место в рейтинге
  • 216427
  • 181
  • 42
Нравится блог?
Подписывайтесь!

Қабанбайдың атасы – Тоқтарқожа

Қаракерей Қабанбай батырдың арғы аталары, олардың сол тұстардағы тарихи оқиғаларға, қоғамдық процестерге араласуы, өздері өмір сүрген орталардағы саяси, әлеуметтік орны, өсіп-өнген топырақтары тұрғысында тиянақты зерттелген, табан тірер деректері жеткілікті, тұшымды еңбек әлі жазыла қойған жоқ. Романдарда, ғылыми еңбектерде, мақалаларда, жыр-дастандарда Дарабоздың жеке басы, қосақтары, ұл-қыздары, әрі кетсе әкесі ғана айтылады. Ата бастауы айқындалмайды. Аңыз, шежірелерді былай қойғанда бүгінгі сауатты заманда да Ұлы Қолбасшының отбасын бұра тартады. Шежіренің еш уақытта тарихи шындық болмайтыны ескерілмейді. Қаракерей Қабанбай батырдың нақтылы тарихи тұлға екені, осыған орай бабаны аңыздан ажыратып, аршып, нақтылы тарихи тұлғасын қалыптастыру қажеттігі назарға алынбайды. Ауызша дүние қашан да кемшін. Оның үстіне ол ара-тұра шежірені айтушының ыңғайына бұрылып, жекелеген рулардың сойылын да соғып кетеді. Жалпы ұлттық мүдде кейде тайпалық мүдденің астарында қалады.

Қаракерей Қабанбай батыр, оның түпкі тегі жайлы осы мәселелердегі олқылықтардың орнын толтыру қажет. Сөйтіп, бабаны ұрпаққа тарихи тұлғасымен тапсыруға тиіспіз.

Әңгімені шежіреден, оны талдаудан бастайық. Шежіре арқылы жазба тарихқа келейік. Салыстырайық.

Қазақ шежіресінде мұсылмандық бастау алғы кезекте тұрады. Мысалы, Ақтайлақ би шежіресінде қазақ Әннес сахабадан тарайды. Сөйтіп, барша қазақты арабтан, Мұхаммед м.с.ғ. сахабасынан өрбітеді. Мұсылмандық жолға түседі.

Ары қарай осы Әннес сахабадан қазақты туғызып, одан «Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс үшеу туады. Бекарыстан – Дайырқожа, Момынқожа, Смағұлқожа, Қоңырат, Қосымқожа, Қыпшақ алтау... Момынқожадан – Найман, Наймантай екеу. Найманның баласы Тоқмақ деген жалғыз ұлы өліп, Ақсұлу 18 жасында жесір қалады» дейді. (Ақтайлақ би. Алматы, 1991ж. 64-65-беттер). Бұдан әрі бар найманға белгілі Өкіреш Шал оқиғасы айтылады.

Өкіреш Шал ХІV-ХV ғасырда өмір сүрген деген тұжырымды ғылыми орта мақұлдады. Енді қараңызшы, Мұхаммед пайғамбардың сахабаларының ең ұзақ жасағандары VІІІ-ғасырдың басынан аспаған. Сахабалардан Өкіреш шалға дейін мөлшері 700-жылдай өтуі тиіс. Сонда Әннес сахаба ең кемі 700 жылдай өмір сүруі керек. Осыған сенесіз бе? Адам осынша жасай ма? Оның үстіне VІ-ғасырда, нақ сол сахабалардың тұсында найман Арық Бұқа, Семіз Бұқа бастаған үлкен мемлекет. Ендеше, осы хандық, шежіреге сүйенсек, ХІV ғасырда қайта тууы тиіс. Осылар мүмкін бе? Әрине, жаңылыс. Найманның арабқа ешқандай қатысы жоқ. Ар жағымыз – ғұн, сақ, ортамыз – түркі, бүгініміз – қазақ. Ендеше, шежіре тарихи шындық емес.

Осы Әннес сахабаны Қырықмылтық Сүлеймен би шежіресінде «Аннас сахаба» деп атапты (Ұрпақ үндестігі. Сүлеймен Нұрания, Алматы 2003 ж. 11-бет).

Келесі шежіреші – Шәкәрім қажы Құдайбердиев. Қажы ата наймандарды Әннес сахабадан емес, Софы мырзадан таратады. Софы мырзадан Өкіреш туады. Және ол қажы атаның жазуынша Араб Мұхаммед шахты өлтірмек болады. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де – осы. Араб Мұхаммедтің өлтірілгені рас. Бірақ оны ұлдары Әбіш пен Елбарыс істейді. Бұл – 1621 жыл. Оған Өкіреш араласпаған. Мұны Әбілғазы баһадүр тайға таңба басқандай жазады. Оқиғалар тоғысын анықтасақ, Шәкәрім қажы шежіресінде ірі-ірі жаңылыс кеткен. Қажы ата Софы мырзаны, оның баласы-мыс Өкіреш Шалды 1621 жылдары өмір сүрген етеді. Бұл аса қисынсыз. Себебі, 1621 жылдары Өкірештің дүниеден озғанына 200 жылдай өткен. Ол тұста Өкірештің 7-9 ұрпағы өмір сүріп жатқан. Екінші, жоғарыда айттық, найман мемлекеті VІІ ғасырда дербес саяси, қоғамдық құрылым. Ендеше, найман бастауы одан да әрі. Демек, араға 1000 жыл салып найман қайта тумайды. Шәкәрім қажы найманды он ғасырға кенжелетті. Міне, көрдіңіздер, шежіренің «тарихи дәлдігі» осындай. Бізге таныс өзге шежірелер де мұндай кемістен аяқ алғызбайды. Сөйтіп, Шәкәрім Құдайбердиевтің шежіресі найман тарихынан ғылыми дәйекті дәлел де, ақпарат та бере алмайтынына көз жеткіземіз. (Шәкәрім Құдайбердиев. Родословная тюрков, киргизов, казахов и ханских династии. Алматы. «Жазушы», 1990 ж. 73-74-б.б.)

Құрбанғали Халидидің шежіресін де сөз етсек, артықтық етпес. Халиди да найманды «Найман» атты адам – жеке тұлға ретінде атайды. Сөйтіп, алғашқы екі шежірешінің қателігін түп-түгел қайталайды. Ол кісі былай жазады «Орта Жүздің өзінен, яки баласынан Найман туған. Найманның баласы – Өкіреш... Найманның жалғыз ұлы жасында опат болған. Ол кезде қарттың жасы 90-нан асып кеткен». Ары қарай шежіреші Өкірештен Сокуршені туғызады. Дұрысы, Өкірештен – Белгібай, Белгібайдан – Сүгірше ғой. Жалпы, «Сүгіршенің азан шақырып қойған аты Сүйініш еді, қызығын көріп, сүйініп жүрейік деп қойған екен» дейтін қариялар. Кейін найманын тойындырып, киіндіріп, мейманасын тасытқан соң Сырға жетіп қонған ел «Сүгірші» атаған» деп отыратын аталарымыз. Халиди да ел ортасындағы үзін-жұлқып, салыстырмасы, айқындамасы жоқ, естігенін жазып алғаны көрінеді. (Халид Қ.Тауарих Хамса (Бес тарих) Алматы, 1992 ж. 94-б.

Аңғарсаңыз, аталып отырған үш шежіре үш жаққа тартып барады. Бұл таңданатын немесе сынап, мінейтін нәрсе емес. Шежірелерге тән олқылық. Ауызша берілген ақпараттардың барлығына ортақ жағдай – норма. Қазақшасы қалып-ау дейміз.

Десе де, шежірені де, шежірешіні де кінәлауға болмайды. Тек барын, бар күйінде – түзетіп, жоғын – толтырып отыру абзал. Шежіреші естігенін, білгенін бізге жеткізіп кетті. Соған да мың рахмет! Ары қарай жетелеу – көзіқарақты, жазба дүниелерді ақтарып отырған біздің шаруамыз.

Шежіредегі жетімсіздік, шежірешілердің деректерінің ала-құлалығы Қаракерей Қабанбай батырдың ғұмырнамасында да мол. Ақтайлақ бидің, Шәкәрім қажының, Құрбанғали Халидидің шежірелері бүгінге жеткен шежірелердің көнесі болып табылады. Олардың найман тарихы жайлы айтқандарын оқыдыңыздар. Енді осы шежірелердің Қаракерей Қабанбай батырдың арғы жағы туралы жазып қалдырғанын қарастырып көрейік. Ақтайлақ би шежіресі Сайбекханнан Тоқтамысхан, одан Тоқтарқожа, Толымқожа, Қойшыаға туды дейді. Сайбекхан көп шежірелерде «Найманбала» аталады. Әз Жәнібек хан Сайбектің бәйбішесі Жұпарға әбден тәнті болып, жер бөліп береді де, ол маңды Жұпар қорығы деп атайды. Ақтайлақ би шежіресінде Сәйбекханның руы ауызға алынбайды. Би ата оны қажет деп таппаған секілді.

Себебі, жазып, айтып отырғаны найман шежіресі ғой. Сондықтан Тоқтарқожаның, оның ата-бабасының найман екендігін атап көрсетуді ойламаған. Найманды «найман» деп несін жазсын. Кейіннен Қаракерей Қабанбай батырдың ар жағын біреулер бұра тартады деп ойламаған. Сайбек пен Жұпар қайтыс болып, елге жау тиеді. Қашқын болған Қойшыаға – Матайға, Толымқожа Керей ішіндегі Меркітке кетіп, Тоқтарқожа Қаракерей ішіндегі Байыс бидің жылқысын бағады. Ақтайлақ шежіресінің ұзын-ырғасы осындай.

Енді Шәкәрім қажы Құдайбердиев атамыздың шежіресіне тоқталайық. Бұл маған таныс найман шежірелерінің арасындағы ең толымсызы, «әп» дегеннен-ақ әке мен бала ауысып, бала Қытай әкесіне әке болып басталады. Он ата найман сегізге қысқарып, Садыр мен Көкжарлы ауызға алынбайды. Кім кімнен туды – айырып алу аса қиын. Әлдебіреу найман шежіресін қате жазып, қажы атаға әкеліп бергендей көрінеді. Ал Шәкәрім Құдайбердиевтің оны елеп-екшеуге пұрсаты болмаған сияқты. Бір жаңылыс, екінші жаңылыс... Сөйтіп келеді де, аяқ астынан «Байыстың қызы Мақта сартқа (өзбекке) күйеуге тиіп, Ержігіт, Байжігіт деген екі ұл туды. Ержігіт әкесімен Түркістанға кетті...» деп және қателеседі. Ақиқатында балалар: үлкені – Байжігіт, кішісі – Жанжігіт. Бес Байыс, Мұрын – Байжігіт, Байжігіт шежірелері – Байжігіт, Жанжігітті атауда бір ізді, екі пікір жоқ. Қажекең бұрыс кеткен. Мақта Ержігіт есімді ұл тумаған. «Сартты» қайдан шығарғаны және жұмбақ. (Ш.Құдайбердиев, Родословная... Алматы, 1990 ж. 74-бет).

