Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
-2
09:10, 08 марта 2012

Мұнай соғыстары. 3 бөлім

1970-жылдардың басында араб қауымдастығында «мұнай қаруын» саяси және экономикалық мақсаттарды шешу құралы ретінде қолдануға шақырулар көбейе түсті. Жеке айтсақ, 1972 жылдың жазында «бірінші қатарлы» саясаткер, Египет президенті Анвар Садат мұнай ресурстарын күшті саяси қысым құралы ретінде қолдануға шақырып, тұңғыш рет «Мұнай мен саясат біртұтас» деген формуласын жариялады.

Blog post image

Анвар Садат билік басына 1970 жылдың қыркүйегінде аты аңызға айналған араб басшысы Абдель Насер 52 жасында қайтыс болғасын келді. Ол іс жүзінде Насердің Адриатикадан Парсы шығанағына дейін созылатын мемлекет құру сияқты панарабтық идеяларынан бас тартып, өзінің приоритетті мақсаттарының бірі ретінде Египеттің халықаралық аренадағы позицияларын нығайтуды санады. Әсіресе 1967 жылғы «алтыкүндік» соғыста жеңіліс тапқаннан кейінгі кемсітілген державаның негативті имиджінен арылу керек болды.

Израильмен бірнеше нәтижесіз келіссөздерден кейін 1972 жылдың соңында Садат әскери қимылдарға көшуді ұйғарды. 1973 жылдың сәуірінде ол Сирия президенті Хафез Асадпен бірге египет-сирия әскери қимылдарының стратегиялық жоспарларын жасауға кірісті.

1973 жылдың 23 тамызында Садат күтпеген жерде Сауд Арабиясына аттанып, қатал құпиялық жағдайында король Фейсалға өзінің Израильмен соғысу жоспарымен бөлісіп, Сауд Арабиясы тарапынан көмек сұрады. Садат дегеніне жетті: король Фейсал әскери кампанияға жарты миллиард доллар бөлуге уәде беріп қана қоймай, сонымен қатар соғыс барысында «мұнай қаруын» қолдануға сөз берді. Садатпен кездескеннен кейін келесі күні король Saudi Aramco мемлекеттік компаниясынан мұнай өндірісін тәулігіне 2 млн баррельге дейін түсіру АҚШ сияқты тұтынушы елдерде қандай жағдайға алып келетінін зерттеуді талап етті.

Blog post image1973 жылдың 6 қазанында еврейлердің Йом-Киппур мерекесі қарсаңында аспанға 222 реактивті ұшақ ұшырылып жіберілді. Олардың басты нысаналары Суэц каналының шығыс жағалауы мен Синай түбегінде орналасқан израильдіктердің басқару пунктілері мен позициялары болды. Бірнеше минут өткесін фронт сызығы бойымен 3 мыңнан астам қару оқ жаудырта бастады. Бір уақытта сириялық ұшақтар Израильдің солтүстік аудандарына соққы жасады, содан соң 700 зеңбіректен артиллериялық ату басталды. Осылайша 1973 жылғы араб-израиль соғысы басталды.

Соғыс қаупі көптен бері сезілгенмен, Израильге шабуыл барлығы үшін күтпеген жағдай болды. Мәселен, Генри Киссинджер шабуыл туралы Нью-Йорктегі 35-қабат Waldorf Towers отелінінің люксінде ұйықтап жатқан жерінде көмекшілері оятқанда ғана білді. Тез арада америка президентімен кездесіп, Ричард Никсонмен Израильге «ауа-ауа» класының зымырандарын жөнелту мәселесін талқылайды.

Соғыс 18 күнге созылып, Израильдің жеңісімен аяқталды. Бірақ жеңіс «Пирр жеңісімен» бірдей болды. Арабтың мұнай экспорттаушы елдері Батысқа мұнай эмбаргосын жариялап, Генри Киссинджердің айтуы бойынша «соғыстан кейін қалыптасқан әлемді қайтымсыз өзгертіп жіберді».

Араб елдері мұнай эмбаргосын 1973 жылдың 20 қазанында соғыс мәресіне жетіп қалғанда жариялады. Мұнай өндірісі күрт шегеріліп, алдымен АҚШ пен Нидерландқа, содан кейін Португалия мен ОАР-ға мұнай экспорты тоқтатылды. Кейінірек эмбарго күші Шығыс жартышардағы американдық әскери топтарға да таралды.

Эмбарго жариялау көптеген алдыңғы қатарлы саясаткерлер мен бизнесмендер Йом-Киппур соғысы сияқты үшін күтпеген жағдай болды. Бірақ осылай болатынын алдын ала болжауға болатын еді. Себебі араб әлемі көптен бері «мұнай қаруын» талқылап, осы қаруды 1967 жылы қолдануға сәтсіздікпен аяқталған талпыныс жасаған болатын.

Басында король Фейсал және басқа да консервативті араб басшылары АҚШ-қа ашық қарсы шыққысы келмеді. Ситуация АҚШ Израильге 2,2 млрд доллар (қазіргі бағамен 10 млрд доллардан астам) қаржылай көмек бергенде өзгерді.

«Мұнай қаруын» қолданудың әсері таңқаларлықтай болды. Мұнай эмбаргосы күштер балансы мен геосаяси жағдайды тек Таяу Шығыста ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемде өзгертті. Тұңғыш рет индустриалды елдер өздерінің мұнай мен оның өндірушілеріне, соның ішінде ОПЕК-ке қаншалықты тәуелді екенін түсінді.

