Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
1
13:03, 13 марта 2012

Хат жазып тұр...

Blog post image

Жуырда ғана еліміздегі баспасөз беттерінің бірінен қызық сауалнамаға көзім түсті. «Интернетті не үшін қолданасыз?» деген сауалнамаға қатысушылардың 69%-ы «адамдармен виртуалды әңгімелесу үшін» деп жауап беріпті.Бұл жерде қандай көз жұмып,ауыз аштырарлықтай таңғалардық дүние бар деуіңіз мүмкін. Мені елең еткізгені бүгінгі қоғамда адамдар арасында электронды байланыстың соншама кең қолданысқа ие екендігі болды.Тиісінше,пошта арқылы келетін хаттар мүлде сиреген.Бүгінде бір-бірімізбен қалай хабарласамыз? Әрине,негізінен телефон арқылы.Одан қалса факс,sms,электронды пошта,м-агент,скайп байланыстары. Ия,диірменде туған тышқанның баласы дүрсіліңнен қорықпайды.Осындай самсаған мол мүмкіндікті байланыс құралдарын пайдаланып үйреніп қалған бүгінгі балаларға қолыңа ақ қағаз бен қалам алып,достарыңа хат жаз деу-күлкілі болар еді. Менің айтпағым ол емес.Бүгінде ұмытылып бара жатқан  хаттардың да айтарлықтай артықшылықтыры барын біле жүргеніміз  жөн.Осы жай америкалық суретші Лия Редмонттың  жанына қатты батса керек,ол хат жазысудың жаңа түрін ойлап тауыпты.Жаңа үлгідегі хаттың басты ерекшелігі-көлемінде.Хат өте кішкентай,ені 2,5 см,ұзындығы 4,5 см болатын қағазға жазылады екен.Сосын  конверттерге салынып,тиісті мекен-жайларға жөнелтіледі.Бір қызығы,мұндай хаттар тек ұлғайтқыш әйнек(лупаның) көмегімен ғана оқылады.

Ал,негізгі хаттың тарихы  5 ғасыр әріден бастау алады екен.Жер бетінде хаттың пайда болғанына 480 жыл болыпты.Содан бері,хаттың адамдар өмірінде алар орны айрықша болған.Ілгерілерде хат поштаға толып қалатын деседі үлкендер.Әрине,қазіргідей электронды емес.Ал бүгінгі электронды хаттардың басы «привет! Как дела?» болып келіп,қысқаша бітетініне өзіміз де әбден үйреніп алдық.

Хат жаза білу-үлкен өнер.Ғасырлар бойы адамдар арасындағы байланыстың құралына айналған хаттың бүгінде маңызы қандай? Астананың Бас поштасы күніне 21 мың хатты қабылдап,тіркейді екен.15мың хат сыртқа шығады.Басым бөлігі мекемелерден болса,ал қалғаны қарапайым тұрғындардікі.Қазіргі кезде хаттардың басым бөлігі жеке адамдарға емес,белгілі бір мекемелерге келеді екен. Хат жіберетіндердің басым бөлігі орта буын өкілдері, зейнеткерлер.Жастар интернет-сайт арқылы сауалдарын жолдаса, компьютері жоқ зейнеткерлер зейнетақы мәселесін көтеріп, хаттарын қолмен жазады. Хаттың артықшылығы сол- мұны мекеме өкілдері мәселе етіп көтереді. Өзектілерін тиісті органдарға айтып, шешуге тырысады екен.

Қолдарынан қаламдары түспейтін қаламгерлер хат жазуда да ерекше негіз қалады десек те болатындай. Мұхтар Әуезовтің баласы Мұрат Әуезовке Мәскеуде дем алып жатқанда жазған хатынан үзіндіні мектептегі әдебиет оқулығынан оқыдық.Ал,жазушы Бақытжан Момышұлы тумысы қайсар әкесінің өзіне жазған хаты жайлы былайша сыр шертеді:``Туылғанымды естіп, әкем ма­ған арнап хат жазған екен. Сол хат жа­зылған открытканы  ол соғыс біт­кенше қалтасында сақтап жү­ріп­ті. Бірақ, тірі кезінде маған жаз­ған сол хатын көрсеткен емес. Бұл хат әлі күнге дейін біздің үйде сақ­талған. Талай мұрағаттарын ма­ған емес, келініне «Тірі кезімде аш­саң, қолыңды сындырам» деп, се­ніп тапсырған. Әкем қайтыс бо­лып, қырқын бергеннен кейін мұ­рағаттар сақталған шкафты аш­тық. Сонда талай нәрсеге көз жет­кіз­дік…``

