Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
5
09:52, 15 мая 2012

Ойланайық

Кішкентай сәбилерді көрсем, мына бір оқиға еріксіз есіме түседі. ...Жаздың аптап ыстық кездерінің бірі. Автобус іші қапырық. Ауа жоқ. Терезеден түскен күн көзі отырғызыр емес. Ол аздай жүргізушіміз уақыт кестесінен ерте келді ме екен, әйтеуір автобус аялдамада біраааз тоқтап тұрды. Осы арада автобусқа сәбиін құшақтаған бір жолаушы мініп келе жатты. Жап-жас, сұлу қыз екен. Жарасымды киініп алған. Аяғына көзім түсіп кетті. Биік біз өкшелі туфли кигеніне қарап, таңғалдым кәдімгідей. Әрееең мінді автобусқа біз өкшесі қисалаңдап. Орындыққа отыра берер сәтте аяғы тайып кетті де (туфлиінің біз өкшесі бір жаққа қайырылып кетті, мен анық көрдім), қолындағы сәби жерге сұлқ құлады.

Бәріміз шошып кеттік. Үлкендер сәбидің жанына жетіп барды. Ұялып кетті ме, беті қызарған жас анамыз, жымиып: «Ой»,- деп сәбиді жерден көтеріп алды да, қайта қисалаңдап түсіп кетті автобустан. Көмектеспек болып ек, бізді, тіпті, тыңдамады да. Қырсыққанда автобус дәл осы сәтте орнынан қозғалды. Болған оқиға жүргізушімізді қызықтырмаса керек, тез-тез жүріп кетті. Үлкендердің «тоқтай тұр, көмек керек болар» дегендеріне де қарамады. Жас ананың шыңғырған дауысы алыстаааан естілді. Бәріміз терезеге үңілдік. Аялдамаға қарай жүгіріп келе жатқан біраз адамдарды ғана көре алдық...Не болды екен?

Иә, осындай оқиғаларды көріп, адамдарға таң қалам. Таң қалам да, басымды шайқаймын. Әсіресе, «АНА» атанған жап-жас қыздарға, құрбыларыма. Олардың балаға салғырт қарайтындарына жыным келеді. Көпке топырақ шашпаймын. Бес саусақ бірдей емес қой. Мен тек өз ортамда ғана кездестірген жандарды айтып отырмын. Құрбыларымыз мас боп келіп, бала емізіп: «Рахат, өзім қазір айығып кетем, балам болса, тұмастан тастай қатып ұйықтайды»,- десе, жақсы ма? Қайдағы рахат?! Күнәдән пәк жас сәбиді алкогольмен улағаннан басқа, еш рахатты көріп тұрғам жоқ. Бала – болашағымыз ғой. Ойланайық, қыздар! Жас сәбилерге салғырт қарамайықшы.

 
5
366
1