Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
1
05:32, 16 мая 2012

Қаракерей Қабанбай батыр

Қаракерей Қабанбай батыр

 

Аз-көптік, барлық-жоқтық бір құдайдан

Жақсыға құрмет етпек осындайдан.

Қазақта бұдан бұрын болып өткен,

Сөйлейін, Қаракерей Қабанбайдан.

 

Атамыз әуел бастан Адам өткен,

Таралып ек Әбілден талай өткен.

Қазақтың бұрынғы өткен заманында,

Дейтұғын Ер Қабанбай сабаз өткен.

Дейтұғын Ер Қабанбай сабаз өтті,

Ауызынан қайтармайтын келген кепті.

Қырғыздың Аманалы батырымен

Екеуі аңда жүріп болған кекті.

Екеуі аңда жүріп болған кекті,

Кектесіп бір-біріне қылам депті.

Батырдың Қабанбайдай өзі жоқта,

Бір елін Аманалы шауып өтті.

 

Бір жұртын1 Аманалы шауып өтті

Қызын қатын, қатынын жесір етті.

Атанған Ер Қабанбай заманында,

Пәндәдан ондай қорлық көрген жоқты.

 

Тұлпарым, арғымағым жүлде алғаным,

Әр қайда құба жоннан жол салғаным.

Ә дегенде ауызға түсетұғын,

 

1Кей жырларда «Қарақұрсақ руы» деп аты аталады.

 

Сөзінен Қабанбайдың үлгі алғаным.

Болғанда Арғын, Найман, Абыз сынды,

Бүлдірген кеш (?) қырғыз арысыңды1.

Кеткенде қырғыз шауып арысыңды,

Әперген Ер Қабанбай намысыңды.

 

Кей жаман үйде отырып, мал баға алмай,

Кей шешен келістіріп сөз таба алмай,

Ел жұртын қырғыз шауып алғаннан соң,

Қайғылы болып, қан жұтты қарт Қабанбай,

Қайғылы болып қан жұтты дегеннен соң,

Арғыннан келген екен Ер Боранбай2

Ақылын әлі де отыр түзей алмай,

Қырғыздан қалдым ба деп кек ала алмай.

Жиылды тәмам батыр дегеннен соң,

Келіпті Қанжығалы жас Бөгенбай.

 

Жігіттер отырмайық бекер қарап,

Жел сөзді не қыламыз бекер балап,

Жиылды тәмам батыр дегеннен соң,

Келіпті көкжарлыдан көкжал Барақ.

 

Бітеді тау жағалай құба желкен,

Сөйлейін жауабымды жұртыма ептеп.

Жиылды тәмам батыр дегеннен соң,

Сыбаннан келген екен ер Жәнібек3.

 
 

1Сөйлем оқылуы аса қиын болды. Осындағы «кеш» дегенді «кеше» деп оқыса да болғандай.

2Боранбай – Қаракерей Қабанбай батырдың руласы, әрі құдасы. Аса танымал би болған. Айтушылар «арғын» деп қателескен.

3Жәнібек сыбан руынан емес. Ол Керей ішіндегі жәнтекейден. Жыршы жаңылысқан

Мінгені батырлардың қарагерді

Шабады қалай баспай қара жерді.

Жиылды тәмам батыр дегеннен соң,

Жасында сексен сегіз Бұқар келді.

 

Тауында Асқар дейтін арқар құлжа,

Жігіттер аттай тегіс, тегін олжа,

Жиылды тәмам батыр дегеннен соң,

Сыбаннан келген екен ер Шыңқожа.

 

Батырлар түнде жортар күнде жорытпай,

Шабады жау дегенде тізгін тартпай,

Жиылды тәмам батыр дегеннен соң,

Келеді ту ұстайтын ер Дәулетбай.

 

Заң қандай осы күні заман қандай,

Шабады жау дегенде дамыл алмай,

Шалдырмас қара ауылдың жүйрігі деп,

Үйсіннен алдырыпты Ақшабдар тай.

 

Қабанбай Қубас атты тағалапты,

Бір өзін он мың ерге бағалапты.

Ат ерттеп тоқымын аудармайтын,

Қасына жолдасқа алды Шағалақты.