Тарихтағы тағы бір қайталанбас хаттар легін тәуелсіздік алған жылдары қазақ журналистикасының алып тұлғалары Камал Смайылов пен Шерхан Мұртаза екеуі «Егемен Қазақстан» газеті бетінде хат  жазысып,қоғамның өзекті мәселелерін көтеру арқылы жалғады. Кейін «Елім, саған айтамын, Елбасы, сен де тыңда» деген кітап болып басылды.

Ал,қазір аға буын арасында осындай жария хат жазысулар неге көрінбейді,әдемі дәстүр үзіліп қалған жоқ па?- деген сауалға ``Президент және Халық``  газетінің Бас редакторы Марат Тоқашбаев :

``- Хат деген ол форма ғана. Бүгінде эпистолярлық жанр көнерді. Бұрынғы пошта арқылы хат алмасулар мүлде сиреді. Журналистер өзін толғандырған мәселелерді кез келген басылымда жариялай алады. Айталық, менің «Айқында» жариялаған пікірлеріме  досым Жұматай Шаштайұлы «Ана тілінде» немесе өзі басқаратын «Қазақ әдебиетінде» үн қосуы мүмкін. Айырмашылық тек материалдың шекесіндегі «хат» дейтін айдардың болып-болмауында ғана. Әрине, жария хат алмасулар әлі де болар. Бірақ әңгіме жанрда емес, онда айтылатын ойдың тұшымдылығында``,-деген уәж айтады.

 

P.S.Mектепте оқып жүрген кезімде  ішіне газет-журналдар толтырылған үлкее-ен көк сөмкесін асынған Жанар апайды көре сала тұра жүгіретінмін.Ондағым достарымнан келетін хаттарды тезірек алып,оқығанша асыққаным ғой.Аптасына кем дегенде 6-7 хат келеді.Бәрімен де ``Ұлан``  таныстырған.Олай дейтінім ``Ұлан`` газетінде ``Кел,танысайық!`` атты айдар бар.Сонда өзің туралы қысқаша мәлімет пен толық мекен-жайыңды жазып жіберсең(ол газет бетіне шықса) жетіп жатыр,апта өтпей Қазақстанның түкпір-түкпірінен достық қолын ұсынған ұл-қыздардан хаттар ағыла бастайды.Әсіресе осы газеттің өзім сияқты жас тілшілерінен келген хаттар ерекше әсер ететін.Мектепте оқып жүріп`` Ұлан газетінің жас тілшісі`` деген куәлікке ие болған достарымның әр хаттарына қоса жолдайтын әдемі армандарын,жақсы жаңалықтары мен ыстық сағыныштарын асыға күтетінмін.

Қазір сол достарымды күнде көремін.Көбіміздің бала күнгі армандарымыз орындалып,журфакта жолықтық.Бұрындары әрқайсымыз өз аулымыз,өз мектебіміздің жаңалықтарын айтып жарыссақ,бүгін бәріміз бір аудиторияда білім алып,бір дәлізде жүріп,бір жатақханада тұрып жатырмыз.Достығымыздың дәнекері болған ізгі көңіл хаттардың әсері болар,әлі де біріміз үшін біріміздің орнымыз бәрібір бөлек,өзгелерден ерек.Бірақ...мен олардың хаттарын сағындым...Ешбір байланыс құралы сыйлай алмайтын ерекше әсерін сағындым...Қазір қарасам,күнделікті сабақтың көптігіненен бе,әлде...әйтеуір,Университет табалдырығынан аттағалы бірде-бір хат жазбаппын. ...Хат жазғым келіп жүр!

1
2760
2