Келесі шежіре – М.Тынышбаевтікі. Мұнда Төрт Төлегетайдың қара шаңырағы Төртуылдың айтылмай қалуы шежірені Мұхаң өзі салған Түркістан-Сібір теміржолы бойынан жазып алған деген ойға шақырады. Теміржол бойында бүгінгі күнге дейін де төртуыл ауылдары кездеспейді. Шежіре найманды бірден Төлегетайдан таратады. Ұлы Қытай аталмай Қаракерей, Матай, Садырға түседі. Жазба тарихқа сонша бойлаған М.Тынышбаев орыс архивтерін бүге-шігесіне дейін ерінбей, жалықпай, жылдар бойы жүйелі түрде зерттеуге баса көңіл аударып, шежіреге аса мән бермегені анық аңғарылады. Оның үстіне М.Тынышбаевтың біраз деректері Шәкәрім Құдайбердіұлының 1911 жылы Орынборда шыққан «Шежіресінен» алынғаны байқалады. М.Тынышбаев кез келген шежіренің шынайы тарих емес екенін алғашқылардың алды болып нақтылы түсінген. Соған орай тиянақты, шұқшия зерттемеген, бұл шаруаға қайта-қайта оралмаған. Ел аузынан жазып алғандарын сол күйінде жариялаған. «Айтуларға қарағанда» деген сөзді жиі пайдаланып, жұрттан жинағанын жасырмайды. Қаракерей Қабанбай батыр туралы «Тоқтар деген қожа» деп қысқа қайырады.

Міне, үш шежіре әдеттегі шежірелер сияқты үш дерек ұстатты. Осылардың ең көнесі Ақтайлақ биден қалған мұра, толығырағы да – осы. Ендеше, нақ осы шежіреден ХVІІ ғасырдың басында, Тоқтарқожа Байыс биге келген мерзімде қандай елеулі оқиғалар өткенін жинақтап, зерттеп көрейікші. Бірін-бірі жетелеп, толықтырар оқиғалар легі кездесер. Ерасыл – Қаракерей Қабанбайдан Тоқтарқожаға дейін төрт ата – мөлшері 100 жыл. Сонда Тоқтарқожа 1590 жылдардың ар жақ, бер жағында туады. Ол Байыс Биге сақа жігіт-отыздардан асар шағында, бізге белгісіз (әзірше) бір себеппен қатын-баласын тастап, екі інісімен келеді. Бұл – шамамен 1620-1630 жылдар.

Найман шежіресінің нақ осы кезеңдегі жай-жапсарын мұқият зерттесең, таң-тамаша оқиғаларға кезігесің.

1.Ташкент, Самарқан, Бұқара, Хорезмге Байыс би тура осы кезде үнемі сауда тоғанағын апарып жүр. Бұл бар шежіреде айтылады. Ол елдердің салтында ұзақ шамаға келген азамат уақытша үйленуге міндетті болған. Сол себепті Байыс би де соңғы барысында қатын алады. Атамыздың егделенген кезі. Елге, Сарыарқадағы Қарағаш-Жалтыркөл-Қазаншұңқырда отырған еліне қайтарда келіншегі:

– Биеке, аяғым ауыр, – депті.

Неге екенін қайдам, Батыс би бөгеле алмайды.

–Мә, мынау – менің тақиям. Ұл туса, атын Байғана қоясың. Қыз тусаң, өзің біл. Омбыдан бері, Қызылжардан ары отырмыз. Іздеп, табарсыңдар. Тақиямды ел таниды, – деп жолға шығып кетеді. Суыт кетеді.

Әңгіме ұзақ. Қысқарта айтайық.

Ер жете Байғана мен анасы Байыс биді іздеп, табады. (Қаракерей шежіресі. С.Амандық, Алматы, 1998 ж. 22-23-б).

Байғана жалғыз емес. Жолдасы, замандасы Болатшыны ерте келеді. (С.Амандық. Қаракерей шежіресі, Алматы, 1998 ж. 23-бет).

Қаракерейдің үлкен екі атасы Байғана мен Болатшы найманға Тоқтарқожа, Толымқожа, Қойшыағалармен іркес-тіркес, қатар, бір мезгілде жетеді. Наймандарға қосылып кете барады. Барлығы да Байыс бидің тұсында.

2. «Қазыбектен Бағанас, Тоғанас деген екі ұл туады. Бұл екі бала бір шабындыда адасып, қаңғып кетіп, Сарыжомарт іздеп, Тақыны (Тоғанасты) Үргеніш деген қалада... тауып... көкжал атын беріп алады. Содан Тоғанас Көкжарлы атанады... Бақыны (Бағанасты) Бұқара маңында танып, бурасын беріп алады. Содан Бақыны Бура атандырған» (Ақтайлақ би. Алматы 1991 жыл, 67-бет).

Осы шежіре бойынша Сүгіршіден – Қарабек, Толымбек, Толымбектен Сарымырза (Сарыжомарт). Сарымырзаның Бақы мен Тақыны іздеп жүргеніне қарағанда екі бала Сарыжомарттан кіші. Осылай деп алсақ, Бақы мен Тақы Сүгіршенің Төлекатай тармағы мен салыстырғанда Байыс биге бір ата жетпей тоқтайды. Ал кез келген шежіреде ата сана толық болмайтыны шындық. Ендеше Байыс би, Бақы, Тақы бірі – үлкен, екіншісі – кіші – әйтеуір, бір кезеңде өмір сүрген замандастар. Мұны Бура шежіресі құптайды. Өмірден ертерек озған, ғылым докторы Ермек Сәлімбайдың Бура шежіресінде Бурадан өзіне дейін 15 ата санапты. Әр атаға тиесілі 25 жылды 15 атаға көбейтсек, 375 жыл шығады. Ермек 1966 жылғы. Сонда 1966-дан 375-ті алсақ, Бура мөлшері 1590 жылдары туған. Бұл Қаракерей Қабанбай батырдың төртінші атасы Тоқтарқожа туған мерзіммен тұстас. (Е.Сәлімбай, Ата-баба тарихынан. Алматы, 2007 ж. 167-бет).

Бақы мен Тақы (Бура мен Көкжарлы) құрбы болғандықтан, Көкжарлы да сол шамада туғаны анық. Жас айырмасы көп емес. Бұл да Байыс бидің тұсы. Сонда Байғана, Болатшы, Көкжарлы, Бура, Тоқтарқожаның туған мерзімдері шамалас, барлығы қатар құрбы.

Аңғардыңыз ба? Байыс би, Сарымырзалардың тұсында найманға бес рулы ел келіп қосылды. Олардың екеуі – Бура мен Көкжарлы – сегіз ата болып отырған қазақ наймандарын он атаға жеткізді. Үшеуі – Байғана, Болатшы, Тоқтарқожадан туған Байжігіт, «Бес Байыс» аталып отырған Қаракерейдің Байыс бұтағын сегізге әкелді. Нақ осы кезден қазақ наймандары Балталы, Бағаналы, Қаракерей, Матай, Садыр, Тортуыл, Көкжарлы, Бура, Саржомарт, Терістаңбалы болып қалыптасты. Бура мен Көкжарлының өзбек жерінен келіп қосылуы – қазақ наймандарының шежіресін біржолата тұйықтады. Күні бүгінге дейін найман қазақ ішінде осылай ажыратылады. Қалғандары өзбектену процесінен өтіп, «өзбек» аталып кетті. Бірақ олар да тегін ұмытпай «найманбыз» дейді. Ал, Қаракерейдің Байыс тармағы 1600 жылдардың басына дейін Мұрын, Сыбан, Қыржы, Шөрентай, Ақымбет аталып келсе, енді оларға Байжігіт, Болатшы, Байғана қосылды. Бұлар да бүгінгі күнге тұра осы қалпында жетті. Қызығы, барлығы сегіз ата болса да, қазір «Бес Байыс» аталады. Түсінген шығарсыз.

Атап айтатын бір жағдай – «Тоғыз таңбалы, он ата Найман» дегенде тек қана қазақ халқының құрамындағы наймандарды атап отырмыз. Бұлардың сыртында өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түркімен, әзірбайжан, татар, ноғай, тіпті, тәжік ішінде де наймандар бар. Оларды да атап кетсек артық болмас: қызыл, дүрбен, қара, өкіреш, босторғой, базар, болдай, чантеке, үштай, бүйе, мырза, жуанбұт, көкші, құран, қашай, буа, қашарқұл, сар (сары) лоқай-қазақ (тәжікте), күн, жерде. Әзірге менің кездестіргендерім – осылар. Қырғызда Оштағы наймандарда мейман болдым. Тәжік наймандарымен екі жыл араластым. Өзбек наймандарымен төртінші жыл барып-келудеміз. Ноғай, татар наймандарымен 2003 жылы кездестім.

Бұларды сөз арасында айтып жатырмын. Наймандардың толығуы кейін де тоқтамаған сияқты. Мысалы, Байыстың ұлы Сарыдан Жолымбет туады. Жолымбеттің бір ұлы Арызбақ та «жоғалып кетеді» де, оны кейін Жолымбет баба «тауып алады». Ақнайман атапты. Бұл да шежіре дерегі. Пайымдасаңыз, Бақы мен Тақы оқиғасы айна-қатесіз қайталанады. Найман үстін-үсті жиналуда.

Сонымен, Байыс бидің тұсындағы 1600 жылдардың алғашқы ширегінде өзге ұлттардың құрамында қалып қойған наймандардың үлкен топтары қазақ наймандарына қосылды. Қазақ наймандарының өзге ұлттардағы наймандардан оқшаулану процесі аяқталуға таянды. Қазақ наймандарының толықтай қалыптасуы өзінің ең жоғары деңгейіне жетіп, бұл тарихи үрдіс тиянақталды. Он ата найман қазақ атанды. Тарихи фактілер, шежіре деректері осындай тұжырым жасауға жетелейді.

Тоқтарқожа, Толымқожа, Қойшыаға есімді, Жиделі – Байсынның түстігінде қалып қойған жігіттер найман тарихындағы аса елеулі осындай тарихи кезеңде Байыс биге – өз наймандарына келіп қосылды. Жатсынбай, өсіп-өніп кетті.

