Ақтауда Жаңаөзен ісі бойынша сот жалғасып жатыр. Бүгін айыпталушылардың туған-туыстары сот өтіп жатқан ғимаратқа толығымен кіргізілді. Сыртта қалып қойған адам болмады. Мемлекеттік айыптаушылар...

Ақтауда Жаңаөзен ісі бойынша сот жалғасып жатыр. Бүгін айыпталушылардың туған-туыстары сот өтіп жатқан ғимаратқа толығымен кіргізілді. Сыртта қалып қойған адам болмады. Мемлекеттік айыптаушылар бүгін сотталушылардың жасаған қылмыстарын баяндады. Әзірге сот ешқандай нақты шешім қабылдамады. Отырысқа қатысып жатқан, қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар, депутаттар осы іске қатысты өз пікірлерін білдіріп жатыр.
Соттың екінші күні қорғаушылар, айыптаушылар және жәбірленушілер сөз алды. Қорғаушылар қолдау хаттарын тіркетсе, айыптаушылар ереуілге дайындық болғанын дәлелдеп бақты. Жазықты есебінде ұсталған әр адамның телефон арқылы бір-бірімен қалай сөйлескен сөздерін, электронды хаттарын да оқып берді айыптаушылар. Сондай-ақ, шығын туралы кеңінен баяндалды.  
Ереуіл кезінде кеңсесі қирап қалған Өзенмұнайгаз компаниясының өкілі Рашид Сәулебаев есептелген шығын көлемін баяндап берді. Әжептәуір. Өздерінің бухгалтерлік есебі бойынша 1 190 439 937 теңге. Өзенмұнайгазға қарасты «Аруана» қонақ үйі сол күні өртеніп, күлі көкке ұшқан еді. Өкілдің айтуынша, енді бұл ғимарат қайта қалыпқа келтіруге мүлде жарамайды.

Рашид Сәулебаев, Өзенмұнайгаз АҚ өкілі, Маңғыстау облыстық Адвокаттар алқасының мүшесі:
«Аруана» қонақ үйіне келтірілген шығынның көлемі баланс соммасы бойынша 700 миллионнан асып жығылады. Ал, Өзенмұнайгаз ғимаратының ары қарай пайдаға асатын аспайтынын  біз білмейміз. Тиісті құжаттар қолымызға тиген жоқ, өйткені.

Айыпталып жатқан 37 адамның 18-і Өзенмұнайгаздың бұрынғы қызметкерлері. Сотта сөз алған  жәбірленушілердің кейбіреуі сотталушыларға қандай бір кінә тағудан бас тартты. «Шығын орнын толтыру қажет емес. Сот әділ шешім беретініне сенеміз»,– дейді. Саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері және Ақтауға арнайы келген депутаттар сотқа қатысты бүгін өз пікірлерін білдіріп жатыр.

Серік Оспанов, ҚР Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі:
Мен өзім арнайы келіп отырмын. Қалай болып жатқанын көрейін деп келіп жатырмын. Сотталушы кісілердің тумасы да осында. Ақпарат құралдарының өкілдері де осында. Қоғам өкілдері де осында. Кедергісіз қатысып отыр. Бәріміз де көріп отырмыз. Ол өте маңызды деп санаймын.

Дос Көшім, саясаттанушы:  
Егер тек қана ереуілшілерді кінәлі етіп, әрине, үйлердің бұзылғанын білеміз, банкомат, т.б. Басбұзарлардың бар екенін жоққа шығармаймын. Бірақ сонымен қоса өздерінің әлеуметтік жағдайын шешуді сұраған ереуілшілерді де ұйымдастырушы ретінде не болмаса, бір осы мәселе шетелден арнайы қолға алынды дегенді білеміз. Сондықтан да, сот белгілі бір түрде баға беру керек сияқты.

Сот отырысының екінші тыңдауы Ақтау уақыты бойынша 19:30-да аяқталды. Келесі тыңдау ертең әдеттегідей сағат онда басталады.

Оцените пост

0