Парақорлар елінің тағдыры (Психологиялық болжам)

10.2009 "Сарыағаш" газетінде басылған Ақыл тезіне салып, парасаттың пышағымен туралап, бір қоғамдық мәселені талдап көрейікші. Мәселе мынадай делік –  Бір жаңадан қалыптасқан Ел бар екен. Сол елдің...

10.2009

"Сарыағаш" газетінде басылған

Ақыл тезіне салып, парасаттың пышағымен туралап, бір қоғамдық мәселені талдап көрейікші. Мәселе мынадай делік –  Бір жаңадан қалыптасқан Ел бар екен. Сол елдің қызметкер шенеуініктеріне кенеттен пара алу деген індет жабысыпты. Ол біртіндеп халқына жұғып, жайыла бастапты. Осы халықтың болашақ тағдыры қандай болуы және қанша уақыт жасауы мүмкін?

Бір шама-шарқымызша ақылға салып, болжап байқайықшы. Бұл дүниеде адам түсіне алмайтын құбылыс жоқ сияқты еді ғой. Пара дегеніңіз Эйнштейннің теориясынан немесе Аристотельдің философиясынан да шытырман болыпты ма?.. (Пенденің «бәрін білсем, түсінсем» деген астамшылығын кешіріңіз, ниеті ақ қой – түсіну дегеннің өзі жақсылық емес пе).

Ең алдымен, «Пара деген не? Ол неге зиян?» - деген сұрақтарға жауап беріп көрелікші. Мүмкін ол табиғи, яғни адамзатына тән, тіпті шынымен пайдалы қажеттілік шығар. Тіпті пара қоғам дамуының қозғаушы күші шығар?!.

Ата буын пара алуды не себептен бастайды?

Мүмкін жоқшылықтан, жетіспеушіліктен, кәдімгі тұрмыс түйткілдерінен шығар. Мүмкін дүние бөліс шығар. Мүмкін басында ұяла отырып, өзін кінәлі санай отырып, аз-аздап пара алуды бастайды. Бұл алғашқы шекарадан өту, өз ар-ұятынан аттау. О баста өзін-өзі іштей ақтап, «бала-шағаның қамы, бала-шаға үшін ешнәрседен аянбайтынын» өзіне-өзі дәлелдеп, өзін отбасының жанкештісі мәртебесіне көтеретін болар. Сол үшін де өзіне-өзі іштей кешірім жасар. Параның еңбексіз келгенін, құнсыз ақша екенін әлі біледі, сондықтан алғашқы параларға жатырқай, жасырын қарап, не тез жұмсап құртуға, не көзден таса жерде тыға тұруға тырысар.

Тірлігі жасырын қалып, әлі ешкім білмейтіндей көрінген соң, бірте-бірте өз ар-ұятының іштей мүжуін ысырып қойып (өйткені бала-шаға үшін ол «өз-өзін аямайды ғой», сондай-ақ, кедейліктен қор болып, біреулерден пәс жүру намысына тиеді!), құныға бастайды, пара алудың төте жолдарын тікелей қарастырып, өзіне бағыныштыларды осыған мәжбүрлей түседі. Екіжүзді тірішілік басталады. Бұл жолда оны параны ыңғайлап бергіштер жақсылап қолдап-қолпаштап, тіпті, тәрбиелей бастайды. Парақордың тірлігіне тікелей куәлар осылар емес пе, олар парақорға «әдемі» жарнама жасайды, «тірліктері тез тынғыштар» тізбекті реакция түрінде өсе түседі. Параның «өте жылдам да өсімді бизнес» екенін өз көздерімен  көрген алғашқы пара берушілер пара берудің шын ұсталарына айналып, енді басқа жұртты «парасыз іс тынбайтынына», пара беру «іс тындырудың ең төте жолы» екеніне жымысқы түрде үгіттеп-насихаттап, өздері де сол жолда «өз долясын» алып қалудың бар шарасын істей бастайды. Беру үшін алу да керек қой! Яғни өздері де парақорға айналады. Бұл жол әсіресе пара беруден басқа іске құлқы, адамдарға еш мәмлесі жоқ, қулық-сұмдыққа бейімдерге өте ыңғайлы. Осындайлар парамен оқуға да, қызметке де көптеп өтіп алады, бұл қоғамды одан әрі тоқыратады. Сөйтіп парақорлар жең ұшынан жалғасып, бір-бірін ыммен, көз қысумен түсініп, «үлкен бизнесті» жолға қояды. Коррупция машинасы тас диірмендей тарсылдап, жеделдете, шыркөбелек айналып, ақша жасай бастайды. Бұл өте қатал да аяусыз организм – тісіне ілінгенді тістемей жұтып, өлексені де, шіріген-ірігенді де жиіркеніп-ұшынбай асай салатын аждаһа. Бұл организмнің әйтеуір бір жасушасына айналған кез-келген адам одан бөлініп не безіп кетуі мүмкін емес, шайналып не тапталып кетеді. Пара алғыштар мен бергіштер ауыз жаласқан «Сыбайлас Жемқорлық»  деген осы. Оның мақсаттарына және құрылымына әсіресе мемлекеттік қызмет машинасы дөп келді, сондықтан да парақорлар оның ең басты тұтқаларын ұстап алып, қылмыстық торын кигізіп, сірестіріп тастады. Оның қуаттылығы сол – қаншама дөкей парақорлар ұсталса да, іргесі сөгілер емес. Тіпті дүниежүзіне өз өрмегін әлдеқашан тастаған сияқты.

