Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
04:37, 31 декабря 2009

ӨЗЕГІҢДІ ҮЗЕ СҮЙ, ӨЗ ЕЛІҢДІ

ӨЗЕГІҢДІ ҮЗЕ СҮЙ, ӨЗ ЕЛІҢДІ

Біз білген үстіне білгіміз келіп, неғұрлым сұғанақтана түскен сайын дүние солғұрлым бітеуленіп, ең тылсым сырларын ең тереңіне бүгіп, жұмбақтана түсетіндей.

Барған сайын сырын аша түсе ме десек, одан әрмен тұңғиықтанып бара жатқан бір сиқыр құбылыс – поэзия ма деп қаламыз. Өлеңнің қайдан туып, қалай жаратылатынына жыға қанығу жалғыз жаратушымен бетпе-бет кезігіп, ауызба-ауыз сөйлесуден оңай болмас түрі бар. Талантты ақындармен көбірек ұшырасып, талантты туындыларды көбірек оқыған сайын өлең табиғатын көбірек білеміз деген де жай әншейін мәңгінің қиялы болып шықты. Қайта әр талантты шығарма, әр талантты ақын онсыз да құпия жыр әлемін бұрынғыдан бетер сиқырландырып жіберетіндей. Соған қарағанда, шын талант дегеніміз де адам бойындағы әлгіндей іңкәрді сусындата түсетін емес, асқындата түсетін құдірет пе дейміз.

Ел арасына көп барып, жер-жерде жиі болып жүретін Фариза Оңғарсынова бір сапарынан: “Сабыр Адаев деген ақын бала көрдім. Қой, керемет!” – деп қуанып оралды. Не болса соған ауыз ашып, көз жұма қоймайтын тәкаппар ақынның мына лебізін естігенде едәуір елеңдеп қалғанмын. “Апырай, көретін екен”, – деген ниет көңілге мықтап ұялаған. Бірақ, Маңғыстауға қанша барсам да, Сабыр Адай көзіме түсе қоймады. Кісі таниды-ау дегендерден өзі жайлы сұрап едім, бәрі де мақтай жөнелді. Сөз таниды-ау деген кісілерден өлеңдері жайлы сұрап едім, тағы да таңдайларын қағысты. Ақырында сондай азаматтардың біреуіне: “Қолжазбаларымен танысып көруге болар ма екен?” – деп қолқа салдым.

Қағаз қатырмаға салынған парақтарды жүрексіне ақтардым. Оқи келе, ақық толы құпия сандықтың қақпағын абайсыз ашып қалғандай, өз көзіме өзім сенбей, қатты таңырқадым.

  • Былтыр күзде “Үш қиян” баспасы Сабыр Адайдың 1976-2001 жылдары жазылған өлеңдерін басып шығарды. Кітаптың аты – “Әр қазақ – менің жалғызым”. Оны оқып шыққанда мен бұрын еміс-еміс аңғарып жүрген бір сырға енді түбегейлі түсінгендей болдым.

Көнекөз дүние әрбір шынайы талант келген сайын тек тағы бір жаңарып қана қоймай, түбірімен қайта жаратылып отырады екен. Онсыз да сиқыры мен сырына миың жетпей жүрген таңғажайып дүниеге әр жаңа талантты шығарманы оқыған сайын бұрынғыдан бетер таңдана түсетін себебің де содан шығар.

Шын өнер туындысы адам баласын әу бастағы аңғал да адал ақ періште қалпына қайта оралтып отыратын сияқты. Шынымен таңғалдырып, шынымен қобалжытатын тәрізді.

Сабыр Адайдың өлеңдері де ең алдымен, осы бір көкіректі күйдіретіндей күйзелістерімен баурайды. Ол төңірегіне абайлай да абыржи көз тастайды. “Асау күн азуына ұртын жанып, адуын уақыт кетті күлкімді алып, жарады жан қауызын балғаменен жоғалтқан жақсылықтың кілтін халық. Қажетсіз құрметің, жақсылығың, шықпаса шыр еткеннен қасқыр үнің. Түйте мұрт, селдір сақал сұпы ғасыр ағытқан өңешінің тас тығынын. Бет беріп бірде оған, бірде бізге, суаяқ сұпы ғасыр іргемізде. Тірідей құран шығып сыртыңыздан жаяды жайнамазын мүрдемізге...” Бір сәттік көңіл күйден бақилық ақиқат жарқ ете қалмай ма?!

Бұдан кейін бұл кітапты қалай жайбарақат оқи алмақсың?! “Өмірді тым ертелеу байыптағам, баянсыз екендігін айыптағам. Айып тағам деп жүріп аңқау басым жүзінен жалғаншының тайып барам. Отырам өзімді-өзім алдап-күліп, ертеңге үмітімді жалғап тұнық. Уыстап уақыт жұлып жатыр әне, шаштарын маңдайымның талдап тұрып... Жә, жетер! Жетер, жаным, тереңдеме, бәрі аян, соқырға да, кереңге де, бекерін бес саусақтай біліп тұрып, өртеніп өлең жаза берем неге?..”

Иә, десейші. Талай ғасыр адамзат әрбір талантты ақын келген сайын тұңғиық ойға батып, басын әрі шайқап, бері шайқап, жауап таба алмай келген жады сауал бұл жолы ақынның өз аузына оралады. Бұл жұмбаққа басқалардай бас шайқап қана қоймай, өз аузынан жауап қайтарады. “Бітпейді адам барда жалған дауы, шығады келер күнің алдан жауы. Ақынға өлең жазу дегеніңіз – жандардың суға кеткен тал қармауы”. Кенет тек өлеңнің ғана емес, бүкіл өмірдің ең тылсым сырын түсінгендей боласың. Өмір деген өксегеніңнің бәрін өткізер, көксегеніңнің бәріне жеткізер жайдарман жәннат бағы емес. Өз қиялыңа бола өзіңді қинап бағар жан тәсілім. Өлең – сол жанталас тұсындағы жандәрмен тал қармау. Дүрмек күндердің дүмпуінде тапталып қалмай, дүбірлі дүниенің мән-мағынасын да аңғарып үлгерудің қамы. “Тал қармап толқындармен тілдесемін, берермін өткен күннің кімге есебін. Әуелде келмегенде бұл өмірге, жалғанның жалғандығын білмес едім. Жалғанның білмес едім уын, зәрін, қара жер қанға бөгіп жуынғанын, адамзат, қайғы шөгіп жүрегіме, қалтырап бара жатыр буындарым. Әр пенде өз-өзіне дара батыр, болады талай қызық қара да тұр. Асына Сағынайдың құлагер-күн, әнекей, ажал айдап бара жатыр”.

