место в рейтинге
  • 84091
  • 88
  • 13
Нравится блог?
Подписывайтесь!

Тәрбие толғауы

(«Сарыағаш» газетіне «Адам тағдыры» атымен 2009ж қыркүйекте 3 нөмірде басылды.)

I-бөлім. Тәрбие бастауы

Біраз жасаған адам өмірде де, өз ісінде де ой-тәжірибе топтап, соған сүйеніп, үлкен бір тоқтамдарға келеді екен. Сондықтан өмір бойы бала оқытқан ұстаздың бала тәрбиесі туралы көптеген тұжырымдар жасауы табиғи болса керек. Ауыл баласы және мектебі туралы шын толғай жөнелсек, «Батырлар жырын» күн-түн демей жырлаған жыраулардан кем түспес пе едік, қонар көңіл, тыңдар құлақ болса. Қазіргі әңгіме соның бастауы ғана.

Ең алдымен нақты айтатын нәрсе - сабырлы ой еңбегіне бейім бала бар да, оған керісінше, тынымсыз қимыл-қарекетке бейім бала бар. Түбінде бұл екі бейімді бір-біріне қарсы қою қате пікір шығар, бірақ бұл балалардың мінез-құлқы тіптен басқаша екені анық. Ой-қиялға бейім баланың негізінен дене бітімі нәзіктеу, қимыл-қарекеті баяу, бос. Ал қарекетшең баланың негізінен дене бітімі бекем, қуатты, қол еңбегі мен спортқа бейім болады, бірақ ой еңбегіне жоқ. Бұл, мүмкін, адамның жаны мен тәнінің таразылануының белгісі шығар – бірінің қиындықта-рын екіншісі көтеріп кететін. Адам жан мен тәннің тепе-теңдігі емес пе, бірақ оған жету қиынның-қиыны. Жан мен тәннің тепе-теңдігі адамға нағыз бақыт сезімін береді, бірақ оған жету жолында адам жанын да, тәнін де терең тәрбиеден өткізуі тиіс болады. Бұл шығыстық философиялардың түп негізі.

 

Сондықтан да, кез-келген баланың тәрбиесінде о бастан ескеретін негізгі мәселе – оның өз жаратылысын, яғни тәни және рухани бейімін неғұрлым ертерек анықтап, оқу-тәрбие ісін соған негіздей жүргізу. Мысалы, бала ой еңбегіне, яғни ой-қиял дүниесінде өмір сүруге бейім екен, оның ақыл-ой, қиял-парасатын барынша ұштап, осы қабілеттерінің барынша толық ашылуына жағдай жасау керек. Міне, осы бала болашағы ғылым-білімнен айрықша нәтиже бере алады. Әрине, дайындықтың ішіне оның тәни тәрбиесі де кіреді. Өйткені тән саулығы – жан саулығының алғы шарттарының бірі. «Тән саулығы» дегенде тек денсаулықты ғана емес, тәннің түрлі қимыл-әрекеттерге икемділігін, дүниедегі құбылыстарға сергектігін, сол құбылыстармен бірге қимылдай алатын еркіндігін де түсіну керек шығар. Тән ауру-сырқаудан таза, сергек те еркін және бақуат болмаса, сана-сезім де ұзаққа бармайтыны анық. Тән саулығы жанға жігер-қуат береді. Ал енді, бала тәни дүниеге, көзге көрініп тұрған кеңістік пен уақытта өмір сүруге, қимыл-қарекетке бейім екен, оның да осы бағыттағы өз бейімдерін барынша жетілдіріп, қабілет-дарынын дамыту қажет.  Міне, бұл істің өзегі – оның рухын, ақыл-парасатын дамыту. Рухсыз тән – тоғышар да тар маңдай, күнделікті күйбеңінен аспайтын жердің құрты. Міне, осы пайымдауларымызға сай, оқу-тәрбие ісі әрбір баламен түбегейлі жеке дара, өз бағдарымен жүргізілуі тиіс еді.

 

Дарын деген солардың ішіндегі дарасы, бірегейі. Нағыз дарындардың сирек туылатыны бесенеден белгілі. Шын қасиет қонған бала жарқ етіп, өзі-ақ бір жерден шығары анық. Өз орнын табары хақ. «Асыл алмас, қап түбінде қалмас». Қуатты дарын баланың бар сана-сезімін, күш-қуатын «байлап» алып, өз жолына салады да тұрады. Ондай бала сондықтан да былайғы тірішілікке бейімсіздеу, өзінің ішкі дүниесімен өмір сүреді. Осы тұста оған да сүйеу, қолдау қажет. Дарынын мәпелеп, тірішіліктің кір-қоңынан, ыпласынан қорғаштап, баптайтын айрықша күтім керек. Әрине, ең алдымен, дарынына «жұқ» болар қуатты білім көзі, дарынды, ақылдас-сырлас ұстаз керек. Бабы келмесе, тұлпар да шаппайды.

Дарынның жолы бөлек. Ал басқа балаларды қайтеміз?

Басқа бала да әртүрлі. Әрбіріне өзіндік көзқарас, тіл, парық-пайыммен қарай білу керек. Айрықша дарын болмағанмен, көңілін тапса, алға тырмыса ұмтылып, ерекше еңбекқорлық пен табандылығының арқасында небір биіктерге шығар, жоғары қабілетті ұл-қыздарымыз аз емес. Бірақ олардың тағдыры көп мәселелерге тікелей байланысты. Ең алдымен оларға тиянақты тәрбие қажет. Тәрбиесіз білім тұл.

 