.

Қасына ертіп алды өңшең ерді.

Топжарған өңшең балуан кемеңгерді.

...қырғыздан кек алмаққа

Тұп-тура Алатауға жөнелді енді.

 

Әскерін Алатауға бастап келді.

Соңынан ертіп келді сонша қолды.

Қырғызбен соғысуға жан таба алмай,

Далада ассыз, сусыз бір ай болды.

 

Далада ассыз, сусыз бір ай болды,

Әркімге медет берсін құдай дейді.

Далада атын сойып, әуре болмай,

Еліме ер Бөгембай жүрем дейді

 

Бір сөзді батыр Барақ айтам дейді,

Жауыңды алдырмайтын қайтем дейді,

Далада атым сойып, әуре болмай,

Ендеше мен де еліме қайтам дейді.

 

Қабанбай сонда тұрып күлімдейді,

Қой қайтпайық, сабыр ет інім дейді.

Сол күні жел жоқ, құз жоқ шаңқай түсте,

Ақ Туы Қабанбайдың дүрілдейді.

 

Қабанбай сонда тұрып айқай салды,

Қубасқа «бісмілла» деп мініп алды.

Бір қырғын шаңқай түсте болады деп,

Туынан дүрілдеген үш айналды.

 

Боз бала тез тезінен қамдан дейді.

Туымның сыры мағлұм болған дейді.

Бір қырғын шаңқай түсте болады екен,

Жігіттер атыңды ертеп қамдан дейді.

 

Жігіттер атын ерттеп қамданады,

Қару-жарақ заттарын қолға алады.

Ат ерттеп, жабыр-жұбыр жатқан шақта,

Бір ауыл үріккен қырғыз кез болады.

 

Таң қалды мұны көріп жас пен кәрі,

Жау келді деп қуанды жұрттың бәрі.

Кешегі Қабанбайдың елін шапқан,

Осы екен тәңір айдаған Аманалы.

 

Жамиғат құлағыңды сал мына көпке,

Ер оңбас аруаққа болған шекті,

Інісімен таласып Бұйра көкке,

Жауымен аңдып жүрген кез келіпті.

 

Аттанды ер Қабанбай туын алып,

Батырлар жау келді деп бек қуанып,

Алдында қамап тұрған жауды көріп,

Бір батыр көштен шыға келді шауып.

 

Қиқулап жекпе-жектеп келді батыр,

Қару-жарақ сайманды жарқылдатып.

Келгенде жекпе-жектеп қырғыз шауып,

Көкжарлы қарсы барды Барақ батыр.

 

Батырға жаудан қиын қорқып қашпақ,

Кез қылған ажалдыны құдай бастап.

Көкжарлы көкжал батыр барған шақты,

Найзамен өте берді іліп тастап.

 

Тезектей түсіп жерге көкжал қалды,

Батырға жаудан түсіп қалмау еді.

Мұны көріп ұмтылып ат қамшылап,

Жасында сексен сегіз Бұқар барды.

 

Көрсе қайран болғандай мынау ерді,

Қорынып жаудан қорқып қалмайды енді,

Кәрі байғұс сені де бейнет айдады деп,

Онды да іліп тастап жүре берді.

Ерегессе дұшпандай ерді қара,

Мәдәт бер деп келеді Алла тағала,

Жаным-ау, мынау қырғыз қайтеді деп,

Ат қойып жетіп келді Бердіқожа.1

 

1Алғаш жазылған «Дәулетбай» деген сөз екен. Оны қарандашпен сызып, үстіне «Шынқожа» деп жазыпты. Кейін оны да көк сиямен сызып, «Бердіқожа» жазылыпты. Сөйтіп, бөтен қол Дәулетбай, Шынқожаны, Бержіқожаға ауыстырыпты.

Ар жақтан Бердіқожа батыр келді,

Дұшпанын ерегескен о да көрді.

Айқасып астын-үстін болған шақта,

Іліп алып Аманалы өте берді.

 

Мынау бір пәле болды барған жанға-ай,

Барғанды түсіріп тұр дамыл алмай.

Жаным-ау мына қырғыз қайтеді деп,

Ат қойып жетіп келер ер Дәутебай.

