Қаракерей Қабанбай батырдың өмірбаяны

Камал Абдрахманов 2012 M06 25
47760
10
395
0

Қаракерей Қабанбай  батыр (1692 – 1770ж.ж. ) Арқада туып, Арқадағы Есіл мен Нұра өзендерінің ортасындағы Қабанбайдың Үш бұлағы аталатын жерде дүниеден өтеді. Сүйегі Үш бұлақтан 3 шақырымда, «Найман...

Қаракерей Қабанбай  батыр (1692 – 1770ж.ж. ) Арқада туып, Арқадағы Есіл мен Нұра өзендерінің ортасындағы Қабанбайдың Үш бұлағы аталатын жерде дүниеден өтеді. Сүйегі Үш бұлақтан 3 шақырымда, «Найман қорым» аталатын қырдың үстінде. Қазір бұл маң Қабанбай ауылдық округіне қарасты,Астана қаласынан 30 шақырымда.

Аңыздарда Қаракерей Қабанбай батыр бұл жотаға :

Жиылып тегіс ас беріп,

Ту биені сойыңдар.

Арқаға арнап бейіт соғып,

От орныма қойыңдар.

деген өз аманаты бойынша жерленеді. Себебі, Қаракерей Қабанбай батырдың арғы бабасы Байжігіттен бастап,өз атасы – Мәмбет,әкесі – Қожақұл,екі ағасы – Есенбай,Есенаман,әпкесі – Меруерт,барлығы Арқаның тумалары. «От орным» деуі сондықтан. Шешесі Мәми (азан шақырып қойған аты-Нәбилә) әлі күнге дейін  Арқаны мекендеп отырған Ашамайлы Балта керейдің аты шыққан Баубек батырының  қызы. Бәрінің сүйегі «Найман қорымда» сияқты.

Қаракерей Қабанбай батыр туған кезде және көз жұмғанда найманның қаракерей,матай,төртуыл бұтағы негізінен,садырдың бір бөлігі  Есіл -  Нұра- Сарысу бойын,Қорғалжын,Теңіз көлдерінің маңайын жайлайтын.  Ұлытауға қарай Балталы,Бағаналы наймандар қоныстанған.

Дарабоздың өз жұрты Байжігіттер Аякөз маңынан алғаш рет 1817 жылы көрінеді. Онда Ұлы Қолбасшының дүние жалғанды артқа тастағанына аттай 47 жыл болған. Байжігіттердің Үржар,Алакөлге жете қонулары Матай – қызайлардың Алакөлді тастап,Тазабек бидің бастауымен Боздала арқылы Күнеске көшіп кетуінен соңғы 1855-1860 жылдар.

«Ерасыл» деп азан шақырылып қойылған есімге кейіннен жеңгелері алып денесіне орай - «Нарбала»,жолдастары әкесіне тартқан батыр болар деген оймен - «Ізбасар»,нағашы жұрты - «Қабанбай» аттарын қосты. 1723 жылы Түркістанда хан сайланып «Хан Батыр» атанды. Абылай ешкімге теңестірмей «Дарабоз» деп әспеттесе,қазақтың көзі де сөзі де болған Көмекей әулие – Бұхар жырау батырды «Көкірек әулие» деп төбесіне көтерді.

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Шақшақұлы Жәнібек,

Қаз дауысты Қазыбек,

Ормандай көп Орта Жүз,

Содан шыққан төрт тірек

деп,қазақтың сол тұстағы бар батырының,ел тұтқаларының басына қояды. Мәшһүр Жүсіп Көпей әулие «...Қазақта Қаракерей Қабанбайдай батыр болған емес» деп кесіп айтады.

