Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
05:11, 27 марта 2012

Бұл кемп бұрынғы кемптен өзгерек...

Бірден айтайын суреттеріммен бөлісе алмаймын. Қуана-қуана бөлісер едім, бірқатар адам «планшетің жаман түсіреді» деп ерін шығарды, оның үстіне біраз суретті менің туиттерімнен көре аласыз. Сондықтан, бұл жолы мылжың жазбамен бер жақтан қайтпақпын.


Өткен жылы алғашқы рет ұйымдастырылып отырылғандықтан, оның үстіне салыстыратын да шара болмаған соң «алматылық» блогкемп ай мен күннен кейін болмаса, дейін болмады. Арқа-жарқа болған елдің ыстық-ыстық құшақтары қазақ тілінде Интернет бетінде символ теріп жүргендердің қызуын өртей түскен. Алыс-жақын шет ел деп бір, алғашқы рет деп екі, анау деп үш, мынау деп төрт, қысқасы не керек, біразға бардық. Онымыз дәлелсіз һәм дәйексіз де емес еді. «Блогкемп 2011» шын мәнінде IT-игі жақсының, ақсақалы мен көксақалының басын қосқан қарымды кездесу болды. Жеке өзім әлдебір үміт, қайбір идеяға ие болып, тұлға ретінде дамуым үшін жаңа бағыт аштым.

Шыны керек, осы блогкемп шашырап, шашау шығып тынады деп ойлағам. Оным бекер болыпты, препатиінен бастап афтерафтерпатиіне дейін қызық жүрді, бейресми ауызбіршілік болды. Өткен жылы оффлайн танысып алған топтың осы жолғы кездесуі қырық жыл жолықпаған кластастарды еске түсірдіBlog post image

Препати жақсы өтті, жастар жиналған, бәрі бір-бірін танитын қазақтың тойын елестетті. Әдемі атмосфера болды.

Назарбаев Университетінде өткені жақсы болды деп ойлаймын, қанша дегенмен елдегі ең әлеуетті оқу орындарының бірі, оның үстіне «осындай жер бұйырды» деу досқа да, дұшпанға да жақсы (бизнес, басқа ештеңе емес).

Биылғы блогкемптың басты қателігін қатысушылардың өздері жіберді деп ойлаймын. Бір қоралы ел қатысып отырған шарада сонша аз презентация болғаны қынжылтты. Барының өзінің біразы дебютанттардікі немесе жүрдім-бардым істелген болғандықтан, ат төбеліндей қалған аз баяндама IT саласында, жаңа медиада кәсіби түрде дамуға мүмкіндік береді деп ойламаймын. (Асхат Еркімбай сауалнама қорытындысы бойынша жазған "5 мың теңге жұмсап, Астанадағы бір кафеде интернеттен тапқан достарыммен кездесу. Бейресми түрде өтетін шараға жай ғана қатысушы ретінде келіп, ақша туралы тақырыптағы презентацияны тыңдау" мақсаты бар юзер бейнесі дәл шықты-ау). Әрине, әлдебір спикердің әнеубір айтқаны пайдалы болған-ақ шығар, бірақ басым бөлігі блогкемптың презентация деген бөлімін толтыру үшін ғана жасалғандай әсер қалдырды. Сылбыр жүріс пен салғырт сөз абырой әпермейді. Бұл ұйымдастырушы топтың немесе демеушілердің қатесі емес, бұл менің қатем, сенің қатең, бәріміздің қатеміз (шынайы бағалай алмай шамға тиген болсам, кешірім сұраймын).

Ұйымдастыру жағын ұрысуды қою керек деп ойлаймын. «Блогкемпты ұйымдастыратын қатысушылар» дегенді біле тұра, ең болмағанда барып, астаналықтардың бір жағына шығып, қайыр қылмаған соң «Анау былай болды, мынаны жасамапты» деу бекер. Тіпті, бір жағына шыққан күннің өзінде ақтарыстырып-қотарыстыру дұрыс іс емес деп білемін. Тақаспайық, тілеулес болайық. Бұл шараға қатысты айтылған сын — бәрімізге айтылған сын. Іштен бүлінбесек болғаны.

Алғыс айтылды ғой, бірақ, жеке қатысушы ретінде астаналық һәм өзге өңірлік ұйымдастыру тобына рахмет білдіргім келеді. Логистика тұрғысынан, қарсы алу ниеті тұрғысынан риза болдым. Бәрі жақсы.

Әу баста, келесі құрылтайды Шымкентте өткізу керек дегенге "құлаған" болатынмын. Оңтүстік қазақстандық блогшылардың бір қауым ел екенін, оның үстіне басқа қаладағы біраз жұрттың осы өңір тумасы болып келетінін ескере отырып жаман өтпес деп қорытынды шығарғам. Бірақ, үйге келіп, ес жинап Алматы дұрыс болар дедім. Бұған мыналар себеп болды:

1. Адам саны факторы. Өткен құрылтайда есімде бір минибарға 20-30 адамдай жиналып қалатын. Тағы ұйымдастырылса одан көп болмаса, аз жиналмайды деп ойлаймын. Неғұрлым ұйымдастыру тобы үлкен болса, соғұрлым үйлестіру жұмыстарында кемшіліктер аз болады, соғұрлым қандай да бір жұмыстарды қамту ауқымы кең болады деп ойлаймын. Жалғыз адамның қорап көтеріп, қағаз тасығанын гөрі, бес-алты ұйымдастырушының бір-ақ көтеріп кеткен дұрыс па деймін.

2. Таңдау еркіндігі факторы. Алматы кофе-брейк ұйымдастыруға да, қағаз-қалам жинауға да ыңғайлы секілді. Бір орын ұнамаса, басқа жердің қызметіне көшіп кету де оңай. Ұсынылатын қызмет түрлері ауқымы үлкен. Біреуі болмаса, біреуі келеді.

3. Демеуші факторы. Демеушілермен байланысқа шығу оңайырақ деп ойлаймын. Бірқатар коммерциялық ұйымдардың бас үйлері осы қалада, оның үстіне олармен қарым-қатынасы барлар Алматыда да жетерлік.

4. БАҚ факторы. Негізгі мемлекеттік медиа демесеңіз, үлкенді-кішілі өзге дәстүрлісі бар, жаңа медиалысы бар басым көпшілік БАҚ Алматыда қоныс тепкен. Ә деп баспасөз мәслихатын өткізсең әжептеуір болып қол жинайтын журналистер «300 (200, 250, 350, 400) адамның басын қосқан Блогкемп-2013» туралы біразға сілтейтініне сенімдімін. Бұл да болса демеуші алдында демеу.

Ойым осы. Бәлкім өзгерер, бәлкім тағы басқа қорытындылар келер. Бірақ, қазіргі қалпым жоғарыдағы жазбаның ол жақ, бұл жағынан табылады.

P.S. Ең бастысы қатысушылар тарапынан бір кәсібилік даму, жағдайға көңіл толмаушылық байқадым. Бұл жақсы. Өсетін ел бар.

0
464
0