 

Аржақтан ер Дәулетбай батыр келді,

Дұшпанын ерегескен ол да көрді.

Айқасып астын-үстін болған жақта,

Іліп алып Аманалы өте берді.

 

Жөнелді Дәулетбайды іліп алып,

Қарапты екі жақтан екі халық.

Інісін найза ұшында көргеннен соң,

Қабанбай қубас атты қалды салып.

Найзадан Дәулетбайды тастай берді,

Дұшпанын Қабанбайдай көзі көрді.

Құдайдан тілегенім сен едің деп,

Ат қойып Қабанбайға жетіп келді.

 

Килікті екі батыр сонда барып,

Қарайды екі жақтан екі халық.

Қарасуға тігілген аудай қылып,

Жөнелді ер Қабанбай іліп алып.

 

Қабанбай іліп алып өте берді,

Көрдің бе бұл сияқты қайран ерді.

Басынан тоғыз қабат айналдырып,

Батырды толғап-толғап соқты жерге.

 

Қырғызды соқты жерге іліп алып,

Арыстандай болып жатты естен танып.

Тұла бойын қан қылып қорқыратып,

Сұлатып арыстандай қойды салып.

 

Ер туған басшы халық Аманалы,

Өзгеден бөлек еді оның заты.

Ұл баладан кем еді Аманалы,

Жапа-жалғыз бар еді бір пәрзәнті.

 

Жамиғат құлағың сал мына сөзге,

Тыңдайтын және келді сөздің түрі.

Әкесін найза ұшында көргеннен соң,

Көшінен зарлай шықты жалғыз қызы.

 

Бірталай Алатаудан қырғыз келді,

Қырғыздар күндіз келмей түнде келді.

Нар да емес, түйе де емес бір жануар,

Жетелеп көштен жайлап бір қыз келді.

 

Алтыннан кілем жапқан Ақбас нарға,

Нарды көрген тамаша болар жанға.

Көк қозғалып, қаражы1 тебіренді,

Қыз ғарып, «әкекем» деп зарлағанда.

   

Әкесін құшақтады, сонда барып,

Айқара алтын кілем жаба салып.

Әкесін келіп құшақтап қыз жылады,

Батырлар сөз тыңдады ортаға алып.

 

Қыздың зары:

Алакөл тасыр саяз боп,

Ер сандалар мал аз боп,

     

1«Қаражы» емес «қарашы»-ау дейміз. «Қарашы» сөзі – «көпшілік», «қара» – көп деген мағына береді

Қаның да түртіп қаңғырдық,

Өз еліңмен араз боп.

 

Көшпе деп ем көштің ғой,

Өзің де бауды шештің ғой,

Қазақтың қалып астында,

Қаныңды судай шаштың ғой.

 

Ай бой-бой, боз әтиім,

Садақты байлап атуың,

Қайғылымын қайтейін,

Арыстандай болып жатуың,

Қазақтың қалып астында,

Қаңғырып қанға батуың.

 

Қазақтың алған найзасы,

Қарағай болды. Берік болды.

Қырғыздың алған найзасы,

Емен де болды, морт болды.

Жаңағы жүрген әтиім,

Аталық неден шорт болды.

 

Көзімнен алдың ұйқымды,

Көңілден алдың күлкімді,

Көңілі өскен көп батыр,

Үлеске салар жылқымды.

.

Мен білмедім осыңды,

Айдап келген сорыңды,

Көңілі өскен көп батыр,

Үлеске салар қойыңды.

 

Әуелгіде барғаның,

Қапыда өткен қарағым,

Ертең қайдан барармын,

Екінші келген Бөгембай,

Одан да қалдың кек алмай,

Амалым бар ма қайтейін,

Айдап келген ажалды-ай.

 

Жатқызған сені Қабанбай,

Қисынын қалдың таба алмай.

Арманда болып өттің бе,

Көкторғай атпен шаба алмай,

Амалым бар ма қайтейін,

Қапыда өткен дүние-ай.

Отырмайын тұрайын,

Бұдан бір айла қылайын.

Көңілі өскен көп батыр,

Сендерден сауға сұрайын.