Қаракерей Қабанбай Батыр туралы кейбір әдеби шығармалар тарихи шындықтан тым алыс жатыр. Мысалы, бабамыз Үрімжіге жылқы айдап бармаған. 1758 жылғы қарашаның 17-сінде Үрімжі саудасына баласы Едіге,немере інісі Туматай келгені Үрімжінің бас амбаны Нусанның Бейжіңге жолдаған есебінде тайға таңба басқандай жазылған. Бабамыз  наймандарды Жетісу,Семей,Өскемен жерлеріне өз билігімен бөліп орналастырмаған. Себебі, Қаракерей Қабанбай батырдың көзі тірі кезінде наймандардың аяғы Аякөз өзенінің сол жағалауына тие қойған жоқ еді. Бұған Ш.Уалихановтың,Н.Аристовтың,М.Тынышбаевтың,Г.Андреевтің,М.Кәрімовтің,Н.Бекмаханованың тарихи талдау еңбектерімен таныссаңыз көзіңіз анық жетеді. Дарабоздың елі-Төлек атайдың төрт ұлының арасынан, Қаракерей Қабанбайдың тірі кезінде бір-жар тайпа ғана Есіл-Нұра маңынан Шығысқа қотарылады. 1770 жылдардың соңында қаракерей-болатшының Жанбай би бастаған 600-дей шаңырағы,төртуылдың Ошан,Итемген би бастаған 600-дей шаңырағы алғаш рет Аякөз маңына жете тоқтайды. 1810 жылдарға дейін ары өте алмай Аякөзге тіреліп отырады.

Осындай ғылыми- құжатты деректерді, Хан Батырдың нақтылы тарихи тұлғасын білгіңіз келсе Қаракерей Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы,Камал Әдірахманның NaimanKZ блогін ашып, «Арқаға арнап бейіт соғып,от орныма қойыңдар», «Қабанбайдың Ақмоласы», «Қабанбайдың атасы –Тоқтарқожа» атты материалдармен танысыңыздар.

Оцените пост

367

Комментарии

1
Рахмет Камал аға. Мен атаның өз ұрпағымын. Сіздікі рас,біз Сарыарқадан көшіп келгенбіз. Ел Қабдеш Жұмаділовтің қатесін қайталап жүр.Ол кісі жазушы ғой оның үстіне Атамызды сіздей зерттемеген.тағы жазыңыз.
0
Қаракерей Қабанбай мәліметі күшті
0
Камал сенің Әулиелі ұлы Қолбасшы бабамыз Қабанбай-батырдың басына шырақшы болып келуіңді аса үлкен азаматтық десе болады. Бұл қызыметте жүйеленген ғылымый ізденістермен қаншама жаңалықтар ашып, бірталай жаңылтпаш деректердің шындығын анықтап отырғаныңды ғылымый жұмыс ретінде бағалау керек. Айта берсе бұл саладағы жетістіктерің мол. Рахмет айтушы ағаң : Жазушы, профессор Совет-Хан Ғаббасұлы.
0
Қабанбай жастайынан жоңғарлардың жауыздығын көзімен көрген еді. Жеті жасқа толғанда әкесі Қожағул батыр жау қолынан қаза табады. Он бес жасқа келгенде ағасы Есенбайды қалмақтар далада өлтіріп кетеді. Осы екі қатыгездік қайсар баланың жүрегіне кек болып қатты. Жас батыр жалғыз жортып, қалмақтың ел шапқьш батыры Жырғыл мен Асыланды ебін тауып өлтіріп, кегін қайтарады.

Источник: bigox.kz ©
0
Төлекетай бабамның төртеу екен баласы

Садыр, Матай ,Төртуыл, Қара керей ағасы

Аңыз болған халқына Қабанбайдай хас батыры-дарасы

"Қабекем қолда" деуші еді, қысылған қазақ баласы


Ұран болған халқына Батыр бабалар болмаса,

Болар ма еді кең байтақ, қазақтың дархан даласы.

Далаңа мынау қарашы, Ей, Қазақтың баласы

Есіңде болсын әр қашан, бабалар рухы-санасы

Зейнеш Сейльханова

Тарихқа толы ғой, Қазақтың сай мен саласы

Жер жасырынып жатыр ғой, елімнің талай қаласы

Ат құлағында ойнаған, қазақтық кез келген қара баласы.

Жастарға арғы тегін білген жөн, бойында болса санасы
Зейнеш Мұқашқызы Сейльханова
Показать комментарии