место в рейтинге
  • 79933
  • 88
  • 13
Нравится блог?
Подписывайтесь!

Бала оқыту оңай ма?

2008 жыл
Мақала Сарыағаш аудандық газетінде жарияланған

Адамның өзіне-өзі өмір бойы қоятын және оған әрдайым жауап іздейтін санаулы сұрақтары болады екен. Мен үшін сол мәңгі сұрақтың бірі де бірегейі - мұғалім деген кім? Алдымен осы сұрақтың жауабын тағы да бір айқындап бағайын.

Мұғалімге тән ең бірінші қасиет – баланы құрметтеу. Оның адамшылық ар-ожданын, намысын, тұлғасын жасына қарамай силау, құрмет тұту. Бұл мұғалімнің терең дүниетанымы мен үлкен жүрегінен келіп шығады. Бұл, түбінде, «адам затын, адам атаулыны құрмет тұту парыз» деген пәлсәпалық қағидадан бастау алса керек. Бұл қасиеттен ада мұғалім балаға «кішкентай ойыншық», «әлі адам емес, есейгенде адам болады» деп, немесе нақты «пәленшенің баласы» деген өте қушық та саяз, пендешілік көзқараспен қарайды. Көзқарас қандай болса, тірлігі де сондай болады. Мұндай мұғалім баланың өз мінез-құлқын, бейім-дарынын, тұлғалық ерекшеліктерін айқын көре алмайды. Өйткені ол , шын мәнінде, балаға жансыз затқа қарағандай, «сырттай сипай» немесе «тым мәнсіз» көз тастап, оны көріп тұрып, көрмейді. Оған баланың ішкі жан дүниесіне қарай жол түбегейлі жабық.

Мұғалімнің екінші қасиеті – ақыл-парасат. Баланың ішкі жан дүниесіне жол тартқан мұғалім ең нәзік те мөлдір, бірақ, сонымен қоса, ең күрделі де жұмбақ Әлемге енеді. Осы Әлемнің ішінде, осы Әлеммен қатар, үндесе өмір сүруі тиіс. Ол үшін сол мөлдір Әлемнің айқыш-ұйқыш құбылыстары мен қағидаларын, заңдылықтары мен жұмбақтарын барынша тереңірек түсініп, парықтай алатын айқын да қуатты ақыл-парасат қажет. Адам жанын аялай отырып, түсінетін нәзік те әмбебап табиғи құрал керек. Баяғы Сократтың «Таным – бұл жақсылық» деген пәлсәпалық қағидасы дәл осы жерде тікелей мағынасына ие. Баланың жан дүниесін неғұрлым терең таныған сайын мұғалім оның тұлға ретінде жетілуіне септігін тигізе алады. Әрине, бұл «лабораторияда қоян мен тышқанға тәжірибе жасағаннан» әлдеқайда күрделі екені аян.

Мұғалімнің үшінші қасиеті – білім мен шығармашылдығы. Мұғалім өзінің терең білімімен ғана баланың таза жан дүниесіне шырақ жағып, оған мәнді мазмұн енгізеді. Ал білім – шексіз мұхит. Сондықтан «білемін» деген бос сөз, үздіксіз ізденіс, тынымсыз шығармашылық - мақсат. Шығармашыл ізденістің өзі білімдіден келіп шығады. Әсіресе дарынды да мінезді бала білімді мұғалімге жарыққа ұшқан көбелектей бар көңілімен ұмтылады, білімге сусап тұрады. Білімді бала білімді ұстаздан екені тағы аян.

Мұғалімге қажет білімнің өзі ауқымды. Баламен табысу үшін психология мен педагогика, биология мен анатомия, өз пәні бойынша ғылым, баламен айқын қарым-қатынас үшін жетік тіл мен мәдениет, анық ойлап, анық басу үшін математика, дүниетаным үшін философия мен физика және т.с.с. Шығармашылықсыз бұл білімнің барлығын игеру және жөнімен пайдаланудың өзі мүмкін емес. Мысалы, ең көп тараған «кемістік» - жаратылыстану саласының мұғалімі тілге, яғни өз ойын, білімін тілмен анық жеткізуге өте шорқақ келеді, ал гуманитарлық саланың адамы керісінше, тілі сайрап тұрғанымен, әңгімесінің қисыны қашып тұрады. Тағы бір заман кемістігі – мұғалім мен баланың, ата-ана мен баланың, тіпті, ересектер мен жастардың тіл табысуы қиын болып барады.Бұл біржақтылықтың нәтижесі. Ізденіс ауқымының тарлығынан.