Тәрбиенің түп қазығы – отбасы. Ата-ана. Тегі. Бұл мәселенің маңызын сөзбен айтып жеткізу қиын. Ең алдымен, әрбір балаға әке-шешеден, ал оларға ата-бабадан қанмен өткен ақыл-парасат, сана-сезім, түйсік деңгейі болады. Біреуде бұл өзекті қабілеттер жоғары, айқын болса, ал басқа біреуде төмен, бұлыңғыр. Мұны «тегіне тартты» дейді.  Әрине, бұл кесіп айтар әңгіме емес. Әркімнің де тегінде ақыл-парасаты мен дарыны мықты адамдар да, керісінше, ақымақтар немесе өз күйбеңін күйттеуден аса алмай өткен тоғышарлар да көп болған. Баланың бойынан әйтеуір соның бірінің қасиет-қарымы қалқып шығары анық. Сондықтан «тегіне тарттыдан» гөрі «жетесіне берсін» деген сөз әлдеқайда шындыққа сай келсе керек. Баланың қандай болып туылуы және қалыптасуы тікелей әке мен шешенің, яғни алдыңғы буынның биіктігіне тікелей байланысты. Әке-шеше отбасында қандай орта, қандай ауа қалыптастырса, бала сол ортаның шеңберінде, сол ауаны жұтып өседі. Мысалы, кейбір отбасында үлкендердің барлығы дерлік кәдімгі шаруамен – мал, егіншілік, сауда және т.с.с. шұғылданады, жұмысқа барып келеді, бүкіл әңгіме-дүкен де сол айналада. Мұндай отбасылардың балалары негізінен шаруаға бейім болып өседі.Ал жалпы оқу-білімнің тіпті «иісі» де жоқ, ол айналада тұщымды әңгіме де айтылмайды. Ата-ана көбіне білім мен мәдениетке құмартып, асығып тұрған жоқ. Ашығын айту керек және бұл сыр да емес – ауылда көбіне осындай отбасылар тірішілік етеді.Мұндай отбасында білім - өгей. Қалай ғана бұл үйдің балалары білімге ұмтыла алады, «білім» деген құдіреттің не екенін білмей өссе? Мұндай ортада дарыны асып туған баланың өзі дарынына азық таппай, білімге шөлдеп-сусап өседі. Ата-ана шын «Білім» дегеннің не екенін өздері де біле бермейді, сондықтан балаларына ол туралы жөн де сілтей алмайды. Ау білімділер қайда кеткен? Сонау бір жылдары бір білім министрі ауылдық мектептерді аралап жүріп, «білімділердің барлығы қалаға кеткен» деп ауылдықтарға жақпай қалғаны бар. Ашуланбай-ақ, байыппен қарасаңыз, оның әңгімесінің жаны бар. Қазіргі ауыл адамдарының көпшілігінің оқу-білім, мәдениет, яғни рухани ахуалы маған реанимацияда өмірі қыл үстінде жатқан адамды елестетеді. Не кітап, не газет оқымайды, жалпы өмірде және қоғамда өтіп жатқан уақиғаларға өсектен асып, тұщымды бір пікірін айта алмайды, айналасындағы адамдарға адамгершілік пен жақсылық жасауға татымайды, тіпті, не жақсылыққа, не болашаққа, не адамға сенбейді. «Байысам» дейді, бірақ сол байлықтың бағасын, қадірін білетін қандай да бір мәдени, рухани деңгей қажет екенін ойлап жатқан адам бар ма?!. Рухани түскіндік деген осы-ау, шамасы.

 

Дүниежүзілік бір үрдіс жүріп жатыр – урбанизация деген. Бұл – халықтың жаппай ауылдан қалаға қоныс аударуы. Осы қоғамдық құбылыстың нәтижесінде дүниежүзінде көптеген үлкенді-кішілі ауылдар қаңырап, бос қалған. Міне, осы ғаламат көшу алғашында әлгі рухани түскіндіктен басталса керек.  Өйткені бар өркениет пен мәдениет қалаларға шоғырлануда, заманның бар жақсылығы қалада. Бұл – шындық. Ауылды қаншама «көтереміз, дамытамыз» дегенмен, бұл шындықты ешкім жоққа шығара алмайды. Басқасын қойғанда, тек Астана мен Алматыда ғана шоғырланған миллиардтаған ақша айналымын бүкіл елдегі ауылдарға салынатын қаражатпен, меніңше, салыстырып та болмайды. Қаланың тұрмыстық-әлеуметтік, қоғамдық-мәдени ахуалы ауылдан көш ілгері алға кетті. Мұны сүйікті арман қалаларымызға бір қыдырып барып келсеңіз бірден түсінесіз. Мен өзім Алматыға жадырап барып, ауылға біраз жабырқап қайтамын. Өйткені ауылымның жалпы көңіл-күйі дүбірлеген «қала тойынан» жырақта.

 

Осыған қатысы бар-ау деген ойымда жүретін бір мәселені жасырмай-ақ айтайын –  көптеген ел қайраткерлері – депутаттар, жазушылар, бизнесмендер «барлығымыз ауылдан шыққанбыз, ауылды көтеру керек!» деген сөзді көп айтады. Мен оларды құрметтеймін. Бірақ ойымда тұратыны олар қалада отырып сөйлейді, бізге жаны ашып сөйлейді. Мен оларға – «Ондай жанашырлықтың  жаңғырықтары ауылға жете бермейтінін білмейсіздер ме? Ауыл тағдырын жылы кабинеттерден шешіп жіберсеңіздер, онда ауылымның көңіл-күйі неге әлі қырандай шарықтай қоймайды?!. Жиірек ауылға  келіп, бір-бір аптадан болса да бала оқытып, бір-екі жақсы кітап, компьютер ұстатып, опера, күй тыңдатып тұрыңдаршы, оқыған-тоқығанды ауыл баласына сәл де болса сіңіріп, көзін ашып кетші, өмір бойы құдайдай көріп жүрсін» - дегім келеді, бірақ олардың бүкіл ел адамы екенін, олардың елге қызметінің маңызын да түсінемін. Сондағы менің ұққаным – бәрібір ешкім сырттан келіп, бізге ЖҰМАҚ орнатып бермейді. Аяққа тұрғысы келе ме, ауыл адамы ӨЗІ ТІРІЛУІ керек-ақ. Ауылдан шыққан мықтылардың МЫҚТЫЛЫҒЫНЫҢ өзі осыда – олар тырмысып, жоқтан бар жасап, өзінің ауылдық болмысынан биіктеп, «тесіп шыққандар».

 

Осы әңгімені түсінген ата-ана отбасында терең рухани ішкі өзгерістер жасауға жедел кірісуі тиіс. Үй іші мен отбасының жалпы рухани ауасын өзгертіңіз – балаларға оқу-білім туралы тұщымды әңгіме-сұхбаттарды көбейтіңіз, түрлі кітаптар, компьютер сатып алудан ақшаңызды аямай, балаларға кітапхана, білім ұясын жасап беріңіз. Білім-мәдениетке жаны жақын адамдар мен отбасыларды «шырақ жағып» іздеп, олармен өзіңіз де, әсіресе балаларды араластыруға талпыныңыз. Ақыл-парасатты, білімді де мәдениетті адам ешқашан адам баласын кеудеден кері итермейді, шуақ шашып қарсы алады. Кезінде өте білімді де мәдениетті профес-сор, жазушы және өнерлі ағаларды көрдім, ауылда жүрген, рухани өресі солармен теңдес ақын, жазушы, ұстаз аға-інілер мен апа-қарындастарды білемін, адамның ең кішіпейілі де, мейірбаны да, қамқоры да солар. Соның қадірін білсеңіз болды. Ұстаздармен жиі сұхбаттас, ақылдас болыңыз, балаларыңыздың ішкі дүниесін, ішкі талабын білуге тырысыңыз, соған сай рухани азық беріңіз, кішкентайдан таза рухани азықпен тойынбаған бала ешқашан және ешнәрсеге көңілі толмайтын, ешбір қанағатсыз, ешкімнің және ешнәрсенің қадірін білмейтін тоғышар болып шығады. Міне, сондайлардан қазіргі надандар, қатігездер, парақорлар, қылмыскерлер, пасық байшыкештер пайда болуда. Әр баланы өз бейіміне сай кәсіпке баулыңыз, түрлі мамандықтар жөнінде балаларыңызбен күнделікті ақылдас-сұхбаттас болыңыз. Баланың бастауы отбасында екенін еш ұмытпаңыз. Бала отбасындағы басты тұлға. Оны тек «асырау» тіптен жеткіліксіз (кешіріңіз, қойды да асырайды ғой), оны адамшылық пен заманауи білім-мәдениет биігіне көтеруге талпынайық, Өркениет көшіне қосайық.

