Алия 2012 M10 28
2518
8
9
0

Таңғы Париж, түнгі Париж, жаңбырлы Париж – бұл қала қандай кебін кимесе де, өзінің салтанаты мен сәулетін жоғалтпайды. Әлем мәдениетінің ұйытқысы болған шаһарды Нью-Йорктан бас алып («Нью-Йорк трилоги

Таңғы Париж, түнгі Париж, жаңбырлы Париж – бұл қала қандай кебін кимесе де, өзінің салтанаты мен сәулетін жоғалтпайды. Әлем мәдениетінің ұйытқысы болған шаһарды Нью-Йорктан бас алып («Нью-Йорк трилогиясы» — «Энни Холл», «Интерьерлер», «Манхэттен»), Еуропа қалаларына ден бұрған Вуди Аллен «Түн жарымдағы Париж» фильмін өзінің ең романтикалық кейпінде берді.

Гил Пендер (Оуэн Уилсон) – Париждің 20-шы жылдарында өмір сүргісі келетін жас жазушы, романтик. Қалаға қалыңдығымен келген ол түн жарымда жалғыз өзі жүріп, кездейсоқ өзінің пір тұтатын Хемингуэй, Фитцджеральд, Дали, Бунюэльдердің заманына тап болады. Богемдік кештер, махаббат шытырманы, шынайы өміріндегі кереғарлықтар – бәрі де саяхатшыны тұнығына жетелей кетеді. Оның енді қай заманда қалу, сүйіктісін табу және де жазушы ретінде ой бұғауынан арылу сияқты сындардан өтуіне тура келеді.

Режиссердің басты идеясы – Парижді бүкіл думанымен: кербез көшелері мен аллеялары, атақты Эйфель мұнарасы мен салтанат аркасы, Елисей алаңы мен Тюильри, Лувр мен сүйкімді кафелері, ұлы адамдарымен көрсету еді. Ал қалған сюжеттің бәрі осы басты нысананың айналасында өрбіген. Тереңінен қазбаласаң, оның кейіпкерлерінде терең психологиялық шиеленіс, жан-жақты мінез-құлық пен қиыстырылған қарым-қатынастар жоқ. Бұл киноның басты кейіпкері де, обьектісі де – Париж.

Ал басты қаһарманның төңірегінде өрбитін мәселелерді үшке бөліп қарастырса да болады. Олар: ностальгия, жазушылар әлемі және дәуірлер қақтығысы.

Ностальгия. Өткенді сағыну. Бұл мәселені қозғаған кезде режиссердің күнделігін ақтарғандай боламыз. Вуди Аллен үшін бұл фильм өткен өмірін бағамдау, өз заманын, жастығын сағынудан тұратын секілді. 75 жасар Аллен Феллини мен Бергманның замандасы. 60, 70, 80, 90-шы жылдардан бері келе жатқан кинематографияның куәсі ғана емес, оның белсенді қатысушысы, құрушысы. «Ескі заттар дүкенін» ойлап тапқан Гил сияқты режиссер де «ескілік» өкілдеріне «өмір» бере отырып, өзінің жастық шағын еске алады, өткенге деген құлшынысын сараптайды, әр адамға маңызды «өзіндік» ақиқатына жетуге тырысады.

Жазушылар әлемі. Вуди Алленнің өнерге, әдебиетке және де сол әлемнің басты кейіпкерлері: жазушылар мен суретшілерге, ақындар мен композиторларға деген сүйіспеншілігін көреміз. Шығармашылық адамдардың жеке әлемі прагматикалық қоғамнан әр кезде де ерекшеленіп отырған. Олардың жан әлемі тулаған толғаныстар мен ізденістер үстінде болса, сыртқы ортасы әрдайым той-думан мен шаттық айналасында өткен. Гилдің бар проблемасы – қиялын шектеуінде, өзіне еркіндік бере алмауында. Бұл мәселелерін ол Хемингуэймен достасып, жазушы, сыншы Гертруда Стайннің кеңестері арқасында жеңіп шыққандай болады.

Дәуірлер қақтығысы. Ең басты тақырып та осы. Яғни әр адам өз дәуіріне көңілі толмайды. Гил үшін 20-шы жылдар «алтын ғасыр» болса, Пикассоның ғашығы Адриана (Марион Котийяр) бұдан 30 жыл бұрын өмір сүргісі келеді. Ал Тулуз-Лотрек, Гоген мен Дега Тицианның дәуірін армандайды. Бұл «әкелер мен балалар» тақырыбы - әдебиеттің мәңгілік тақырыптарының бірі. Вуди Алленнің ойынша: өткенге құлшыныс - шынайы уақытта өз орнын таба алмаудан туындайды. Мұны ол ең соңында өз уақытында қалған басты кейіпкер Гилдің монологында айқындайды.

Жалпы «Түн жарымдағы Париж» фильмі француз киносы емес, Парижге ғашық американдықтың көзқарасы. Бүкіл фильмде Алленнің қолтаңбасы – қымбат қарапайымдылық кездеседі. Кадрда Францияның бірінші ледиі Карла Бруни, шарап дегустациясы, мұражай, көрмелердегі эстетика, француз тілі сияқты биік талғамды антуражға қарамастан, американдық сарын мен мұндалап тұрады. Алайда, бұл фильмді Париждің ең қымбат жол көрсеткіші десек те болады. Француз әлемінің хош иісі сезілетін кино өн бойы жайдары болғанымен, философиялық ойларға да бай. Әсіресе мәдениет, әдебиетке жақын, өнерсүйгіш көрерменнің немесе замандар арасында адасып қалған жандардың көңілінен шығары сөзсіз.

Түн. Жарық шамдар. Эйфель мұнарасы. Сена жағалауындағы нәзік жаңбыр. Париждің тар көшелерін кезіп жүріп, талай ақын-жазушылар  шабыт тапқан. Ұлы шығармаларын жазған. Хемингуэй, Пикассо, ... қайсысын кездестіргіңіз келеді?

Айжан Кәрібаева

Оцените пост

8

Комментарии

2
Осы фильмнің маған ұнаған екі тұсы: Режиссер Вуди Алленнің Париж шынайылығын тура суреттеуі және керемет актерлік топ, Оуен Уилсон және Рэйчел МакАдамс(маған ұнайды)
0
Тақырыбы адамды шатастырады екен...
0
қалайша)?
0
Фильм туралы екенін бірден байқамадым, қала туралы бір мәліметтер шығар деп оқығым келмей жүрген. Сөйтсем, одын қызық екен)
Показать комментарии
Дальше