Жас ата-аналар тәжірибесінен

Алия 2012 M11 3
4361
5
11
0

Былтыр Бегалин атындағы балалар кітапханасына жазылдық. Оған дейін бірге оқытып жүретінмін, кітапханаға жазылғалы айына бес кітап аламыз, өзі соларды оқиды. Қазақ мектебінде оқығандықтан...

1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні

Мәдина мен 7 жасар қызы Толқынай.

— Қызыңыздың мінезі қандай?

— Қырсықтығы бар. Егер өзіне бірдеңе ұнамаса, істеткізу өте қиын. Алайда істегісі келмей тұрған істі жақсылап түсіндірсең және ол қажет екендігін өзі түсінсе, бәрін өзі-ақ істейді. Бір жағынан бұл жақсы деп ойлаймын. Себебі әр адамның өзіне тән мінезі болуы керек.

— Демалыс күндеріңізді қалай өткізесіздер?

— Саябаққа, ойын-сауық орталықтарына барамыз. Анда-санда кинотеатрға, хайуанаттар әлеміне барып тұрамыз.

— Қызыңыздың ерекше ұнататын ісі қандай?

— Ең жақсы көретін ісі — мектепке бару және кітап оқу. Оқығанды өте қатты жақсы көреді. Тіпті соңғы қоңырауда жылады (күліп).

— Толқынайды үйірмелерге алып барасыз ба?

— Иә, бұрын домбыраға қатысқан. 6 жасыннан бастап биге барады.

— Баланы неше жасынан бастап үйірмелерге алып бару қажет деп ойлайсыз?

— Менің ойымша, баланың қабілеті барын көріп тұрсаңыз, жасына қараудың қажеті жоқ. Қабілеттің дамуына мүмкіндік беру керек.

— Ал мектепке неше жасынан бастап барды?

— Алты жасынан, қазір екінші сынып оқиды. Мектебін өте қатты жақсы көреді. Басқа мектепке ауыстырамын ба деп ойлағанмын, бірақ ауыспаймын деп тұрып алды. Негізі өзге адамдармен араласып кетуі қиындау, алайда сыныбының балаларына, мұғаліміне өте жақын.

— Қандай кітаптар оқиды?

— Қызыма кітап оқуды 6 айлық кезінен бастадым. Басында кітаптарды жыртатын, кейін сызатын, сосын оқитын болды.

Былтыр Бегалин атындағы балалар кітапханасына жазылдық. Оған дейін бірге оқытып жүретінмін, кітапханаға жазылғалы айына бес кітап аламыз, өзі соларды оқиды. Қазақ мектебінде оқығандықтан, орысша тіл байлығы болсын деп орысша кітаптарды көптеп оқытамын. Басында орысша оқымаймын деп бас тартқан болатын. Қазір ол өзіне ұнайды. Себебі онда түрлі-түсті суреттер, ертегілер көп.

— Толқынай, қай пәнді жақсы көресің?

— Математика

— Не үшін математиканы жақсы көресің?

— Білмеймін. Бірақ есепті, бақылауды қатты жақсы көремін.

Айнұр мен 2 жасар ұлы Олжас.

— Ұлыңыздың мінезі қандай?

— Мінезі жайдарлы, өте мейірімді. Балалармен ойнағанды жақсы көреді. Жалғыз бала болған соң еркелеу.

— Көбінесе қайда серуеңдейсіздер? Өзінің ұнатып барамын деп тұратын жерлері бар ма?

— Олжас су бұрқақтарды, әсересе сумен ойнағанды жақсы көреді. Серуеңдеуге көбіне үйіміздің жанындағы «Family» паркіне барамыз. Ол паркте кішігірім хайуанатар әлемі бар. Сондағы жануарлардың ішінен қойды жақсы көреді. Соған күнде қырыққабат алып барып, тамақтандырғанды ерекше ұнатады.

— Балаңыз балабақшаға барады ма?

— Иә, 1 жарым жасынан бастап балабақшаға бердім.

— Өзге ортаға үйренуі қалай болды?

— Танымайтын ортаға түскеннен кейін бір-екі күн жатырқау — әр баланың әдеті ғой. Бірақ қазір балабақшаға барғанды өте жақсы көреді. Әсіресе апайларын. Кірген бетте жүгіріп барып мойнына асылып, бетінен сүйеді.

— Олжасқа қандай кітаптар оқып тұрасыз?

