Бүгінгі Отан қорғап жүрген әскерилер - кешегі ардагерлердің ұлдары мен немерелері. Яғни, жеңіскер ұлттың ұландары. Олардың сапы күн санап жастармен толығып жатса, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде...

Бүгінгі Отан қорғап жүрген әскерилер - кешегі ардагерлердің ұлдары мен немерелері. Яғни, жеңіскер ұлттың ұландары. Олардың сапы күн санап жастармен толығып жатса, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде от кешкен қариялардың қатары сиреп барады. Бұрынырақта 9-мамыр күні омырауларын орденге толтырып, сапқа тұрған сарбаздай ардагерлеріміз мерекелік алаңға бет алғанда айбарлы көрінуші еді сырт көзге. Бүгінде азайып қалды, көңілің құлазиды. 10 мыңға да жетер-жетпес ардагеріміз бар. Мұқағали ақынша айтсақ, «бара жатыр сарқылып дариялар, бара жатыр азайып қариялар». Жаһандық соғыс қаһармандары жаумен жағаласқандай, кәрілікпен алысып жүр осы күні. Арасында денсаулығын күтіп-баптап, сол кәрілікке дес бермей тұрған тарландар қаншама.

Жүгіру төзімділік пен табандылықты талап етеді. Спорттың бұл түрі Кеңес заманында кең насихатталған. Ал, қазір өкініштісі сол, жастар жүгіруге құштар емес. Есесіне, шынығып, шымыр болған қариялар баршылық бұл күнде. Араларында сұрапыл соғысты көзімен көрген ардагерлеріміз де бар. Сол сексеннің сеңгірінен асқан ақсақалдар немен айналысады бүгінде? Байқап көрелік.    

Тоқсанға тақап қалған соғыс ардагері Ерденбай Жүсіпов әлі де сергек. Кәрілікке дес бергісі келмейді. Ақсақал күніне 3 шақырым жалаңаяқ жүгіріп, жерден денесін 30 рет көтереді. Тіпті, былай тұрып, жастардың өздері жүрексінетін жаттығулар жасайды. Әскери тәртіппен шыңдалған кешегі жауынгер жастарға салауатты өмір салтын насихаттап жүр қазір. Қария ауылындағы ауызы дуалы жан. Оның айтқан өсиетін қалт жіберген жерлестері жоқ.

Ерденбай Жүсіпов, соғыс ардагері:
Даже бір үйде бірнеше жан тіл таба алмай жатқанда, 130-дан астам халықтың тату-тәтті тұрып жатыр. Мұның барлығы да жастар үшін, келешек үшін істеліп жатқан дүние.

Сексеннің сеңгіріне шығып, балаша ширақ қозғалып, шпагатқа отыруға болады.  «Мүмкін емес» десеңіздер, мына кадрлар дәлел. Көкшетау қаласында аяғын желкесіне дейін жеткізе алатын ақсақал тұрады. Отыз жылға тарта Ішкі істер органдарында қызмет еткен Рамазан Найзабеков 82 жасында өзін сергек сезінеді. Қария дене жаттығуларын оңай, жеңіл деп бөлмейді. Әрқайсысын ептілікпен, ерінбей қырық қайтара істейді. Жерлестері ақсақалды «гимнастшы ата» деп атайды екен.

Рамазан Найзабеков, Көкшетау қаласының тұрғыны:
Мен өзім үйреніп алдым. Маған жеңіл сияқты, ал ауыр ғой жай кісіге. Организм үйреніп алады. Жаттығып кетеді, істеуге болады.

Мұндай ептілікке қария дене жаттығуларын үзбей жасаудың арқасында қол жеткізіпті. Сондықтан болар, Рамазан ата он жылда он дерттен айыққан.

Рамазан Найзабеков, Көкшетау қаласының тұрғыны:
Он түрлі аурудан ада болдым. Қазір, Аллаға шүкір, еш жерім ауырмайды. Мына бүйрегімде тас болған, ол тас та кетті.

Ал, Ақтөбе өңірінде көне көліктерге көңілі ерекше ардагер тұрады. Сұрапыл соғыста ажалдан аман қалып, елге оралған Виктор Ковалев 1942 жылы шығарылған «Газ ММ» машинасын сатып алып, оны қалпына келтірген. Ретрокөлік «полуторка» деген атаумен көпшілікке танымал. Бүгінде ол қарияның серігі.

Виктор Ковалев, соғыс ардагері:
Машина - это вторая жена. Я и жену, и машину не отдам.

Ардагер Ұлы Жеңістің мерейтойларына жыл сайын қатысып, раритет машинасын көпшілікке паш етеді. Халықтың көзайымына айналған көне көлік ақсақалдың ғана емес, ауылдастарының да мақтанышы.

Виктор Ковалев, соғыс ардагері:
Әлия Молдағұлованың 75 жылдығында бір азамат келіп, мына машинамды жаңа «Жигули» көлігіне айырбастауды ұсынды. Мен «Жигулиді» қайтем. Қыздарды тасимын ба? «Полуторкамды» сатып алғысы келетіндер көп. Алматыдан, тіпті, Ресейден келіп, «көлігіңді сатшы» дегендер бар. 1 миллион орыс валютасына сатып алмақшы болған адамдар да болды.

Екінші дүниежүзілік соғыс қанды қырғын ретінде адамзат тарихына өшпестей болып жазылды. Ажалдан аман қалып, елге оралған жауынгерлер бүгін шежіре тарқатып, немере-шөберелерінің қызығын көрумен қатар, жастарға өнеге көрсету керек. Соғыс ардагері Сейдахмет Қосжановтың пікірі осыған саяды.

Сейдахмет Қосжанов, соғыс ардагері:
Ардагерлерге айтар едім өзім сияқты. «Қартайдым, біттім» деп 6 қабат көрпені бүктеп, үстіне шапанды айқара жауып жатқанды доғарсын. Шықсын далаға. Елдің ішіне кірсін. Жастарға тәлім-тәрбие берсін. Тыныштыққа шақырсын елді, еңбекке шақырсын. Елбасының төңірегіне елді жинауға шара көрсін.

Сейдахмет ақсақал Мәскеу үшін шайқасқан атақты 8-ші атқыштар дивизиясының құрамында болған. Сұрапыл жылдары көрсеткен ерлігі мен жігері үшін Маршал Жуков орденімен марапатталды. Бұл орден Қазақстан бойынша үш-ақ ардагерге берілген. 1418 күнге созылған қанды шайқас ерліктің үлгісін көрсеткен ардагерлердің жадында әлі де жаңғырып тұр. «Жаратқан енді келешегімізді жарқын етсін» дейді олар. Ал ұлыларды ұлықтау сіз бен біздің парызымыз.

Жасын БІРКЕНОВ

Оцените пост

0

Комментарии

Показать комментарии