Мұғалімнің төртінші қасиеті – жігерлілік пен еңбекқорлық. Әрине, әрбір тірлікте де жігерлі еңбек етпей айтарлықтай нәтижеге жету мүмкін емес. Ал мұғалімде бұл қасиеттердің түп негізі жауапкершілікте дер едім. Қолыңдағы баланың, адамның, тағдырын шешуден артық жауапкершілік бар ма?! Мұғалімнің жұмысын дәрігермен салыстырамын. Емші адам бойындағы ауру-сырқатпен алысса, ұстаз оның ойындағы надандықпен күреседі, «бабамыз маймылдың» жабайылығынан алып қашады. Осы ауыр жауапкершілікті қабылдаған мұғалім күндіз-түні тыным таппасы анық. Оның мұқалмас жігері балаға бұйрық беруге жұмсалмасын деңіз. Ұстаз жігері оның бала санасына «мол суымен сабырлы аққан кең арналы өзендей» таси құйылған білімі мен дана тәрбиесінен көрінеді. Оны, әсіресе, ақыл-парасаты бар мінезді бала бірден-ақ сезіп, бойына сіңіріп, өзі де жігерленеді. Бойына білім тасқыны бұйырған баланың жанарлары жарқырап, санасында жанған шырақтың сәулелері нұрланып жүзіне шыға келеді.

Санамалай берсек, мұғалімнің тұлғасына жарасымды асыл қасиеттер легі таусылмайды. Оның барлығын қорытындылай, тоқетерін айтсақ –  білімді бала білімді ұстаздан, мінезді бала мінезді ұстаздан.

Ал енді қазіргі мұғалім қандай? Осыған өтірік көлгірсімей, өзімізді өзіміз алдамай, жауап берсек.

Ұстаз деген атаққа лайық небір таныс та, таныс емес те, кәрілі-жасты, түрлі мектептерде еңбек етіп жүрген әріптестерімді білемін. Оларды құрметтеймін. Олардан рухани күш-қуат аламын. Солар сияқты, әрбір мұғалім болған адам «ұстаз деген мәртебелі атқа лайықпын ба?» деп бір сәтке ойланды ма екен? Адамгершілік биіктігің, кәсіби біліктілігің ел баласының болашағын тіктеуге жете ме? Әл-Фараби бабамыз алған ұстаз деген атақты ұялмай көтеріп жүре аласың ба?

Қазір, бір-ақ айтсақ, кім мұғалім болмай жүр?! Мектеп бітіргеннен мұғалімдік мамандық таңдап, соның ізіне о бастан түскендерді айтпаймын. Бұрын басқа жұмыста немесе бос жүрген талай адам қазір тез арада-ақ мектепке мұғалім болып орналасуда. «Бос жүргенше» мұғалімдікке сырттай «тапсырып қоя салу» да түк болмай қалды. Сонда... бала оқыту, тәрбиелеу тіптен оңай ма? Екінің бірі, қаласа, мұғалім болып кете береді ме? Әлде...көпшіліктің ұстаздық таланты ашылып кеткен заман ба?

