Желтоқсан айында Жаңаөзенде болған жайсыз оқиға елдің есінен әлі кете қоймаған болар. Әлемдік ақпарат құралдары әлі талқылап жатыр бұл жайды. Бірақ олардың көздегені қарапайым халықтың жай-күйі...

Желтоқсан айында Жаңаөзенде болған жайсыз оқиға елдің есінен әлі кете қоймаған болар. Әлемдік ақпарат құралдары әлі талқылап жатыр бұл жайды. Бірақ олардың көздегені қарапайым халықтың жай-күйі емес. Бөтен көзқарас, өзгеше пиғыл бар кей басылымдарда. Еліміздің Бас прокуратурасы таратқан мәліметтерге сүйенсек, тәртіпсіздік салдарынан 12 адам қаза тапты. Бұл ресми дерек. Әйтсе де, Жаңаөзен жанжалындағы зардап шеккендер саны көрші елдердің ақпарат құралдарында барынша бұрмаланған.

Әсіресе, бұл қызығушылық көрші Ресей тарапынан байқалуда. Мәселен, «Новая газета» басылымы. Прокуратура өкілінің айтуынша, ақпарат құралы Жаңаөзенде қаза тапқандарды 73 адам деп көрсеткен. Ал «Голос республики» газетінің таратқан мәліметі тым сорақы. Олар зардап шеккендерді 300-ге жуықтайды деп келтіреді.

Нұрдәулет Сүйіндіков, ҚР бас прокуратурасының ресми өкілі:
Жекелеген БАҚ-тарда жарияланған ондаған қаза болғандар мен жүздеген жарақаттанғандар туралы ақпараттар - айқын жалған ақпарат, ал негізге алынып отырған дәлелдемелер - авторлар мен бүркеншік көздердің ойдан шығарғандары болып табылады.

«Сондықтан бұл мәліметтердің басым бөлігі арандатушылық сипатқа ие. Бұған біздің жіті жүргізілген тексерулеріміз дәлел»,- дейді Нұрдәулет Сүйіндіков. Ресейлік басылымның тағы бірі Жаңаөзендегі жанжал кезінде балалар үйінің тәрбиеленушілері көз жұмды деген күмән мен күдікке толы мәлімет келтіреді.

Нұрдәулет Сүйіндіков, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі:
Жаңаөзен қаласында балалардың хабар-ошарсыз жоғалу фактілерінің тіркелмегендігін ресми жариялаймыз. Ондай сипаттағы арыздар, өтініштер мен хабарландырулар болған жоқ.

Бас прокуратураның мәлімдеуінше, Жаңаөзендегі жағдайға байланысты жүргізілген тергеу барысында 2300-ге жуық азаматтан куә ретінде айғақтар алынған. Сондай-ақ, 200-ден астам түрлі сот сараптамасы жүргізілді. Тәртіпсіздік орын алған орталық алаң маңында тұратын 1128 тұрғыннан да жауап алынды. Бұл шара оқиғаның анық-қанығын нақтылап, қылмысқа қатыстыларды ұстау мақсатында жүргізілді.

Нұрдәулет Сүйіндіков, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі:
Куәлардың айғақтарымен расталған бейнетүсірілімдер тәртіпсіздіктердің ұйымдастырушылары мен белсенді қатысушыларын анықтауға мүмкіндік берді. Тергеу орын алған оқиғаның барлық жағдайларын толық және жан-жақты тексеру үшін барлық қажетті шараларды қолдануда.

Осының нәтижесінде Бас прокуратура жалған мәлімет таратып, елді адастыруды мақсат еткен ақпарат құралдары міндетті түрде жауапқа тартылады деп мәлімдеді.

Оцените пост

0
Дальше