 

Балаға отбасынан кейінгі «тәрбиеші» - сыртқы орта. Үйден және мектептен тыс орта баланы кішкентайынан өз құшағына ала жөнелуге дайын тұрған, теңіздей толқынданған бір алапат ағыс. Өмір даңғылы. Көше. Оның балаға, бала түгілі ересекке, ықпалы орасан. Отбасы тәрбиесімен өскен және көшеде еркін кезіп жетілген балаларды көзіңізге елестетіңіз, айырмасы жер мен көктей екенін бірден ішіңіз сезеді. Бір қарағанда көше баласы өмірге өте бейім, икемді көрінеді. Бірақ біраз әңгіме-сұхбат жасап, араласып көрсеңіз, оның санасының сол көше аумағынан шықпайтын саяз екенін, ешбір білім-мәдениеттен жұрдай, рухани жағынан жабайы  деңгейде қалғанын бірден-ақ білесіз. Дәл осы сәтте қиялымда күтімі жақсы, тәтті де ірі жемістерін адамдарға силайтын баудағы алма ағашы мен ащы да ұсақ өнімі жерге төгіліп таусылатын жабайы алманы елестетіп отырмын.

 

Дұрыс, көше балаға адамдармен араласуды, жақсы мен жаманды ажыратуды біршама үйретеді, өмірге және өзіне шынайы көзқарас қалыптастырады. Бала ерте есейеді, қатаяды. Бірақ көше баланы тобыр деңгейінде ғана тәрбиелейді – «күшті жеңеді, қу озады, көптің ішінен бөлінбе, көп не істесе, соны істе, өзіңше ойланба, өзіңше істеме» және т.с.с. Көше баланың жекедаралығын, өзіндік мінезін өшіреді, сана-сезімін көше аумағымен шектеп, ақыл-парасаты тұрмыстық деңгейде қалып қояды. Қарасаң қимыл-әрекеті, сөздері кісі сияқты, ал тереңдесең – пиғыл-көзқарасы, дүниетанымы «ойыншыққа таласқан» бөбектің деңгейінде. Мұндайды пси-хологияда инфантилизм дейді. Бұл қазіргі кездегі жастарымыздың психологиясындағы негізгі дерт дер едім –  отызында да есі кірмеген, үйленбеген, үйленсе, бір отбасын икемдей алмай, ажырасқан, рухани өте жұтаң, ешнәрсеге қызықпайтын нигилист жастарымыз көп. Осының бәрі, ең алдымен, көшенің тікелей әсері.

 

Бала неге көшеге шығып кетеді?!. Ия, отбасының және мектептің ықпалы төмендеген сәтте, баланы көше магниттей өзіне тартып ала қояды. Түбінде, отбасы мен көше бір-біріне қарсы қоятын дүниелер емес, бір таразының екі басы. Өмір таразысы. Баланы «үйде қамап отыр» деген сөз емес, көшеге де шығу керек. Тек, көшедегі тірішілікке баланың көзқарасы үйде қалыптасуы тиіс. Көшедегі ғана емес, отбасындағы не мектептегі де әрбір уақиға ата-ана мен бала арасында күнделікті сұхбат-талқыға түсіп, өз бағасын алып, айқындалып отыруы тиіс. Уақиға адамгершілік, қоғамдық тұрғыдан, ақыл-парасаттық және білім-мәдениеттік мазмұны жағынан жіктеліп, оның ақиқат мәнісі балаға ұғындырылып отыруы тиіс. Бала біртіндеп «жақсы» мен «жаманның» ақиқат ара жігін дұрыс ажыратуды үйренеді. Бірақ бұл жолы ол терең ақыл-парасаты мен біліміне сүйенеді. Көше еріккенде уақыт өлтіретін немесе ойнап келетін ортадан баланың мықты тәрбиешісіне, тәжірибе жинақтау алаңына айналады.

 

Отбасының балаға ықпалы қалай төмендейді? Жоғарыда айтқандай, кейбір отбасында бәрі шаруабасты, тіпті, кейбір ата-ана не үйде жоқ, не түзде жоқ. Осы жүрістерін олар «бала-шағаның қамы» деп өздерін ақтағысы келеді. Ал баланың оқу-білім, мінез-құлық жағдайы, ішкі жан дүниесінің рухани талаптары ұмытылып, қараусыз қалады. Бір мезгіл отырып, түрлі мазмұнды кітап оқымаған соң, ата-анамен не басқамен салиқалы ой-пікірталас, сұхбаттар жасамаған соң, күнделікті де тиянақты білім нәрінен сусындамаған соң баланың ой-өрісі, ақыл-парасаты дамымайды, тұрмыстық деңгейден аспайды. Бала үйден таппағанын көшеден іздейді. Бірақ көше өз заңдарын ұсынады.