Ақындық дегеніміз де – сол жалғаншының сел топанына малтыққан пенде шіркінді ақиқаттың тоқымдай аралына жеткізіп, аман-есен алып қалудың қамы шығар.

Сабыр Адай – бұл тұспалдың нағыз шындық екендігіне оқырманын қапысыз мойындата алып келе жатқан ақын. Мұндай тауқыметті кәсіппен шұғылданған адамның жаны қайдан жайбарақат болсын! “Өмір – мұңлық, менің өзім – зарлықпын. Зар күніме шағым айтып қарлықтым. Ізгі аспанның киіп қамсыз мұнарын, үмітімнің жақтым жансыз шырағын. Күннің күміс жұтып жұқа сәулесін, тасырлықтың таттым тағдыр әуресін. Махаббаттың күлі қалды күйдіріп, еріккенге ерінімді сүйдіріп. Болымсызға мойынымды бұрдым да, бақуатсыз құлап түстім құрдымға. Қолтығыма шайтан кірді қойындап, аярлыққа емес көңіл тойынбақ. Іші түтін, сырты бүтін бейбақтар өзін-өзі үндемейді мойындап. Кесір күннің шаршатқанда керлігі, өз тәнімнің өзіме аян жерлігі. Уын ішіп өлер едім шындықтың, Сократтың жетпей жүр-ау ерлігі. Біз сияқты кім жұбатар шерліні?..”

Бұл – әрі наз, әрі нала. Бойдағы бар қаныңды оқтығына шоқ түскен самауырдай екі иіннен дем алдырып бұрқ-сарқ қайнатқан буырқанысты сезімнің көрінісі. Нағыз суға кетіп бара жатып, тал қармаған адамның талайы... Алайда, өліспей беріспейтін ақын көкірек аяр тағдырдың тұтқынына айналғанымен, есек дәменің құрбандығына шалынуға пейіл емес. Қайнаған зығырдан одан әрмен сарқылғанша сақырлай түседі: “Төс түйісіп келмегесін дос күліп, оңашада отырасың қос тігіп, көз жасында көгілдір жыр жүзеді, көңіліңді қойған құдай бос қылып; көп шағылған үмітімнің айнасын, көптеп келіп көтерер жан қайдасың?.. Тоз соқпаққа табандарын шегелеп, кетті ме екен іздеп күндік пайдасын? Ұрын барған ұйқысындай күйеудің қалғуын-ай көк тәңірі – Иемнің. Ой сыйлаған жүрегімнің басына найзағайдай намысыма сүйендім. Өз отыма өзім ғана күйермін”.

Бұл – Абай айтқандай, нағыз “улы сия, долы қол не жазып кетсе, жайы сол” дегізетіндей жолдар ғой.

Тап мұндай қабырғаңды қақыратып, көк етіңді сөгетіндей, жүрегіңнің басына шер байлайтындай шемен жолдарды тасырлаған таңқының тапсынған ашуы емес, тебіренген тереңнің таусыла күйзелген өкінішті ызасы ғана тудыра алса керек.

Өйткені, нағыз өлең – желкілдек қуаныштың шашуы да, зіркілдек астамдықтың ашуы да емес, өзек өртер өкініштің өтемі ғой.

Ондай өлең балалататындай өкініш неден өрбіп, қайдан туындайды? Бұл – өлеңтаудың көп бас қатырғанмен көшелі түйін таба алмай келе жатқан бір тұсы. Бұл саланың білгірі деп есептелетін әйгілі әдебиет қисыншысы, әрі іргелі суреткер Юрий Тыняновқа айтқызсаңыз, бұған да әйел кінәлі көрінеді. Қандай ма болмасын ұлы лириктің қалыптасуына жан-тәнімен өле сүйгенімен ғашығы тарапынан дәл сондай риясыз пейілге тап бола алмай, пұшайман күй кешкен күйікті махаббат себепші болады деп түсіндіреді ол.

Әйгілі суреткер әрі білімпаздың мұндай тұжырымға келуінің де жөні бар шығар. Әдебиет тарихы расында да интимдік поэзияның ең бір шідер үзген шедеврлерінің әлгіндей махаббаттағы опық жегізген оқиғалардан туындағанын айғақтайды. Алайда, сол әдебиет тарихы лириканың мәңгі бақи тек сүйген жарға деген өліп-өшкен сезімнің ауқымымен шектеліп қалмағандығын да дәлелдеп беріп отыр. Өткен мен бүгіннің ең үздік лириктері адамға тән шындықтың шытырман тоғайына жасқанбай сүңгіп, оның қай қалтарысын да қағыс жібермеуге тырысты. Олардың қай шығармасы да бір кездегі ғашықтық жырларындай оқырмандарының ойын ойран, ақылын айран ете алатындай ерекше пәрменділігімен көзге түсті.

Өйткені, олардың түп төркінінде де махаббатта жолы болмаған мұңлық ғашықтың көкірегіндегі қасіреттей өзек өртер өкініш пен удай ащы уайым мұң жатады. Ондай тебіреніс тек ештеңеге енжар қарай алмайтын, дүниедегі барлық құбылыстан уыз махаббаттай шынайылық пен жарасым іздейтін, ол дәмесі бекер боп шықса, көзапара күлге айналып кетердей күйзеліп бітетін ерекше елгезек сезім иелеріне ғана тән болса керек.