 

Ей батырлар сауға бер,

Сауға берсең өзін бер,

Жылап тұрған көзім бар,

Әуре болған басым көр.

Батыр олжа болып жер,

Батпақ судай шашып тер.

Батыр туған Қабанбай,

Тілегімді менің қабыл гөр.

 

Біреуің мені аларсың,

Ат көтіне саларсың.

Үнемі қатын болмаймын,

Ақыр да бір күн қашамын.

 

Қыздың нұры он төртінен туған айдай көрініп, батырдың жолдасы Шағалақтың қызды жағалағаны:

 

Сонда қыздың кигені,

Қырық сегіз ретті түймелі.

Қабанбайдың жолдасы

Қыз тиетін күн болса,

Шағалақ жүр жағалап.

Құрмалдық деп ойлап тұр.

Қыз бетінен сүйгелі.

Тырнақтап жиған дүниені,

Шағалақтың бұл сырын,

Батыр туған Қабанбай

Айтқызбастан білгені.

 

–Ей, Шағалақ-ау, Шағалақ!

Неге жүрсің жағалап?

Жау баласына тимек жоқ,

Ұлықсатсыз сүймек жоқ.

 

Үзбе жалғыз түймесін

Сындырма жалғыз үкісін.

Қайдан білдің байғұстың,

Көзінің жасы тимесін.

Жұмақ пенен тамұқты

Қыздың сөзі анықты.

Көңілшек еді Қабанбай,

Жатқыздым қыздың иесін,

Босатты қыздың жүйесін,

Өзге олжасын алмапты,

Қыз қолынан алайын

Жетелеген түйесін.

 

Қабанбайға жақты енді,

Ақырын ойлап сөзінің,

Ер Қабанбай бақты енді,

Аса алмайтын тау емес,

Ала алмайтын жау емес,

Сынбасын деп сағыңыз,

Астыңа мін деп ат берді,

Арыстандай қылып әкесін,

Қыз алдына сап берді.

 

Қыздың сөзі:

Қырғыздың бардың шебіне,

Ұстамады теңіне,

Сорлады болған әтиім,

Құзғынның қалдың жеміне.

Ұл перзентің жоқ еді,

Сорлы болған әтиім,

Мұнша неден жүдедім,

Ой-бой, бой-бой, дүние-ой!

 

Қабанбайдың жолдастарына

айтқаны:

 

Қабанбай сонда сөйлейді:

Сөйлегенде бүй дейді:

Батырларға кел дейді,

Құдай айдап кел дейді,

Құдай айдап келгенсін,

Өз қылғанын қыл дейді.

 

Сүй дегенде батырлар,

Көшке қарай шабады,

Барын қуып найзамен,

Малға ойран салады.

Ерікке қоймай таласып,

Жұрт олжалап алады.

Қабанбайдың қолында,

Ақбоз атан қалады.

 

Түйенің сипаты:

Басы бар осы атанның он бес кездей,

Отыз ер арқасына мінгескендей,

Ұзыны жануардың тап осындай,

Астынан аяғының ел көшкендей.

 

Көзі бар жануардың шаңырақтай,

Қырық аршын жаурыны бар салған тақтай.

Басында қырық құлаш алтын бұйда,

Тұрады жетелеуге адам батпай.

 

Атанды тамаша етті жұрттың бәрі,

Мұндай хайуан көрген жоқ жас пен кәрі.

Інісі Қабанбайдың ер Дәулетбай,

Келіпті ағасынан сұрағалы.

 

Дәулетбай жетіп келіп ағам дейді,

Қисаңыз осы олжаны алам дейді.

Ей, аға, осы олжаны маған қисаң,

Мақтанып келініңе барам дейді.

 

Қабанбай айтады:

Шырағым Дәулетбай маған сырыңды айтып,

Мен бермесем кетер сенің көңілің қалып.

Сұрама осы атанды мен десең,

Жүрейін өле-өлгенше қосымды артып.

   

Дәулетбай:

 

Ей, аға, сенің білдім бермесіңді,

Бермесең ант етемін көрмесімді.

Тіріде жолдас болып соңына ермен,

Өлсең де өлігіңе енбесімді.

