоқ.

– Цирк – пантомима, клоунада, акробатика, шабандоздық, эквелебристика, иллюзионизм, жанглерлік сияқты саналуан саладан тұратын өнер. Қазіргі Астана циркі осының қай жағынан алда келеді?

– Циркте – манеж, театрда – сахна. Бір-біріне ұқсас. Бірақ цирктің кино мен театрдан басты айырмашылығы – әртістердің әр іс-қимылы сызғышпен өлшеп қойғандай дәлме-дәл болуы керек. Сынық сүйем жетпей қалса, шалыс басып, қапы кетсе, өмірлеріне қауіп төнеді. Цирк әртістерінің еңбегі елеулі. Тіпті реквезитті жасауға дейін өздері қатысады. Астана циркінің негізін атақты иллюзионист-сиқыршы ағамыз, марқұм Балтабай Жұмағұлов қалап кетті. Қазір әке кәсібін ұлы жалғап жүр. Қазақ циркіндегі ұрпақтар сабақтастығы бар екеніне іштей қуанамын. Жақында екі акробат қызымыз Ресейдің Бірінші арнасынан көрсетілетін «Минута славы» байқауының ақтық сынына дейін жетіп, жеңімпаз боп келді. Қытайда «Байқоңыр» атты акробат жігіттеріміздің тобы өнерлерін көрсетіп жатыр. Аспанасты еліне шабандоздарымыз да гастрольдік сапарға бармақшы.

2006 жылы Астана циркі алғаш ашылғанда, бірден тәуекел етіп, аңдармен өнер көрсетуге көбірек күш салды. Аң болғанда, ішіндегі патша-төресі – арыстаннан бастады. Арнайы Гуанчжоудан он африкалық арыстан алдыртылды. Мұрат Асылбеков сияқты акробаттарымыз сол қауіпті нөмірге машықтанды. Бұл зор жетістік деп білемін.

–Цирктегі сіздің ең үлкен міндетіңіз – мәдени менеджерлік. Жалпы, өзіңіз мәдениет менеджменті дегенді қалай түсінесіз?

– Бұрын труппалардың, әртістердің барлық ұйымдастыру шараларын атқаратын адамды итальянның әуезді тіліне салып «импресарио» дейтін. Жаңарған қоғамда – жаңа талғам деген осы ғой, қазір импресариоң продюсер боп кетті. Менің ұғымымда, мәдениет менеджері дегенде соған ұқсас мамандық. Шамам келгенше, атқарып келемін. Цирк қаңырап бос тұрмау керек. Қазір сырттан Астана циркінің аренасында айына бір труппа келіп өнер көрсетеді.

– Бір-екі жыл бұрын «Полиция Хоккайдо» фильміне түстіңіз. Жапон кинемотографиясын сұрамай-ақ қоялық, ал әдебиеті туралы не білесіз?

–Студент шағымда Коба Абэнің «Құмдағы қыз» романын жастанып тұрып, екі-үш қайталап оқығам. Жапонның драматургиясы, би өнері керемет қой. Мысалы, Кабуки театры. Әрине, біз оның бәрін тек атүсті білеміз. «Хоккайдо полициясын» түсірген Ресейдің Халық әртісі, режиссер Всеволод Шиловский Алматыға келіп, кастинг өткізіп жатқан тұста «Гейша мемуарларын» оқып жатқанмын. Гейша – тікелей аударғанда «өнерлі адам» дегенді білдіреді, гейшаның қонақ көңілін тауып билеуі, өзін-өзі ұстауы, сызылып шәй құюы бұл жапон ұлтының бойжеткендеріне тән үлкен тектілік, кішкентайларынан сіңірілетін тәлім-тәрбие. Хоккайдоға барған кезде де маған дәл осы сенің сауалыңды көлденең тартты. Сонда мүдірмей жауап бергеніме қуанып жатыр. Осы күндері Харуки Муракамиді қарап жүрмін. Қала прозасының шебері. Біртүрлі жаныңа жақын жазғандары. Біле білсек, гендік зерттеулер бойынша жапондарға ең жақыны қазақтар болып шығыпты. Соған қарағанда оларды Алтайдың түбінен кетті деген жорамал рас-ау. Шиловский де қу ғой, соны біліп, әдейі қазақ арасынан іздеген ғой актерді. Шашымды қайырып ойнап шықтым. Жуырда он екі сериялы фильм Ресейдің «РТР» арнасынан көрсетіледі.