Поэзия тегі жақсылыққа деген зор сенімнің, пәктік пен сұлулыққа деген өте-мөте іңкәрліктің, ізгілік жолында жан беріп, жан алуға пейіл айрықша мәрттіктің тілі. Бірақ адам да, қоғам да, заман да кез келген уақытта ондай биік дәмеден шыға бермейді. Сондықтан да адам жанының ең интимдік тұңғиықтарынан бастау алатын лирикада көбіне-көп өкініш пен мұң басым түсіп жатады.

Біз ақиқат пен сұлулықтың осы заңынан өрбитін өлең өнерімен – шыны майдай шынайы лирикамен Абай заманында алғаш табысып, араға көп уақыт салмай, Мағжан заманында қайта айырылып қалдық. Одан бергі бұралаң заманда небір талантты деген ақындарымыздың өзі казарма күзеткен сақшыдай қатаң жарғының шарттарын мүлтіксіз орындайтын қасаң кітаптар шығаруға мәжбүр болды.

Тек 70-ші жылдардан бастап лирикалық әуен қайта тіріле бастады. Бірақ, соның өзінде де ол ұзақ уақытқа дейін өгей баланың күйін кешті. Сондықтан да небір талантты деген ақындарымыздың өздері де наурызкөже пісіргендей, әр тақырыптың басын бір шалған қойыртпақ кітап шығарудың өзіне шүкіршілік етті. Олардағы тек отбасы тіршілікке арналған өлеңдерден басқаларынан лириканың иісі де сезілмейтін. Ондай туындылар құм арасындағы алтынның ұшқынындай некен-саяқ ұшырасатын. Оның есесіне жадағай патетика мен қитұрқы риторика оңды-солды ойқастап бағатын-ды.

Ұлттық поэзиямызда ұйқастырылған сөзуарлықтың әбден меңдеп алғаны соншалық, тіпті ешкім ешкімнің аузына қақпақ болмайтын кейінгі жылдардағы жыр кітаптарынан да ұйқастырылған мақтау-мадақ, үгіт-насихат орнына ұйқастырылған фельетондар мен памфлеттердің қаптап кеткендігі көзге ұрады. Бір кезде жоғарыдан айтылғанды оңай ұйқастыра қоятындар енді төмендегілердің көп көпіртіп жүргендерін ұйқастыра салуға машықтанған. Түптеп келгенде, бұның екеуі де жүректі жарып шыққан лирика емес, онсыз да көп айтылып, көбік езуленген жадағай қисын, бәз-баяғы тұрпайы социология болып шығар еді. Екеуінде де өз жаныңа үңілуден гөрі өзгенің ауызына телміру басым еді.

Бір қуанатынымыз, тұсында Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Жұматай Жақыпбаев сынды бірлі-жарым ақындарымыз ғана асқан қайсарлықпен қорғаштап бағуға талпынған жанр тазалығын әп дегеннен басты мұрат тұтатын тұрлаулы қаламгерлеріміз көбейе бастады.

Сабыр Адайдың аталмыш томында “бұл мында неғып жүр” дегізетіндей көлденең көк атты ештеңе байқалмады. Оған енген қай өлең де ататегін айтпай-ақ тани алатындай тұс – лириканың өз төлі.

Бұның сыры – автордың кітапқа енетін өлеңдерді мұқият сұрыптағандығында ғана емес шығар. Ақындық талантының тектілігі мен пәрменділігінде шығар.

Ол әп дегеннен әдеби ортадағы ана ағым, мына ағым, ана тақырып, мына тақырыптың көңілге аулап бағудан атымен аулақ тұрғандай. Жанын не жегідей жеп жүрсе, соны сол қалпында қалтқысыз жеткізуді мұрат тұтқандай. Тек өзіне ғана тән ақындық табиғатынан ешқандай ауытқымай, өз арының алдында адал болып қала білуді арнайы мақсат еткендей.

Заманындағы бір ғұлама дұрыс пайымдағандай, ақын – көпжылдық, тіпті көпғасырлық өсімдік секілді. Оның тамыры жердің материктік қабатына дейін жетіп, діңгегі топырақтың құнарын, жапырағы жылу мен жарықтың барлық қуатын молынан қамти алса ғана, әлгіндей өміршеңдікке ие бола алмақшы көрінеді. Тамырын сусындатқан нәр, жапырағын жайдырған нұрдың мөлшері оның сыр-сымбатын қалыптастыруда ерекше қызмет атқармақшы екен.

Жоғарыда келтірілген үзінділерден бірден байқалып тұрғандай, Сабыр Адайдың қай өлеңінің өзегінен де қабырғасын қарс сөгіп, тұншыға шыққан тылсым өксік естіліп қалып отырады. Сөз ләміне қарағанда құр байбалам, бажылдақ зар, жалаң жылауықтық емес сияқты. Әріден келе жатқан ащы өкініш, қайсар қасірет секілді. Бұл не? Әдеби қылымсу ма? Жоқ, адами тағдырдың көлегейлеп болмас шын көрінісі ме? “Көп күннің шамын сөндірдім, санаулы сағат, селдір күн, сиреді шаш та, шаттық та, мұңдасар болсаң, кел құрбым; шөгертіп тауын үміттің, сүйенді ойға жігіт-түн; жалғанның жалған екенін жас отызда бір ұқтым”, – дейтін қаршадай ақынның көкірегіне мұншама қапа қайдан қордаланып жүр? Өмірде адам таңғаларлықтай тұйық Сабыр өлеңде неге сонша ділмар, неге сонша мұңлы? Оның тал бойыңды түгел балбыратып алардай бал тілі неліктен ауық-ауық соншама зәрлі? Мінезден бе, тағдырдан ба?

Қайта-қайта көңіліңді кес-кестей беретін бұл сауалдың нақ жауабын ақын өлеңдеріне өз көзіндей аңғарымпаз көзбен үңілген адам өзі-ақ анықтай алмақ.

