«Ормандағы лашық». Күлкімен қорқытатын хоррор

Dinmukhamed Ziyadin 2012 M04 11
712
3
0
0

Ерекше хоррор фильм туралы ешқандай ерекшелігі жоқ рецензия.


Үш жігіт, екі қыздың бастарына бәле іздеп жалғыз жол барып тірелетін, я телефон ұстамайтын, я жақын маңда тірі пенде тұрмайтын қалың орман арасындағы саяқ үйге барып уикендті тамаша өткізбекке (?) ниеттенуі басқаны қайдам, жеке өзімнің қорқынышымды емес, күлкімді шақырады. Бұл жолы да солай болар ма еді, кім білсін… бірақ, «Ормандағы лашықтың» осы уақытқа дейін көрген «әсіре» хоррор фильмдерімді мазақтап кеткені неге екені айрықша ұнады.

Фильм өзара бір қиысып, бір қиыспайтын, аяғында тұтасып кететін екі сюжеттік желіден тұрады. Ә деп басталғанда-ақ экранға шығатын қос актер Ричард Дженкинс пен Брэдли Уитфордтың суперзаманауи технологиялармен жабдықталған әлде лаборатория, әлде басқа бір нысанадағы алдағы операция туралы әңгімелерінің, алып мониторлардың һәм түрлі-түсті ондаған түймешелері бар басқару панельдерінің аннотацияда айтылған «құпия да тылсым орман лашығына» не қатысы бар деп ойлағаныңша болмайды, әлгі қызық іздеген бесеудің әлдебір күштің қолындағы қуыршақтар екеніне кино көз жеткізеді.


Фильмнің жанры хоррор деп көрсетілгенімен, тұла-бойды алып бара жатқан үрейді әсте байқамайсыз. Қайта авторлардың ара-тұра әбден жауыр болған «голливудтық классикалық қорқынышты сәттерге» пародия жасауы жырқ-жырқ күлкі шақыруы мүмкін. Бірақ, бұл клишелердің тек көрермен көңілін аулау үшін жасалғандығы, ал туындының ең дәмді, ең сүбелі жері соңына таман ұсынылатыны артынан белгілі болады.

«Ормандағы лашық» – ерекше фильм. Әлде хоррор, әлде фэнтези, әлде комедия — әйтеуір, біте қайнасып, бытыса араласқан бірнеше жанрдың қоспасынан құйылған. Сонысымен қызық. Отырған орындығыңа батып, екі жақтаудан тас қылып ұстатқызып қоймайды, бірақ, ара-тұра аяқ астынан пайда болған кейіпкерлерімен жүректі зу еткізеді. Сосын күлдіреді. Сосын таң қалдырады.


Осыған дейін «Монстро» фильмі мен «Жоғалғандар» («Lost») сериалының сценарийін жазған және соңғысына продюсер болған Дрю Годдардың бұл режиссерлік орынға алғаш отыруы екен. Кино саласында атақ-шатағы жетерлік Джосс Уидонды продюсер қылып жанына қосып алып, онымен бас тоқайластырып отырып сценарий жазған Годдар ауызекі тілде «қорқынышты кино» деп аталатын жанрдың жаңа бағытын туғызған секілді. Әйтеуір, «Ормандағы лашықты» көрген ел бұдан былай аяғын ілбіп басып, аузынан сілекейін сорғалатып беттеген жасыл бет зомби мен өзге де түнек тұрғындарына бұрынғыдай қарай алмайтын секілді.

Фильмның үштен екісін алып жатқан хоррорлық штамптарда (бір топ жастың әдемі демалыс өткіземіз деп желпінуі, жанар-жағар май стансасындағы түрі қорқынышты еркек, тұйық жолдағы фургон, туннель, жертөледегі әлдебір құпия заттардың тылсым күштерді оятып алуы, жер астынан шыққан тірі өліктер) кездесетін жасандылық пен үрейден гөрі езу тартқызатын сипатты жоба авторлары әдейі ойластырған сияқты.


Бірақ, «Ормандағы лашық» таза пародиядан да тұратын фильм емес. Нақтылап айтсақ, сол клише-штамптарды мазақтап келіп өзіндік көзқарасын, өзіндік түсінігін, өзіндік стилін ұсынатын дүние. Арғы-бергі кино тарихындағы әртүрлі құбыжықтарға деген көрерменнің қарым-қатынасын өзгертуге тырысып баққан туынды.

Анау кездегі «Аватар» мен осы жақында прокатқа шыққан «Титандар қаһарын» көрген адамды фильм соңында күтпеген кадрлар қарсы алады.


Тапталған тас жолға түспей, соқпақсыз даламен сыдырта із салған «Ормандағы лашық» хоррор жанрдың айнасы секілді: сиықсыз, аудиторияны қорқытамын деп тыраштанған киноларға күлетін бұл фильм көрерменге басқаша ойлауға мүкіндік береді.

Әрине, туындыда асқан ақыл, терең мағына жоқ. Басты рөлдегі бесеу – Кристин Нора Коннолли, Крис Хемсворт, Анна Хатчисон, Фрэн Кранц пен Джесси Уильямстың актерлік шеберлігі де әлсіз, оның үстіне ол шеберлікке «Ормандағы лашықтың» пысқырғаны бар. Бірақ, «Ойбай!» стиліндегі фильмдерді ұнататындар үшін жақсы жаңалық болатыны сөзсіз. Не болған күннің өзінде кезіндегі «Айқай» («Scream») секілді елдің есінде қалатын туынды жарыққа шықты.

Киностан.кз

Оцените пост

0

Комментарии

0
Рецензияны оқып, мына кины көргііііііііііііііім келіп кетті. Бірақ қорқам...
0
Рецензияны оқып, мына кины көргііііііііііііііім келіп кетті. Бірақ қорқам...
0
Қорқынышты кино емес. Жақсы дүние:)
Показать комментарии