«Қазақфильм» киностудиясы- «Сатайфильммен» бірігіп, «Жаужүрек мың бала» атты триллер түсіріп бітті. Фильм 18-ші ғасырдағы жоңғар шапқыншылығында елі үшін шайқасқан жас Сартай батырдың ерлігі...

«Қазақфильм» киностудиясы- «Сатайфильммен» бірігіп, «Жаужүрек мың бала» атты триллер түсіріп бітті. Фильм 18-ші ғасырдағы жоңғар шапқыншылығында елі үшін шайқасқан жас Сартай батырдың ерлігі турасында.

Шытырман оқиғаға толы туынды қалың көрерменге ресми түрде 3 мамырда көрсетіледі. Ал, бүгін фильм авторлары туындыны журналистерге таныстырды.
Фильмнің тақырыбы 18 ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы болғанмен, сюжеті мұның алдындағы тарихи туындылардан сәл өзгеше. Кино желісіне Аңырақай шайқасына үш рудың тауқопарар батырларымен бірге қатысқан Сартай батырдың ерлігі арқау болған. «Ата-ана мен барша қазақтың кегін жоңғарлардан қайтарсам» деп армандаған Сартай бозбала шақта өзі сынды өрімдей жастардан жасақ құрап, жауға қарсы төтеп береді. Мың бала атанған Сартайдың сарбаздары 30 мыңнан асатын жоңғармен шайқасып, сол шайқаста жеңіске жетеді.
Ақан Сатаев, фильмнің режиссері:
Ұлтына қарамай, біздің жастарымыз, орысы болсын, қазағы болсын киноны көргеннен кейін тарихымызды білсін, ата-бабаларымызды ардақтасын, бостандығымызды бағаласын.
18 ғасырдың һас батырын сомдау бақыты 19 жастағы Асылхан Төлеповке бұйырыпты. Өнер академиясының бірінші курс студентінің бұл бірінші рөлі.
Асылхан Төлепов, Бас кейіпкердің рөлін сомдаушы:
Басында қатты қобалжыдым. Егер де құдай сақтасын,  сондай күн туса, мен қазағым үшін  тұрып беруге дайынмын.
Тарихи туындыға түсуге жалпы 23 мыңнан астам үміткер қатысыпты. Қыста Қапшағайда басталған түсірілім, көктемде Шарын шатқалына ойысқан. Үш айда түсірілген фильмді тұңғыш тамашалаған тарихшылар мен журналистер көздеріне жас алды. Жоғары бағалады.
Мәмбет Қойгелдиев, тарих ғылымдарының докторы:
Идеясы мықты. Бұл киноны қазақ жастарының бәрі көруі керек деп ойлаймын.
Еркін Шәкірұлы,  журналист:
Рух береді. Қарап отырып қазақтығыңа, қазақ болып туғаныңа қуанасың. Батырлығына сүйсінесің. Ерекше әсер етті маған.
Шығармашылық топтың да, қазақ киностудиясының да көпшіліктен күткені осы еді.
Ермек Аманшаев, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ  президенті:
17 мамырда  Канн фестивалі аясында көрсетілім болады. Оған 30-дан астам елдің дистрибьютерлері жиналып жатыр. Алдағы 1-2 айда әлемдік экранға шығарып, тәжірибелі дистрибьютерлермен кездесеміз. Нақты келісімге келеміз деген үмітіміз бар.
Жас ұрпақты Отан сүйгіштікке дәріптейтін туынды 3 мамырдан  бастап еліміздегі барлық кинотеатрларда көрсетіле бастайды. Ендеше, көзіқарақты көрермен «Жаужүрек мың баланы» жіберіп алмаңыз!
Нұрсұлу  ҚАСЫМ

Оцените пост

0
Дальше