Әрине, әлгі Юрий Тынянов айтатын гәптің де салқыны жоқ емес сияқты. “Қош бол, Құралай”, “Мола басындағы монолог”, “Мола басындағы екінші монолог”, “Үшінші монолог” деп қайталап ұшырасып отыратын лирикалық егілулер соны аңғартқандай. “Жауқазын гүлім, жан мұңым, бал жаққан бала ерінге, жатырсың енді жайғасып, жатаған қырдың белінде; белгіңді неге қалдырдың көз күйік қылып бөктерге, қадалған бейне сұр жебе қабарған қара өкпемде”, – деп зарығуына, “сұлулығын таранып таң сақтайды, таң да сосын тығылып жан сақтайды, тамар-тамбас шық болып мөлтілдейді жанарында ғұмырдың моншақ қайғы”, – деп тарығуына, “Мен де он бесте, сен де он бесте гүл едік, бір мұңайып жүдедік; бір қуанып түледік; сен – фәниден бақиға, мені тастап аттандың; табанында тағдырдың сенсіз талай тапталдым. Қаншама рет құшақтап қабіріңді жастандым. Өмір емес, бұл менің – өрт ішінде бастаңғым; жел қанатты бұлтымын жеті қат көк аспанның; көше берем қаңғырып, есіміңді ән қылып; мен қырықта қырма сақал атандым, сен – он бесте мәңгілік”, – деп торығуыңа қарағанда, өмірде де, өлеңде де өшпестей із қалдырған пәк махаббат хикаясына жолыққандаймыз. Оның ойсыратпауы, ақындықтай нәзік аспаптың құлақ күйіне тұрақты із тастамауы, әрине, мүмкін емес.

Алайда, Сабыр жырының саумал көлі тек бұл секілді бір ғана тұма бұлақтан түзілмеген сияқты. Заманның бұдан басқа талай сел-нөсері мен тасқыны өз үлесін қосқанға ұқсайды. Соның бәрі тақырға түскен қақтың суындай қалқып шыға келмей, адамдық, ақындық тағдырдың қилы-қилы астарларының қырық қабат елегінен өтіп, қапысыз сүзіліп, мөлдірей тұнған секілді. Ол қандай қатпарлар еді? Бұның да жауабын ақын жырларынан тауып алуға болады.

Тек ескеретін бір жағдай: адамның тағдыры тек бір ғана буынның өмір жолымен шектелмейді ғой. Қарға тамырлы қазақтың бөрік киген кез келгені, ең кемі жеті бабасының не істеп, не қойғанын жадынан шығармай, өз амал-әрекетін дәйім солармен жалғастырып өтеді. Сондықтан тектілік жайын көп ауызға алады. Ондай ауызға алар ешкімі мен ештеңесі жоқ ер мен елден “тегінде теке атпаған, теке атса да екі атпаған” деп қаралай түңіліп отырады. Ал Сабырдың сөз ләмі бұл мәселеде де талай гәптен хабар бергендей.

Атақты Қашаған ақын Орынбордың жолындағы бір тойда жақсы-жайсаңын айтып, астамси сөйлеген Ізім шайырмен айтысып: “Әлеке – өліп пе еді жастығынан”, – деп мүйіздейтіні бар. Оның мәнісі – көршілес екі елді жауықтырып, талайдың қанын арқалаған қара жүрек сұлтанды Маңғыстау шебін қорғап жүріп шәйіт болған ер Шабайдың қаршадай екі баласы таң ұйқысында жатқанында төсегінен басып, әкесінің кегін қайтарғанын кесе-көлденең тартқаны. Сол Шабайды Сабыр ауызына жиі алады. Бұрынырақта әлгі оқиғаны арнайы жырға қосқаны да бар. Ол тегін емес. Қалың ел басына қарлы қара тау іс түскенде “енді қайттік?” деп кешегі қол бастаған ерлердің ұрпағына барады. Олар елді жерге қаратпай, қолға жалаулы найза алуға мәжбүр болады. Шабай әулеті де Хиуамен болған, ақ патшамен болған талай егесте, кешегі Сталин заманы зобалаңдарында сол үрдістен еш танып көрмепті. Ақыр аяғында, оларға рулы жұртымен ел ауып, жер ауып кетуге тура келеді. Ең соңғы ел ауғанда Шабай әулетінен көш бастаған Адай ақсақалдың кебежесінде кеткен бес жасар Шеркешбайдан жат жерде жүргенде дүниеге келген Сабыр ақынның көкірегіндегі көп шемен ол әлі көзін ашпай тұрып байланған-ды. “Айттырсаң, Адай сүйген жерді дейді, жасантып жауға қойған ерді дейді; сүрінсе сүйесін деп қолтығынан, Бекетті мырза Құдай берді дейді”, – деп келетін кептерді ол жанынан шығарып отырған жоқ. Жөргекте жатқанында бесігін тербеткендердің құлағына әбден құйып баққан гөй-гөйі. Оның “Сарқылмас сағыныш қақпайы көп, туып ең жат жерінде, қаншама қаяу түсті шат көңілге; Қазақстан – деген бір сағынышпын, өзегімді өртейтін жалын-ұшқын; өз анасы әлдилеп тербетпеген, өгейсінген жандардың бәрі міскін; қырғындардың қыл тізген құрбанымыз, туған елдің шетте өскен ұлдарымыз; сағынышпын, жанартау жарылыспын, (бабалардың аңсарын алып ұштым); сен елес боп, санамда сағым ауып, сейілмейді мың күдік, әлі қауіп, тау мен тасқа тигізіп маңдайымды, тәубе етемін құдайға ауық-ауық; қайран менің Отаным, жан жүрегім; сені жырлау әйтеуір бар білерім; бабалардың белінде қуғын көріп, жастық шағым жат жерде қалды менің; жанарыма қонғанда жыр түнектеп, көңілімнен көл жаңбыр бүркіп өтпек; жат өлкеден боздайды балалық шақ жетім бота сияқты түртінектеп”, – дейтіні де содан.

