Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
1
14:13, 07 мая 2012

Мағжан

http://www.tilim-elim.kz/kaz/
МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМIН
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты.
Мен жастарға сенемiн!
Көздерiнде от ойнар,
Сөздерiнде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемiн!
Жас қырандар – балапан,
Жайып қанат ұмтылған.
Көздегенi көк аспан.
Мен жастарға сенемiн!
Жұмсақ мiнез жiбектер.
Сүттей таза жүректер.
Қасиеттi тiлектер –
Мен жастарға сенемiн!
Тау суындай гүрiлдер,
Айбынды алаш елiм дер,
Алтын Арқа жерiм дер,
Мен жастарға сенемiн!
Қажу бар ма тұлпарға,
Талу бар ма сұңқарға,
Иман күштi оларда,
Мен жастарға сенемiн!...
Алаш айбынды ұраны,
Қасиеттi құраны,
Алаштың олар құрбаны,
Мен жастарға сенемiн!
Мен сенемiн жастарға.
Алаш атын аспанға
Шығарар олар бiр таңда,
Мен жастарға сенемiн!
САҒЫНДЫМ

Абақтыда айдан, күннен жаңылдым,
Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым.
“Қарашығым, құлыным!” – деп зарлаған
Алыстағы сорлы анамды сағындым.

Жатқан үйім – қабырғасы қара тас,
Жарық сəуле, жылы күнге жаны қас.
Ауыр иіс, ылғи қара көлеңке,
Ерте-кеш те, күндіз-түні арылмас.

Тапал, салқын, тым қараңғы үңгір тар,
Есігімде мықты қара құлып бар.
Кіп-кішкене терезелер темірлі,
Мұндай үйден кімге естілер ащы зар!

Алтын күнді, қара жерді сағындым,
Жан жолдасым – жүйрік желді сағындым.
Асау тайдай еркелетіп өсірген,
Ағайынды туған елді сағындым.

Əлдеқайда күн шығады, батады,
Сорлы тұтқын күңіреніп жатады.
Қарар болсаң терезеден темірлі,
Көздеп тұрған күзетшілер атады.

Ас бола ма сасық сорпа, қара нан?
Алма бетте қалмады ғой тамшы қан.
Қоңырау қағып оятады ақырып,
Тым болмаса сібірлеп те атпай таң.

Бостандықта өткен күнді сағындым,
Желдей зулап кеткен күнді сағындым.
Жыл құсындай ұшсам, қонсам ерікті,
Ойдағыны еткен күнді сағындым.


Абақтының айға баға күні ұзақ,
Жанды жейтін жылға баға түні ұзақ.
Ескі мола дəн дыбыс жоқ, тым-тырыс,
Тық-тық басып күзетші жүр жалғыз-ақ.

Қара жылан – қалың ойлар қаптады,
Шыбын жаным барар жерді таппады.
Ойлар жейді жас жүректі жегідей,
Тəңірі ием, таңың-дағы атпады!

Ойыны бір құрдастарды сағындым,
Тілегі бір жолдастарды сағындым.
Келешекке бірге жоспар құрысқан,
Сырласатын жан достарды сағындым.

Уға толды жас жүрегім, жабықтым,
Таныс дауыс ести алмай зарықтым.
Не дегенін, не істегенін біле алмай,
Қоры болдым ғой азат жүрген халықтың!

Құшақтарға жанымда жоқ жақын жан,
Басқа шапшып мазаны алды ыстық қан.
Жалындаған жас жүрекке не пайда,
Дене күйіп, бір жатып, бір тұрудан?

Жүрегіме жақын жанды сағындым,
Жібек мінез, ақақ жарды сағындым.
Айрыларда күншығыстан ағарып,
Ақ жібектей шапақ таңды сағындым.

Не көрсем де алаш үшін көргенім,
Маған артық ұлтым үшін өлгенім.
Мен өлсем де, алаш өлмес, көркейер,
Істей берсін қолдарынан келгенін!

Қара елім, қалың қара ағашым,
Қайраты мол айбынды ер, алашым!
Өзі-ақ құлар, сырың берме, сабыр қыл,
Ақымақтар байқамаған шамасын.

Қазағымды, қалың елді сағындым,
Сарыарқамды – сайран жерді сағындым.
Балдай бұлақ, мөлдір күміс көбікті,
Арқадағы айдын көлді сағындым.

Қуанышта:”Əй сені ме!” – дегендер,
Күйініште мен үшін уайым жегендер.
Құтылу қиын, басқан адым аңдулы,
Тізіп қойып ертеңді-кеш түгендер.

Тəңірі ие, өзің алшы панаңа,
Тас бауырлар зарға құлақ сала ма?
Баласынан тұтқын болып сарғайған,
Кім жеткізер сəлемімді анама?

Абақтыда айды, күнді жаңылдым,
Сарғайдым ғой, сар даланы сағындым.
“Қарашығым, құлыным!” – деп зарлаған
Алыстағы сорлы анамды сағындым!

1
779
1