 

Қабанбай ашуланып бермен дейді,

Дәулетбай ашуланып көрмен дейді.

Әскерін ортасынан бөліп алып,

Арасы алты айшылық жерге кетті.

 

Жеті жыл арасында кәміл өтті,

Сегізінші жыл болған шақта,

Қабанбай өлетұғын болды дертті.

 

Елу күн болған екен күні қойып,

Ажалдан жатқан екен хабар болып.

Дүйсембі күн дүниеден өтем дейді,

Жұртына жиылсын деп хабар салып.

 

Қабанбай ат шаптырды қорқып, сасып,

Сырқаты қатты болып қаны қашып.

Жиылып елі, жұрты келіп қалды,

Қалуға Қабанбаймен бақұлдасып.

 

Бақилық ерді жұрт сұрай келді,

Өлімге кім кияды мұндай ерді.

Сырқатын Қабанбайдың қалып естіп,

96 жасында Бұқар келді.

 

Әуелі Бұқар тыстан кірді жылай,

Арпа ішінде бір бидай жалғызым-ай!

Ғұмырым тұтамдай-ақ қалған шақта,

Сені де көп көрді ме маған құдай!

 

Бұқар:

Қабанбай-ау, Қабанбай,

Зар болармыз таба алмай.

Тізіліп қарап тұрамыз,

Бұрынғыдай шаба алмай.

Саған берген ажалды,

Аударып маған берсеші,

Сорлы болған мағандай.

................................... (5 жол оқылмады)

Ауырды деп Қабанбай,

Естіп келді құлағым.

Арғыннан айттым жүз жігіт,

Үйсіннен айттым жүз жігіт,

Алшыннан айттым жүз жігіт

Үш жүз жігіт болсайшы

Қарамойын ылағың.

 

Жаһаннан озған Қабанбай

Қайда болар тұрағың.

Жұртым мұнда келіңдер,

Сұмдықты мына көріңдер.

Жау аларын көрдің ғой,

Жайылып жатқан еліңді

Өрт алатын көрдің ғой

Жайлау, қыстау жеріңді,

Қабанбайды көрдің ғой

Өтейін деп жатқанын

Бұл жалғаннан ..... (түсініксіз)

 

Дәулетбайға барыңдар

Батырға хабар салыңдар

Мына ағаңды көр деңдер

Өз қолыңмен көм деңдер

Қияметте қайтерсің

Арыздасып қал деңдер.

Сүй дегенде Қабанбай

Күрк-күрк етіп жөтелді

Шынтақтап басты көтерді.

Білдіңдер ме жарандар

Мына пәни дүниені

Енді бізден өтерді.

 

Қабанбай сөзі:

Дәулетбайға бармаңдар,

Барам деп қапы қалмаңдар.

Барғаныңмен келмейді.

Енді, менен сәлем де,

Қарағым, қалқам келінге.

 

Бұқар айтады:

Барма десем Қабанбай

Ақылыңнан таңғаның

Дәуреніңнің қалғаны,

Сенен хабар алмаса,

Дәулетбай батырдың,

Ішінде кетер арманы.

Дәулетбайға барыңдар,

Шақырта хабар салыңдар.

Мына ағаңды көр деңдер,

Қияметте қайтесің,

Арыздасып қал деңдер.

Араз екен демеңдер,

Үнсіз қалып айтпаңдар,

Ақымақтанып сөйлемей,

Ақырын былай байқаңдар,

Бұлайша деп айтыңдар.

 

Тасқорғаның бар еді,

Бытырап сынып құлады.

Бау шарбағың бар еді,

Бірі қалмай құлады.

Қос терегің бар еді,

Бірі құлап сұлады.

Қабығы кеткен қу талды,

Қатын олжа қылады.

Үш Бейістің баласы1,

 

1 «Үш Байжігіт баласы» болса керек

Қайда барып сияды.

Кімді туған қылады?

Осылай деп айтсаңдар,

Дәулетбай өзі біледі.

 

Жіберетін елшісі:

Сырқаты Қабанбайдың болды қатты,

Ұстатты Бұйра көк пен Қубас атты.