Тағдырдың қиынына төзгенмен, тарихтың қиянатына көнбеген бұл қайсар қауым қай тарапта да белін бермеген, басын имеген. “Бүтін ек біздер, бір едік – шаршысын көрген шалдардың; жүрекке әсем жыр егіп, “Отан!” деп ойлы қалды әр күн... Жат өлке солай төрі боп, таққанбыз тағдыр жолға – сын, бәрібір өстік бөрі боп, бабамыз Көкжал болғасын”, – деуінде де көп мән бар.

Олардың көкірегінде дәйім туған елі тұрды. Кешегі еркін дәурені тұрды. Көз алдарында көлеңдеп баба заманның байырғы көріністері жүрді. Туған тілін, әдет-ғұрпын, сүйекке сіңген мінез-құлқын кір жуып, кіндік кескен атамекеннен алып кеткен бірден-бір асыл қазыналары санап, аса қастер тұтты. Соның арқасында шет жердегі міскіндіктің диірменіне қанша түссе де, мұрттары шағылмастан бүтін шықты. Қаз қалпындағы қазақтар болып бүтін оралды.

Бұндай өміршең өр қауым біздің ұлттық әдебиетімізге уызына жарығандықты мықтап аңғарта алған Төлеген Айбергенов, Дүйсенбек Қанатбаев, Есенғали Раушанов, Несіпбек Айтовтардың түс айырдың сүтіндей тіліңді үйірер құнарлы жырларын қосты. Әсіресе, олардың ең кенжесі болып табылатын Сабыр Адайдың мына кітабындағы көптеген жырлар кешегі қиямет-қайымдарда арыстандай алысып жүріп мерт тапқан батыр ұрпақтың арттағы халқына “бабалардың белінде жатып қуғын көрген” перзенттерінің жүректеріне қанмен жазып кеткен қалтқысыз дұғай сәлеміндей сай-сүйегіңді сырқыратады.

Басқаны былай қойғанда мына бір серілік өлеңіне құлағыңызды түріңізші. “Жол қандай жолай тартқан шұбарланып, төбемнен қалықтайды мұнар бағып. Жапанда жасаураған қақтың суы толқиды таңдайымда бір ән қалып; ентігіп құйын шығар елпілдеген, жыл өтіп қыздай болып төркіндеген; бауыры баба таудың кәусар бұлақ көзіндей сол бикештің мөлтілдеген... үй іздеп үйір маздап, түлік қоздап, мойынын қызды ауылға жігіт созбақ; бүгілген қаңбақ әжем домаланып кестелеп кең даланы тігіп тозбақ; шашбауы шашу шашқан сыңғырымен құрбының бұрымына сыр бүгіп ем, үр қызы үлпілдеген тең келе ме, сәулемнің құшақтасқан бір күнімен; қайқының талай өткен белеңімнен, ән айтпай мына бізге не көрінген; күй тартып, күйме шақтап әспеттейін, жылытып қыздың жанын өлеңіммен; маңдайын Маңғыстаудың таң сүйеді, таңдайын қайқылардың ән сүйеді, аруға жол жеткенмен, қол жетпейді, қалқамды қандай енді жан сүйеді”. “Қайқыларша сүю” деген бұл өлеңге бұдан жүз жыл бұрын Орынбор мен Көкжарға, Үстірт пен Үшқиянға үнін бірдей жеткізіп ән салған “Маңғыстаудың жеті қайқысы” атанған жеті серінің кешегі дәурендеген кездерінде өз ауыздарынан өз құлағыңмен естіп тұрғандай елітесің. Немесе кейінгі бастарымен қайғы боп, ел ауып, жер ауып кеткен кездерінде біреуі сонау Памирдің сілемінде, біреуі Мазендеран түкпірінде дүниемен қоштасып жатып шырқағандай елжірейсің. Ал бұл, шын мәнінде, дүниеге бүгіндері туып отырған өлең. Солар бұйдасын ұстап өткен жиһанкез көштің соңғы түйесінің қомында өскен тұяқтың қаламынан туған туынды.