Нақ осы кезде – шежіре деректері бойынша, жоғалған найман балаларының табылуы, әкесін іздеген Байғана мен жолдасы Болатшының келуі, Тоқтарқожа, Толымқожа, Қойшыағаның Байыс биге жетіп, тізгін тартуы найман көшінің аса елеулі бір кезеңі еді. Өз басым «Бақы мен Тақы жоғалып, табылды», «Байғана тақия алып, Болатшыны ерте келді» дегенге онша-мұнша сенбеймін. Көкжарлы мен Бура – әлімсақтан VІ-VІІ ғасырдан найманмен қатар жасасып келе жатқан көне, бағзы рулар. Атаулары өзгеріп отырса, ол басқа әңгіме. Он ата найманның кез келгені ықылымнан тамыр тартады. Шежіре оқиғаны дәл таба алмаса, оны бірнеше ғасырға азайтып та, көбейтіп те жібереді. Мысалы, Ақтайлақ би шежіресінде «Найманның әулие келіні Белгібайға үшінші әйел әпереді... Бұдан Бағаналы, Балталы деген ел тарайды» дейді. (Ақтайлақ би, 67-бет). Белгібай – Өкірештің жалқы ұлы. Мөлшері, ХV ғасырдың ортасында туады. Олай десек, Бағаналы мен Балталы ХV ғасырдың жетпісінші жылдары тууы тиіс. Бұл – шежіренің сілтемесі. Алайда, шежіренің осы тұсы – түбегейлі қате.

Өткен ғасырдың ортасында Ресей татарлары Қозы Көрпеш – Баян сұлу эпосының 700 жылдығын ұлан-асыр той жасап, атап өтті. Таза татар туындысы ретінде дүниенің төрт бұрышынан мейман шақырып, иеленіп алды. Қазақтар әдеттегідей жер сипап қала беріпті. Академик Мәлік Ғабдуллин айтқан. Ендеше, Қозы-Көрпеш – Баян сұлу оқиғасы 1250 жылдары болғаны ғой. Дастанда Шығысқа көш түзеген Баян сұлу «Балталы, Бағаналы» ел аман бол демеуші ме еді?! Ол тұста Балталы да, Бағаналы да – үлкен рулы ел. Ал, Белгібай ХV ғасырдың ортасында туады. Балталы, Бағалыдан ең кемі – 250 жыл кіші. Ендеше, 250 жыл кеш туған Белгібай өзінен осынша үлкен Балталы, Бағаналыға қалай әке болады? Шежіре әдеттегідей қателеседі. Тарихи шындық мынада: бүгінгі бағаналылар өздерін Кетбұқадан таратады. Ол – Жошы ханның, Құлағу ханның бас қолбасшысы, «Ақсақ құлан» күйінің авторы, Жошы өлімін Шыңғысханға жеткізуші атақты кемеңгер. Иран, Ирак, Сирия, Израиль жерлерін басып алған Ұлы қолбасшы. Еврейді 10 жыл билейді. Осы Кетбұқа данышпан 1260 жылы күзде, 80-ге таянған шағында майдан үстінде Құтыз сұлтанның қолынан қаза тапқаны анық. (Т.Жұртбай Дулыға, Алматы, 2007 жыл, 387-бет). Әне, ауызекі шежіре мен тарихи жазба деректердің айырмасы. Кез келген шежіре – кемшін.

Енді Көкжарлы, Байғана, Болатшы туралы өз ойымды айтудың реті келді білем. Меніңше, қазақ хандығы нығайып, жері кеңіген соң қазақ құрамындағы наймандардың басшылары, Байыс би, Сарымырза сияқты ел ағалары туыс қамын жеп сыртта қалған, Орта Азияны мекендеген наймандармен қоян-қолтық қарым-қатынас орнатады. Тегі бір қарындас жұртын қазақ хандығына көшуге үгіттейді. Байыс бидің Ташкент, Самарқан, Бұқара, Хорезм, Үргеніш, Хиуаны аралап жүруі осыны дәлелдеп тұрған жоқ па?!

Нақ осы Бұқарада Сарымырза бай да жоқ іздеп жүр. Біреу Бақының мекенжайын айтып бергендей-ақ үстінен түсіп, табады. Екінші қияндағы Үргеніштен Тақыны да дәл тауып барады. «Көкжал атын беріп алған соң Көкжарлы» аталды дейді. Атқа қарап тұрған дүние болса «Көкжалды» болса керек еді ғой. Ойлаймын, Байыс би мен Сарымырза байдың Орта Азияны шарлап жүруі найман түселінде ортаға салып шешілген, келісімді шаруа. Қазақ ішіндегі салмақты ру қарындастарын бүтін жинамақшы. Аталарымыз осы мәселемен жатпай-тұрмай айналысқан. Өзге елдерде қалып қойған наймандарды жиыстырып, қазақ хандығына көшіріп әкеліп жүр. Жалпы ұлттық, мемлекеттік маңызы аса зор жұмыс атқарған.

Бүгінгі найман шежірешілері, Байыс би мен Сармырза байдың осындай Ұлы істерін уақыт өте жадыдан шығарып, «балаларды тауып алдыға» сүйей салған. Шындықтан аңыз туғызу – бұл да ауызекі шежіренің нормасы. Ренжуге болмас. Қалай десек те, шежіре із тастады. Ар жағын кейінгі ұрпақтың білімі мен біліктілігі шешеді. Аңыздан ақиқатты ажыратып, орын-орнына қою – бүгінгі біздің еншімізде. Бура, Сарыжомарт жайына кейінірек келеміз. Әзірше Тоқтарқожаны зерделей тұрайық.

Тоқтарқожа туралы шежірелер оның Жанжігітті алып қайда кеткені жөнінде, қайдан келгені жөнінде екі ұдай пікірде. Келуін, кетуін Хорезм – Үргеніш, немесе Самарқан – Түркістан деп көзделіп, бұған ара-тұра Ташкент маңындағы Шыршық қосылады. Әдеттегідей, шежіре тартысып тұр. Десе де, осы екі бағыттың бір келген жері, екіншісі оралған жері емес пе? Шежірешілер Найманбала – Сәйбекханның Хорезмде аманатта болғанын жазбай айтады. Хорезм, Үргеніш сол себепті атала ма екен? Жазба тарих Найманбала тұсында бүгінгі өзбек жерінде Шәйбендер (Шәйбек, Сейбақ, Сәйбен деп те атала береді шежірелерде) – Шибандар хандық құрғаны нақтылы айтады. Солардың ұрпағы - Әбілхайыр хандығының «көшпелі өзбектер» қауымдастығындағы наймандар  сол заманда орасан зор күшке ие еді. Оның себебін М.Тынышбаев наймандардың адам санының молдығымен түсіндіреді. Ал, Шибандар деген кім? Оған ғалымдар былай жауап береді. «Шибан – ұлысында өмір сүрген наймандардың бір тобы басқа да түркі және моңғол тілдес тайпалармен бірге ортақ атауға ие болды. Ол – шибандықтар деген атау» (Найман. Алматы 2008 ж. 2 кітап, 28-бет). Н.А.Аристов бұдан да ары кетеді. Әлем мойындаған ғалым мынадай дерек ұстатады: «...настоящими узбеками были только дружины, прибывшие с Шейбанидами, зерна этих дружин должны были составлять главным образом остатки «коренного» монгольского войска Джучи; эти роды уяс-дурмен, кият, кунграт, уйшун, найман»... (Н.А.Аристов. Усуни и киргизы или кара-киргизы. Бишкек. 2001 г. 370-стр).

Аталып отырған Шейбан қазақ арасында Сәйбен, Сейбақ, Шәйбен, Сәдібек деп те ныспыланады. Енді түсінікті болды.

«Атамыз Тоқтарқожа Сәйбекханнан,

Кезінде озған екен мың мен саннан»

деген жолдардың түпкі, ұмыт болған мағынасы. Найман баланың Сәйбек-Шибан хан сарайында өскенін, оның найман елтұтқасының баласы екенін шежіре осылайша, ауыз әдебиетінің, ауызша шежіренің нормаларына сәйкес ауыстыра сақтап қалған. Хан ордасы Үргеніш – Хорезмде. Шәкәрім қажының «өзбек-сарты» да басы ашылды. Хорезмнен келген қазақ-найманды, жеріне қарап «өзбек» дегені көрінді. Рас, Тоқтарқожаның арғы атасы Найманбала – Сәйбен де, Тоқтарқожаның өзі де – Шәкәрім атаның тұсындағы өзбек жерінен. Бірақ осы айырмашылықты Әз Жәнібек ханның тұсындағы өзбек жері мен Тоқтарқожа тұсындағы өзбек жерін қажы атаның ажырата алмағаны таң қалдырады. Орыс тарихшыларының еңбектерімен таныстығын, оларды оқығанын жазып отырған Шәкәрім қажы неге бұлай етті екен? Жұмбақ.

Қырықмылтық Сүлеймен бидің бірге жеткен шежіресінде айтады:

Тарихтан енді айтамын Тоқтарқожа,

Нәсім, (Сәдібек) хан баласы тегі таза.

Сол күнде ханның халқын қалмақ шауып,

Қашқын боп шабындыдан келген бала.

Шежірелерде Шибан – Сәйбек – Сайбақ – Сәйбек деп жүрген ханымызды «Сәдібек» деп атады. Бұл да ауызекі дала тарихына тән. Бірақ осы төрт жолда аса құнды «Нәсім» деген адам есімі бар. Сәйбек те, Найманбала да Тоқтарқожаның атасының азан шақырып қойған ныспысы емес. «Сәйбекханнан» дегеніміз, «Сәйбен ордасынан» деген мағынада, «Найманбала» найманнан аманатқа келген бала деген мағынада екенін бірнеше жылдан бері айтып, жазып жүрміз. Одан жұрт құлағдар. «Нәсім» деген есім тек осы шежіреде айтылады. Әрі «дейді», «деген» демейді, кесіп, нақты білетін адамдай атайды. Сонда біз «Сәйбек – Сәйбен – Шибан» деп, келесіде «Найманбала» деп жүрген адамдарымыздың аты Нәсім болғаны ма? Әбден мүмкін. Шежірешілер мұны да түртіп қойғаны жөн.

Дарабоздың арғы аталары қозғалғанда айтылатын Сейбен, Шибан, Шәйбен, Сайбақ, Сәдібек аталатын осы беймәлім жанға да тоқтала кетейік. Қазақ халқының тарихында ондай екі адам бар. Біріншісі, Шыңғыс ханның тұңғышы Жошыханның бесінші ұлы – Шәйбен қолбасы. Біз іздеп отырған хан бұл бола алмайды. Себебі, ХІІІ ғасырдан ХVІ ғасырдың орта шеніне дейін 300 жылдай жатыр. Оның үстіне ол хандық дәрежеге көтерілмеген.