 

Көшенің өмірі қалай қалыптасады? Оны да бөтен біреулер емес, өзіміз жасаймыз. Көше –  өмір алаңы. Оның ең басты ерекшелігі – қоғамның «жақсысы» мен «жаманын» ашық, яғни ақиқат бейнесін көрсетеді. Әрбір үйдің баласы ең алдымен көшеге өз отбасының бар тәшпіші мен мәселелерін дестелеп бірге ала шығады. Әке-шешеден жеген «таяғын», естіген былапыт сөзін, бейқасиет мінез-қылықтар мен ұрыс-керісті, отбасының материалдық және рухани жұтаң тұстарын, бәрін бала «тамағы сіңбеген, асқазаны бейжай» адамдай көшеге құсады. Мұндай көбейіп кетсе, көшенің тірішілігінен шынымен-ақ құсқың келеді. Көше бейқасиет, дөрекі де бұзақы, қулық-сұмдық ортасына айналады. Ал егер, материалдық та, рухани да хал-ахуалы жоғары, адамшылық-мәдени реңі кірген отбасылар көбейе түссе, көшенің де бет-бейнесі бірден өзгеріп, жадырап шыға келеді. Көше – қоғамдық-әлеуметтік барометр. Оған қара да, әлеуметтің ахуалын біле бер. Көшені жөндеу үшін әрбір отбасының ахуалын мәдениет пен өркениетке жеткізу қажет. Әрбір отбасыны бір-бір мемлекет десек, оның ішкі саясаты мен идеологиясын түбегейлі жолға қою қажет, бала тәрбиесі оның ең өзекті мәселесі болуы міндетті. Отбасы - келешек ұрпақ үшін. Міне, сонда ғана өз көшемізден өзіміз қорықпаймыз. «Өз көлеңкемізден өзіміз үрікпейміз». Ал қазіргі көшенің ахуалы қазіргі өзіміздің қоғамдық-әлеуметтік жағдайымызға сай, бір сөзбен айтсақ – «Ақша жоқ, ақша болса, бәрін қатырамыз». Әңгіме тек ақшада емес-ау, ең алдымен елдің білім-мәдениетінде, рухында. Осы тұрғыдан ауыл – сенімді тұғыры жоқ, қанаты жазылмаған, томағасы алынбаған қолбала қыран секілді. Тұрған жайында ісіп-кеуіп, «мен қыранмын!» деп шаңқылдағанымен, оның несі қыран?!.  Әйтпесе қаншама ауыл адамы бала-шағасының болашағын ойлап немесе жұмыс іздеп қала жағалап кетер ме еді?..Меніңше, олар тек табыс іздеп кеткен жоқ, сәл де болса замануи мәдени-өркениетті орта да іздейді.

 

Келесі тәрбие баспалдағы – мектеп. Баланың отбасынан кейінгі үйі. Баланың бар өмір-тағдыры сеніп тапсырылған оқу-тәрбие ордасы. Құрметті оқырман, осы сөздің мәнісіне бір үңілші! Қалай ата-ана өз баласын басыбүтін біреудің қолына «тапсыра салады», неге тапсырады?!. Мектепке ата-ана баласын бір үмітпен сеніп тапсыра ма, жоқ, мектеп не өкімет ата-анадан баланы «тартып» ала ма?.. Бұл өте қызық сұрақ. Бұл туралы әңгіме көп.

 

Дәл осы мәселеге екі тұстан қарау керек – ата-ананың және мектептің көзқарасымен. Бұл да бір таразының екі басы.

Ең қуанатыны – «баламды мектеп үлкен адам етіп шығарса, білімі мен мәдениеті қатарынан еш кем болмаса» деген үкілі үмітпен өмір сүретін, бауыр еті баласын мектепке сол үміт-арманымен қоса тапсыратын ата-аналар баршылық. Мектеп және мұғалімдермен жиі байланысып, тұрақты түрде баласының хал-ахуалы туралы ақыл-кеңес жасап тұратын, бала тәрбиесіне өте үлкен жауапкершілікпен қарайтын ата-аналарды білемін. Олар мені үйіме іздеп келіп, бірлесе отырып, бала тәрбиесі және оқу-білім туралы ұзақ та мәнді сұхбаттар жасағанымыз есімде. Мен мұндай ата-аналарды әулиедей көремін. Қатты құрметтеймін және шын жүрегімнен балаларының рахатын көрсін деп тілеймін.

 

Бірақ ата-аналардың кейбірі «баланы басыбүтін мектепке тапсырдым, баламен тек мектеп шұғылданады» деген сенімде, «жаны жай тауып, баланың міндетінен құтылғандай», бала тәрбиесінде екі қолды бос қояды. Мектепті өкіметтің «тегін балабақшасындай» немесе «өкімет баласын тартып» алғандай көреді. Ата-аналық парызын мектепке аудара салады, ары-беріден соң «қайда қарап жүрсіңдер!» деп мектепке, ал «неге бүйттің!» деп...баласына доқ қылады. Бәрінің төбесінен қарайтын сот па, бастық па сияқты. Міне, мұндай ата-ана бала үшін өте қауіп-ті! Өз баласына бөтен және қауіпті. Алдымен бұлардың өзін тәрбиелеу керек.

Ал енді баламен еш ісі жоқ, бетімен кеткен ата-ана да баршылық. Әрине, бала да бетімен кеткен. Мектепке келтірмек түгілі үйінен іздеп таппайсыз. Баласы туралы әңгімеге тартамын деп, ұрыс-керістің, былапыт сөздің астында қаласыз. Сабаққа, тіпті, емтиханға бұл үйдің баласын мұғалімдер үйіне барып, төсегінен тұрғызып, «қолпаштап» жүріп әрең жеткізеді. Ал ата-ана...жоқ есебі. Обал! Балаға және отбасына обал. Бірақ мұндайда қолдан келер шара жоқ.

 

Ал енді мектептің тұсынан көз тастайық.

Баласының болашағынан үміті бар ата-ана алдымен мектепке жүгінері хақ. Жоғарыда қойылған «Қалай ата-ана өз баласын басыбүтін біреудің қолына «тапсыра салады», неге тапсырады?!.» деген сұрақты жүрегімен де, санасымен де терең қабылдап, ел-жұрттың баласының болашағына деген үлкен жауапкершілікті сезінген, өз мойынына алған көптеген ұстаздарды білемін. Бауыр еті баласын қолыңа тапсырып тұрса, одан асқан жауапкершілік те, сенім де жоқ шығар. Осы сенімді ақтауға талпынған мұғалімнен айналасың. Мұндай мұғалім ата-анамен тығыз байланыста, балаға ақылдас-сырлас дос, қамқор, кішіпейіл, әрбір баланың жан дүниесі мен мінез-құлқын түсінуге, оған сапалы білім-тәрбие беруге талпынады және сол бағытта ізденгіш. Мұндай мұғалімге бала да, ата-ана да жақын, пейілінің ақ екенін бірден-ақ біледі, ақылдас-сырлас болады.

 

Бірақ, жасыратыны жоқ, басқаша ұғымдағы мұғалімдер де бар. Бұлар – балаларға да, олардың ата-анасына да «үлкен бастық». Бұл мұғалім бар күш-жігерін балаға сапалы білім-тәрбие беруден бұрын оны өзіне бағындырып, алдында сірестіріп ұстауға жұмсайды. Мұның бір себебі – кейде мұғалім өзінің білімсіздігін, мәдениетсіздігін осы әдіспен жасырғысы келеді, кейде, «бағындырудан» ләззат алады. Дұрыс, бала тәртіпке үйренуі тиіс, бірақ күнделікті психологиялық қысымнан оның еркін ойлау, өз пікірін ашық айту, өздігінен шешім қабылдай алу қабілеттері нашарлайды. Мәңгүрттікке бой ұрады. Кейбір еркелеу немесе мінезділеу балалар керісінше, өздігін сақтап қалуға тырысып, мұғаліммен жиі тіресіп, жаныға түседі, жүйке жүйесі домбыраның шегіндей керіліп, қалыпты жағдайдан шығады, шаршайды.

