Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
21:12, 08 апреля 2012

«Мараканадан» «Аренаға» дейін

немесе «бесінші мемлекетте» білім алып жатқан жас футболшының жазбалары

Blog post image

Мұхтар Әуезов!... Осы бір ұлы есімді қадірлеп, қастерлемейтін қазақ жоқ. Халқымыздың рухани биік шыңына айналып, оның данышпан перзенті – Абайды әлемге танытқан кемеңгер тұлғаның әдеби мұралары әр шаңырақта, әр отбасында тұмардай сақталып келеді. Дүниеге келген ұрпағына телегей-теңіз ұлылықтың тамшыдай болса да шарапаты тисе деп ырым етіп ұлы адамның есімін бергендер қаншама!?..

Сондай ұландардың бірі – жас футболшы Мұхтар Қалымбетов. Ол 1913-14 жылдары Семейде тұңғыш құрылған «Ярыш» командасының ойыншысы болған Мұхтар Әуезов атасының жолын қуып, аяқдоп ойынының қыры мен сырын меңгеру үшін өзі сияқты бір топ қарадомалақпен бірге Бразилияда футбол әліппесін үйреніп жүр.

– Менің атам бір жиында Мұхтар Әуезовпен табақтас болып, әңгімелерін тыңдап, даладай дархан ұлы адамның болмысына қатты риза болған екен. Содан «немерелерімнің біріне осы кісінің атын қойсам» деп армандап жүреді. Мұхтар есімі маған бұйырыпты, – деп жазады футболшы бала өз күнделігінде. Футболға қалай келгенін, Бразилияда жүріп көрген-білгенін көк дәптерге түртіп отыратын Мұхтар Абайұлы Қалымбетов ой-әсерлерін «Нұр Астана» газетінің оқырмандарымен бөлісуге ниет етіпті. Онысын біз де құп көрдік.

Мен неге футболды таңдадым?

 

2003 жылы үшінші сыныпта оқып жүргенде әкем мені Шымкенттегі Фосфоршылар сарайына ертіп барды. Есік алдында доп қуып, ақ тер көк тер болып, ересек балалардың соңынан қалмай жүгіріп жүретін менің аяқ алысымнан бірдеңенің ұшқынын байқады ма екен, жетектеген бойда Тұрмахан Ахметұлы дейтін кісінің қолына табыс етті. Сөйтсем, ол ағай осы Фосфоршылар сарайындағы футбол клубында жаттықтырушы екен. Бірден арқамнан қағып, жылы қабылдады.

Көшедегідей емес, шағын футбол алаңына шыққанда кәдімгідей арқаланып қаласың. Және бей-берекет жүгіре бермейсің, дене қыздырып, біраз терлеген соң, рет-ретімен түрлі жаттығулар жасаймыз. Менімен жасты балалар жеке іріктелген. Бұл – бір команда деген сөз. Бірте-бірте өзіміз құралпылас балалар командаларымен кездесіп, ауыларалық, аудандық, қалалық, облыстық жарыстарға қатыса бастадық. Аяқ алысымыз жаман болмаған сияқты. Әйтеуір, түрлі жарыстарда жүлделі орындар алып жүрдік. Бұл жағдай менің футболға деген құмарлығымды одан сайын арттыра түсті.

Оның үстіне әкем мені жігерлендіріп, «сенен түбі жақсы футболшы шығады» деп мақтап отырады. Кейде кемшіліктерімді де айтады. Қалайда менің ынта-ықыласымды жандырып, қамшылап қоюдан жалықпайды. Фосфоршылар сарайында үш жыл футбол әліппесін үйреніп, Бішкек, Астана, Ташкент қалаларында болған ойындарға қатыстым. Балалар командалары арасындағы мұндай жарыстар біздерді айтарлықтай шынықтырды. Ойынға дайындалып жүріп, күш-қуатымызды толықтырдық, ал бәсеке кезінде намысымызды қайрап үйрендік.

Бұл – жаттықтырушымыздың қоятын талабы. Дәл осындай талап мен 2006 жылы «Локомотив» клубына барғанда да алдымнан шықты. Фосфоршылар сарайындағы клуб жабылған соң әкем мені осында әкелген. Арсен дейтін жаттықтырушы ағай доп тебе алатын ыңғайымды байқап, бірден өз клубына тартты. Ол кісіден басқа Ғалымжан, Әмірбек ағайлар көп нәрсеге көзімізді ашып, футболдың жай доп тебу емес, үлкен өнер екендігін ұғындырды, ала допты ақылмен қуа білуге жаттықтырды. Мұнда да балалар арасында өткен жарыс-тардан еш қалғанымыз жоқ.

Бара-бара ауладағы бала құмарлықтың аясы кеңи түсті. Өйткені, біздің әрқайсымыздың еліктейтін кумирлеріміз болды. Кейде бір-бірімізді солардың атымен атайтынбыз. Қазақстанның футбол клубтарын былай қойғанда, әлемдік деңгейдегі командалар, атышулы футбол құрамалары, футбол «жұлдыздары» туралы мәліметтер басымызда сайрап тұрады. Теледидардан әлемдік доп додаларын қалт жібермейміз. Және онымыз күні бойғы әңгімеге азық. Сөйтіп футболдың сиқырлы әлемі бізді өзіне мүлде баурап алды.

Роналдо, Рональдино, Роберто Карлос, Месси сияқты «жұлдыздар» футболшы болғысы келген әр баланың санасына шырақ жаққандай десем артық айтқандық емес. Өйткені қай-қайсымыз да солар сияқты ала допты ұршықша үйіруді армандадық....

Мұхтар Қалымбетов

Жалғасын әрине "Нұр Астана" газетінің сайтынан оқи аласыздар

0
434
0