Осы Шәйбеннің тікелей бесінші ұрпағы тағы да бір Шәйбен – Сәйбен бар. Ол Маураннахр мен Хорасанды қоса билеп, Орта Азияны дәргейіне жыққан Шәйбен (1451-1510) – (Сәйбен – Сейбақ – Шайбақ – Сәдібек). Әбілхайыр ханның ұлы Шах Будах сұлтанның тұңғышы. Міне, нақ осы Сәйбен, оның ұрпағы түркі рулары басшыларының балаларын аманатқа алып отырған. Бұл шара аманатқа бала бергендердің бас көтермеуі, өзгеге ауысып кетпеуі үшін істеген. Осындай аманатта Найманбала да болғанын Қаракерей Қабанбай батыр туралы кітаптарымызда жазғанбыз. Қайталама қажет емес. Қысқартып, еске түсіру үшін оралып отырмыз. Білгеннің зияны жоқ қой.

Қазақ ауыз әдебиетінде – қазақтың қалмақтан басқа жауы жоқ. Қырғызбен соғысты, естекпен айқасты «қалмақпен» деп тұрып алады. Мәселен, Қаракерей Қабанбай батырдың 1769-1770 жылдарғы екі соғысы да қырғызбен ғой. Бірақ дастандар «қалмақ» етеді. Қалмақтың бізге тізесінің батқаны, запы тартқанымыз сонша дұшпан десе қалмақты тауып аламыз. Тоқтарқожа жағдайы да солай? Хорезм мемлекетінің іші саяси күресінің аяғы қанды қақтығысқа соққанын шежіре өзінше, ауыз әдебиетіне сәйкес айтады. Аласапырандағы оқиға ортасындағы Тоқтарқожаны «хан тұқымынан» деп бұлғақсыз сөйлейді. Ақтайлақ шежіресі де Сәйбек ханнан таратқаны есімізде. Ахмади шежіресі де Шайбақ ханнан шығарады Тоқтарқожаны. Ал Төбе би Сүлеймен тоғыз атасын хан қылып көрсетеді. Бар шежіре бірауызды. Найманбала Сәйбен – Шибан ханның ордасында аманатта болған найман ел тұтқасының баласы. Тек Шәкәрім қажы ғана Байжігіттің арғы жағын көрсетпейді. Тәрізі найман шежіресін қажыға айтқан адамның білгені сол ғана болса керек.

Келесі бір аса маңызды жағдай – наймандар нақ осы ХVІ ғасырда, Тоқтарқожаның тұсында өзбекте, түркіменде аса қуатты, мемлекет ісіне тікелей араласып отырған, патшаның оң жағынан орын алған, өзгелерге дес бермейтін ру еді дегенді М.Тынышбаев дәлелдеп кеткен. Наймандар «Сыр бойындағы қалаларды, Үргенішті басып алуға... Жошы ханның қолбасшылығымен қатысып Арал мен Каспий теңізінің аралығына қоныстанып қалды,.. Жошы ұлысының орталығы Арал-Каспий теңіздері аралығына ауысқанда ... найман өз үлестеріне жер алды». (Найман. Алматы, 2008 ж. 335 бет). Көріп отырсыздар, наймандар Сыр бойына, демек, бүгінгі өзбек жеріне, Үргеніш, Хорезмге 1200 жылдардың алғашқы онжылдықтарында қоныстанып үлгерген. Тамырланған. 1621 жылдары осындай мол күш жиендері Әбіш және Елбарысты қолдаған шығар. Сөйтіп, таққа жиендерін жетеледі. Осы кез туралы Шәкәрім ата Әбілғазы баһадүрге сүйеніп мынадай мағлұмат береді: «Таққа Самарқандтық Хосрау дегенді отырғыза алмаған соң, Софы Мырзаның баласы Өкіреш қазақтарға көшіп кетті». (Шәкәрім Құдайбердіұлы, Родословная... Алматы, 1990 ж. 75-бет). Шәкәрім ата осы жерде Өкіреш шалдың емес, Өкіреш наймандардың өзбек жерінде қалған үлкен тобының қазаққа ауа көшкенін айтып, найманға қатысты тағы да бір деректі көтеруге жетелейді. Ол жайлы М.Тынышбаев былай жазады: «1625 жылы әкесін өлтіргендер өлтірілді. Наймандар Хорезмнен 3 бағытқа қашты...» (М.Тынышбаев, Материалы истории киргиз-кайсахского народа. Ташкент, 1925 г. 56 стр). Сауатты адам наймандардың 1600 жылдары бүгінгі бүкіл өзбек жерінде, шығысы – Ташкенттен бастап, батысы – Хорезм, Хиуаға дейін қоныстанғанын ұқты. Елбарыс пен Әбіш лаңынан соң бастарына туған күн ауа көшірді оларды. Солардың бірі – Тоқтарқожа, оның інілері.

Байыс би осы кезде дәл сол Хорезмде жүрген сияқты. Екіқабат әйелді тастап, жедел аттануы, мойын бұруға шамасы келмегені Әбіш пен Елбарыс көтерілісінің Байыс атаға да қатысы барын көрсетеді. Қарсы жақ бұл кісіге де қырын қараған-ау. Ондайда «аш пәледен – қаш пәле».

Байыс бидің жиі сапарға шығуының басты себебі сауда емес сияқты. Негізгі мақсат – Өкіреш шал әулетінің арасын үзбеу, ыңғайына қарай топтастыра беру, найман атаулысын қазақ ордасына жинау. Осындай шаруа үстінде Байыс би Тоқтарқожамен танысып, ұғысып кеткеніне күмән жоқ. Екеуі әуел бастан таныс, сыйласымды. Бұған мынадай дәлел бар.

1. Қазақтың байлығының да, барлығының да басы, түп негізі – жылқысы. Жылқыны сақа, аса сенімді, бойында күші, қарында қуаты бар жігіттер ғана бағады. Себебі, жылқы азайса, ел ағаларының ырысы да азайғандай көрінетін. Байыс бидің елінде де аптал азамат аз емес-ті. Соған қарамастан жылқышыларды да, жылқыны да Тоқтарқожаға тапсырады. Неге? Өйткені, Байыс би Хорезм, Хиуадағы, Самарқандағы «көшпелі өзбек» аталып жүрген қазақтардың арасындағы текті тұқымнан шыққан Тоқтарқожамен ежелден тонның ішкі бауындай араласып, білісіп кеткен. Екеуі көне таныс. Бойдағы найман қаны тартпай тұра ма?! Және бір себеп – ол заманда не көп, төбе астына жасырынып, жарау ат мінген, жігіт-желең жинаған барымташы көп. Олар – саққұлақ. Жылқышы осал болса – барынан айырады бұлар. Демек, бас жылқышы, оның жігіттерінің апайтөс екені жөніндегі дақпырт жан-жаққа таралып жатуы қажет. Жырындылар ұрынбай айнала жүруі тиіс. Жылқы жүрдек мал. Ендеше, жылқышы оны айдап қашатындай адам болмауы тиіс. Тоқтарқожа нақ осындай атан жілік, сарабдал,сенімді еді. Қайраты мен ақылы егіз.

2. Қазақ жеті атасын білмеген жерден қыз алып, қыз беріспеген. Оның үстіне Байыс секілді бүкіл ел аузына қараған дегдар бай «тең-теңімен, тезек-қабымен» деген қазақы қағиданы берік ұстанған. Байыс бидің құдасы, күйеу баласы өзімен иық теңес, тегі қаракөк болуы – міндет. Бет-беделін, абырой-атағын өлімнен де жоғары ұстайтын Байыс бай Тоқтарқожаның өзге елде қалған найман ел тұтқасының тұқымы екенін, араларына жеті ата түсіп кеткенін анық білген соң берген жалғыз қызы, еркетотай Мақтаны. Есебі мүлт кетпес дала данышпаны өзбек жеріндегі шу-шуқанның басылатынын, Тоқтарқожаның ата беделін қайта жиып алатынын, алыста қалып бара жатқан наймандарды ұйыстыратынын түсінген. Нақ осыған жәрдем жасаудың, Тоқтарқожаны күшейтудің бір амалы деп қызын берген. Түпкі ойы – алыстағы наймандармен жең үшінен жалғасуды үзбеу. Тоқтарқожа мүтілім найманға аты мәшһүр Байыс бидің қызын алып, қазақтағы қара орман найманға арқа сүйеп қайтса, мәртебесі бұрынғыдан да өспей ме? Міне, Байыс бидің байламы. Қазақтағы ғана емес, әр елдің аумағына шашырап кеткен алыстағы қандастары – тектестерінің де қамын ойлаған данышпан атамыздың ісі осындай еді.

3. Айтыңыздаршы, Тоқтарқожаның Байжігітті тастап, Жанжігітті алып кетуінде де хан тағының маңындағы таңдаулылардың, ханзадалардың паңдығы, парасаты жатқан жоқ па? «Жүрмеймін» деген Мақтаны қинаған да, ренжіген де жоқ. Қайын атасының бауырында өскен Байжігітті анасынан ажыратпай тастап кетті. Бірақ қазақта «Қара шаңырақ» деген қасиетті ұғым бар. Сол ұғым, қазақшылығы кенжесі – Жанжігітті тастатпады... Болсаң, осындай қазақ бол!

Десе де, 1625 жылғы оқиғаларға қайта оралайық. Хорезм, Хиуадағы наймандар бой тасалауға мәжбүр болды. Үлгергені қатын, бала-шаға, мүкамалымен, үлгермегені қолына іліккенімен елден қашты. Осындай, найманның бір тобы Тоқтарқожа, Толымқожа, Қойшыаға болды. Қатын-баланы төркіндері мен нағашыларына тапсырып, ашу азайғанша, уақытша өздеріне етене таныс Байыс бидің еліне, өз найманына ат басын тіктеді. Үшеуінің жаңылмай, адаспай келуінің де реті бар. Айтуларына қарағанда Қойшыаға ел аралағыш, серілеу, сапаршыл адам екен. Бүкіл матай әулие тұтатын Қызай ананың көзіне түсіп, екеуінің бас қосуы да Қойшыағаның осы қасиеті сияқты. Сол Қойшыаға керуен тартып, еліне әлденеше келген найман ағасымен ілесіп, Байыс бидің оторнына келіп-кетуі де мүмкін-ау. Әбден мүмкін.

Тоқтарқожаның қатын-баласын қайын жұртына тапсырып кетуі және бір ойға жетелейді. Қауіп төнгені рас. Ендеше, Тоқтарқожаның қайын жұрты қыздары мен жиендерін қорғай алатын, озбырдың тырнағына түсірмейтін бақуатты, жуан тұқым болғаны. Бұл да Тоқтарқожаның аса текті найман екеніне бір дәлел.

