«Отансыз адам - ормансыз бұлбұл». Ал, сол Отанды қалай қорғау керектігін білсек, онда болашағымыз бекем болады». Бүгін Астанада 9-мамыр мерекесіне орай, «Отан қорғаушылар» ескерткішіне гүл...

«Отансыз адам - ормансыз бұлбұл». Ал, сол Отанды қалай қорғау керектігін білсек, онда болашағымыз бекем болады». Бүгін Астанада 9-мамыр мерекесіне орай, «Отан қорғаушылар» ескерткішіне гүл шоғын қойған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.
«Бұдан 67 жыл бұрын келген Жеңіс миллиондаған адамның ерен ерлігі мен қайтпас қайсарлығының арқасында жетті. Ендеше, оны қастер тұтып, есте сақтау бүгінгі және келер ұрпақтың қасиетті борышы. Кешегі бозбала, бүгінгі қария ардагерлер ұдайы мемлекет назарында»,- деді Президент.
Бүгінде олар шинель орнына ақ шапан киді, қару орнына орден-медаль тағынды, әскери әнді бейбіт күннің әнұранына ауыстырды. Қатары сиреп бара жатқан қарттар қазір бейбіт елде қаз-қатар тұрып, тізілді. «Аспаның ашық болсын!» деген ақ батаны соғыс қасіретін көрген қариялар көп айтады. Ақсақалдар сонысымен де бақытты. «Халық қаһарманы» да бақытты. Майданда тұтас батальонды билеген бүгінгі армия генералы тәуелсіз Қазақстанның қорғаныс министрлігін басқарды. Яки, екі дәуірде де аттан түспеді. 1942 жылы 18 жастағы бозбала Сағадат  қандастарының майдандағы көзсіз ерлігін ерекше бөле-жарады қазір де.
Сағадат Нұрмағамбетов, Армия генералы, «Халық қаһарманы»:
Қазақтар қалай соғыста болды? Оны баяғыда өкіметтің «Правда» деген газеті болатын, ЦК КПСС-ке қарайтын. Сонда, қазақтар қалай соғысып жатыр, қазақтар жақсы деп мақтап баяғыда мақала шыққан. Басқа республикаларға ондай мақала шыққан жоқ.
«Отан үшін отқа түсіп, күймеген» қарияларды құрмет тұтып, ардақтау әрдайым мемлекеттің мойнында. Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Отан қорғаушылар» ескерткішіне тағзым етті. Президент сөзінің тоқетері мынау. «Отанды қалай қорғау керегін есте сақтар болсақ, онда болашағымыз бекем болады. Жеңімпаз аталар мен әкелердің перзенттеріміз. Олардың Жеңістерінің арқасында біз бақытты өмір сүрудеміз, армандаймыз, қалағанымызды істейміз, балаларымызды тәрбиелейміз, сондықтан да, ардагерлерге зор құрмет».
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мемлекет зейнетақысын де беріп, машинасын да беріп, үйін де беріп жатыр. Бірақ, оларға керегі адами көмек. Жанында болу, әңгімелесу, көмек жасау үйіне. Жатып қалғандар да бар, тамағын әкелмейтіндер де бар. Үйін жинасуға, жанында болуға  адами көмек көрсету керек деп санаймын.
Майданда ерлік көрсеткендерден бөлек, тылда тынымсыз еңбек еткендері де бір қауым. Жеңісті жақындатуға олардың да қосқан үлесі өлшеусіз. Тылдағылардың төккен тері ерліктің ескерткішіндей жадымызда. Барлығы бүгін бір жасап қалды. Күннен күнге үйден ұзап шығуы қиындап бара жатқан қарттар Елбасымен жүздесті. Қауқылдасып, көрісті, аманшылық сұрасты.
Дихан Жүнісбекұлы, тыл ардагері:
Егін ордық, шөп шаптық. Сол жұмыс қой, қалқам. Еңбегіміз далаға кеткен жоқ. Соғыстағы кісілер қан көрсе, біз қан көрмесек те соғыстағы ардагерлер секілді біз де сондай жұмыс істедік күндіз-түні. Барлық тапқан табысымызды сол жаққа жібердік.
Ақат Бекмәди, Отан соғысының ардагері:
Менің мамандығым мұғалім. Математика, физика, астрономиядан бергенмін. Сол жастарды тәрбиелеуге кұш жұмсадық, білімімізді бердік. Жас 89-ға келгеннің өзіне қуанамыз, тәубе дейміз.  Ал енді мұны көрмеген де бар.
Бүкіл әлем 50 миллионнан астам адамынан айырылды. «Уақыт өткен сайын адамзат тарихының осы қайғылы беттерін барынша терең түсінесің» деген Мемлекет басшысы ақсақалдарға амандық тілеп, ақ баталарын алды. Дәстүрлі әскери дастарханнан дәм татып, майдан тақырыбындағы әндер тыңдады.
Соғысқа қазақ жерінен 1миллион 800 мың сарбаз аттанды. Олардың жартысы елге оралған жоқ. Олар сол тұста дәл осы сияқты ботатірсек бозбала еді. Үйленем деді, шаңырақ құрам деді, артында ұрпақ қалдырам деді. Әттең, бұл армандары орындалған жоқ. Ендеше, 9 мамыр бұл ең алдымен арманда кеткен бозбала боздақтардың рухына тағзым етудің қасиетті, қастерлі, азалы күні.
Баба ерлігі балаға өнеге. Жас ұрпаққа отаншылдық рухты сіңдірудің ұтымды тәсілін Мемлекет басшысы айтты. 9 - мамыр күні жақындағанда әр ата-ана өз перзентін ескерткіштерге апарып, гүл шоқтарын қойғаны ғанибет. Одан қалды, мұражайдағы жәдігерлермен танысып, жауынгерлер ерлігін санаға сіңіргені абзал. Ата даңқы, ұрпаққа ұлағат. Мұны Дианадай жеткіншек те жақсы ұғынады.
Диана Сламбек:
96 қазақ Кеңес Одағы батыры атағын алды. Олар Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және тағы басқалары.  9 мамыр ол мереке ғана емес, ол - ауыр еңбек. Ол - халықтың батырлығы. Біздің парызымыз.

Оцените пост

0

Комментарии

0
Эххх… Наваяли так наваяли, я раз 7 пробовал начать блог, но всё никак, а тут почитал ваш сайт и каааак началось! И вот уже несколько месяцев веду свой блог. Блогадарю за заряд энергии! Пишите ещё!
Мисс Никто онлайн
0
Не могу сейчас принять участие в дискуссии - очень занят. Буду свободен - обязательно выскажу своё мнение.
logitech performance mouse mx купить
Показать комментарии