Қайбір қиын-қыстау жылдары елді тәуіп жайлап кетті. Оның көпшілігі «емшілікті» жеңіл күнкөріс көзі ретінде пайдаланды да, елдің көзі ашылған соң өз-өзінен шеттеп қала берді. Бұл не, бір кездерде жұрт болып жабыла жер алып, екінің бірі дихан да болып көрдік. Пендешілік. Күн көру керек қой. Қазір оның ішінен де нағыз диханшылық қолынан келетіндері қалды. Мен кейде «дәл осы қазір сондай науқан мұғалімдіктің басынан өтуде ме» деп таңданамын. Өйткені мектеп ауылдағы айлық алатын бірден-бір «ыңғайлы» мекен болып тұр. «Үйдің қасынан тұрақты, қосымша айлық алғысы келгендер» осында ұмтылуда. Өкіметтің ақшасы бәріне жетер-ау, бірақ... Жалған тәуіп жанды ауыртады, уақытша дихан жерді тоздырады, ал дүмше мұғалім...не істеп жүр?..

Көп жылдық мұғалімдік өмірімде балаға жылы да сөйледік, ұрсып та сөйледік, ұрысқанын жарастырдық, білімге де баулыдық, өмірге де бейімдедік, құлағанын тұрғызып, сүйеп, адасқанын жолға салдық. Жаңалық та аштық, қателестік те. Жүздеген шәкірт күнделікті көз алдымызда болды, жүздеріне қарап әрбір сәтте «Осыларға ұстаздыққа лайықпын ба?» деп толғаныппыз, ізденіппіз. «Осылардың тағдыры не болады?» деп жүйкеміз жұқарыпты. Қуанышы да, әттегенайы да күндіз көңілді баурап, түнде ұйқыны жаулапты. Ең бірінші, әрқашан да, әрбір сәтте ел баласының санасына сәуле құюды мақсат тұтыппыз. Солардың болашағына деген үміт жетелепті. Мұның бәрі жәй ғана айта салған сөздер емес, менің өмірім. Мектеп – менің өмірім. Айтыңызшы, мен және мен сияқтылар мектепті, балаларды дүмшелерге қалай қиямыз?..

Дүмше мұғалім деп кімді айтып отырмын? Есебін шығара да,түсіндіре де алмайтын математик, табиғат құбылыстарын түсінбейтін физик, компьютерден қорқатын информатик, екі сөзді қосып сөйлей алмас, бір диктанттан он қате жіберетін тілші, кейіпкердің жан дүниесін түсінбейтін, әдебиет оқымайтын әдебиетші, тек доп қуалатып не жүгірте беретін дене тәрбиешісі, пробирка ұстамаған химик және т.с.с. Мұндай жоқ деңізші?!. Ол аз болса – балаға да, далаға да дөрекі, сәлемінің өзі сирек, айтқаныңды ұқпайтын, сөзі дүбара, әңгімесі саяз, ұққаны таяз, өзіне -өзі есеп бермейтін, ізденуге жігерсіз, оқытудан басқа тірлігіне пысық «оқытқыштар» бар. Мұндай жоқ деңізші?!. «Ауыруын жасырған өледі». Ау, құрметті мұғалім! Осылардың ішінде барсың ба?

«Жоқпын» десең, айналаңда осыларды көргенде кәсібің үшін намыстан, жирен, қатарымызды тазалайық! Ал солардың біреуі екенсің – кет! Қорлама қасиетті шаңырақты, балаларға мазақ болма! Балалар білмейді деме, олар сезімтал, таза көңіл, кімнің кім екенін көріп жүр. Бала оқыту, тәрбиелеу сенің ісің емес. Әйтпесе айналаңа, ішкі дүниеңе тереңірек үңіл, үңіл де ізден, жан дүниеңді жаңала, алдымен өзіңді тәрбиеле, өзің оқы.

Бала оқыту оңай ма?

Баланы оқыту үшін жоғарыдағы қасиеттерді жалықпай-талмай бойға сіңіретін мінез керек. Баланың жан дүниесіне кең тыныс берер дархан білім керек. 45 минөтті әркім-ақ өткізер, бірақ сол ортада баланы, жаңа туғандай, жаңадан жарату – бұл қиынның қиыны! Мұны мен әбден көргендіктен айтамын. Ұстаздың басы неге ерте ағарады дейсіз...