Ертеңгі екінтіден қалмай кел деп,

Жұмсайды қайрап айра (?) Шағалақты.

 

Таң да атты, таңертеңгі елден кетті,

Арада бір күн ғана күндер өтті.

Алты айшылық жер екен екі арасы,

Үш күнде Дәулетбайға жетіп кепті.

Дүбірлеп үй сыртына біреу келді,

 

Дәулетбай үйде жатып бұл кім депті.

Өзі де қауіптеніп тұрады екен,

Шағалақ тыста тұрып менмін депті.

Дәулетбай даусын танып кімсің дейді,

Ат шаршатып не үшін жүрсің дейді.

 

Шағалақтың айтқаны:

Шағалақ сонда сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді.

Озып жүрмін көбімнен,

Адасып жүрмін тобымнан,

Өрт алып, өріс қамады,

Жайлау, қыстау жерімнен.

Өзің де білген шығарсың,

Бір сұмдықтың болғанын,

Менің келген жөнімнен.

Тасқорғаның бар еді,

..... (Бұқар айтты деген 11 жол жоғарыдағы)

Алладан пармен болғансын,

Барша халқың жылады.

 

Сүй дегенде Дәулетбай,

Жан-жағына қарады.

О, дариға, дүние-ай деп,

Бір күрсініп алады.

Ақыл таппай сандалады,

Қатынына қарады.

Қатын сондай байсалды,

Екі бетін алып салды,

–Осыма сенің қиғаның,

Мойныңды маған бұрғаның,

Дүние хайуан табылар,

Бозбала жиған думаның.

Ақбидайдай жіктеліп,

Ақторыдай түктеліп,

Әлі де білмей тұрсың ба,

Төбеңнен құдай ұрғанын.

Бармайсың ба бауырыңа,

Ессіз қалған аулыңа.

Тіріде көрмен деп едің,

Енді сенің көретін,

Бармайтұғын.... (түсініксіз сөз)

Ертең шықса далаға,

Дұшпан жыртар жағаңды.

Сонда сенің көрейін,

Мың кісілік бағаңды.

Тіріде көрмен деп едің,

Қатырды құдай табаңды.

Келін үйден тең алды,

Төңкеріп теріп көп салды.

Жүгін алып ақтарып,

Әр түрліден мол салды.

Өлген болсаң ағажан,

Қылайын зират деп салды.

Бәуескеде шектерді,

Бұйра көк пен Қубасты,

Қубастай қайран тумасты,

Босқа дағы жүрместеп,

Өзге малды жекпесті.

Ойпаң жерден орғытып,

Тегіс жермен сырғытып,

Қалқып өтіп барады.

Түлкі жортпас тоғайдан,

Түнде жорып барады.

 

Елге келіп қалады

Өріс баққан қойшыдан

Ағекем тірі бар ма деп

Сұрап хабар алады.

 

Қойшының жауабы:

Қойшы сонда сөйледі,

Сөйлегенде бүй деді:

Қабанбайдың бұл күнде,

Болар болмас халы бар,

Шығар-шықпас жаны бар.

Иман айтқан молда бар,

Қайғылы болып жылаған.

Нашар халық сонда бар.

Келе ме деп кезеріп,

Жалғыз бауырым деп жатыр.

Екі көзі есікте,

Кешікпей енді сен де бар.

Сүй дегенде Дәулетбай,

Шыдамай айқай салады.

Ағекем деген дауысы,

Құлаққа жетіп барады.

Қубас аттың дүбірін,

Қабанбай естіп біледі.

Дүбірлеген бұл кім деп,

Бірің шығып қара деп.

Інің келді дегенде,

Шежіредей тіл бітіп,

Тұра келді күлімдеп.

 

Дәулетбай кірді есіктен,

«Ағаекемдеп» ақырып.

Қабанбай төрде отырды

Құйылған судай сапырып.

Бірін-бірі құшақтап,

Өткен назды айтқанда,

Жұрт жылады қайғырып.

 

Қабанбай айтты інімсің

Қарағым, інім, күнімсің.

Белгі қылып алып ем,

Қырғыздың ақбас атанын,

Елімнің ескі кегі үшін.

Сен дүниеде көрмен деп,

Айрылдың қарағым опасыз.

