Замана запыраны немесе ашаршылық ақиқаты.

Қып-қызыл қантөгіспен келген Кеңес өкіметінен біздің қазақтың көрмеген құқайы бар ма? Небір зорлық-зомбылықтың бәрін көрді, соған көнді. Әсіресе, Отызыншы жылдардағы ашаршылықты қалай ұмытамыз? Үш...

Қып-қызыл қантөгіспен келген Кеңес өкіметінен біздің қазақтың көрмеген құқайы бар ма? Небір зорлық-зомбылықтың бәрін көрді, соған көнді. Әсіресе, Отызыншы жылдардағы ашаршылықты қалай ұмытамыз? Үш миллионнан астам бәйкүнә қазақты жасанды жауыздықпен жою – ұлтымызға көрсетілген геноцид. Қой екеш қой да кеңірдегіне пышақ тигенде тұяқ серппей ме? Жанға бататыны - содан бері қаншама жылдар өткенімен ашаршылықтың ақиқаты ашылмай отыр. Тәуелсіздікке табаны күректей жиырма жыл толды. Жиырма жылда аштықтан қырылған қазақтың нақты саны мен тарихи деректі құжаттарды жарыққа шығарып, аштықты кеңес өкіметі қазақ жері мен оның байлығына иелік ету үшін тұтас бір ұлтты жою жолында қасақана қолдан жасағанын айтып тұрып саяси, бағасын бере алмауымыз. Ал бүгініміз ше?! Көзбен көрмеген соң, әттең, көңілге де түйе алмай жатқан жайымыз бар сияқты.

Зұлмат: Әке.

Өңі кетіп, құты қашқан бұл ауыл да аштықтың арандай ашылған азуынан құтыла алмады. Жиналған жұрт ит көнбістікпен жеткен жерлеріне қаз-қатар жалп-жалп құлай салды. Қайда асығады? Көгенде – қозы, желіде – құлын қалмады. «Ақыл – алтау, нәпсі – жетеу» деуші еді аталарымыз, сол жеті арсыздың бірі – тамақ. Екі аяқты жұмыр басты пендеге алдымен керегі – қарынның тоқтығы… Ал мына ашыққаннан ыңыршағы айналған ел қазір ит-мысық көрсе де бас салғалы отыр.

Ермек қарынның аштығы адамның тәнін ғана емес, жанын да, ақылын да аздыратынына енді көз жеткізгендей. Көрші ауылдарда адам жеп жатыр дегенді естіп, жағасын ұстады. Отбасында екі қызы мен жалғыз тұяғы-Әлімбет  бар. Солардың қамын ойлап, оларға бір үзім нан тауып беру үшін қиналса да, қара су болсын беруге жанын салып жанталасып жүр. Бүгін де үйге өңі бозарып, қабағы қатулы келді. Әйелі болса үлкен ой үстінде отыр.

Бірнеше жыл бұрын ғана асып-тасып жатқан байлығы болмаса да, қарындары тоқ еді. Ештеңеден таршылық та көрген емес. Өзі үй шаруасымен айналысады, отағасы еңбек етіп, ақша табатын. Сол еңбектің қадірін білмеді ме екен, әлде өзі көрмегендіктен бе, тамақтың артық қалғанын лақтыратын да жататын. Енді міне нанның ұсақ түйіріне де зар болып отыр.

-         Әттең, өмір-ай, - деп күрсініп қояды арасында.

Ал ауыл болса у-шу. Ашыққан адамда ұят болады ма?! Аузымызға бір түйір болса да дәм бұйырар деген үмітпен ауылдан өткен-кеткен адамға жәутеңдеп қарай береді. Ауылға біреу келсе, өлмелі пенделер сүйретіліп-сүрініп соған қарай жинала бастайды. Бар ойын, бар көңілін тамақ қана жаулаған. Осы сияқты оқиғалар бірнеше жылдың ішінде 3 миллион қазақтың өмірінде орын алып, көңіліне кірбің түсіріпті ғой...

Соғыс: Бала.

Ермек аштықтан, ауыр азаптан әбден қажыған күйі соңғы ақыреттік сапарға аттанып жатқанда артында қалған жалғыз жапырағы – Әлімбетті ғана ойлаған. Жастайынан қиындық көріп өскен ұлы сол кездері мектеп жасында еді. Алайда ашаршылықпен алысып, басқа жазылған тағдырмен жұлысып жүргенде алған білімі де шамалы. Отбасын құрды, жетілді, өсті, өнді. Алайда соғыс келіп, ол да артында ұрпақ қалдырып, сол күйі оралмады.

Тәуелсіздік таңы: немере.

Ермек өзі қиындық көріп, бейбіт күнге жете алмағанмен, немере, шөберелерінің көзімен бүгінгі тәтті таңды тамашалап жүргендей. Қиын қыстау кезеңдерді басынан өткерген қазақ бүгінде тұғырлы тәуелсіздіктің таңы төрімізде тұрақтай берсін деген ниетпен жүргені ақиқат. Алайда, қолда барда біз алтынның қадірін білеміз бе?!

Бір топ оқушылар түскі ас кезінде асханаға келіп жайғасты. Тамақтарын ішіп, қарындары тойғаннан болар, іштері пыса бастады. Үстел үстіндегі қалған тамақты бір-біріне лақтырып ойнап, доп қылды. Ішінде ашаршылықтан жан тапсырған Ермектің ұрпағы бар еді. Құлағымен естіп өссе де, көзбен көрмегендіктен көңілге түймеді ме екен, атасының қолы жетпеген, біреулердің өміріне арашашы бола алатын асты шашудан ляззат алып отыр. Егер дүниедегі барлық адамдардың босқа өткізген уақыты, қуаты және еңбегі есептелетін болса, дүниеде аштық және жоқшылық ішінде қиналып жатқан миллиондаған адамның мұқтаждығын кетіретін қажетті өнімдер өндіруге болар еді. Хадис шәрифтердем«Үнемдеген адам қиыншылық көрмейді.» (Табарани) делінген екен. Пайғамбарымыз да «Адамдардың ең жақсысы пайдасы адамдарға ең көп тиетіні.» деген. (Кудаи). Біз өмірімізді қаншалықты пайдалы өткізіп жатырмыз?! Тарих таразылап, бізге жеткізген тармақтарынан сабақ алып, түйін түйіп жүрміз бе?! Ойландыратын жайт...

Кәкімжанова Гүлнұр

Оцените пост

0