 

Бұл типтегі мұғалімдер ата-анамен тіл табысуда да көп қиындықтарға кезігеді.  Өйткені оның балаға шын жаны ашымайтыны білініп тұрады, ата-ананы да кері тебеді.

 

Мұғалім қауымының тағы бір типі бар. Бұларды «кездейсоқ немесе айлық үшін мұғалім болғандар» десе болады. Баланы не білім-мәдениетімен үйіріп кете алмайды, не, тіпті, «бұйрықтарымен» де өзіне икемдеуге құлықсыз және жігерсіз. Баладан қорқады. Баладан шошиды. Балаға еш берері жоқ. Әйтеуір бір жылтыңдықпен, жансірілігімен тіршілік етеді. Баланы да, өзін де қорлап жүр. Бірақ өз ахуалын түсініп, мектептен кетуге де күш-жігері жетпейді. Мұндайларды да, әттең, мен көрдім, көріп те жүрмін. Мен үшін мұндайлар мектепте құлазып жүрген көлеңкелер сияқты.

 

Ең таңқаларлығы осы – мектепте білімсіз-мәдениетсіз мұғалім де тірішілік ете алады, тіпті ол одан әрі мектеп басшылығына да еркін көтеріле алады! Ау, ағайын, білімсіз білімнің қадірін көтере ме?!. Бұл бір ғажайып.

 

Міне, осы жоғарыда айтылған ортадан ауыл баласы өсіп шығады!

Ал енді айтыңыз – қандай бала өсіп шығады? Қандай балаларымыз бар? Өзіңіз бір шамалап көріңіз. Бұл жөнінде де енді үлкен әңгіме қозғауға болады.

 

.II-бөлім. Ауыл баласы қандай?

Ең дұрысы ауыл мектебі мен ауыл баласы туралы хикаяларды баяндайын. Өз өмірімде, көз алдымда өткен және көңілімде із қалдырған шын хикаялар. Жақсы мен жаманын өзіңіз ажыратып аларсыз, құрметті оқырман.

I-хикая.

Физика, математика, астрономия және информатика пәндерін жоғары қазақ сыныптарда және орыс сыныптарында оқыттым. Бәлен жыл мектепте істегенде екі-үш сыныпқа ғана жетекшілік жасадым. Ең алғаш өзім бітірген Абай атындағы мектепке келе сала маған 6 орыс сыныбын тапсырды. Орыс сыныптарында түрлі ұлттардың – қазақ, неміс, кәріс, өзбек, татар – балалары жиналған еді. «Жас, жігерлі жігітсің» деп оқу-тәрбиесі өте ауыр балаларды жүктеді. Мұғалімдер сол кездерде бұлардан әбден ығыр болған. Бұл сыныпқа бірнеше жыл жетекшілік еттім.

 

Мен әлге дейін таңқалатын бір қызық құбылыс бар. Егер түрлі ұлт өкілдері араласа өмір сүрсе, неге екенін, олардың ой-санасы, сезім-түйсігі жеделдете дамитын секілді, айналаға сергек қарайды, тез түсінгіш, өз ой-пікірін тартынбай айтады, намысшыл, қағілез. Бұл құбылысты университетте жүргенде байқадым, өйткені түрлі ұлттың қыз-жігіттерімен қоян-қолтық оқыдық. Баяғы, неміс, орыс көп болатын кезді еске түсіріңізші. Арамызда бір қазақтай өмір сүрген немістің өзі неге тұратын еді. Тірлігі өте пысық, бүкіл техниканы бес саусақтай меңгерді, қазақшаны қазақтан жақсы сөйледі, айналаға өте сергек. Бұл, алдымен, неміс халқының табиғатынан десек те, тағы бір маңызды себебі – олар айналаға қарап бой түзеді.

 

Міне, менің сыныбымдағы балалардың да ең бірінші ерекшелігі сол еті тірілігі еді. Олар қазақ сыныбындағы балалардан қағілездеу, сөзшең, әсершілдеу, намысшылдау және т.с.с. Бұл мұғалімдерге бұзықтық болып көрінетін. Көптеген мұғалімдер, мұны осы кезде де байқаймын, баладан басқалардан айрықшалау бір мінез, қимыл-әрекет көрсе, пікір естісе, оны қалай қабылдауды білмей қалады, кейбір пікір не сұрақтарына жауап та таппай қалады, содан ең жеңіл жолды таңдайды – ол баланы не «тәртіпке» салады, не үндемей құтылады. Жоқ, мен әр баланың мінез ерекшелігін ескеруге тырыстым, екпіні мен жігері күшті баланың екпініне ілестім, жуас та тыныш баланың тыныштығын бұзбай сұхбаттастым, әрбірінің жекедара мінез ерекшелігін тап басып, түсінуге, сол арқылы әрбірінің өзіне деген құрметін өсіруге және сол құрметін түсірмеуге ұмтылдым. Менің бала тәрбиесіндегі бұлжымас принципім – «ең алдымен баланың құрметін көтер, өзін-өзі силап-құрметтеуге жеткіз, кейін баламен бірге сол құрметін түсірмеуге талпын». Өз құрметін білген адам жақсы болуға талпынады және басқаларды да құрметтей бастайды.


Ең қиыны – баланы өзін-өзі құрметтеуге жеткізу. Ол үшін ұстаз оның жақсы да пайдалы қасиет-қабілеттерін ашып, аялап, «қолынан бір іс, жақсылық келетінін» көзіне көрсете білуі керек. Міне, осы әркімнің қолынан келе бермейді. Жатқан психология, жан дүние, математика, биология, тіл, сезім-түйсік және т.с.с., яғни ғылым-білім, дүниетанымның бәрі осы жерде қажет.

