Қазақстан сауда-саттық қарым-қатынаста батыс пен шығыстың тізгінін тең ұстауға кірісті. Енді біздің кәсіпкерлер Шығыс Азия нарығында да бақ сынамақ. Нұрсұлтан Назарбаев дипломаттармен болған...

Қазақстан сауда-саттық қарым-қатынаста батыс пен шығыстың тізгінін тең ұстауға кірісті. Енді біздің кәсіпкерлер Шығыс Азия нарығында да бақ сынамақ. Нұрсұлтан Назарбаев дипломаттармен болған жиында осы мақсатта қажырлы қайрат қылып, ел экономикасына жолашар жұмыстар жүргізу қажеттігін айтты. Себебі, сырт қарағанда бұйығы көрінгенмен, бұл елдердің экономикасы буырқанып-бусанып тұр бүгінде. Халқының саны да едәуір, сондықтан іргемізді алып нарықты пайдаланып, барымызды базарлай білуіміз керек. Шығыс Азиядағы Қазақстанның сенімді серігінің бірі - Малайзия. 1991 жылдың 16-желтоқсанда біздің ел тәуелсіздігін жарияласа, арада жиырма күн өтпей, нақты айтқанда 31-желтоқсанда Малайзия Қазақстанның дербестігін мойындады. Биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 20 жыл толды. Жиырма жылда екі жаққа да тиімді біраз жобалар жүзеге асты. Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық ынтымақтастық пен туристік байланыс жолға қойылды. Ал, екі ортадағы тауар айналымы өткен жылы 97 миллион 200 мың долларға жеткен. Қазақстаннан Малайзияға тек шикізат жеткізілсе, бізге олар электр құрылғыларын, химиялық өнеркәсіп өнімдері, пальма майы, жиһаз береді. Дегенмен, малай қазақты, қазақ малайды әлі де жыға тани қойған жоқ, бір-бірінің әлеуетін сарқа пайдаланбай отыр. Біз үшін Малайзия Оңтүстік шығыс Азияның сауда қақпасы саналғанмен, әлі сол қақпадан керуен тартып кіргеміз жоқ. Ал, Малайзия Қазақстан арқылы Бірыңғай экономикалық кеңістікке біріккен қазақ, орыс, белорус секілді үш елдің нарығына кіруге ықыласты. Сол секілді, Индонезияның да бізге бергенінен, берері көп. Бұл елмен сауда-экономикалық қарым-қатынастың орнағанына жиырма жылға жуықтаса да, алыс-беріс әлі күнге арбалап емес, дорбалап қана жүргізіліп келеді. Өткен жылы тауар айналымы бар болғаны 35 миллион долларға жеткен. Сондықтан, Президенттің қос мемлекетке сапарынан соң екі жақты қарым-қатынаста бір серпіліс болады деген сенім бар.