Не айтайын есен бол,

Дәулетжан жалғыз серігім.

 

Гигап құл деп қалмаққа,

Тоғыз жылдай барып ем.

Ерегескен дұшпанның,

Алмадай басын алып ем.

Не айтайын есен бол,

Қарағым қалқам келінім.

 

Келінінің айтқаны:

Ой қайран ағаекем,

Өтемісің дүниеден.

Жігіттіліктің шағында,

Жүйріктен басқа мінбеген,

Сұлуды басқа сүймеген,

Жібектен басқа кимеген,

Бетіне дұшпан келмеген,

Келсе теңдік бермеген,

Мың-мың жылқы айдасып,

Сарылап қазы жинаған,

Қырық шағым желімен,

Желілеп бие байлаған,

Есіл менен Нұраның,

Арасына сыймаған,

Мәшрип пенен Мағриптан,

Асыл қоймай жинаған.

Сүйткен де қайран ағаекем,

Соның бәрін тарих қылып,

Өтемісің дүниеден.

 

Сонда, баяғы Қабанбайдың қолынан өлетін қырғыздың Аманалы батырының інісі Біләл дейтін Қабанбай мен Дәулетбай құсап жаудан алған малға таласып көшіп кетіседі екен. Қабанбайдың елін алғашқы шапқанда Қубас аттың інісі Бұйракөк қырғыздың батыры Аманалының қолында кетеді. Аманалы мен оның інісі Біләл сол Бұйра көкке таласып екі айырылған. Сол сапарында Аманалы батыр Қабанбайдың қолына кездеседі екен. Сол кездескен сапарында Аманалы батыр Қабанбайдың қолынан өледі екен. Міне, осылар сияқты Қабанбай мен Дәулетбай да ақбас атанға таласып екі айырылған. Ауырып жатқан Қабанбай Дәулетбайдікіне кісі жіберіп шақыртып алады. Бұл ағамның кегін Қабанбайдың көзі тірісінде алып қаламын деп 500 әскермен шабуға келеді.

Сол келген сапарында елінің бір жағынан тиіп, бірсыпыра елді қиратады. Мұны өлім үстінде ауырып жатқан Қабанбай естиді. Содан бұл жауға басқа адам баласы бата алмаған соң Қабанбай батыр бек қатты назаланып, менің Қубас атымды әкеліп бер деді. Атын алдырғаннан кейін елін жиып алып, өсиет айтады.

Өзі төсектен тұрып, ол жаудың бетін қайтарамын, бірақ менімен еріп барған халық ертең түс кезінде дайын болыңдар. Үйткені мен осы сапардан үйге келмеймін. Үйге қайтып келе жатқанда екі шақырым шамасында, ат үстінде өтемін. Мен дүниеден өтерде атымның төрт аяғы тізесінен жерге кіреді. Сол жерге зират қылыңдар. Осы өсиетті бітіргеннен кейін жауға аттанады. Жауды айтқандай қырады. Содан кейін баяғы айтқанындай сол айтқан жеріне зират қылады.

 

1933 жылы Көкшетау облысы,

Еңбекшілдер ауданының тұрғыны

Мәулит Сағымбаевтан жазылып алынған.

ҚР ҒА қорынан.

 

***

Дастанда барлығы, Қаракерей Қабанбай батырды қосып есептегенде, сегіз батыр аталады. Олар: Боранбай, Бөгембай, Көкжал, Барақ, Жәнібек, Бұхар, Шынқожа, Дәулетбай, Шағалақ. Бұлардың ішінде Бұхар жырау да, Боранбай би де батырлар қатарында.

Ал қырғыз жағынан Аманалы және оның інісі – Біләл.

Келіннің сөзіне назар аударыңыз. Қаракерей Қабанбай төсек тартып жатқан жерді дәл айтып,

«...Есіл менен Нұраның,

Арасына сыймаған» –

дейді.

Сөйтіп, Арқада, Есіл-Нұра бойлай отырған арғын, керей, қыпшақ, Қаракерей Қабанбай батырдың өлер шағында наймандар қай жерде отырғанын ұмытпаған көрінеді.

 
1
3410
2