 

Маған кейбір мұғалімдер немесе басқа оқушылар «сыныбыңыздың балаларын өте еркелетіп жібересіз» деген сөзді көп айтатын. Оның себебін өзім білуші едім –  сыныпқа жетекші екенмін деп оларға «бастық» не «командир» болғым келмейтін еді, кәдімгі шынайы ағалары сияқты қарым-қатынас жасауға ұмтылатынмын, еркін жүріп-тұрсын, еркін сөйлесін, өзінің құдай берген мінез-құлқымен өмір сүрсін, яғни әрбірі өзімен-өзі болсын деп қалайтын едім. Балалар еркін, сондықтан да ашық-жарқын, көңілді болатын. «Бұзық» не «сотқар» деген балалардан қайта еркін де өр мінез күтіп, намысын қозғап, дұрыс бағытқа салуға тырыстым. Әрине, кейде қаталдықтың да қажет кезі бар – балаға талап қоя білу, оны орындату, жаман әдеттер мен әрекеттерден сақтандыру. Балаға қатаң талаптар қою үшін алдымен мұғалім өзіне қатаң, талапшаң болуы міндетті. Әйтпесе оның сөзі бір жақта, ісі екінші жақта, оны бала көріп отырады, қайдан тәрбие болсын.

 

ІІ-хикая.

Қайбір жылы бітіруші сыныпта Мәди деген оқушы болды. Ол оқуды тіптен тастап қойған, мұрынына білімнің иісі де бармайтын, өзімен-өзі жүрген бір жуас, момын бала еді. Соңғы сыныпта информатика сабақтарына қатыса жүріп, оның компьютерге және бағдарламалауға деген дарыны ашылды. Ол кезде компьютер деген аты ғана – «Корвет», әйтпесе ойыншық секілді. Қара экранда ақ жазулармен қолдан бағдарламалар құрып, орындатуға болады, бар мүмкіндігі сол-ақ. Бірақ баланың білімге құмартуы үшін, білімге басыбайлы жығылуы үшін осы да жеткілікті екен. Мәди менің соңымнан қалмай, қуып жүріп үйренді. Компьютердің басында сағаттап отырды. Менің бір ерекше туған баламдай болды. Бір күні, компьютер сыныбында істеп отырғанда, оны сыртынан құлыптап кетіппін. Кешке, үйде отырып есіме түсіпті. «Ойпырмай, бала аш қалды-ау, әбіржіді-ау» деп жүрегімді қолыма алып жүгіріп барсам, ол әлі компьютерден бас алмай отыр. «Ағай, бағдарламаны жаздым! Өзім жаздым! Көріңізші!»  деп қуана алдымнан шықты. Жыл соңында бүкіл сыныптың алдында «Міне, Мәди, графикалық бағдарламалаудан мен саған барымды үйреттім, тіпті, менен оздың, бұл жағынан саған батамды бердім» деп қуана ақ жол тіледім. «Бірақ математикадан әлі көп оқу керек, физика, математикаң нашар, ізден» деп ескерттім. Кейін сол математикадан да өзім дайындап, ҚазМУ-дің матфагына түсті. Оны аяқтап, қазір Алматыда.

 

Сол Мәди «оқимын» дегенде әкесі сенбей, маған келіп жолықты. «Мұның басында ештеңе жоқ қой, бұл қалай оқиды?!.» деп ашуланады. Бір-екі сағат баласының жағдайын түсіндіріп, «тәрбие жұмысын» жүргізгеннен кейін ғана «А-а, солай ма екен, ә!..» деп барып тоқтады. Ақыр-соңы қуанып қалды – кім баласын мақтағанды жек көрсін. Ең негізгісі – босқа жүрген бала «бірден» шынымен оқымысты болып шыға келсе! Біз ол кісімен өте сыйлас болып кеттік. Міне, осындай құбылыстар да болады екен.

Жалпы, менің тәжірибемде осындай, ұлын-қызын өз ата-анасынан қорғайтын немесе оларды табыстыратын жәйттер әлі де кездесіп тұрады. Қанеки, әрқашан ата-ана мен баланың арасына дәнекер бола алсақ! Бұл ұстаздың парызының бірі шығар. Әттең, шамамыз жете бермейді ғой.

 

Ал енді білімге құмарлық жөнінде.

Бұл сезім маған етене таныс құбылыс. Бір кітапты оқығанда, есепті шығарғанда, жалпы шығармашылықпен шұғылданған сәттерде бар дүниені ұмытасың, күн-түн демей шұқшиясың, бір ақиқаттың тұңғиығына тереңдей бересің, еріксіз сүңги бересің. Мәдиден басқа да осындай санаулы шәкірттерім болды. «Ауырып қаласың!» десең де, мұрыны қанаса да, оқудан жалықпаған шәкірттеріме бас иемін. Олардың ішінде ақыл-парасаты мен білімі небір ересектерден әлдеқайда жоғары ұл-қыздар болды. Биік ақыл-парасаттары мен талаптарынан айналдым. Тағы да әттең деймін – мұндай шәкірттер азайып бара жатқандай. Балаларды айыптамаймын, басқасын қайдам, білім саласында «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» деген заман келіп тұр. «Инемен қазғандай» істі іркіт ішкендей қылды.

III-хикая.

Әрбір баланың білімге шынымен қарны ашатынын көрдім. Көз тоқтатып қарай бастағаннан-ақ сәби айналаға сондай бір аштықпен үңіледі, мына өзі жаңадан келге дүниеге қарап еш көзі тоймайды. Ұстап көреді, иіскеп көреді, тістеп көреді, әйтеуір ұмтылыс. Дүниенің сырларына табиғи құмарлық. Білімге құмарлық. Өсе келе баланың түрлі сұрағы да, былдыр-былдыр әңгімесі де көбейеді. Ал жауап беріп көр. Бекер әңгіме не бекер сұрақ емес. Білу қажеттілігі. Ғұламалар айтқандай - «бала тәрбиесін шешесінің ішінде жатқан кезден бастау керек». Олардың білім беруді де қоса айтқанына еш шүбәм жоқ.

 

Бастауыш сыныптардан-ақ балалардың ақыл-есінің, түйсік-сезімінің ерекшеліктері кәдімгідей көрініп тұрады. Ақыл-парасаты бар, оқу-тәрбиені елгезек те сергек қабылдайтын бала о бастан-ақ бір басқа, ой-сезім мен түйсіктен жұрдай, зердесіз бала оқымақ түгілі айналаға парықсыз. Тіпті, адам тағдыры балалық шақта белгіленіп, түбегейлі шешіліп қоятындай.

 

Бір күні Берік деген баланы шешесі жетектеп келіп, оның болашағы туралы ақылдасты. Берік бітіруші сыныпқа енді өткен. Бірақ барлық сабақты әлдеқашан тастаған. Көшеге шығып кеткені түрінен көрініп тұр – маған жоғарыдан, «сен кімсің» дегендей сенімсіз қарайды, шешесінен бұрын жөнсіз, дөрекі сөйлеп те жіберді, көзінен ешқандай ой-парасаттың, сезім-түйсіктің ұшқынын көрмедім. Адамның ішкі дүниесі алдымен көз жанарларынан сыр береді. Ал Беріктің жанарлары көмескі, ішкі дүние жоқ, тек сыртқы күйбең тірішілікті бақылауға ғана арналған еді. Бұл өте ауыр жағдай.