Эмбарго жарияланғаннан кейін бір апта ішінде мұнай баррелінің бағасы 3 доллардан 11 долларға көтерілді. Тұңғыш рет әлемдік экономика жаңа құбылыс – стагфляциямен танысты. Мұнайдың қымбат бағасы аса үлкен инфляцияға алып келді.

Blog post imageМұнай және мұнай өнімдерінің ұзақ мерзімді тапшылығы ыңғайсыздықтың көзіне айналды. ГФР мен АҚШ-та жанармай толтыру бекеттерінде километрлерге созылған кезектер пайда болып, бензин болған жағдайдың өзінде шектеулі көлемде сатылды. Осының кесірінен 1975 жылы әлемдік рецессиямен сүйемелденген жаһандық экономикалық құлдырау басталды: кәсіпкерлер жұтады, жұмыссыздық саны өсті, орта тап кедейленді, әлеуметтік толқулар саны көбейді.

Батыс экономикасының құрылымы шұғыл өзгеріп, энергия қорын жинақтау мәселесіне көңіл бөліне бастады. Осы кезде шапшаң жылдамдықпен атом электр стансалары салынып, жел двигательдері мен күн батареялары қолданысқа ие бола бастады. АҚШ пен Батыс Европаның көптеген елдері көмірсудың стратегиялық қорын жинақтай бастады.

1974 жылы БҰҰ «жаңа халықаралық экономикалық тәртіпке» шақыратын резолюцияны жариялады. Резолюция бойынша «ресурстар, сауда және нарық бір келкі бөлінетін» болды.

Blog post imageОсы жылы Тынық мұхитта орналасқан Спратли архипелагы үшін күрес басталды. Оңтүстік Қытай теңізіндегі осы архипелаг шамамен 100 аралдан тұрады, оның жанында жоғары сапалы мұнайдың қоры табылды. Аралдар Қытай, Тайвань; Вьетнам, Малайзия және Филиппиндер арасындағы тартыс объектісіне айналды, 1973 жылдан бастап осы державалар 45 аралда өз әскерлерін орналастырды. 1974 жылы Қытай мен Оңтүстік Вьетнам арасында теңіз шайқасы болды. 1988 жылы қытайлықтар әскерлерді алып бара жатқан вьетнам кемесі батырды. 1984 жылдан бастап архипелагтың бөлігіне өз құқықтарын Бруней де жария етті, алайда шиеленіс аймағына бруней әскерлері кірген жоқ.

Blog post image1980 жылы Ирак Иранға шабуыл жасады. Сегіз жылға созылған соғыс мақсаты мұнайға бай Хузестан провинциясына бақылау орнату болды. Соғыстың екі жылы ішінде мұнай бағасы баррель үшін 13 доллардан 34 долларға көтерілді.

1986-87 жылдар аралығында Иран мен Ирак арасында «танкерлік соғыс» жүрді. Авиация мен әскери теңіз күштері танкерлер мен мұнай өнеркәсіп орындарына шабуыл жасап отырды. Барлығы әр мемлекетке тиіс 80-дей танкерге шабуыл жасалды. Осы кезде АҚШ Парсы шығанағында коммуникацияларды қорғау бойынша халықаралық күштерді құрды. Осылайша АҚШ әскери теңіз флотының Парсы шығанағы зонасындағы тұрақты контингенті пайда болды.

1988 жылы соғыс ешбір нәтижесіз аяқталды – екі мемлекеттің шекаралары өзгермеді. Ирак араб елдеріне, әсіресе Кувейтке үлкен қарыз өтеуге жүктелді.

Blog post image1990 жыл Ирак Кувейтке басып кірді. Ирак Иранмен соғыстан кейінгі жиналған қарызын мұнай сатылымын ұлғайту арқылы өтегісі келді. Алайда бұл талпыныстар Кувейт тарапынан әрдайым мұнай өндірісін ұлғайту арқылы тоқтатылып отырды. Бастапқыда Ирак шекара маңында әскери демонстрацилар жүргізіп, кейін Кувейтке бас салып, оны бірнеше сағат ішінде оккупациялап алды (1991 жыл). БҰҰ Иракқа қарсы санкциялар енгізді. Шілде аяғы мен тамыз аяғы аралығында әлемдегі мұнай бағасы баррель үшін 16 доллардан 28 долларға көтерілді. Қыркүйек айында 36 долларға жетті. Өзіне халықаралық қолдауды қамтамасыз ету үшін Ирак барлық елдерге мұнайды баррель үшін 21 долларға сатуға уәде берді.

1993 жылы тұңғыш рет БҰҰ-ң «мұнай қаруы» қолданылды – халықаралық ұйым мемлекеттік төңкеріс болған Гаитиге мұнайды кіргізуге тиым салды.

Blog post image2003 жылы АҚШ бірқатар халықаралық келісімдерді бұзды деп, жаппай қыру қаруын жасырын шығарып жатыр деп айып тағып, халықаралық коалиция басында Иракқа басып кірді. Дүниежүзілік, әсіресе араб елдеріндегі қоғамдық пікір опреацияның басты мақсаты Ирак мұнайына бақылау орнату деген гипотезаны ұсынды. Ирак дүниедегі мұнай қоры бойынша екінші орында тұр.

(соңы)

Ескертпе: материалды көшіріп алып, басқа жерлерде басуға рұқсат берілмейді!

Алдағы бөлімдері:

Мұнай соғыстары. 1 бөлім

Мұнай соғыстары. 2 бөлім

-2