Ал енді осы құбылыстар «қызып» жатқан кездерде парақордың жан дүниесі нешік деңіз. Ең алдымен, Ар-ұяттың алтын жібінен ажыраған адам жаны айдалада жалғыз қалған қаңғыбастай бағыт-бағдарсыз қалады. Ар-ұят деген не? Ол адамның адаспас жол сілтеушісі, айнымас Шамшырағы. Ар-ұят алып-жұлып тастайтын немесе әркімнің қалауымен болатын нәрсе емес. Ол қашан да адам жанының тереңі, адам жанының діңгегі. Қанша оны елемегенмен, Ар-ұяттың әйтеуір бір сұрау салары анық. Әйтеуір бір өз Ар-ұятыңның алдында қатаң жауап берерің анық. «Оны көре жатармыз» дегендер сол кезде өзінен өзі түңіліп, не өмірден, не өлімнен пана таппай, дозақтың отына түседі екен. Парақордың да ар-ұяты сыр беріп тұрады, бірақ ол «ақша таппаған» ар-ұятты тыңдамайды, ысырып қоя береді. «Мен алмасам, басқа бірі алады» деп кіжінеді. Жан дүниесі шайқалып, тұрақсыздықтан, екіжүзділіктен біртіндеп ыдырай бастайды. Ыдырағаны сол, ең бірінші, ешнәрсеге және ешкімге сенуден қалады, өйткені барлығының мәнісін ұғып, қадірлеуді ұмытады. Барлығын «нақты пайдаға», ақшаға шағып қарайды. Жаны жақсылық жасаудан шеттейді, өйткені жақсылықты «ақша беру» деп сенеді, бірақ сол ақшаны еңбекпен табудан жиіркенеді, адал еңбектен безеді. Бұл адам табиғатын ыдыратады. Сондықтан да қатігезденеді, адал еңбек еткендерді, аз болса да адал табыс тапқандарды мазақ етіп, менмендікпен қарайды, оларды әлсіз, жігерсіз, ақымақ деп санайды. Біртіндеп өмір ойынға, адамдар ойыншыққа айналады. Мұның бәрін өзі байқамайды, бірақ кейбірі сыр беріп, жаны жай таппай, жүйкесі жұқарып, ашушаң не қылжақбас, іштей қуыстанып, тұйық не күйгелек болып кетеді. Жігері босап, іштей алаңдап, қорқақ болады. «Жанның екіге бөлінуі» жүйкені алады. Денсаулығы «отказ» беріп тұрады. Мұны өзі жұмысбастылықтан, іскерліктен деп біледі. Бірақ оның айналасындағы орта бәрін көріп-біліп отырады. Оның қатігездігіне қатігездікпен, қулық-сұмдығына одан да асыра жауап беруге дайын тұрады, оның ұрпағына, үрім-бұтағына қарғыс айтады, екіжүзді орта бір-біріне күдікпен, аңди көз тіге бастайды. Жанашырлық, жақсылық азаяды.

Парақордың балалары күнделікті оның сөздерінен, іс-әрекеттерінен тікелей тәрбие алады, қаншалықты жасырын дегенмен, біртіндеп парақорлықтың сабағы да идеология түрінде құлағына құйылады, бойына сіңе бастайды. Әкеден өткен «мұра» болғандықтан, бала енді пара дегеннен ұялу не тартыну дегенді тіптен ақылдан шығарады, оны бизнестің сара жолы деп қаруланады. Оны мәртебе не кәсіп санайды. Параның мөлшері күрт өседі, өйткені ол тек бизнес қана емес, мәртебенің және қорқытып-үркітудің, бағындырудың күшті құралына айналады. Параның мөлшерінен гөрі оның «барлығы үшін шляпа төлеу керек» және «менің кім екенімді біліп қой» деген принципиалды мәні алға шығады - әрбір қатеге төлеу керек, жұмыстағы әрбір кемшілікке төлеу керек, кешіксең, ұмытсаң, ұрыссаң, сүрінсең, жұмысқа тұрсаң, құжат дайындасаң ... тек парамен.