4. Қаракерей Қабанбайдың арғы аталары туралы айтушылар мен шежірешілерде Сәйбен хан әз Жәнібек ханмен тұстас. Әз Жәнібек Жұпар анаға жерді өз үкімімен бөліп береді. Бұл оқиға жөнінде барлық шежірелер мен шежірешілер, Дарабоздың өз ұрпақтары пікірлес. Өзгедей ауан жоқ. Екі-үш қиырға тартып тұратын шежіре бұл мәселеде басқа айғақ ұсынбайды.

Тоқтарқожаның атасы Сәйбек пен анасы Жұпар қазақ ханы Әз Жәнібекпен сыйласымды болды. Ал Әз Жәнібек Қазақ Мемлекетін құрушы, қазақ жерінің иесі, жұрты да қазақтар, арқасүйері де өзге емес, өз алашы. Қазақ тарихында ханның кесімді жер телімін бөліп беруі кездесе бермейді. Аса сирек құбылыс. Оның үстіне қазақ жері атасы басқаға еш уақытта ұстатылған емес. Бұл – таласы жоқ, тарихи факт. Әз Жәнібек қазақтан өзгеге тұтам жер бере алмайды. Әрі жер атауы да «Жұпар қорығы» деп қазақыланып тұр.

5. Тоқтарқожа шынымен бүгінгі түсініктегі қожа болса, қожалығын істер еді. Бала сүндеттеп, шәкірт оқытып, жаназа шығарса, жарасады. Алайда, не өзі, не інілері дінді маңайламайды, қожалықтың нышаны жоқ. Ол заманда осындай қожа бола ма? Ал жылқы бағу – үйір-үйір жылқы баққан, мыңғыртып мал өсірген, жаз-жайлау, қыс-қыстауда еркін жосыған қазақтың бас мамандығы, мақтаны. Ал өзбек болса, сауда жасап, тері-терсек жинаса керек-ті.

Найманбала – (Сәйбекхан) Шәйбендерде аманатта өскен найман Елтұтқасының ұлы. Одан өрген Тоқтарқожа да найман емей, кім болсын.

Шәкәрім қажы Софы мырза деген адамды Өкірештің әкесі деп, оны Самарқанмен байланыстыра жазады. Осыны талдау қажет.

1. «Жұпар қорығы» – «Жұпар сай» Өзбекстанның Самарқан уалаятының (облысының) Қаранайман ұлттық паркінің ортасында. Ақтайлақ би «Найманның баласы Тоқмақ деген жалғыз ұлы өліп»... дейді ғой (66-бет). Ғажабы – осы Тоқмақ ауылы қаранайман ұлттық паркінің шетінде, Жұпар сайдан таяқ тастам жерде. Бұл нені мегзейді? Наймандардың ол заманда, әлі қазақ-өзбекке бөліне қоймаған кезіндегі Жиделі – Байсында ғұмыр кешкенін ашып көрсетеді. Айтпақшы, Самарқан облысында Байсын атты ауыл бар. Шәкәрім ата Тоқтарқожаның ар жағы осы маңнан екенін білген. Білген де, өз тұсында онда өзбектер тұрған соң осылай жазған деп долбарлауға болатын сияқты. Басқа себеп жоқ.

2. Шәкәрім атаның өзбекті «сарт» деуінің астарында не жатқанын түсіну қиын. Әкесі жастай өліп, Абай дананың тәрбиесінде өскен қажы атаның Абайдың қарасөздерін білмеуі мүмкін емес. Ендеше, Екінші сөзде «Мен бала күнімде естуші едім, біздің қазақ сартты көрсе, күлуші еді, енеңді ұрайын кең қолтық, шүлдірлеген тәжік» деп, Абай сартты өзбектен бөліп қарайтынын қалай аңғармады екен? (Абай. Қарасөз. Поэмалар. Алматы, 1993 ж. 9 бет). Өзбек – сарт емес. Біле білсек, қазақ нақ осы өзбектен бөлініп шықты емес пе? Оның үстіне қазақ атам заманнан бері «Өзбек – өз ағам, сарт-садағам» деп өзбек пен сарттың, тәжіктің аражігін ажыратып, өзбек туысымыз екенін айтып келеді. Кеңес үкіметі тұсындағы бақталастық, қазіргі дүрдараздық ол тұста етек алмаған. Өзім қанша барып жүрмін – наймандар да, тарақтылар да, шапыраштылар да, жағалбайлылар да, «қарындас» деп қарсы алады, бәйектеп, зыр жүгіреді.

3. Реті келгенде айта кетейін – Самарқан маңы тұнып тұрған қазақ руларының ауылдары. Қышлақ аттары – Бағаналы, Балталы, Балғалы, Бесбала, Беснайман, Дүрмен, Жағалбайлы, Зарман, Қаңлы, Қарабағаналы, Қаранайман, Қатаған, Қият, Қоңырат, Маңғыт, Найман, Наймансарай, Наймантепе, Найманауыл (өзбек қышлақ дейді ғой), Шанышқылы, Сарықыпшақ, Өкіреш, Тарақты, Керей, Шапырашты, Жоғары үйсін, Жанғұлы, Төртуыл, Тоқмақ, Садыр, Қаракесек, Қанжығалы, Қарқұрсақ, Шөмекей, Сарықұл, Жамбай... Бұл – мен білетін қазақ рулары. Білмей, жаза алмай отырғандарым қанша екен? Қазіргі Қазақстанның қай облысында ру аттарымен аталатын мұнша ауыл бар? Жоқ, әрине! Дәл атаулар кезінде Самарқан қазаққа мекен болғанын айқайлап айтып тұрған жоқ па?! Осы жағдайды Ақтайлақ би, Шәкәрім қажы, Мұхаметжан Тынышбаев, Халиди аталарымыз білді ме? Білсе, Самарқанды ауызға алып отырған Шәкәрім ата олай жазбаса керек еді. Тоқтарқожа, оның ар жағы Өкіреш Шал заманында Самарқан маңын қазақтар (көшпелі өзбектер) мекендегенін аталарымыз аңдамаған сияқты.

Самарқаннан 30 шақырымда жалпы найманның шежіре бойынша бастауы Өкіреш Шал жерленген. Өкіреш Шалға өзбек наймандары 1988 жылы белгі қойып, моласын сақтап отыр екен. 2010 жылы Талдықорған, Семей, Өскемен, Шымкенттің азаматтары жиналып, көрнекті, ел қызыға қарайтын құлпытас орнаттық. Биіктігі – 3 метр, ені – 1,1,5 метр қызыл гранит атамыздың мәңгілік орнын белгілеп тұр қазір. Ас берілді. Оған жоғарыда аталған рулар көптеп қатысты. Өзбектер өмірінде сонша мал сойылып, ас таратылып, екі күн бойы аталарына арнап құран оқытқанды көрмеген екен. Біз көрсеттік. Айта кетсек, жөн шығар. Ата моласы туралы өзбек Өкіреш наймандардан алты жыл бұрын естігенбіз. Содан бері асықпай зерттедік. Себебі, аса сенбеген едік. Көз жеткен соң моласын да, Өкіреш найман ауылын да таптық.

Нақ осы Самарқанды Алшын Жалаңтөс Баһадүр биледі емес пе? Одан әрі, батысқа қарай Әйтеке биге кесене тұрғызылды. Ыңғайсыздау шығар, сонда да айтайық. Жалаңтөс баһадүр де, Әйтеке би де Алшын ішіндегі Төртқара тайпасынан. Нақ осы Төртқара Матай ішінде де бар. Бұлар, сөз жоқ, кезінде бір ру болған, кейіннен бірі сол жақта қалып, екіншісі найманымен көшіп кеткен, екіге бөлінген бір ата. Ал Тәшкеннің қақ төрінде Төле бидің кесенесі тұр. Басына барып құран оқығанымызда, анық аңғардық: өзбектер мойындап қалыпты.

Ең ғажабы, өзбек наймандары Ақсақ Темірді дүрбен найман, оның ішінде барлас табынан деп отыр. Қазақ наймандарының шежіресінде дүрбен (дәрмен, дербет кейде дүрбет) жоқ. Алайда Шымкентте, Түркістанда, Қызылордада өздерін «найман ішіндегі дүрменбіз» дейтін үлкен жұрт бар.

Осы жерде мына бір ғылыми деректі келтіре кетсек: «VІІ ғасырға қарай наймандарда ұлыс құру ахуалы пісіп, жетіліп, нәтижесінде хан басқарған дербес мемлекет тарих сахнасына келді. Жаңадан құрылған конфедерацияның құрамында сегіз тайпа: найман, татар, қатағин, салжиут, мергіт, дербен, ыбырат, тайжиуттар енді». (Е.Сәлімбай Ата-баба тарихынан, Алматы, 2007 ж. 34-бет). Бұл да ойда жүргені абзал. Жалпы, сол тұстағы, VІІ-ғасырдағы атаулар аса көп өзгермеген тәрізді. Найман-найман, татар-татар, қатагин-қатаған, мергіт-меркіт, дербен-дүрбен-дүрмен, салжиут (меніңше - Саржомарт. Дереккөз Қытайдан екен. Оларда «р» әрпі жоқ. Осы әріпті «л» әрпінің орнына қойсақ, «саржомарт» бой көрсетеді), Тайжиут – Шыңғысханның тұсында «ж» өзгеріп – тайчиут аталды, Ыбырат.

Мыңғұл жерінде, Алтайда өсіп-өнген осы тайпалар жөнінде көп еңбектенген мыңғұл тілінің жетігі, тарихқа бойлап жүрген, «Намыс» журналының Бас редакторы Бекен Қайратұлы мынадай пікір айтады:

–«Салжиуттар» дегенді «селжүктер» деп қарастырса болғандай. Бүгінгі түріктер кезінде «селжук» аталды емес пе? Салжиут – селжук – саржомарт тым жақын. Әрі барлығы да түркі. Осы үшеуі бөлініп кеткен бір ру болуы әбден мүмкін.

Әрине, ықтимал. Ал «Ыбырат» сөзінен өз басым «бура» сөзін оқимын. Көне түркіде, бүгінгі мыңғұл мен қалмақта «т» көптіктің белгісі. Біз, мысалы, «ырғайлы» десе, олар «ырғайт» дейді. Сол сияқты біз «сілелі» десек, олар «сілет» дейді. Сонда көне «ыбырат» бүгінгі қазақша «ыбыралар» деген мағынада тұр. «Ыбыра» мен «бураның» сөз үндестігі бірін-бірі қайталап тұрғандай. VІІ ғасырдан бергі 1300 жылда өзгеріске ұшырады ма? Ол кезде бұл сөз қандай мағына берді? Ойлана жүрейік.