Ол туған елі Қазақстанға оралған соң мұндағы өмірге кеше жат жерде жүріп ересектерден естіген әңгімелерінің әсерімен, өмір бойы өзек үзіп өткен сағыныштың көзімен үңіледі. Егер ол “Самның да құмы сары алтын, сағымы жібек үлбіреп, үдей соққан дауылмен біздегі мынау бір жүрек; ордалы жылан оқ мүсін, падиша сұлу, патшалы, сегіз арыс семсерім, тамыры терең тақталы; қасқыр азу тік бақай, Үстірттің қара шатқалы; Маңғыстау сенде ержеттім, құдай берген бақ тағы”, – десе, бабалар айтқан жазиралар мен шыңдарды жазбай танып қуанғаны. Егер oл: “Қоңыр күннен қорынады күй бұғып, қоңыр қобыз тығылады үйге ұлып; балиғатқа толған қырдың төскейін, мұнараға жатыр біреу сүйдіріп; жан тербетер қирағаты алыс қап, бір керемет бара жатыр алыстап, Құлшар күйдің отауынан шығады, мұнаралар мұртын сипап шам ұстап; делқұлы жел демін ішке тартады күй көңілде күйбең күннің зар табы; Қайып әннің қабырғасы сөгіліп, “Жадау көктің” жалына аяқ артады”, – десе, бұл – кешегі бабалар ән мен күйге қосып, әрдайым сағынып өткен өлкеден олар армандап өткен дәуренге ұқсамайтын күйкі көріністер көріп, көңіліне шүбә алғаны. Туған жердің қойнына қол салған сұғанақ бұрғылар оның көзіне періште арудың пәк төсегіне қол салған оспадарсыз еркектің озбырлығындай елестейді. Егер ол “Бір ағаға” деп атағанымен, барша аға мен ініге арнаған өлеңінде: “Көгертіп көк тас бедерін, көп жылғы сүрлеу көн тепкі, шүйлігіп жасыл шүйгінге, тоғайын тосын өрт етті; жанған от бейне ашудан, ұятын түрген қатындай, қып-қызыл тілін көрсетті; ұятын түрген қатында қиялап сүйген наз қап па? Тұмсығын әлем шүйіріп, өңешін созды аз баққа; құс мұрын тауға иленіп, қыз бұрым бұлақ күледі шомылып улы ләззатқа; сағадан сақтық болмаса, күледі әлі қыз-бұлақ, саныңды ұрып сақ сынып, қайтарсың, аға, жүз жылап; жамылып жатар жат төсін, жасампаз елдің жатыры – арланбаймыз ғой біз бірақ; көп арсыз әлде көз арсыз, көріп те тұрып көрмеген көмір бетімді көрсетіп көппенен қалай көрге енем? Қара бұлт келеді шұбырып, қара көз бұлақ үстіне, итінген сайын өрлеген”, – десе, өзгенің баса-көктеуіндегі байғұс өлкесінің міскін халіне әбден апшып тарынғаны. “Қаратау қалғимысың қарттығыңнан? Қойыныңа қол салып жүр жат бұғынған; келмеске кетер ме екен салтанатың кебістей әркім киіп лақтырылған; Қаратау, қара шекпен, тері тымақ, қарайсың қалт еткенге көңіл құлап; қасқасы көп тілінген қайнарыңның ағады жылғасынан өмір жылап”, – деп елжіресе, бұл “кер заман осы бетімен кете берер ме екен?” – деп налығаны. Ал “ит емшекті төбешіктер бұлтиған, кәпір қала көрсетеді сырт иман, бодандықтың мәңгі жолын нұсқайды мәңгүрттердің көсем шалы қыртиған”, – десе, бұл кер кетудің түп төркінін жазбай танығаны. Бірауық: “Құранды ер құла түзде жастанғаным, дүние-ай, түлкілігің бастан мәлім; қызынған қызыл Адай қайдан көрсін, көзінен көңілімнің жас тамғанын”, – деп, осынша құлдыраудың мән-жайынан осынша құрқұлақ отырған әлеуметтік құлықсыздығымызға күйінгені.

Өңменін үзіп сүйе алған ғана өзегін өртеп өкіне алса керек. Сабыр жырындағы тұңғиықтан атойлап жататын тылсым ыза, буырқанған бұла ашудың арғы төркіні – әлі тауы шағыла қоймаған тәкаппар махаббатта. Алыста туып, асау құлындай арда еміп ержеткен арманшыл перзенттің туған жер туралы аспанмен таласқан асқақ ұғымында.

Қиялындағы қызылды-жасыл жәннаттың орнына қиямет-қайымның қыл көпіріндей қиянат өртінің күлді-көмеш орнын көріп, маңдайын тасқа ұрған удай ащы өкініште. Бала жасынан баба ауыздар құлағына құйып баққан: “Қазағым қара нар еді, қазақы тілім нәр еді, тіресе білер текті едім, жасымас жігер отты едім. Халқымда не мін бар еді... Қызымның бойы наз еді, көгілдір көлім қаз еді... Құлагер ұлым бәйгі алып, ғұлама шалдар жайланып... Әйтеке биім сұңқылдап, әулие күйім ыңқылдап, өлгенін жырмен жоқтаған, тірісі сөзге тоқтаған, билігі асса ұл сөйлеп, қылығымен қыз сөйлеп, даңқ қумаған данасы, даналық құрған баласы” пәтуалы елдің бір жұрнағын таба алмай, “солардан қалған қызыл тіл, сорыңды кімнен көрермін” дегізіп жер соқтырған рухани пұшаймандықта.

Тек осылай опырыла құлай білетін ыза мен намыс қана желтоқсандағы Алматы мен шілде-тамыздағы Жаңаөзеннің алау өрттей лапылдаған алаңдарынан ескен аптап лепке: “Тілегің қабыл, қара шал, ұрпағың шықты ұрандап”, – деп ата-бабаға тәубе айтып, тәуелсіздік таңы атқанда: “Бір Аллаға сиынып жалбарынып жақ түсіп, сүйегіме дақ түсіп, тұрғанда тулап жүрегім, қабыл болып тілегім, Бостандықтың Көк туы көгімде тұрдың желбіреп, көркіңді сүйдім елжіреп, мен сол күні өліп кетсем де болар ед “Арманым жоқ енді”, – деп” жүрегі жарыла қуана алса керек.

Сөйтіп, тәуелсіздік ел десе егіле жырлайтын Сабыр ақын шығармаларының бұдан арғы басты қаһарманына айналады.