 

Шешесімен біраз сырласқаннан кейін мәлім болғаны – баланың рухани ахуалына  кішкентайынан ешкім көңіл бөлмеген. Ата-ана бала тәрбиесінде нағыз надандық танытқан. Енді бала ішкі талаппен емес, «жұрттың баласы ұқсап» оқысам дейді. Ал зіңгіттей жігіт болған жасөспірімнің сөздері мен қылықтары, түсінігі кішкентай баладан бетер. Бастың ішіндегі бас орган, тұрақты жұмыс істемегендіктен, семіп, өшіп қалған. Есеп шығармақ түгілі көбейту кестесін сұраған кезде, «жігітім» борша-боршасы шығып терлеп кетті. Бір-екі қарапайым сұрақ қойып, салиқалы әңгімеге тартқанда ғой тіпті тілі бұралып, қорс-қорс танауын тартқыштап, жаны шынымен қысылғанын көрсеңіз. Сөз түсінбейді. Мұндай балаларды өте аяйсың, рухани көкжиектерден аулақ қалатынына қатты өкінесің.

 

Егер баланың жетесінде сәл бір нәрсе болса, кішкентайында ой-санасына қозғау салынса, ол кейін, қай кезде болсын, өзі ұмтылып, әрекетін істеп кетер еді. Тіпті оқу-білімді тастап қойды дегеннің өзінде, кейін, есі кіріп, жоғары сыныптарда қолға алса, бала оянып, қабілеттері ашылып, аяққа тұрып кетеді.

 

Дәл Беріктің ахуалындағы Айдос деген баланы да әкесі жетелеп келіп тапсырды. Бала деймін-ау, тұлғасы менен үлкен. Жалғыз, ерке өскен бала. Мектепті бітіретін бала тіпті көбейту кестесін білмейді, екі сөздің басын қосып оқи алмайды, не деген сұмдық! Бірақ мұнікі тек еркелік пен бейқамдық екен. Оқуда тіпті жыларманға дейін жеткен кездері болды, бірақ жетесінде бір нәрсе бар екен, басында әбден қиналса да, біртіндеп сана-сезімі, қабілеті ашылып, көңілдегідей оқып кетті. Дәл осындай тағы бір ерке бала есіме түседі. Оны әкесі жоғары оқу орнына түсіреді, оқи алмайды, тастайды. Сырттай оқуға түсіреді, оқи алмайды, тастайды. Содан кейін ғана бала әкесіне «Өз басыңда білім болмай, түк шықпайды екен. Әке, мен өзім дайындалып, өз күшіммен түсемін» деп өмірден ұққанын айтады. Еркелігін жиыстырып, есі кіреді. Оның ахуалын әкесінен естігеннен кейін баланы үш айда «адам қатарына» қосып бердім. Ол өз білімімен қиын да қызық техникалық мамандықтың жоғары оқу орнына түсіп кетті. Оны әлдеқашан бітіріп, қазір өмірге араласқан болса керек.

 

Әсіресе осындай, болашақтан үміті үзілейін деп тұрған балаларды қиын-қыстаудан алып шыққан кезде, олардың көздерінде қайта жанған шырақты көргенде, өзің де қанаттанып, болашаққа үлкен сеніммен қарай бастайсың, “мына дүниеге бекер келмеппін-ау» деп бір желпініп қаласың. Әрине, бұл сәтке жетуден алдын өзің де баламен бірге «тозақтың отына түсіп», «қан төгіп» қайтасың. Бала жаңа туылғандай болады. Еті мен сүйегі әке-шешесінікі, ал рухи дүниесі, жаны сенің жаның мен қаныңнан жаралған. Бұл бір ғажайып.

 

Тәрбие көрмеген баланы «адам қатарына» қосу деген терең құдықтың түбіне құлап кеткен түйені шығарып алғандай тірлік. Ол үшін мынадай сатылардан өту керек:

  1. Баланы «жабайы қылықтарынан» арылту, сыртқы дөрекі қимыл-әрекеттері мен тіл-сөзін түбегейлі жөндеу керек.
  2. Баланың жан дүниесін жібітіп, қажетсіз де зиянды ой-түйсіктер мен үмітсіздіктен, сенімсіздіктен тазалау керек. Адамы жоқ қараңғы бөлмедей жан дүниесіне шырақ жағып, адами қабілет-қасиеттеріне сәуле түсіріп, ояту керек. Баланың «бәрі оқиын деп жүр, мен де оқимын» деген жеңіл көзқарасы өзгеріп, оқу-білімге, тәрбиеге деген өзінің ішкі талабы қалыптасуы тиіс, яғни бойында «білсем, жақсарсам» деген құмарлық, өзіне және білімге деген бұлжымас сенім тууы қажет-ақ. Баланы СЕНІМ алып шығады.
  3. Жан дүниесі қозғалып, оянған бала алғашында өзінен-өзі жиренеді, өзінен-өзі ұялып, намыстанады, кейін өзін-өзі құрметтей бастайды. Өз құрметін көтеру жолына түседі. Міне, осы кезеңнен бастап бала білім-тәрбиеге басыбүтін жығылады. Жетекке өз еркімен көнеді. Тіпті жәрдем береді. Баланың жанарларында ұшқын пайда болып, қайта жаралғандай болатын сәті осы.
  4. Енді ұстаз бен шәкірт Білім теңізінде қатар жүзген қос кемедей, сырлы көкжиектерге сапар шегеді. «Инемен құдық қазғандай» еңбек пен рухани өсу рахатын бірге көреді. Рухани туыс болады.

IV-хикая.

Кейде мектепке симай кетемін. Кейде адам, тіпті, жер-көкке де симайды емес пе. Жаның қысылып, демалуға ауа жетпей қалады.

Сондай кезде, былай қарасаң, күнделікті мектептің төрт қабырғасында балаларды «қамап» ұстап, тырп еткізбей отырғандай көрінеді. Таңертең барған бала түске дейін, негізінен, отырады. Бала көбірек қимылдап, ойнап, айқайлап-күліп жүргісі келеді, бала табиғаты соны талап етеді. Ал біз соның бәрін тиып, тасып тұрған балалық энергияны буып, «сыныпта тыныш отырып, сабақ оқы» дейміз. Оларды тағы өңшең бәріне жетпейтін кітаппен, азды-көпті жұпыны құрал-сайманмен немесе әңгімемен қызықтырмақшы боламыз. «Қызықпадың» деп баланы, «қызықтырмадың» деп мұғалімді айыптаймыз.