Бірақ «тәрбие көрген» парақорлар күрт көбейгендіктен, олардың «лақтырған таяғы» бір-біріне де жиі тие бастайды. Қатігездік, қоқанлоққы, менмендік, қулық-сұмдық күрт өсіп, елге «жұға» түседі. Адамгершілік қағидалары мәнін жоғалтып, естен шығады. Тек парамен «сөйлесуге» үйреніп қалған жұртқа адамгершілік, жақсылық жасау ұят не төлем талап ететін тірліктей көрінеді. Жақсылық жасасаң да бәлеге қаласың, оны ешкім дұрыс түсінбейді. Қоғамда суық та күдікті қарым-қатынастар орнайды. Адамдардың бір-бірімен ұғынысуы, бірлесе тірлік істеуі қиындайды. Параның мөлшері де күрт өсіп, параны беретінге де, алатынға да салмағы ауырлай түседі. «Түйені түгімен жұтатындардың» өзі жиі «түйіледі». Өйткені бір-бірінің сырын жақсы білетін олар бір-бірінің «етін жей» бастайды. Бір-біріне қадірі кетеді - ақшаға сатып, сатылып кете салады. Бір-бірін бейсеубеттерге де сатып жібереді. Қоғамдық ыдырау күшейе береді. Тұтас Елдің қамы, қоғамдық ахуал әдірем қалады.

Ал енді бұл буын өзінен кейінгі немере ұрпаққа осының бәрін «бетіне түкіргендей» етіп тастай салады. Бұл ұрпақ тек безбет те нақұрыс мақұлықтан басқа ешнәрсеге ұқсамайды. Адам кейіпінде демесек, бір-біріне еш жаны ашымас құбыжық болады да шығады. Бірлік, ынтымақ кетіп, өмірдің шын мәнісі қалмағандықтан, адам да, қоғам да тоқырауға ұшырайды, қою батпаққа батқандай күй кешеді. Жаны қарауытқан адам өлімнен де, ешнәрседен де қорықпайды, басын басқа да, тасқа да ұрады. Параның мөлшері шектеусіз өседі, өйткені парақор онымен баю немесе басқаны ойлаудан бұрын одан көңіліне адам мен қоғамнан таппаған демеуді күтеді, бірақ көңілі еш жай таппайды. Парақор енді «араққа жеңілген алқаш» немесе «насқа жеңілген наркоман» сияқты кәдімгі бәңгіге айналады. Параның бәңгісі – қанша алса да «кәйіп» алмайды. Жаны қанағат таппайды. Жаны ауру. Күтпеген бір кездейсоқ тіресуден қоғамдық жарылыс басталады, бәрі қирайды, құлайды, жойылады. Өздері жояды, өйткені бәрінің мән-мағынасы жойылып болған. Ақыры – Құрдым. Осы-ақ.

... Бұл – болжам ғана. Психологиялық тәжірибе. Бірақ, пайымдап қарасаңыз, болжанған Елдің тағдыры басқаша болуы мүмкін емес екенін көресіз. Психология деген бұлтартпас нәрсе. Бірақ ... «болжанған Елдің тағдыры басқаша болуы мүмкін емес», егер жоғарыда болжанған, өте жылдам таралатын және дамитын індетке өз мезгілінде берік тосқауылдар қойылып, тиімді де қатаң шаралар қолданылмаса. Баяғы оба, сүзек, кейінгі туберкулез, сарыауру және т.б. сұмдықтардың да шарасы табылмады ма. Шаралардың алды – індетті ертерек анықтау және алдын алу емес пе. Асқынса, алып түседі. Сол сияқты, «пара» деген індет сол Елдің азаматтарының ішіне түсіп, «өтісіп» кетпеді ме екен?!.

... Ал біз, Қазақ елі, қай тұста жүр екенбіз?!.

Оцените пост

2

Комментарии

0
бұл маселені тергеудің керегі жоқ , парақолық ол генетикалық ауру, оны емдеуі өте ұзақ және қыйын жағдай, адамның санасезімі өзгергенше болады.
0
сана сезімі өзгеру үшін не істеулері қажет?
0
сенің түсіңді оқыдым, кремет екен, үйткениі адам ұйыктапжатсада пара алам деп үміттенеді :)
1
пара алуда емес, жеңіл жол іздеуде әрқашан.
0
:) мүмкін
Показать комментарии