– Бір сұхбатыңызда «Театр актерлері сияқты Шекспирдің, Ғабит Мүсіреповтiң шығармаларын, яғни классикалық шығармаларды ойнау кино жанрында қиындау. Алайда сондай рөлдердің бірін ойнағанға не жетсін...» депсіз. Бұл сонда өзіңіздің осал тұсыңызды жасырмай айтқаныңыз ба?

– Классикалық рөлді ойнау – әр әртістің арманы. Шекспир шығармаларының кейіпкерін фильмде алып шыға алмайтынымыздың себебі – бет-келбетіміз келіңкіремейді. Мен соны меңзегем. Өткенде Қ. Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрынан «Гамлетті» тамашаладым. Нұркен Өтеуілов жақсы ойнап шықты. Ал шын мәнінде, ешкімнің батылы бара бермейтін өте күрделі кейіпкер. Мәскеуде оқып жүргенімде, Таганкада Владимир Высоцкийдің Гамлетті ойнағанын көргенмін. Ол кезде Ресейдің орталық театрлары экспериментке көп баратын. Әшейін үстеріне жеңсіз көйлек, вельвет шалбар, қысқа етік киіп шыға салды. Декорациясына ау құрып тастаған. Ал бізде құрқылтайдың ұясындай сахнада зәулім ғимарат тұрғызды. Бұл енді режиссерлік шешімге, суретшінің мықтылығына байланысты.

– Қазір бауырдың арасын қойнындағы әйелі бөлетін, басқа біткен атақ-абырой, байлық ажырататын заман ғой. Өз аузыңыздан Досхандай қамқор аға туралы ақжарма тілегіңізді естігіміз келеді.

– М.Әуезов театрында ойнап жүргенімде, Әзірбайжан ағамыздың орнына келген Асанәлі Әшімов «Мен ішпеген у бар ма?» деген Абай өмірінен жазылған драманы қойды. Авторы – ақын И.Оразбаев. Сонда Құнанбай Абайға мынадай тәмсілді айтатын жері бар: «Бейбақ әйелдің күйеуі соғыста қайтыс болады. Тұтқынға өзімен қоса бауыры мен баласы түседі. Әйелдің көркіне қызыққан хан: «Не бауырың, не балаң, Құтқар, кәні, екінің бірін қалаған!» дейді. Сонда сұлу бауырын таңдаған екен. Хан таң қалып: «Бауырыңды артық көргенің бе балаңнан?!» – деп сұрапты.

Сонда әлгі бейбақ әйел:

«Уа, Ұлы Хан, мендей сұлу әйелге

Бай табылмас деп ойлайсың қай елде?..

Бай табылса – кәміл бала табарым,

Ал, бауырым...бауырға жоқ амалым!– деген екен. Хан жауабына риза болып, бауыры мен баласына ерік беріпті».

Сол сияқты маған қашан да бауыр қымбат. Ағама қарап өстім. Бой түзедім. Менің эталоным – сол кісі. Сөйлеу мәнері, жүрісіне дейін еліктедім. Кішкентай кезімде түнге қарай тікірейген шашыма қаймақ жағып, орамал тартып алатынмын. Таңертең шашым жып-жылмағай боп тұрады.

– Алдын ала жоспар құрғанды ұнатпайды екенсіз. Экстремалдық жағдайда жүргенді қалайсыз ба?

– Мен өнеркәсіпте, құрылыста жұмыс істеп жатсам, күні бұрын жоспарлар едім. Ал өнер адамына алдағыны күнібұрын біліп отыру қиын. Тіпті өнерді мемлекеттік жоспардың да тар аясына қуып тығу қиын. Өйткені ол – шығармашылық. Үнемі экстремальді жағдайда жүрем десем, өтірік болар. Бірақ, әлі күнге дейін күліп еске алатын мынадай қызық оқиға болған:

«Афалинаның секірісі» фильміне түсіп жатқан кезде генерал формасымен Ішкі істер министрлігіне кіріп бармасым бар ма, сөйтсем бәрі тік тұрып, құрмет көрсетіп қарсы алып жатыр. Мен де сыр білдірмей өте шықтым. Көшеге шықсам, МАИ қызметкерлері мені көріп, тым-тырақай қашады. «Бұл қай генерал болды екен?» деп кейін бір-бірінен сұрайтын көрінеді. Сонда түсіндім әскери шеннің не екенін. Кейін шынымды айтып, «Актер едім. Образдан шыға алмай қалдым. Маған емес, мундирге сәлем бергендеріңіз үшін сіздерге мың алғыс» деп кешірім сұрадым.

Сұхбаттасқан Салтанат Сүгір

1
1527
2