“Әлди-әлди бостандық бұтақтары бүр жарған” деп азаттықтың ақ бесігін емірене тербеткен елжанды ақынның ендігі уайымы: “Қолыңда дәурен барда нақ, өр қазақтың баласы, түсіре көрме арға дақ”. Өйткені, кеше ғана атқан азаттықтың ақ таңы ғасырлап жаншылып келген жанымыздағы түнекті әлі сейілте алмай жатыр. Содан да ма екен, қай жағымызға қарасақ та көкжиек әлі кіреукелі, әлі бұлдыр. “Бұлдыр, бұлдыр, өлең бұлдыр, өмірде, ордам ба анау, опырылған көрім бе? Көз ұшында бұлдырайды бір елес, оранып ап кіршіксіз ақ кебінге; бұлдыр, бұлдыр, бәрі жұмбақ өзгенің, әділеттің жұлып алып безбенін, бауырына басып жатыр күштілер, бір шындықты жалғаншыда сезгенім, бұлдыр, бұлдыр жыр келеді өзекке, не істейін, бұлдыр арман мезі етсе, бұрқыраған көк түтіннің ішінде, бұлдырайды көзін қысып жезөкше; бұлдыр, бұлдыр, бұлдыр менің үмітім, сен де ойлан, серісымақ жігітім, бура басын құмға басқан нар-таулар, білдірмейді өлісін, я тірісін; бұлдыр, бұлдыр, дос көңілі жауын да, басқа басқа, ал бауырың, бауыр ма?.. Бөктердегі бөрілерге өкпем жок, бөріктіге не жетпейді ауылда?..” Расында да десейші. Кешегі кер тағдырымызды: “Өмір сұрап өксиді бүрлі бұтақ, сорлы бағбан ұйқыдан тұрды жұтап; көктемнің де көзінде кіреуке бар, ауыл да жоқ ақ көңіл нұрлы құшақ; ақын мұңды, талабы қырын басқан, қайда әлгі уыз жыр, шырын дастан; қайқы қырдың ырсиып қабырғасы қайда кетіп барады бұрылмастан; жел үдере соққанда аламандап, жан сақтайды жалғыз тал сан амалдап; маңдайына мамырлап қона алмайды, біреудің қабағына қараған бақ”, – деп түсіндірдік. Ал бүгінгі кежегесі кері кетіп, ілгері мандыта алмай жатқан мимырттығымызды неден көреміз? Бәлкім: “Жем іздеген жеміртшіл қарға басым, Құдайды да тілдейсің, қарғанасың; қарын қамын қамдасаң ұлықсынып, Тәңір атты тәтті деп таңданасың; бал бағасын білген соң тіл үйірген, қалталыға қалтаңдап жалданасың; іші өткен баладай іштен тынып, шын сөзіме шытынап арланасың; Ахиреттік сенбейміз ажалға да көр түбіне көлденең бармағасын; жемсауыңа алсаң да жерді тығып, тоқпын демей, ей нәпсім, зар қағасың; қаралығын жасырып ақталысқан, күнәлі сәт, күпір шақ бастан ұшқан; бәсеке мен байлыққа құлдық ұрған, құтылар ма екенбіз мақтаныштан; болдық қалай мұншама бетсіз неге, ар-намысқа аттық-ау шексіз жебе; әкеңнің де өлгенін бірінші боп естірткісі келеді ессіз неме; уын ішкен мақтанның данданамыз, көгермейді біз жүріп шаңдаған із; мақтанбайық деуім де мақтаншақтық – “деу” мен “жеу”-ден ләззат ап алданамыз”, – демеске амалымыз жоқ шығар. Өйткені, бәріміз де жұмыр басты пендеміз ғой. Ал ол дегеніміз күңіренген ақын күйзеле тұжырымдағандай: “Өз дегенін Құдайға да өткізгісі келетін, күнге үргізген көңіл деген төбетін, ұшқындаса күйдіруді ойлайтын, сондықтан да жанбай жатып сөнетін, тәні – сексен, жаны – сегіз жасында шайтандарға үйір болып өлетін, ит тезегі арасынан қылшыққа дүние іздеп өз көңілін бөлетін, ар дегеннің ала жібін аттай сап, үш күннен соң тозаққа да көнетін, сүймейтұғын тек өзінен басқаны, өзін жырлап таусылмайтын дастаны... Адам деген Неме-тін”. Сол неменің ғұмыры қанбайтын ындынының жетегінде кетіп, қаралай тамұққа айналып бара жатқан бүгінгі дүние сиқынан: “сана тозып үрейден, шертеді әлем бір әнін, сартап болды жігерім, сарсаң болды құлағым; жақпай жатып өмірдің жалықтық-ау шырағын, аңғарына апаттың адамзатты айдаған күштілердің көзінен бір зұлымдық сезінем; өмір тілеп өксіген уыз тамақ бұл әнім... Сәуле шашып жарық күн бізге қанша тұрарын?..” деп шошынған ақын күдігіне қалай енжар қарай аларсың?!

Ендеше, бір басымыздың теңдігін ойлап, біз түгілі бізден кейінгілердің тағдыр талайын шешіп берер елдікті, бір маңдайымыздың бақытын ойлап, ертеңгі әулет-зәузатымыздың келешегін естен шығарып алмауымыз қажет. Кеше өзіміз қалай жер соқсақ, ертең ұрпағымыз тап солай жер соғып қалмауына қам жасауымыз қажет. Ол үшін өнбейтін дау, өкпе бопсаны қуалай бермей, қажырды қайрап, жігерді жануымыз қажет. “Маған тастап өкпешіл бар ашуды, келер ұрпақ, кеңге жай құлашыңды!” – деп, алдағылар мен арттағыларды ешкімге есесін жібермейтін кемелділікке шақыруымыз керек. Әйтпесе, талайлардың “бір кездегі сүттей аппақ арманы” қараптан-қарап “бір пысықтың мысығы боп кетпекші”. Өйткені, бостандық адамдар мен халықтардың қажыр-қайраты мен ақыл-парасатын бодандықтан гөрі қатаңырақ сынайды. Теңдік кемдікке кешірімсіз. Еркіндік енжарлықты есіркей алмайды.

Азаттық жолында неге де болса пейіл болуға шақыратын ақынның: “Бұл күндері Отан бөлек, ат жаңа, “Қазақстан” деп еркін жазам тақтаға... Бұл – бақытым!.. Тірлікте бір кешкенім, енді арманың жоқ та шығар еш менің... Өркениет – мен өзіңнен бұл жолы ұрып тұрып аялауды үйрендім, күліп тұрып аямауды үйрендім; елді сүю еңбек ету екен ғой, ал басқаның бәрінен де жирендім”, – деуі тегіннен-тегін емес.