— Қазіргі кезде неше түрлі тақпақтары, ертегілері бар кітаптар шығып жатыр. Соларды алып оқып беремін. Өзіне «Шұбар тауық», «Бауырсақ» ертегілері ұнайды. Сонымен бірге «Алдар Көсе» мультфильмі ұнайды. Күнде кешке «Ай-жұлдыз» бағдарламасының соңынан осы мультфильмді көрмесе, ұйықтамайды. Өзінде Алдардікіндей домбырасы бар. «Мен Алдармын, Алдармын» деп әндетеді.

Зифаның қыздары Әмина (3,5 жаста) мен Зере (2 жас 4 ай).

— Қыздарды әдетте қайда қыдыртасыздар?

— Біздің үйге ең жақын парк — 28 Панфиловшылар паркі. Сондай-ақ, Орталық паркте қыдыртамыз.

— Әмина мен Зере не істегенді жақсы көреді?

— Әмина сурет салғанды жақсы көреді. Қашан қарасаң да кітап, қарындаштарын көтеріп жүреді. Зере де Әминаға қарап сурет салады. Бірақ екеуі де мультфильм десе, жандарын береді.

— Үйірмелерге қатыса ма?

— Әмина қазір ағылшын тіліне және биге барып жүр. Зере әлі кішкентай, үйде.

— Бала-бақшаға қанша жастан барды?

— Әмина 2,5 жасынан бала-бақшаға барды, тез үйреніп кетті. Ал Зерені бір-екі рет апарып көрдік, жылап, бармаймын деді. Меніңше, 2 жастан бастап апара берсе, ерте емес. Қазір Әмина ағылшынша онға дейін санайды, бала-бақшада бастауыш топта хореографияға қатысады.

— Бала тәрбиесі жөнінде арнайы кітаптар, методикалар қолданасыз ба?

— Апамызбен тұрамыз, меніңше, апасының тәрбиесінен асатын ешқандай методика жоқ. Балалар ашық, көпшіл болып өсіп келе жатыр.

— Балаларға қандай ертегілер оқисыз?

— Ең бірінші әрі сүйікті ертегілері — «Бауырсақ». Ал былай ертегілердің бәрін сүйсініп тыңдайды.

Арсен мен Гүлнәздің ұлы Айбар (8 айда)

— Айбар қайда қыдырады?

— Family Park-тің қасында тұрғандықтан, күн сайын сонда барып қыдырамыз. Кешке жақын папасымен бірге бәріміз достарымыздың үйлеріне, кафеге, баламен отыруға болатын жерлерге барамыз.

— Айбар не істегенді жақсы көреді?

— Теледидар көргенді, қолымызға алып, көтеріп жүргенді жақсы көреді. Қасында ойнатып жүрсең болды.

— Арнайы ерте жетілдіру орталығына барасыздар ма?

— Апару ойда бар, бірақ әлі ерте. 1 жастан бастап апарамыз, бұйыртса. Үй жақта «Мать и дитя» деген ерте жетілу орталығы бар, соған апарамыз. Бала-бақшаға 3 жастан бастап барады, қазірден бастап кезекке тұру керек.

— Бала тәрбиесі жөнінде қандай кітаптар не журналдар оқисыз?

— Ай сайын «Мой ребенок» деген журнал аламын. Ішінде өте көп пайдалы кеңестер бар. Сосын көбінесе интернет ресурстардан ақпарат іздеймін, мысалы, baby.ru.

— Айбарға қандай ертегі оқып бересіз?

— Аңдар туралы ертегілер, ерте жетілдіретін алфавит, танымдық ертегілер оқимыз.

— Есте қалған ең қызықты сәт?

— Есімде қалғаны, қырқына толмай жатып, ең бірінші «Мам-ма» дегені.

P.S. «Екпін» журналы барша бүлдіршіндерді мерекелерімен құттықтайды, дендерің сау, болашақтарың жарқын болсын!

Сұхбатты дайындаған: Айнұр Ракишева,

Айжан Кәрібаева

Фото: Әлия Сембай

Оцените пост

11

Комментарии

2
Balalar ademi :)
1
Амина мен Зере зэ бэст!!!!! ))))))
3
Балалардың риясыз күлкілері адам жанын жадыратады! Рахмет!
1
оқасы жоқ, сендер үшін ғой бәрі:))
Показать комментарии
Дальше