Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
09:39, 19 марта 2012

Біз зообақ сатып алдық

Blog post image

Алдымен аз-кем тарих. 2006 жылдың тамызында Бенджамин Ми атты азамат 1,1 миллион британ фунтына Англияның оңтүстік-батысындағы Девоншир графтығы, Спарквелл елдімекеніне жақын жатқан Дартмур зообағын сатып алады. Дағдарысқа ұшырап, жабылып қалған зообақты Ми жөндеп, қалпына келтіріп, 2007 жылдың 7 шілдесінде қайта ашады.

2009 жылы ақпан айында ол «We Bought a Zoo: The Amazing True Story of a Broken-Down Zoo, and the 200 Animals That Changed a Family Forever» («Біз зообақ сатып алдық: отбасымды өзгерткен қураған зообақ пен 200 жануардың шынайы керемет оқиғасы») деген атпен естелік-кітабын жариялайды. Сол-ақ екен 20th Century Fox студиясы кітапты экранға шығару құқығын сатып алады. Алады да «Біз зообақ сатып алдық» деп Мэтт Деймонға бастатып, Скарлетт Йоханссонға қостатып фильм шығарып жібереді.

Шынын айту керек, «Шынайы оқиғаларға негізделген» деп жарық көретін дүние жеке өзімнің қызығушылығымды тудырады. Менің ойымша, қиялдан туған кейіпкерден гөрі, өмірде болған адамның бейнесін алып шығу әлдеқайда қиын.

Blog post image
Алайда, 28 жасында «Ақылды Уилл Хантинг» фильмі үшін Бен Аффлекпен бірігіп «Оскар» алған Мэтт Деймон үшін мұның түк қиындығы жоқ секілді. Олай деуіме осыдан біраз уақыт бұрын Борн болып олай-былай ойқастаған актердің Құдай қосқан қосағынан айрылып, жүзін әжім торлап, екі баланың рухани күйіне қалай тыныштық сыйлаймын деген отағасын тым-тым кәсіби ойнап беруі негіз болып отыр.

Жас актер ғана сұранысқа ие деген пікірді «Оушеннің» досы мен үшін кезекті рет тас-талқан етті: әлде грим, әлде табиғи түрі, әйтеуір жадау тартқан келбетімен, алаңғасарлау, артық кетер, бірақ, адал, ыстық әкелік сезімімен; әйеліне деген аяққа түспес, алданбас, жұбанбас махаббатымен (суреттерге қарап отырып көзіне жас алатын кезі, әсіресе); мейірімділігімен; тістеніп, тырмысып, ойындағысын орындайтын қайсарлығымен өмірдегі Бенджамин Мидің өзін болмаса да, көзін көрсеткендей болды.

Фильм сюжеті туралы артық-кем айтар ештеңе жоқ, ең бірінші абзацта көрсетілген оқиға мұнда да қайталанады, тек оқиға Англияда емес, АҚШ-та, Калифорнияда өтеді және Ми өмірде зообақ сатып алған жылдары 6 мен 4 жаста болған ағалы-қарындасты екі баланы ересектеу қылып көрсетеді.

Blog post image
«Біз зообақ сатып алдық» туындысы көз көргенімен, есте қалмайтын көп киноның элементтерінен құралған. Бірақ, сонысымен тартымды, сонысымен жадыдан шықпайды, ұзақ уақыт қорытылады. Фильмнің финалында, финалында деймін-ау, келесі он минутында не болатынын іштей біліп отырсаңызда, әдемі демалыс сыйлайды. Оған себеп ашық түсті табиғат аясында түсірілген кадрлар, жан-жануарлар, кейіпкерлердің аузынан шыққан тапқыр қалжыңдар (қазіргі кезде жібі түзу әзіл табу да қиын болды ғой кино түсірушілерге) және актерлардың кәсібилігі…

Деймонға қатысты дәйекті айта кеттім, енді басқасына тоқталайын.

Blog post image

Есімде Ноланның «Престижімен» қалған Скарлетт Йоханссонның рөлі бұл фильмде бәкенелеу. Шағын зообақтың бас қараушысы Келли Фостерді ойнайтын актриса көзті жастан бұлдыратып жібереді деп айта алмаймын. Бірақ, сол елеусіздігімен бір үйлесімділікті сездіреді. Эми Адамс, Мэри Элизабет Уинстэд немесе Рэйчел МакАдамстың біріне бұйырып кетуі мүмкін рөл Скарлеттке әділ берілген секілді: ар жағында арам пиғылы жоқ, аң атаулыны адаммен қатар сүйетін тік мінезді қыздың рөлі жақсы шыққан.

Үлкен ұл Диланды ойнаған Колин Форд пен кіші қыз Рози болған Мэгги Элизабет Джонс – арнайы аплодисментке лайық актерлар. Жеке өзіме Фордтың кәсібилігі ұнады – сыртқа салмақты көрінуге тырысатын, бірақ, көңілі бостау жасөспірім бейнесі шынайы берілген. Бұл кәсібилік әсіресе әке Бенджамин мен ұл Диланның арасындағы ұрыс кезінде анық байқалады: қызарып, ызадан қалшылдаған Деймон да, көзіне жас толып, булыққан Форд та көрерменді фильмде емес, өмірде отырғандай сезімге бөлейді.

Бұл фильмнен сіз бас кейіпкердің қайтыс болған жарын ұмытып, жаңа әйелдің құшағына құлай кететіні немесе қырғи-қабақ әке мен баланың ақыр соңында жылап-сықтап, құшақтасатыны секілді жауыр болған кадрларды көрмейсіз.

«Біз зообақ сатып алдық» – жалпы сюжеті өмірден алынған, бірақ, голливудтық таптаурын стиль байқалатын, алайда, нағыз отбасына арналған шуақты, ерекше фильм.

10-ның 9-ын беремін.

Киностан.kz

0
430
0