«Құдай алдында адамның бәрі бірдей» екені ақиқат. Бірақ бесенеден белгілі ақиқат – пендешілікте екі адам заты ешқашан бір-біріне ұқсаған емес. Ақыл-парасат жағынан да, сезім-түйсік жағынан да, мінез-құлық жағынан да, тұлға-тұрқы жағынан да, жалпы жаратылысынан адам баласы бірегей. Дара. Сол даралығын ашпай, «баланы тәрбиеледім, оқыттым» деген бос сөз. Сол бір «жауқазынның бүр жарғанындай» сырлы сәтті басынан өткізген ұстаз бақытты. Бұл әркімге де бұйыра бермейді. Әсіресе дарынды баланың көңіл көзін ашып, оған «тойып ішер» рухани азық беруге жарайтын «таусылмас бұлақ көзі» болу кез-келгеннің ісі емес.

Айтшы, әріптес! Шәкіртіңнің жанарынан асыл қасиет сезіп, көңілің босаған сәт болды ма? Өзін-өзі ұмыта, түн ұзаққа шам жағып есеп шығарған, өлең не шығарма жазған, мұрыны қанағанша кітаптан бас алмай оқыған шәкіртің бар ма? Талай мұғаліммен бірге ата-анасы да «адам болмайды» деп қол сілтеген еркетай бала алдыңа жігері құм болып келіп, сенің сүймелдеуіңмен тырбанып, рухтанып, азамат болып кеткені бар ма? Алдыңа көбейту кестесін білмей келіп, бүкіл физика -математика курсын қотара сусындап кеткен шәкіртің бар ма? Жиырма-отыз жыл өтсе де үйіңе өз балаңдай еркелеп келіп, сәлем беретін шәкіртің бар ма? Өзіңмен теңдей әңгімелесе алар, дос тұтқан шәкіртің бар ма? Адамгершілігі, азаматтығы таудай шәкіртің бар ма? Атыңды айтып жүрер шәкіртің бар ма? Мақтаныш тұтар шәкіртің бар ма?..

Барлығымыз мақтанамыз. Таңқалатыным – сонда парақорлар, мансапқорлар, дүниеқоңыздар, елі-жеріне жылуы жоқ тоғышарлар мен қатігездер, тілі мен дінін  сатқан мәңгүрттер, білімі төрт сыныптан аспайтын надандар неге көбейіп кетті?!. Мұның барлығы нағыз надандық пен рухани азғындықтың өзі емес пе? Әрине, ешкім балаға «парақор бол, надан бол, жаман бол» демейді. Бірақ осы бәлелерге жығылмай, қарсы тұратын рух, рухани күш-қуат неге бере алмаймыз? Оның басқа қоғамдық-әлеуметтік себептері де бар шығар, Бар. Бірақ...бәрінің түп-тамыры мектепте емес пе екен деген күдіктен еш арыла алмадым. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген осы емес пе? Жатсам-тұрсам осы жебір күдік жанымды жай таптырмайды. Кешіріңіздер, құрметті әріптестер, ел алдында, ұрпақтар алдында салмақты-ақ айыбымыз бардай. Қай жерден қателестік?.. Қай жерден серпіліс қажет?..

Меніңше, мұғалім кадрларын дайындау мен іріктеуде өте терең сапалық өзгерістер қажет-ақ. Бірақ одан басқа да маңызды мәселе бар деген ойдамын. Мен алдыңғы бір мақаламда(«Орта білім беру жүйесі туралы кейбір жеке ойлар»,«Талапкер» газеті, №3,2008) жалпы орта білім беру саласының түп негіздері туралы ойларымды жаздым. Меніңше, «түйін» сол түпкі негіздерде. «Елдің бәрі мұғалім болды» деп елге күйе жаға алмаймыз, тек мектептің өзін ұстаздық қабілет-бейімі, терең білім-тәрбиесі бар адамдар кең шығармашылық тыныспен істейтін, істеуге ынталы, білім ордасына айналдыру қажет-ау. Бұл «Жаман бишіге ... кедергі жасайды» деген сөз емес, «тегіс емес жерде жақсы бишің де ақсаңдап қалары» анық. Неге мектепте білімсіздің мұғалім болуына тосқауыл, іріктеу жоқ? Неге білімділер мен іскерлер мектепте жұмыс істегісі келмейді? Неге мектепте ғылым кандидаттары немесе докторлар, немесе доцент, профессорлар ұстаздық етпейді? Неге қатарынан онбір білім министрі ауысып, он бір рет «реформа» жасайды? Неге?..

