Қаңбақ пен қу тікеннен басқа түк өспейтін Маңғыстау өңірінде жем-шөп бағасы удай қымбат қазір. Сөйтсе де, бұл аймақта амалын тауып мал өсіріп, жан бағып отырғандар көп. Жаңаөзендіктер қой мен...

Қаңбақ пен қу тікеннен басқа түк өспейтін Маңғыстау өңірінде жем-шөп бағасы удай қымбат қазір. Сөйтсе де, бұл аймақта амалын тауып мал өсіріп, жан бағып отырғандар көп.
Жаңаөзендіктер қой мен сиырға  жем-шөп орнына кәдімгі картон қағазды азық етіп беруге мәжбүр.
Бекболат Жолмырзиевтің «тойға соямын» деп ұстап отырған үш қойы бар. Бүгін ол, жем-шөп іздеп базарға тағы келді. Бірақ бір бума шөппен ғана қайтатын түрі бар. Өйткені, кебек пен арпа тағы қымбаттаған екен.
Бекболат Жолмырзиев, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
50 мыңдай кетеді енді. Одан да қымбат болуы мүмкін. Үлкен қонақ келгенде қой соймасақ, ұят болады. Қазақтың салт-дәстүрі. Сол үшін баптап мал ұстап отырмыз...
Жаңаөзенде мал бағу өте қымбат. Шөп 1200 теңгеден тұрады. Оның өзі көде мен жусан. Жоңышқа сияқты құнарлы шөптер 2000 теңгеге дейін барады. Ал, арпа 1500 мың теңге. Яғни, бір сиырды бағу үшін айына жоқ дегенде 50 мың теңге жұмсайсыз. Алайда, өзендіктер малға беретін жемнің тағы бір түрін шығарып алған. Ол кәдімгі картон қағаз.
Картон қағазды біз қоқысқа тастаймыз, әйтпесе, от тұтатамыз. Сөйтсек, бұл да азық екен. Жаңаөзенде осы қағаздың көмегімен мал семіртіп отырған ағайын бар.
Фейруза Бақалбаеваның күнделікті жұмысының бірі картон жырту. Қағазды ұсақтап жырту керек. Кесек түскен қатты қағаздан сиыр күйіс қайыра алмай қалуы мүмкін. Картонның өзі айтпақшы қып-қызыл ақша тұрады. Ескі қағаз жәшіктердің бір бумасын базардағы саудагерлер 100 теңгеден сатады. Бұл – бір күндік жем.
Фейруза Бақалбаева, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
Сиырдан үш литр сүт аламыз. Сүттің дәмі жақсы болады.
Ұсақтап жыртылған қатты қағаздың артығын мөшекке салып алып қояды. Ал, малға берілетін қағазды кебекпен араластырып ыстық сумен былғайды. Қолдан жасалған бұл жемді мал таласып-тармасып жеп қояды.
Малды картонмен бақса да Жаңаөзенде ет те бар, сүт те бар. Сүт мұнда айтпақшы, сырттан келмейді. Өзеннің өз сүт зауыты бар. 1976 жылы негізі қаланған зауыт осы күнде 20 түрлі сүт өнімдерін шығарып отыр. Айран, қаймақ, құрт-ірімшік дегеннің бәрі бар. Бірақ мұның бәрі Беларуссиядан алынатын құрғақ сүттен жасалады. Себебі, сиыр өсіру кәсіпкерлер үшін де тым қымбат.
Сәуле Жақаева, Жаңаөзен сүт зауытының бас директоры:
Бізге ол бағуына және мына шөп өнімдерін алу екі есе шығын әкеледі. Біздің Маңғыстау жеріне бізге түйе шаруашылығы жақсы.
Шынымен, Маңғыстаудың күн райына түйе ғана төзімді. Оның үстіне шұбатқа да үлкен сұраныс бар. Сүт зауыты осы уақытта 150 түйе бағып отыр. Жаңаөзеннің шипалы шұбаты көрші аймақтарда да әйгілі. Зауыт айтпақшы, 120 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ендігі мақсат, Үкіметтің көмегімен жеңілдетілген несие алып қосымша заманауи жабдықтар орнату, яғни, өндірісті өркендету.

Оцените пост

1

Комментарии

0
Қаңбақ пен қу тікеннен басқа түк өспейді емес, өседі. Бірақ сиыр жейтін шөп жоқ. Маңғыстауда түйе бағудың тиімділігі де сонда. Өйткені өңірде өсетін қылтиған шөптер түйеге ғана жұғымды. Ал, басқа жем-шөптің бағасы қымбат екені рас..
Показать комментарии