Блог Құрылтай 2012. Басты ерекшеліктер.

3651
6
0
5

Өткен аптада Астана қаласында қазақ блогшылары бастаған екінші Блог Құрылтай дүркіреп өтті. Шараға отандық блогосферамыздың майталмандары, жаңа жұлдыздары, танымал комментшілері мен блог бастаймын дег

Өткен аптада Астана қаласында қазақ блогшылары бастаған екінші Блог Құрылтай дүркіреп өтті. Шараға отандық блогосферамыздың майталмандары, жаңа жұлдыздары, танымал комментшілері мен блог бастаймын деген ниетпен келушілер жиналып, тәжірибесімен бөлісіп, танысып, пікір алмасқан болатын. "Екпін" жобасы да шараға қатысып, биылғы BlogCamp-тың мақсаты, ерекшелігі неде екенін білді.


Дінмұхамед Зиядин, Алматы:

Жалпы бұл BlogCamp-ты мен BarCamp деп қабылдап жүрмін. Себебі мазмұндық жағынан болсын, тақырыптық жағынан болсын, бір жыл бұрынғы шарамен салыстырғанда өзгерістер бар. Өткен жылы презентациялардың көбі блогтарға, блог жүргізуге арналған болса, осы жолы презентациялар тақтасына қарап тұрсаңыз, көбіне сайттарды, белгілі бір жобаларды таныстыруға арналған. Өткен уақытқа қарағанда кәсіби тұрғыдан даму бар.


Есенгүл Кәпқызы, Алматы:

Биылғы BlogCamp-тың бірінші ерекшелігі - Астанада Назарбаев Университетінде өтіп жатқандығында. Екіншісі, биыл демеушілер аз, бірақ соған қарамастан блоггерлеріміз өздері демеуші болып, өздері жол қаражатын көтеріп келгендігі.

Елдар Құдайберген, Алматы:

Блогкемпке бірінші рет келіп тұрмын. Осында келген себебім - қазнеттің қазақ тілді аудиториясын көріп, танысқым келді.

Батыр Хамзаұлы, Алматы:

Шынымды айтсам, өткен BlogCamp-тан қатты ерекшелігін байқап тұрған жоқпын. Маған ең ұнағаны - блогшылардың ниеттері. Жиналып, Астанаға келгендері. Өткен жылғы шараға қарағанда 2 күнге созылатын шығар деп ойлаған едім, олай болмады. Кемшіліктері де болды. Бірақ соған қарамастан, ұйымдастырушылар қолдарынан келгенін аямай жасап жүрді.

Еркебұлан Айтбаев, Қостанай:

Бұл BlogCamp-тың басты айырмашылығы - бұқара халықтың өткен жылғыдай аң-таң болмауында. «Бұл не?» - деген сұрақтың азырақ қойылуында.

Мейірман Түймешов, Алматы:

BlogCamp-ке өзіміздің Bugin.kz сайтын таныстыру, оның потенциалды мүмкіндіктерін көрсету және тәжірибе жинап, демеушілер іздеуге келдік.

Ернар Бекенов, Алматы:

Өткен жылғы шарамен салыстыратын болсақ, екі түрлі әсер алдық. Өзім екі жыл қатарынан тайм-киперлерге басшылық етіп келемін. Екеуін салыстыратын болсақ, биыл оларды ұйымдастыру, аудиторияларға орналастыру әлдеқайда оңай, әрі тиімді болды.

Олжас Қасым, Алматы:

BlogCamp-қа биыл бірінші рет келдім. Қатысуымның басты себебі - қазақ интернетінің дамуына өз үлестерін қосып жүрген азамат-азаматшалармен ой бөлісіп, өзімнің білетінімді айтып, білмейтінімді үйрену.

Анар Нығметқызы, Атырау:

BlogCamp-ке блогшылармен араласу, танысу, пікір алмасу, жақын білісу үшін келдім. Осы жолы презентация дайындамадым. Тек бақылаушы ретінде келдім. Өзім қатысқан презентациялардың барлығы өте ұнады, тың тақырыптар көтерілді.

Аршат Оразов, Астана:

Биылғы BlogCamp-тың басты ерекшелігі - басқа қалада өткендігі. Оған қоса, бұрын блогтардың барлығы wordpress блог-тұғырында орналасқан болатын, ал қазір жаңа блоггинг стилі бар: «Керек Инфо», «Айта бер» сияқты сервистер. Блогосферамызда біраз өзгерістер байқалады, блогтардың көбі әлеуметтік желі принципі бойынша жиналған. Менің презентациям да осы тақырып аясында болды.

Блогкемпке барып келген: Айнұр Ракишева
Айжан Кәрібаева

Ad

Rate post

5

Comments

Login to comment