XXI ғасыр – білім мен ғылым, ақпарат пен техника ғасыры. Мен, өмір бойы білімге аңсай ұмтылған физик-математик және информатик ретінде, бұл ғасырдың мәнісін айтарлықтай терең түсінемін деген сенімдемін. Білім де, техника да, ақпарат та, арнасынан асқан теңіздей, шет елден тасқындай келуде. Әрине, неге жақсысын алмасқа, үйренбеске. Әйтсе де,өз сана-сезімің саяз, парасатсыз болсаң, ай-шайсыз баса көктеп өте шығар Европаның екпіні, Американың  адуыны бар. Соған төтеп беретін, өзіңді силататын, өз құдіретіңді мойындататын рух пен алапат күш-жігер қажет. Алда тарихта теңі жоқ өте үлкен сын тұр. Ақыл-ой сыны. Білім сыны. Сол сыннан абыроймен өтудің алғы шарттары әлден-ақ жасалып, білім мен ғылым саласы мемлекеттің маңызды стратегиялық бағыттарының біріне айналып отыр. Бұл – болашақтың қамы. Міне, осы тұрғыдан қарағанда, жалпы орта білім беру мектептерін тереңірек, яғни сапалық жағынан іргелі реформалау қажет деген пікірдемін. Осы орайда Елбасының әлдеқашан айтқан сөзінен үзінді келтірейін:

«Глобализация в сфере образования также характеризуется рядом тенденций.

В книге Гордона Драйдена и Джанет Вос «Революция образования» (2003 год) прекрасно описана проблема, присущая многим государствам современного мира в области образования:

«Мир так быстро меняется, а системы образования так косны и инертны, будто, попав в ловушку времени, они продолжают обслуживать прошлую эпоху, которая давно закончилась». Это как бы сказано и в наш адрес».

27.05.2006,т

(Лекция Президента Республики Казахстан Н. А. Назарбаева в Евразийском национальном университете имени Л. Н. Гумилева).

Мен осы пікірді толық қолдаймын. 

Мүмкін үлкен ұлағатты істер мемлекеттік деңгейде бастау алған да болар, бірақ мектептер, оның ішінде ауыл мектептері одан әлі тым алыста. Мен мектептерді техникамен, түрлі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді айтпаймын (әрине, бұл тұста оң өзгерістер бар, бірақ кадрларға жаңаша көзқарас жоқ). Орта мектептің түпкі мақсаттары мен құрылымын заманға сәйкестендіру, мектеп пен мұғалімнің қоғамдық статусын нақтылау туралы айтып отырмын. Сол мәңгі сұрақтардың – «Мұғалім деген кім?» және «Мектеп қандай болу керек?» - заманға сай жауабын табу. Өйткені мектеп – бар қоғамның бастауы мен тәрбиешісі. Мектеп жаман – қоғам жаман. Қоғам жаман – мектеп тозған.

Мән-мазмұны да, бағыт-бағдары да, арман-мақсаттары да түбегейлі басқаша өркениет келе жатыр. Туғаннан бойына ұшақ-зымыранның жылдамдығы мен компьютердің қаурыт есебін сіңірген тасыр-тұсыр «техномінезді» жас адам жаралуда. Жарығымыздан жаралған жас ұрпақ ата буынның мінезсіз тірліктерін кешіре алса мейлі... Мектебін кешіре алса...


3 марта 2012, 21:26
4250

Загрузка...
Loading...