Жоғарыда айтқанымыздай, Бура да Көкжарлы да «жоғалып» кетіп, кейін «табылған» балалар емес. Олар – ықылымнан келе жатқан найман конфедерациясының құрамындағы аталас рулар. Ақиқатты аңыздан ажыратсақ, шындығы – осы.

Мергіт – меркіт туралы бір ауыз сөз. «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген кітапта (Қазбек бек Тауасарұлы, Түп-тұқианнан өзіме шейін. Алматы. Жалын. 1993 ж. 96-бет). Меркіт пен Шапыраштының бірі баласы, бірі әкесі. Тек, ауыз әдебиеттегі шежіре дерегі сияқты әке мен баланың орны ауысқан тәрізді. Соған қарағанда бұлар да найманмен туыстас.

Алтай алқабында Қаракерей Қабанбай батырды арғы атасы Тоқтарқожаны есіміне байланысты «қожа» жасамақ ниет болғанын естідік. М.Тынышбаевтың «Тоқтар деген қожа» дегенін бетке ұстаса керек. Бұл енді Тоқтарқожаның, оның ар жағының тарихи оқиғаларын, солардың тұсындағы лауазым, шендерді білмеуден туған қателік. М.Тынышбаевтың «қожа» дегенде не айтқысы келгенін түсінбеу.

Мұны да талдайық. Алдымен Қаракерей Қабанбай батырды бізден әлдеқайда жақсы білгендерге жүгінейік. Олар кімдер? Әрине, замандастары – Бұқар жырау, Ақтамберді, Үмбетей, Әйтеке, Төле, Қазбек билер, Абылай, Саршуаш жыраулар, өз ұрпақтары. Осы Ұлы бабаларымыздан Қаракерей Қабанбай батырдың найман екеніне күмән келтірген бір ауыз сөз қалғанын естігеніңіз бар ма?

Әрине, жоқ. Керісінше, Бұқар дана:

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Шақшақұлы Жәнібек,

Қаз дауысты Қазыбек,

Ормандай көп Орта жүз

Содан шыққан төрт тірек,

– деп хан Батырды ол тұстағы бар қазақтың төрт тірегінің алдына шығарып, руын «Қаракерей» деп тап басып айтып тұрған жоқ па? Ұмытпауымыз, жадыдан шығармауымыз қажет – қазақ ұлтының көзі де, сөзі де болған Ұлы Аталық, Алаш жұртының арасында Көмей Әулие атанған Бұхар данышпанға ревизия жасалмайды. Айтқаны – шындық. Әлде «... Қазақта Қаракерей Қабанбайдай... батыр болған емес» деген Мәшһүр Жүсіп Көпей әулиемен сөз жарыстырамыз ба? Ол жарықтық та «Қаракерей» деп соқырға таяқ, білмеске айғақ ұстатып тұр ғой. «Бүйректен-сирақ» кімге, не үшін керек болды екен? Жалпы, адам баласы өзінің тегінен, жаратылысынан алыс кетпейді. Күні кешеге дейін қожалар – дін сақтаушылар сауатты мұсылмани істерді атқарып келді. Қаракерей Қабанбай батыр тұсында да солай болған. Жауға түсіп, дұшпан түру, атамекенді қорғау – қазақ батырларының үлесі. Әркім қоғамдағы орнын білгені абзал-ақ. Қаракерей Қабанбай батырдың тарихи шежіресін зерттей бастағаныма отыз жылдан асыпты. Алды-артын азды-көпті білетін сияқтымыз. Бастауы найманның елтұтқасы – Тоқтарқожа, аталары – атақты палуан – Мәмбет, Еңсегей бойлы ер Есімнің жеке батыры Күшік болса, арты – Әлі, Әділбек батырлар, Егемен қазақ елінің Парламентінің Төрағасы – Марат Оспанов, әлемді аузына қаратқан – Мұстафа өз Түрік, жазушы – Зейнолла Сәнік, Әсет Найманбайұлымен құйрық тістескен әнші Мәмбет, оның шәкірті, Д.Рақышевтың ұстазы – Қадрихан. Батырдан, саясаткерден, палуаннан, өнер тарландарынан кенде емес. Бірақ Дарабоздың не алдында, не артында «пәленбай деген имам, түгенбай деген молда» болды дегенді естімеппіз.

Келесі, аса маңызды нәрсе – Қаракерей Қабанбай батыр, оның аталары туралы көпшілік алдында пікір алысамын десеңіз, сол аталардың заманына терең үңілген ләзім. Жалпы, «қожа» деген кім, бұл сөз Тоқтарқожаның заманында, оның алды, артында қандай мағына бергенін жұртшылық біле бермейді. Осы жағына да бір сәт тоқтала кетейік. Әңгіме түгел болсын. Сәйбен – Сайбақ – Шибан – Шәйбен – Шайбан ұлысының ұлы ханы Әбілхайыр заманына жүгінейік. Әбілхайыр мөлшері 1428-1429 жылдары хан сайланды деп топшыланады. З.Сәдібеков (Қазақ шежіресі. Ташкент, 1994 ж. 97-б) осы сайлауға найманнан тоғыз елтұтқа ру, тайпа көсемдері қатысқанын жазады. Олар – Шайх софы найман, Ақ софы найман, қара найман Оспан, Толу қожа найман. Тұнғашық қожа найман, Сары оспан Өкіреш найман, Жүсіп қожа найман. Осылардың үшеуінің Толун, Тұнғашық, Жүсіп наймандардың «қожа» деген лауазымы, әлде шен, әлде дәреже. Ол «қожаның» қазаққа сіңген бүгінгі қожаға еш қатысы да, жанасы да жоқ.

Ол тұстарда «қожа» сөзі өзге руларда да кездеседі. Әбілхайырдың қолбасшылары – Бағлы қожа қоңырат, Дәулет қожа құсшы, Мағзы қожа уйшун. Енді, өздеріңіз де түсінген шығарсыздар, «қожа» сөзі – не лауазым, не шен. Мүмкін, сол рудың иесі, қожасы деген мағынада шығар. Осы сөз маған орыстың «боярин» деген сөзімен шендес көрінеді.

М.Тынышбаев нақ сол замандар тарихын жетік білді. Орта Азияда қалып бара жатқан қазақ рулары ғалымды қатты толғандырды. Ұлтын ұмыта бастаған қандастары, оның ішінде наймандар жайлы мол жазды. Соған орай М. Тынышбаев «қожа» сөзінің ол тұстағы мағынасын нақтылы біліп, Тоқтар деген қожа десе – «ел тұтқасы» – деген мағынада айтқан.

Қаракерей Қабанбай батыр жайлы аса мол дерек қалдырғандар, негізінен, өз ұрпағы. Олар: Төбе би Сүлеймен, шежіреші  Ахмади, Бейсенғали Садыхан, жазушы Зейнолла Сәнік. Осылармен қатар Қапшырбай Оспанұлы, Мәукен Шотанбек және шежіреші Төлеуғали Бірбалаұлы. Ахмади шежірешінің немересі Қапшырбай Оспанұлына, бір кездескенімізде:

–Аға, ең түпкі аталарыңыз туралы не айтасыз? Қандай тұқымнансыз? – дегенімізде, ұзақ ойланды. Содан айтқаны:

–Атам Ахмадидің шежірешілігін білесіңдер. Сүлеймен биден жеткен сөз де бар. Солар бір уақ жаңылмай:

«Атамыз Беден, Екем, Бердім деген,

Соңынан тоғыз ханды жетелеген»

деп отырушы еді. Сонда олардың кім екенін, сүйегі қайда қойылғанын сұрамаппын. Есімдері де құлаққа біртүрлі естіледі. Ол кезде бөлектеу сөйлеген бе? Солардың бер жағы өздерің білетін Тоғыз, Тоқты, Тоқтамыс хандар ғой. Әйтеуір, өңкей хандар айтылатын.

Осы ақпарат жазып алған жерімде пайдаланылмаған қалды. Қалғанда, Қаракерей Қабанбай туралы жинаған-тергенімді жазып жүрген кітапшамның мұқабасына түсіпті. Әмісе көріп жүрсем де мән бермейтінмін. Себебі, еш дәлел жоқ. Сөйтсем, қытайлық қандасымыз Жақып Мырзахан ағамыздың «Күшілік хан» атты кітабы қолымызға тиді. Жақып аға Шыңжаң-ұйғыр автоном ауданы қоғамдық ғылымдар Академиясы төрағасының орынбасары, Ұлттар тарихы Бүкілқытайлық қоғамы төрағасының орынбасары, танымал тарихшы, ұлт жанашыры. Осы кітапты оқу үстінде мынадай дерекке жолықтым: «... Күшілік ханның ұлы Сауыс – әжесі Гурбесу мен анасы Күңкенің арқасында өжет те батыр, сонымен бірге аса білімді ержүрек, ақылды азамат болып жетіледі. Үйленеді. Беден атты ұл көреді... Сауыс... Хананның әскерлі әкімшілік билігіне тағайындалыпты. Оның ұлы Беден (1229-1309) де әскери-әкімшілік міндетін атқарыпты. «Жолбарыс атқан жияңжүн» деген лақап ат алыпты.

Күшілік ханның Сауыстан басқа балалары болса, олар қайда? Олар кейін қандай рулы ел болды, Таян хан ұрпағынан жалғыз Күшілік хан емес, басқа балаларынан қашып құтылғандар да бар...» дегенді оқимыз.

Бұл деректер екі себептен баса назар аудартады. Бірінші, 1218 жылы Таулы Бадахшанда Жебе ноянмен жекпе-жекте найманның соңғы Күшілік өлді де, найман хандығы, ресми дерек көздеріне сәйкес, өмір сүруін тоқтатты. Бұған талас жоқ. Алайда «Мыңғұлдың құпия шежіресі», «Алтын тамыр» Жебе ноян мен Шыңғыс хан найман төрелерін қырып салғаны жөнінде ақпар қалдырмайды. Керісінше, Ж.Мырзаханның жазуынша, Күшіліктің ұрпағы Үгедей ханның тұсында түмен қолбасшылығына дейін көтеріледі. Қалай десеңіз де, тектіден текті туатынын дәлелдейді. Демек, найман ханзадалары бүгін наймандар қоныстанған өлкелерде, қырғызда, өзбекте, татарда, әзірбайжанда, түркіменде болуы да мүмкін ғой.