Индонезия мен Малайзия - тегі бір, тілі де бір туысқан мемлекеттер. Оңтүстік Шығыс Азияны ен жайлаған елдердің тек даму деңгейі әркелкі. Соңғы отыз жылда өркендеуі қарқындаған малай елі әлемдегі озық экономикалардың ондығынан көрінуге дәмелі. Екі жүз елу миилионнан астам халқы бар Индонезия болса, мұсылман әлеміндегі әлеуетті алпауыт. Халық саны көп болған сайын бәсекелестік күшті, әрі жұмыс күші арзан. Тиісінше, халық саны жөнінен мұсылман жұртында бірінші тұрған Индонезияның әлі алар асуы алда. Елбасының ауылы аралас жатқан қос елге сапарлауының мәнісін осы тұрғыдан іздеген абзал.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің ынтымақтастығымыздың  келешегі бар бағыттары:  мұнай-газ секторы,  энергетика, машина жасау саласы, ауыл шаруашылығы, азық-түлік  өнеркәсібі, фармацевтика, туризм, шағын және орта бизнес саласы.  Индонезия Қазақстаннан астық,  ұн мен мақта тасымалдауға қызығушылық танытып отыр.  Сіздерге  біздің аумағымызда  ауыл шаруашылығы   өнімдерін қайта өңдейтін бірлескен кәсіпорын құруды ұсынамыз.   Индонезия  бірыңғай экономикалық   кеңістіктің  барлық мүмкіндіктерін  тиімді пайдалана   алады.
Сусило Бамбанг Юдойоно, Индонезия Республикасының Президенті:
Қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен көп мәселелерде  ойымыз бір жерден шықты.  Соның  ішінде, экономика, дәлірек, инвестиция, сауда, энергетика  саласында әріптестікті кеңейтуге келістік. Біз бидай тасымалы, мақта, мата өнімдері,   машина жасау саласында,  мұнай қорын барлауда  әріптесіп жұмыс жасаймыз.
Елбасының Малайзияға мемлекеттік сапарының мәнісін «озық тәжірибені үйрену» деп қысқа қайыруға болады. Өйткені, бүгінгі Малайзия дәстүрлі құндылықтар мен заманауи технологияларды шебер үйлестіре өркендеп келе жатқан мемлекет. Сөйткен Малай елінің биыл тәуелсіздік алғанына да 55 жыл толады екен. Яки, «елу жылда ел жаңа» деген қазақы даналық пайымды дәл осы Оңтүстік-Шығыс Азиядағы дамыған мемлекетке қаратып айтқан қисынды.
Малайзия билеушісінің ресми титулы «Янг ди Пертуан Агонг». Малай тілінен аударғанда «Ұлы Жаратушы жасаған адам».  «Янг ди Пертуанг Агонгтың» қазақтың Ұлт көшбасшысымен ресми кездесуі Парламенттің салтанатты рәсімдер алаңында өтті. Елбасымен жылы шырай жүздесуде Премьер-министрі екі ел қатынасының қарымын бажайлады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің елдеріміз өзара бір-бірінен шалғай жатқанмен, біздің тарихымызда ортақ ұқсас тұстар көп. Бәріміз де бұрындары отар ел болдық. Біз де Сіздер сияқты жаңа Астана салдық. Сіздер Путражая аталатын жаңа әкімшілік аудан салдыңыздар. Біз Қазақстанның алдағы жиырма жылдыққа дамуын айқындаған бағдарламасын қабылдадық. Оны игеру үшін елу миллиард доллар қомақты қаржы жұмсалмақ. Мен Малайзия инвесторларын Қазақстанға келіп, қарқынды жұмыс істеуге шақырамын.
Наджиб Тун Разак, Малайзия Премьер-министрі:
Біз Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен екі жақты алыс-берісті одан әрі де жемісті етудің жолдарын талқыға салдық. Екі елдің сауда-экономикалық қатынастарының қазіргі көрсеткіші де жаман емес. Бірақ, ол әлі де біздің елдеріміздің толық әлеуетін көрсетпейді. Біздің арамызда келешекте сауда және инвестиция салу саласындағы амбициялық жоспарлар бар. Қазақстан Кеден Одағы аясында Ресей мен Беларусьпен де сауда байланыстары тығыз. Ендеше, осы Одақ аясындағы әлеуеті күшті нарықта Қазақстан біз үшін тірек нүктесі бола алады. Қазақстан Орталық Азияның сауда қақпасы болса, Малайзия, тиісінше, Оңтүстік Азиядағы сауда қақпасы болып отыр.
Қазақ малай алыс-берісінің қарқыны төмен емес. Бұған дейін Қазақстанда мұнай-химия өнеркәсібі, құрылыс және «халал индустриясын» өркендетпекке бекінген бірнеше кәсіпорындар ашылған-тын. Ендігі бағыт - туризм мен жоғары білім. Тұмса табиғаттың түр-түрі бар Қазақстанда туризмді өркендетуге малай тәжірибесінің маңызы зор, әлбетте. Тек, отандық туристік кәсіпкерліктің кең аясына малайлықтардың белсенділігі жетіспейді.
Ендігісі - жоғары білім. Батыстық білім моделіне бағдарланған Малайзия университеттері күллі әлемде беделді. Тиісінше, Малайлық білім жүйесі біздің елге таңсық емес. Елбасы осыны ескеріп, Қазақстанда малайзиялық университеттің бөлімшесін ашу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Бұл бір. Қазақ елі сияқты «қара алтыны» бар Малайзияның мұнай университеттерінің мол тәжірибесі де қызықтырады. Бұл үшін Президент отандық мұнай өнеркәсібі саласының жас мамандарын Малайзияға тағылымдамадан өткізуге жіберуді тапсырды. Үшіншісі, мемлекет басшысы малайзиялық студенттерді де Назарбаев университетінің негізінде Қазақстанда оқуға шақырды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің ынтымақтастығымыз тек инвестиция салуда ғана емес, жоғары білім саласында да өрлей береді деп сенемін. Қазірде Малайзияда екі мыңнан астам қазақ студенті оқиды. Өз тарапында Қазақстан да Малайзия студенттерін қабылдауға әзір.
Саясат Нұрбек, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті:
Осы келісім-шарттардың шеңберінде бірнеше жылдың ішінде, келешекте бірнеше жүз оқытушымыз осы Малайзия университтетерінде білім, тәжірибе алмасу, тағылымдамалардан өтуге, сондай көздеп отырмыз .
Қазақ Президенті Малайзиядағы Креатив университетінің «Құрметті докторы» атанды. Аса мәртебелі дәреже бұған дейін тек Нельсон Мандела, Махатхир Мохамад және Малайзияның қазіргі Премьер-министрі Наджиб Тун Разакқа ғана берілген. Доктор атағы жазылған дипломды университет президенті білім, ғылым Министрі Бақытжан Жұмағұловқа тапсырды. «Қазақ, малай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қарқыны әлі толықтай ашылды» деп айту ерте, рас. Басты кілтипан, өнімдердің үлкен көлемін екі мемлекет үшінші елдер арқылы сатып алады, ал сауданы тікелей жүргізген жағдайда тауар айналымы бұдан әрі ұлғаяр еді. Елбасы сапары аясындағы бизнес басқосулар мен көрмелер осы қатынастық кедергіні барынша жояды деп үміттенеді іскерлер.
ӘУЕСБАЙДЫҢ Қанаты

Оцените пост

0