Комментарии

Оставьте свой комментарий

Спасибо за открытие блога в Yvision.kz! Чтобы убедиться в отсутствии спама, все комментарии новых пользователей проходят премодерацию. Соблюдение правил нашей блог-платформы ускорит ваш переход в категорию надежных пользователей, не нуждающихся в премодерации. Обязательно прочтите наши правила по указанной ссылке: Правила

Также можно нажать Ctrl+Enter

Популярные посты

Школа High Tech High – дети здесь самостоятельны так же, как и профессионалы в офисах

Школа High Tech High – дети здесь самостоятельны так же, как и профессионалы в офисах

Известный казахстанский бизнесмен становится первопроходцем и создает школу, о которой можно только мечтать. То, что мы, как взрослые, делаем в бизнесе, дети будут делать в этой школе.
Zhumanova
24 апр. 2017 / 16:29
  • 21701
  • 5
Кому в Казахстане жить хорошо? Почему мы остаёмся в топ-5 стран мира по числу самоубийств

Кому в Казахстане жить хорошо? Почему мы остаёмся в топ-5 стран мира по числу самоубийств

Всё ли так хорошо у жителей Казахстана? Почему-то наша страна сохраняет твёрдые позиции в первых строчках мировых рейтингов по числу самоубийств.
openqazaqstan
24 апр. 2017 / 16:54
  • 4256
  • 20
«Казпочта» отжигает. Редкий шанс вспомнить агрессивные советские очереди

«Казпочта» отжигает. Редкий шанс вспомнить агрессивные советские очереди

Люди старшего и среднего поколений помнят шумные, недобрые, грубо ругающиеся очереди советских лет. Увидеть, как это было, можно теперь разве что в каком-нибудь фильме. Хотя не только.
openqazaqstan
26 апр. 2017 / 16:14
  • 2956
  • 33
Президент велел делиться. Почему бы казахстанским миллиардерам не послушаться?

Президент велел делиться. Почему бы казахстанским миллиардерам не послушаться?

Президент Назарбаев призвал крупных бизнесменов делиться с народом, следуя примеру своих коллег из развитых стран. В Казахстане, действительно, сегодня много богатых людей.
openqazaqstan
27 апр. 2017 / 14:09
  • 2497
  • 26
Юный алматинец покорил Первый канал на шоу Максима Галкина

Юный алматинец покорил Первый канал на шоу Максима Галкина

Житель Алматы по имени Марк Усачев недавно оказался на телепрограмме "Лучше всех", с успехом идущей на Первом канале России. 9-летний алматинец покорил публику своими недюжинными знаниями.
Seattle
24 апр. 2017 / 16:59
  • 2595
  • 2
Любовница. «Мне часто доставались мужчины, поломанные браком»

Любовница. «Мне часто доставались мужчины, поломанные браком»

Мне часто доставались мужчины, поломанные браком. Таких почти сразу видно – у них маска состоявшегося мужчины по швам трещит. И каждый из них реагирует по-своему. Поясню на паре примеров.
Jamiklisa
28 апр. 2017 / 14:21
Преподаватели и ЭКСПО: «Пока газеты пишут одно, нас заставляют покупать билеты на выставку»

Преподаватели и ЭКСПО: «Пока газеты пишут одно, нас заставляют покупать билеты на выставку»

Чтобы вы знали, чем занимаются в сфере образования - педагоги являются основой массовок. Какое отношение к учителям со стороны государства, такого же уровня и качество образования.
SaukovV
26 апр. 2017 / 16:05
  • 2413
  • 16
Инстаграм – это «рынок девушек» и он круче любой базы данных

Инстаграм – это «рынок девушек» и он круче любой базы данных

Для меня Инстаграм – это рынок. Почему? Ничего не изменилось, девушки все так же бьются в попытках наиболее выгодно себя продать, посредством привлечения внимания.
Annette_Scherer
24 апр. 2017 / 22:35
  • 2421
  • 5
Жуткие истории о рабстве – такие вещи творятся в стране, принимающей «ЭКСПО»

Жуткие истории о рабстве – такие вещи творятся в стране, принимающей «ЭКСПО»

Мы живём, возможно, уже совсем в другом обществе, а не в том, к которому привыкли. Не первый год Казахстан периодически потрясают жуткие истории о рабстве.
openqazaqstan
26 апр. 2017 / 9:39
  • 2192
  • 22