Мүмкін. Қапшырбай Оспанов ақасақал айтқан «Беден» мен Жақып ағамыз жазған «Беден» тым ұқсас. Екеуі бір адам емес пе? Мұндай сұраққа тірелуіміздің себеп-салдарлары бар. Қаракерей Қабанбай батыр 1724 жылы Түркістанда хан сайланады. Бұл – факт. Оның немере атасы Тоғас та хан сайланады. Ар жағында шежіре мақұлдайтын тағы да тоғыз хан бар. Сонда қалай болғаны? Өзбек наймандарының арасында Өкіреш Шал туралы бір аңыз бар. Оны жазғанбыз. Тағы да қайталасақ, артық болмас. 1218 жылы Күшілік хан мерт болғанда оның үрім-бұтағын Жебе ноян шешесімен, қатындарымен қоса Қарақорымға ала кетіпті. Алайда, Тәжікстанның Таулы Бадахшанындағы наймандар Күшілік ханның бір ұлын тығып қалып, тау сағалап, таптырмай кетеді. Сол ұл кейін Тәжік, Түркімен, Өзбек жеріндегі (бүгінгі атаумен жазып отырмыз) наймандардың басын құрап, кейін Кетбұқамен табысады. Кетбұқа арқылы Жошыханға жүгініп, Жошыдан наймандардан ұлыс ұйыстыруға рұқсат алыпты. Бұл Жошы өлген 1227 жылға дейін. Өкініштісі, өзбек наймандары баланың атын естерінде сақтамаған. Білетіндері, сол баланың найман ханзадасының кейінгі бір ұрпағы – Өкіреш шал.

Мырзахан Жақып ағамыздың «Күшілік ханнан қалған өзге бала бар ма?» деген сұрағына өзбек наймандары осылай жауап береді. Бұған қарағанда Күшіліктің екінші бір ұлы – Өкіреш Шалдың арғы атасы. Демек, екі ханзаданың ізі шықты. Бізге жақынырағы Қытайда емес, өз ішіміздегісі деп жорамалдаған дұрыс болар еді. Қаракерей Қабанбай батырдың бастау тегі Жебе ноянның қолына түспеген найман ханзадасынан деген тұжырым өз-өзінен сұранып тұр. Әлде Екем мен Бердімнің бірі тығылып қалған ханзада ағаларының хабарын естіп, біздің ортамызға келді ме? Аталастарының арасында қалып қойып, өсіп-өнді ме? Осы вариант әбден мүмкін.

Жошыға келген найман ханзадасы жайлы хабар сөз жоқ Шыңғыс ханның ордасына жетеді. Наймандардың бір ортаға жиналуына кедергі жасалмауына қарағанда Шыңғыс қаған ондай іске рұқсат берсе керек. Бұл жағдайды Күшілік ханның анасы Гурбесу мен келіншегі Күңке, ұлы Сауыс естіді. Күңке ханым ақылымен, көркімен Шыңғыс қағанның сыйлы әйелдерінің бірі еді ол тұста. Бүкіл империяға ықпал етер хан әйелі жүрек жылытар жаңалық жеткен соң бей-жай қала алар ма екен? Өлі-тірісін білмей отырған ұлы найман билігін қолына қайтарып жатса, хабаршы жұмсамай жата ма? Тіпті, ол ханзада Күшіліктің өзге қатыннан болса да, Гурбесу ана бар ғой. Немере хабары жай тапқыза ма? Қалай десек те, Гурбесу, Күңке, Сауыс бір шара жасайды. Ойлаймын, сонау Қарақорымнан басталып, Самарқан, Бұқараға жетіп бітер шаруаға Сауыстың екі ұлы Бердім мен Екемнің бірі немесе ұлдары шыққан. Хабардың анық-қанығын өз көзімен көру үшін әже мен ана өзгені емес өз ұрпағын жіберген. Тоғыз, Тоқты, Тоқтамыс хандар – осы екі ұлдың бірінің төлі. Екем мен Бердімнің бірі ағаларын іздеп келіп, тұрып қалған. Бұл – бір вариант.

Екіншісі, арада көп өтпей-ақ, бүкіл шыңғыс империясы батысқа қотарылды ғой. Солармен бірге Сауыс ханзаданың ұлдары да қалың найманымен бірге көшіп, Орта Азиядағы найманына қосылған. Маған осы версия тыңғылықты. Себебі, қазақта «қара» сөзі «үлкен», «көп», «негізі» деген де мағына береді. Мысалы, қара шаңырақ – үлкен шаңырақ, қара халық – негізгі мемлекет құрушы халық, қара мал – сиыр, Кешудің қара өткелі – Кешудің үлкен өткелі (Астанадағы өткел осылай аталады), қара жол – үлкен, кең жол. Өзбекстандағы қара наймандар, міне, нақ осы көшпен келгендер сияқты. Атауы соны мегзейді. Байбұқа, Байбүйрек, Күшіліктің-найманның қаракөктерінің төлдері.

Маңыздысы: қай вариантты алсақ та Тоқтарқожа, оның ұрпағы Ерасыл Қожақұлұлы – Қаракерей Қабанбай батырдың түп атасы найманның Ұлы Ханы Инанығ Білге Бұқа хан болып шығады. Одан бергісі – найманның соңғы ханы Күшілік немесе Байбүйрек. Біздің 1979 жылдан бергі тірнектеп жинаған деректеріміз осындай пікір қорытуға негіз болды.

Аңыздарда айтылатындай найман бала мен Жұпар ананың қазақтың әз Жәнібек ханымен тең отырып, ықпай сөйлесуі Найманбаланың түпкі тегінде. Оны әз Жәнібектің білгенінде.

Биыл Қаракерей Қабанбай батырдың туғанына 320 толды деп топшылап жүрміз. Тоқтарқожа Дарабоздың төртінші атасы, екі ара мөлшері – 100 жыл. Ел ішінде Тоқтарқожаның қайтып кету себебі түсіндірілмейді. Барлық шежіре «Жанжігітті ертіп кетті» деп шолақ қайырады.

Алайда, осы бір ауыз сөздің астарында қаншама адамның тағдыры, қаншама оқиғалар жатыр. Үйлі-баранды адам бауыр басқан ортасынан оңайшылықпен қол үзе ме? Мәжбүр етер себептері қордалануы қажет қой. Шынында да жылы орнынан қозғаған жағдай да мол.

Солардың ең бастысы – 1625 жылы Хорезмде наймандардың басына төнген қауіп 1645 жылдары сейілді. Енді еліне оралса, басына төнер қауіп жоқ. Жұртымен үнемі хабарласып отырған Тоқтарқожаның көзі бұған анық жеткен. Арада өткен жиырма шақты жыл Әбіш пен Елбарыс оқиғасын ұмытқызды.

Жиырма жылға иек артуымыздың себебі бар. Тоқтарқожаның келіншегі Мақта Байжігітке қалыңдық іздеп шыққанда былай дейді:

Мұрынның жалғыз қызы атым – Мақта,

Нақ шыным, жалған айтқан емес жанмын.

Ұлым бар – жалғыз ғана, екі-ақ жанбыз,

Сырымды айттым саған жаным.

Мұны біз Кәрібай Таңатарұлының (1872-1931).. «Мұрын және Байжігіт» дастанынан алып отырмыз. 1916 жылы Көктұмада өткен найман түселінде (сьезінде) Төбе би, Қаракерей Қабанбайдың тікелей ұрпағы, әйгілі Сүлеймен төренің ауызша айтуын Кәрібай ақын өлең жолдарымен жырлап шыққан емес. Осы дастанда аса мол мағлұмат жинақталған. Әсіресе, Байжігіттің үйлену жайы. Мақта жаңағы сөзді өзіне ұнаған, Найманның үлкен бір атасы матай ішіндегі Қаптағай табының Бақберді деген азаматының Бүрлен деген қызына қарата айтады. «Екі-ақ жанбыз» деуі Тоқтарқожаның бұл тұста қазақ арасында еместігін көрсетеді. Байжігіт сол заманның салтына орай 16-20 жас аралығында үйленер болса, Тоқтарқожа да осы жылдар мөлшерінде Мақтамен түтін түтеткен. Артында қалған шудың әбден басылғанын тосқан.

Екінші, Байыс би осы тұста дүниеден озған сияқты. Бұл жағдай да Кәрібай ақынның «Мұрын және Байжігіт» дастанынан көрінеді. Бүрленді ұнатқан Мақта Сармырзаға келіп, қызға құда түсуді өтінеді. Екеуара ақылдасып, шаруа Жолымбетке жүктеледі.

...Жайлауы Дәулеткерей, Есіл, Нұра,

Құдалық бұрынғыдан қалған мұра.

Аттанды ел жайланып орныққан соң,

Жолымбет көп жолдаспен бас боп құда.

Жолымбет Сарымырзаның үлкен ұлы,

Сыйлайды құрмет тұтып, халық мұны.

Мезгілде уәделескен құдай десіп,

Матай да күтіп алды жолаушыны.

Көріп отырсыздар, Байыс аталмайды. Егер би ата тірі болса, Сарымырза әкесінсіз мұндай шаруаны жеке шешпесі анық. Ол – әке тұрып, ұл сөйлемейтін заман. Осы жағдай, аса құрметтейтін, пана тұтып жүрген Байыс би дүниеден өткен соң, Тоқтарқожа торыққаны рас. Өзінің де ұлғайған жасы бар. Әртүрлі ойды осы қаза туындатты. Оқиға Арқада – Есіл мен Нұрада болып жатыр. Найман әлі сол жақты мекендеп отыр.

Үшінші, Байыс бидің қайғысын Қойшыағаның кісі қолынан мерт болуы еселей түсті. Қойшыаға Қызай анамен бас құрып, қазақтың әмеңгерлік салтын бұзды. Себебі, Шағырдың інілері, ағалары бар ғой. Матай қалың жұрт, әмеңгері де солар. Ал Қойшыаға – сырт адам. Осы жағдаймен матайлар ақыры Қойшыағаны өлтіріп тынады. Мұны естіген Тоқтарқожа матайға құн даулай келеді. Сонда матай жағы:

–Ұлын ал да, ұрынбай жөніңді тап! Күшік күйеуге құн төленбейді, – деп жұлын үзер сөз айтып, бет қаратпады.

Нақ осы сөз Байыс би өлген соң Тоқтарқожаның есесі кетерін анық көрсетсе керек. Оның үстіне алыста қалған, өсіп-өніп жатқан бала-шаға сағынышы да кеудеде кептеліп, әзер жүр еді. Мына жағдай бір шешімге итерді. Отбасында ортаға салынып, екі бірдей текті ұрпақ ың-шыңсыз, сыйласыммен қақ жарылды. Тоқтарқожаны сән-салтанат, керуенімен шығарып салды. Бұл 1645 жылдары.

Тоқтарқожаның інісі Толымқожа керей ішінен шаңырақ көтерген-ді. Ол да қайтып кетсе керек. Себебі ашамайлы керей ішінде Толымқожа бір де бір шежіреде кездеспейді. Құлболды деген ұлы бар дегенді естіп, оларды да тауып едік. Алайда олар аттас адамдар сияқты. Өздері Толымқожа дегенді естімеген де екен. Әрі керей ішінде де екі әңгіме жоқ.