 

Міне, осыны көріп жүріп, кейде балаларды ертіп, мектептен атып шығып кеткің келеді. Кейде, шынымен-ақ, балаларды ертіп, физика сабақтарын ашық аспан астында, табиғат аясында өткізген кездерім болды. Физика айналаңда, көріңдер, ойнаңдар.

 

Маған қойса, мектепте, әсіресе, бастауыш және орта сыныптарда, түрлі саяхаттық сабақтарды көбейтер едім. Әр мектепке автобустар бөліп, жоспарлы түрде Астана мен Алматыға, Шымкент пен Түркістанға, тіпті, туған жер табиғатына, өндіріс орындарына саяхат сабақтарына жиі шығарып тұрар едім. Өмірдің өзі шапшаң қарқын алып, қозғалыс пен жылдамдықтың заманы келді. Ел көрсін, жер көрсін. Тар шеңберден шықсын. Баланың ой-өрісі кеңиді, өз мінез-құлқы қалыптасады, ішкі табиғи балалық күш-қуаты өмір мен табиғатты, қоғамды тануға, үйренуге жұмсалады. Бұл – ең табиғи тәрбие болары анық. Мемлекет оқу-тәрбие сапасын күрт көтеру үшін қаржыны осыған салу керек.

 

Кітапты кие тұтамыз. Кітапсыз, әрине, оқу жоқ. Білім-ғылымды кітаптан алатынымыз белгілі. Бірақ осынша өмір сүріп, көзіміздің жеткені - өмір кітаптағыдай емес! Өмірді алдымен өмірдің өзінен үйрену керек екен. Сондықтан, адам болу үшін балаға өмірді де көрсетейік, кітапты да  оқытайық. Мектебіміз тұмшаланған таза қағазбасты оқудан арылып, төрт қабырғадан шығып, өмір сабақтарын оқытсын. Мектептің өрісі кеңіп, тынысы ашылсын. Бұл бір менің жүрегімнің түбінде жүрген арман еді.

 

Дүниені Интернет арқылы да саяхаттауға болады. Бірақ ол әрі-беріден кейін шындықтан алыстатады, виртуал, яғни қияли дүниеге еліктіреді. Жалпы, компьютер және Интернет деген көп ішіп қойсаң уланатын дәрі секілді нәрсе. Бұлар – заман ғажайыбы, қажет, бірақ жөнімен, шамасымен ғана пайдалан. Әйтпесе бұл бағытта баланы тәни және рухани жағынан да не күтіп тұрғанын мен компьютер маманы ретінде жақсы білемін. Бұл енді басқа әңгіме.

13 марта 2012, 6:16
8775

Загрузка...
Loading...

Комментарии

Оставьте свой комментарий

Спасибо за открытие блога в Yvision.kz! Чтобы убедиться в отсутствии спама, все комментарии новых пользователей проходят премодерацию. Соблюдение правил нашей блог-платформы ускорит ваш переход в категорию надежных пользователей, не нуждающихся в премодерации. Обязательно прочтите наши правила по указанной ссылке: Правила

Также можно нажать Ctrl+Enter

Популярные посты

Маргулан Сейсембаев: Об идеальных учителях, финской модели обучения и дисциплине

Маргулан Сейсембаев: Об идеальных учителях, финской модели обучения и дисциплине

Крупнейшая частная школа осознала, что внедрять финскую модель в чистом виде в Казахстане, не имеет смысла. Нельзя давать детям свободу без "идеальных" учителей.
Zhumanova
вчера / 8:18
  • 5599
  • 8
О проститутках, ЗППП и других сексуальных страстях

О проститутках, ЗППП и других сексуальных страстях

У меня обширный сексуальный опыт, и я этим не хвастаюсь. Будь у меня возможность, променял бы это всё на одного партнёра. Но так как с личной жизнью не заладилось, а секс я очень люблю, то приходилось изворачиваться.
bez_prav
18 окт. 2017 / 18:01
Я помню тот день, когда мне позвонили друзья и сообщили: «Она выходит замуж». Часть 2

Я помню тот день, когда мне позвонили друзья и сообщили: «Она выходит замуж». Часть 2

Я знал дату свадьбы. За неделю до свадьбы в соцсети "Вконтакте" на все мои последние фото, был проставлен лайк с её профиля. Сердце забилось сильнее. В душе загорелась наивная, крошечная надежда.
Dominator-kz
17 окт. 2017 / 15:41
Льготное кредитование для молодежи Алматы. Не хоромы, но для начала неплохо

Льготное кредитование для молодежи Алматы. Не хоромы, но для начала неплохо

Если вам нет 35 лет и у вас нет своего жилья, то есть интересная гос.программа. Нишевая программа - молодые семьи Алматы до 35 лет, семья - это как минимум 2 супруга без детей.
DanaJarlygapova
19 окт. 2017 / 16:21
Мой парень – «тиран». Почему я вступила в такие отношения?

Мой парень – «тиран». Почему я вступила в такие отношения?

История из моей жизни. Я вспоминаю эти отношения и сама не могу понять - как так произошло? А дело в том, что вы и сами не заметите. Это наступает плавно и динамично.
Altynai_JA
18 окт. 2017 / 14:17
Доверяют ли граждане Казахстана полицейским? Социальный опрос

Доверяют ли граждане Казахстана полицейским? Социальный опрос

Борьба с оборотнями в погонах идёт не один год, но без особого эффекта. Это даёт повод подробнее поговорить о нашей полиции и её проблемах. Как относятся к полицейским казахстанцы?
voiceQZ
20 окт. 2017 / 18:42
  • 2689
  • 41
Как и где найти дешевые авиабилеты?

Как и где найти дешевые авиабилеты?

Дешевые авиабилеты и не только. Какими сайтами воспользоваться лучше всего? Байки о том, что чем раньше вы покупаете билет, тем дешевле, не всегда верны и точны.
dianaobyrne
вчера / 9:25
  • 2451
  • 15
Сказ об офисных планктонах. А какой работник ты?

Сказ об офисных планктонах. А какой работник ты?

Я проработала во многих компаниях и повстречала очень много разных интересных людей. Исходя из моих наблюдений, могу описать несколько категорий работников. Может, речь пойдет о ком-то из вас…
Altynai_JA
18 окт. 2017 / 17:51
  • 2066
  • 20
«Автобусная неделя». Выдержит ли аким Шымкента давку в общественном транспорте?

«Автобусная неделя». Выдержит ли аким Шымкента давку в общественном транспорте?

Аким Шымкента Габидулла Абдрахимов нашёл решение накопившихся проблем городского транспорта. Все ключевые работники акимата некоторое время будут сами ездить на автобусах.
openqazaqstan
18 окт. 2017 / 10:53
  • 1990
  • 36