Кентаулықтар ғана емес, көкшеліктер де ақырған ақпанда қалтырап отыр. Облыс орталығындағы көпқабатты үйдің тұрғындары қыстың көзі қырауда пәтерлерінің мұздап кеткенін айтып шағымдануда. «Мәселе...

Кентаулықтар ғана емес, көкшеліктер де ақырған ақпанда қалтырап отыр. Облыс орталығындағы көпқабатты үйдің тұрғындары қыстың көзі қырауда пәтерлерінің мұздап кеткенін айтып шағымдануда. «Мәселе тұрғын үйді модернизациялау жұмысы сапасыз жүргізілгендігінде» дейді көкшетаулықтар.
Дина Иназарова - екі баланың анасы. Нәрестелері балабақшаға барады. Екі жылдан бері осы үйде тұрып жатқан жас отбасы биыл қыста қатты қиналып отыр. Арқадағы сары аяз жығылғанға жұдырық болғандай. Бірінші қабаттағы пәтердің қабырғаларына мұз құрсауланып, бұрыш-бұрышын қырау басқан.
Дина Иназарова, Көкшетау қаласының тұрғыны:
Аяз қалай көтерілді, пәтеріміз солай суытты. Қазір үйдің іші ызғар. Балалар киімдерін шешпейді. Жаңа жылға дейін жылы болды, тіпті әйнектерді ашып қойған кездеріміз де бар, ал қазір неге екенін білмеймін, үй суық.
Биыл қыс қаһар танытты. Ал пәтерлердегі жағдай мынау. Тұрғындардың айтуынша, бұл үй 20 жылдан бері ұядай жылы болып келсе, жөндеуден кейін берекесі кетіпті. Бұл ерекше қыс па немесе мардымсыз модернизацияның салдары ма? Тұрғындардың өзі таң-тамаша.
Аркадий Егорский, қала тұрғыны:
Осы пәтерде 5 жылдан бері тұрамын. Ремонттан кейін үйімізде тоңа бастадық. Бұған дейін бұрыштағы пәтер болғаннан кейін, плиталардың қиысқан жерлерін өзім бекітіп, пәтерімді жылытып қойғам. Енді күрделі жөндеу жасап жатқандар қайта тесіп тастаған сияқты.
Көкшетаудағы көп қабатты мына тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмысы қыркүйек айында басталған. Оған 37 миллион теңге қазынаның қаржысы бөлініпті.  Қараша айында  арнайы комиссия қабылдап алуға тиіс болатын. Алайда әлі күнге дейін жөндеу жұмыстары аяқталар емес.
Толқынбек Бәйкенов, мердігер:
Бөлінген қаржының бүгінге дейін 60 пайыздайы ғана игерілді, қазір қаржы түспей тұр. Сондықтан, жөндеу жұмыстары кешеуілдеп қалды. Ең бастысы - ақша жоқ.
Галина Белоусова, Көкшетау қалалық пәтер иелері кооперативі қауымдастығының төрайымы:
Қазір жаңадан бригада келді. Бәрін қайтадан жасап жатырмыз. Бұрынғы бригада жөндеуді сапасыз жасаған. Арнайы комиссия құрылып, есептеп жатырмыз. Әрине, тұрғындарға ыңғайсыздық туып тұр.
Коммуналдық саланы жетілдіру үшін жаңа мемлекеттік бағдарлама бойынша өткен жылы Көкшетау қаласына 235 миллион теңге бөлінсе, биыл бұл сома 467 миллион теңгеге жетіп отыр. Үйлерді жөндеуге жұмсалған қаражатты 7 жылдың ішінде тұрғындар өтеуі тиіс. Олар сапасы сын көтермесе не істемек?! Жаңа жобаның жұмбағы - осы.

Оцените пост

0