Арада 200 жылдай өткенде Қойшыаға дауы қайта жаңғырады деп кім ойлаған? Арқадан көтерілген найман матайлары алдыңғылардың бірі болып, 1810 жылдары Аягөздің сол жағалауына өтті де, ілгерілей Итішпес-Алакөлдің терістік жағынан мекен тепті. 1817 жылдары олардың күнбатыс жағына Байжігіттер іргелесті. Ағайын ың-шыңсыз бола ма? Төрт түлік мал жайымен, өріс жайымен анда-мұнда кикілжің де қылаңдады. Байжігіттер ол тұста жуан еді ғой. Қабанбай батыр есімі қазақ аспанында асқақтап тұр. Алакөлге қарай ұмтылған Байжігіт-Мәмбет-Қожақұлдар екпінді көрінді. Ақыры болмашыдан дау туды. Осы шу-шуқанның үстінде Байжігіттер Қойшыағаның өлімін айтып, көне көнді көтерді. Енді шуға айқай қосылып, «Аттан» ғана қалған.

Қызайдың Тазабек биі опырылып құлар осал деп кім айтты? Төлек атайдан тарайтын екі көкжал тап беруге таяу еді. Араға ағайын түсті. Төлек атайдың және бір түлегі семіз найман екі бауырын тоқтатты, татуластырды.

Бірақ, екі жүз жылдан кейін жаңғырыққан ескі жара екі ай, екі жылдан соң қотыры ашылмасына кім кепіл? Оның үстіне Қызайдан туған балалар да Байжігіттермен қатар отырса, дүрдараз өсетін сияқты. Бір ұл атасы жағынан солардың тумасы ғой. Бүйрегі бұрмай қоя ма? Осы жайларды елеп-екшеген дана би Тазабек кигізін теңдеп, керекуін жиып, алдымен Боздалаға (бүгінгі Бұротала), ары қарай Күнеске көшін түзеді. Керемет! Тазабек бидің осы шешімі ағайын арасын одан сайын салқыннан сақтап қалды. Қызай атанған толымды ру тұтастығын бұзбады. Тез өсті, көбейді. Іргелі жұртқа айналды. Бір өкініштісі, Қытайда қалып барады. Қазіргі матай-қызайдың ішіндегі «Қойшыағамыз» дейтіндер біз сөз етіп отырған найман Тоқтарқожаның інісінен туғандар. Мұны да біле жүрген жөн-ау.

Қазағым данышпан ғой! Арасында ерегес бар екі әкенің баласын тұтастыру үшін ортаға ананы салып, «Қызай» атап жіберді. Енді қалай бөлінерсің? Қызай анадан туғаның ақиқат!

Қаракерей Қабанбай батырдың арғы жағындағы оқиғалар бертін де тұтанып отырған. Себебі, жақсы да, жаман да ұмытылмайды. Өзгеруі, мәнін жоюы әбден кәдік, бірақ ел жадысынан шығуы қиын. Соның айғағындай Тоқтарқожа жайлы, оның арғы бабалары жөнінде зерделеп, жиғанымызды ұсындық.

Ел арасында Тоқтарқожаның ұлы «Байжігітті» жиен дегенде ол сөз Байысқа ғана қаратылып айтылады. Байжігіт өзі де түбірін, тамырын найманнан алған. Заты да, діңі де – найман. Найманнан найман қыз алуы таң нәрсе емес. Тоқтарқожа мен Мақта да солай қосылған. Бүгіндері арғы жағы Байжігіт түгілі, Қаракерей Қабанбай батырдың ұлдарынан тарағандар отау құрып жатыр. Дарабоздың өз ұрпақтарының алды бүгіндері 12 атаға жетіпті. Арты 9-10 ата. Тәңірім тіл-көзден сақтап, өсіп-өне берсін!

–Жанжігіт қайда екен? Іздесе, табылар ма еді? – деген сауал Байжігіттердің аузынан жиі шығады.

Меніңше, табылады. Үш жылдан бері өзбек болып жазылып кеткен наймандармен араласып жүрмін. Бәрі руын біледі. Тегін тарата алады. Шыршықты екі араладық, ондай ата кездеспеді. Төменгі, жоғарғы Шыршықтар бар екен. Оларда да ештеңе өнбеді. Қаранайман ұлттық паркі маңын, Тоқмақ тұсты, Үргеніш, Хорезмді де ұмытпау қажет. Міне, ниеті бар азаматқа шаруа жетерлік. Ізденсеңіздер, жобасын нұсқадық. Табыла қалса, Ата тек түгенделер еді.

Найман ішіндегі Байжігіт-Қаракерей Қабанбай батырдың арғы аталары туралы жан-жақты қамти сөйлеу оңды. Лағып кету – опа бермейді. Дарабозға байланысты әр сөздің сұрауы бар. Қалың қазақ «Көкірек әулие» деп, көзі тірісінде төбесіне көтеріп, хан сайлаған Хан Батырға ұрынғанды алаш баласының намысына тию деп түсінемін өз басым. Қаракерей Қабанбай батыр – қай жағынан алып қарасаң да, нағыз қаракөктің өзі. Алыс тегі VІ-VІІ ғасырда хандық құрған Арық, Бұқа, Семіз Бұқа. Түркі әлеуметінің ұлы Аталығы – Тоныкөк. Ортасы бүкіл шығыстағы мемлекеттік құрылымдары, мөрі, жазу-сызуы бар жалғыз мемлекет, Инаны Білге Бұқа хан басқарған наймандар, Күшілік хан, Өкіреш Шал, Ақсақ Темір.

Кетбұқадай билерден,

Кеңес сұрар күн қайда?!

– деп Доспанбет жырау шарқ ұрып іздеген атақты Кетбұқа. Япырай, десеңші! ХІІІ ғасырда өтіп кеткен Кетбұқаны араға аттай 300 жыл салып ХVІ ғасырда іздейді. Үш ғасыр Кетбұқа кемеңгердей ешкім тумағаны ғой!!! Солай-ау..

Уақыт озады. Көп нәрсе өзгереді. Тіпті, өшеді. Бірақ, қазақ деген халықтың Ұлы Батыры Қаракерей Қабанбайдың бейнесіне уақыт тұмша түсіре алмайды. Себебі, ол қазақтың біртуар, қайталанбас батыры.

 

Камал қажы ӘБДІРАХМАН,

Қаракерей Қабанбай батыр

кесенесінің шырақшысы

Астана

25 апреля 2012, 11:01
9591

Загрузка...
Loading...

Комментарии

Оставьте свой комментарий

Спасибо за открытие блога в Yvision.kz! Чтобы убедиться в отсутствии спама, все комментарии новых пользователей проходят премодерацию. Соблюдение правил нашей блог-платформы ускорит ваш переход в категорию надежных пользователей, не нуждающихся в премодерации. Обязательно прочтите наши правила по указанной ссылке: Правила

Также можно нажать Ctrl+Enter

Популярные посты

Юрист, пришедший в школу учителем по зову души, о главной проблеме системы образования

Юрист, пришедший в школу учителем по зову души, о главной проблеме системы образования

Алматинский учитель поставил диагноз системе, частью которой является образование. Будучи успешным юристом, имевший степень МВА, он вдруг развернул траекторию своей карьеры, став обычным учителем.
Zhumanova
22 сент. 2017 / 16:26
  • 10256
  • 33
«Это будут твои большие похороны». Гуф высказался о Скриптоните и Басте

«Это будут твои большие похороны». Гуф высказался о Скриптоните и Басте

Досталось и Скриптониту, который ранее опубликовал запись, о том, что больше не будет сниматься в клипе Гуфа и Тимати. "Я тебя ни о чем больше не попрошу, казах ты мой дорогой" - высказался рэпер.
tala03
21 сент. 2017 / 15:48
  • 4428
  • 12
«Честный взгляд» госслужащего: «Знала бы, что ты такой гнилой, я бы тебя не брала»

«Честный взгляд» госслужащего: «Знала бы, что ты такой гнилой, я бы тебя не брала»

Мы не такие блатные. Да, нас унижают руководители, возомнившие себя ханами, часто наши права не реализуются в должной мере. И я всегда задавался, почему на самом деле нет нормальных условий и льгот...
WriterKz
23 сент. 2017 / 0:41
Почему депутат Божко хочет ограничить приток сельской молодёжи в города?

Почему депутат Божко хочет ограничить приток сельской молодёжи в города?

Вице-спикер Мажилиса Владимир Божко остановился на некоторых деталях известного конфликта в Астане возле строящегося «Абу Даби Плаза», затронув проблему «многочисленной сельской молодёжи»...
openqazaqstan
19 сент. 2017 / 13:16
  • 2981
  • 72
Астана перестает быть городом-музеем, или Почему я хотел бы жить в столице

Астана перестает быть городом-музеем, или Почему я хотел бы жить в столице

Наш главный город страны стал избавляться от уже вполне неуместных моветонных клише, которые громоздились над ней, как черное облако над Мордором.
tentser
22 сент. 2017 / 21:04
  • 2062
  • 72
Дагестанские «миротворцы» борются за справедливость в Мьянме на улицах Москвы

Дагестанские «миротворцы» борются за справедливость в Мьянме на улицах Москвы

Парней начали осуждать за поступок в социальных сетях. Популярные группы Кавказа назвали выходку парней дикой, и пояснили, что они позорят нацию и религию.
tala03
20 сент. 2017 / 16:42
  • 1668
  • 53
Заметка №16. «Burger shop». Съесть и не обляпаться практически невозможно

Заметка №16. «Burger shop». Съесть и не обляпаться практически невозможно

Если честно, для нас формат заведения был в диковинку - раньше нам доводилось есть бургеры в сетевых ресторанах фаст-фуда или же в заведениях, где кроме бургеров подают еще много разных блюд.
zhanuska_checkedboe
19 сент. 2017 / 15:12
  • 1424
  • 16
Как КНДР «уничтожила» американские самолеты и авианосец

Как КНДР «уничтожила» американские самолеты и авианосец

Серию коллажей, показывающую как ракеты КНДР нанесли поражения американским самолетам, продемонстрировали в северокорейских СМИ.
tala03
24 сент. 2017 / 17:58
  • 1270
  • 9
Время забыть безумные траты молодости: навыки, которыми ты должен овладеть к 30 годам

Время забыть безумные траты молодости: навыки, которыми ты должен овладеть к 30 годам

Смысл бюджета в том, чтобы знать, куда ты, блин, потратил бабки. В том, чтобы в конце месяца, ты сел, почитал свои записи и понял, какой ты придурок. И принял уже наконец здравое решение, что куда идет.
Lesch
24 сент. 2017 / 21:03
  • 1198
  • 45