Олай болса, тәй-тәй басқан тәуелсіздік жолына жас сәбидің қолындағы кәмпитке көзін сатқан арсыздай босқа телміре бермей, әрқайсысымыз әрі-сәрі замандағы әрпіл-тәрпіл көңіліміздің ноқтасын өз уысымызда бекем ұстай білгеніміз абзал. Тәуелсіздік тек сонда ғана кемеліне келе алады. Ол кемелденсе, ел де кемелденеді. Ел кемелденсе, бәріміз де кенелеміз. Ақжарма шабыт ақынның иісі қазақ баласына: “Бабам талай медет тілеп тіл қатқан – қолтығымнан бір сүйе деп пірлі аспан; сабыр, сабыр, туған елім, сәл кідір: Қазақстан – қазақ үшін жалғыз ұл; жапырағын жайсын деп ем жалғызым, қабағының еріт, Құдай, қар-мұзын; сабыр, сабыр, туған елім, сәл кідір: Қазақстан – қазақ үшін жалғыз ұл; тойып ішкен не болады асыңыз, табанында жатса жаттың басыңыз; сабыр, сабыр, туған елім, сәл кідір: Қазақстан – қазақ үшін жалғыз ұл; бодан болып созғаныңша айға қол, бостандықтың биігінен жайрап өл; сабыр, сабыр, туған елім, сәл кідір: Қазақстан – қазақ үшін жалғыз ұл; қардан қалқан, жасап жатқан оттан да ық, бозторғай да тілемей ме бостандық; сабыр, сабыр, туған елім, сәл кідір: Қазақстан – қазақ үшін жалғыз ұл; Алаш деген келтірмеші атқа кір, арлы болсаң, Алаш үшін сапқа тұр; сабыр, сабыр, туған елім, сәл кідір: Қазақстан – қазақ үшін жалғыз ұл; Қазақстан қол созады биікке ең, жалғызыңды көтер, елім, иықпен, болмақ емес ақыл мәңгүрт, ар мазақ; Қазақстан – жалғыз ұлы Қазақтың, сол жалғыздың құрбандығы бар Қазақ!..” – деп тебіренетіні де сондықтан.

Біз әдетте басқаны қойып, ұлттық ар-ұжданымыз болып есептелетін әдебиетіміздің өзі пендешілікке түсіп кетті, шығармаларымыздан отаншылдықтың рухы өшіп кетті деп күйзелеміз. Ал біреудің қалтасын біреу торып, біреудің қадамын біреу аңдыған жаппай жау-жағалас заманда басымыздағы бақ пен сордың ар жағы мен бер жағын осынша терең қаузап, тебірене күн кешкен ақын жүректің тірі түгілі өлінің сай-сүйегін сырқыратардай уәжін кім көзге іліп, кім құлақ асып жатыр?..

Айтылмаған сөздің атасы өледі дейміз. Ал айтылған сөздің де қай алты атасы, қай жеті бабасы жете түгенделіп жатыр?! Олардың қаншамасы қаңқуы мен қақ-сұғы мол қауымның бүгінгі лайсаң көңілінің балдыр-батпағына қаралай батып кетіп жатыр.

Әйтпесе, елжандылықты әлгі өлеңдер айтудай-ақ айтып баққан емес пе?!

Жалпы “Әр қазақ – менің жалғызым” деген әр шумағынан отаншылдықтың оттай ыстық махаббаты лаулап, әр сөйлемінен әлеуметшіл жүректің дүрсілі аттай тулаған лирика кітабын арғы-бергіден сирек кездестіресіз.

Оның кейіпкері – Отан, авторы – Намыс. Жеріме сай Ел, Еліме сай Ер, Бабама сай Ұрпақ бола алып, Өкініштен қорытынды, Үміттен нәтиже шығара алсақ деген намыс. “Батыр ұрпақ жаңа шыққан қынаптан, бабаларың өтті талай сынақтан; намыс үшін, арың үшін от күре; Ер Алаштың амандығын көп тіле. Ай мүйізін асқақ шыңға жаныған, Сардар жігіт, сапқа тұр да сал ұран; намыс үшін, арың үшін от күре, Ер Алаштың амандығын көп тіле... Керуен көшер, ит жүгірер жолға үріп, бұл бостандық – алғашқы бақ, соңғы үміт; намыс үшін, арың үшін от күре, Ер Алаштың амандығын көп тіле... Көтер басты! Кеудеңізден күн шықсын – көлеңкеңде көк аттылар тұншықсын; намыс үшін, арың үшін от күре, Ер Алаштың амандығын көп тіле; маңдай тер мен атар алда ақ таң бар, адам ба екен ар-ұятын сатқандар?! Ойлан, Қазақ! Арлан, Қазақ! Өр Қазақ! Арсыз болсаң, тірлік те азап, көр де азап...” Арлы азаттық пен парасатты бостандыққа шақырған намысқой ақынның инабатты қолқасына илана құлақ асу үшін де асқан зор иман керек шығар. “Көрсетпе, Құдай, сен енді ноқталы жаттың жетегін; асыр сап асыл ұл-қызым сүйдірсін гүлге етегін. Әр Қазақ – менің жалғызым... Жалғыздың тілеп тілегін... Жалғаннан мәңгі өтемін”, – деп үздігумен келе жатқан ақпейіл ақынның да амандығын аз тілемеуіміз керек шығар. Өйткені ол талай ғасыр өзгенің омырауын түрткілеп, өгей ене бауырсақ күй кешіп, өз халқына өзегін үзетін ұлтжандылықты, өз атамекенінің көлі түгілі көңі көзіне оттай басылатын шынайы отаншыл махаббатты ұмытып, жартылай жатбауыр болып кеткен әлеуметтің кеудесіне елжандылық нұрын дарытпақ талабынан бір сәт айнып көрген емес. Өз еліңді өзегіңді үзе сүюге үндеумен келеді.

Жортқанда жолың болсын, “ит пен құсқа жем болып қашанғы тілді тістеймін” деп қайым тарих пен қаяулы замананың қалың жықпылдарынан бүгінгі жүректер ділгерітіп отырған шыңғырған шындықтардың төбесінен дөп түсіп келе жатқан Жолбарыс – Талант!

Сабырдың неге сөзуар еместігін енді ұқтым. Ауызын ашса, бой бермей ақтарыла жөнелетін өрт толқынындай өткір де өжет өлең шіркін өзегін дәйім өртеп жатады екен.

 

 

0
2752
0