Неге бөгдеге пұл беріп, қымбат көлік сатып ала береміз. Отандық вагон құрастыру шаруасын да қолға алатын уақыт жетті. Ол үшін өндірісті өңірлерде вагон құрастыратын зауыттарды іске қосу қажет. Кем...

Неге бөгдеге пұл беріп, қымбат көлік сатып ала береміз. Отандық вагон құрастыру шаруасын да қолға алатын уақыт жетті. Ол үшін өндірісті өңірлерде вагон құрастыратын зауыттарды іске қосу қажет. Кем дегенде 3 зауыт салынса, өз жыртығымызды өзіміз жамауға шама жетеді. Бүгін Көлік және коммуникация министрлігінің алқа мәжілісіне қатысқан Премьер-министрдің бірінші орынбасары Серік Ахметов осылай деді.

Өзімен бірге еліміздің байланыс қызметін қоса ала барған Көлік және коммуникация министрлігінің жаңа басшысы жаңа бастамаларын тізіп шықты бүгін. Алқа мәжілісіне Премьер-министрдің бірінші орынбасары Серік Ахметов қатысты. Министр Асқар Жұмағалиев ең алдымен көліктік бақылау қызметінде әкімшілік кедергілерді жою мен жемқорлықты тыю үшін автокөлік құралдарын өлшеуді автоматтандырылған жүйеге көшіреміз деді. Ал көлік пен оның иелерін құжаттандыру ведомствоның құзыретіне өтеді. Келешекте халыққа қызмет көрсету орталықтарында қызметтің 110 түрі көрсетіледі. Елбасы айтқан «бір терезе» қағидаты нақ сонда жүзеге асады.

Асқар Жұмағалиев, ҚР Көлік және коммуникация министрі
Президент өз Жолдауында «Бейнеу-Жезқазған», «Арқалық-Шұбаркөл» жаңа темір жол желілерін салу міндетін алға қойды. Жыл соңына дейін Астана қаласында электровоз шығаратын зауыт құрылысын аяқтауды тапсырды. Биыл 182 жолаушылар вагонын сатып алу көзделуде. Темір жол саласын былай қойғанда, еліміздің атокөлік жолдарының едәуір көп бөлігі жөнделеді. Ол 1 080 шақырымды құрайды. Ең бастысы - «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізін межелі мерзімінде тапсыру.

Біраз жұрттың көз тіккені - «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасы. 4 аймақты басып өтетін жолдың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Былтырдың өзінде 700 шақырымнан астам жол пайдалануға берілді. 35 мыңдай адам жұмысқа тартылды. Десе де тірлікті тежеп жатқан жәйттер де жоқ емес.

Замир Сағынов, Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы:
Мердігерлік ұйымдарға заңнамалық актілерді бұзғаны үшін бірнеше миллион айыппұлдар салынды. Бұл «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасын тоқтатуға әкелуі мүмкін. Бұл мәселені оңтайлы шешу үшін мемлекеттік қолдауы қажет.  

Комитет төрағасының сөзін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Серік Ахметов мұқият тыңдады. Сараптай келе мәселені сұрыптады. Шетелдік мердігерлердің жұмысын жүйелей алмай отырған өзіңнен көр деді.

Серік Ахметов, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
Жұмысы қаншалық көп болса да, жемісі мол жоба бұл. Экономикалық та, әлеуметтік тұрғыдан қарасаң да берері көп. Ал Президент жүктеген жұмысқа ат салыспай отырған аймақ басшыларына тағар сын да жетерлік. Тегін жатқан тасты бермей, тірлікті тежеп келеді. Осында отырғандардың іштері біледі. Қиыршық тасты алу қиынға соқса оңтайлы жолдарын ойлап табайық, заң шеңберінде шешейік, қажет болса өзгертулер енгізейік. Енжарлық танытудың керегі жоқ. Іс алға баспай жатса, бұл комитеттің салғырттығынан.

Алқа мәжілісін қорытындылаған Үкімет басшысының бірінші орынбасары жаңа министрге қосымша тапсырмалар жүктеді. Қазақстан темір жолының  ендігі міндеті - Қазақ елінің бірыңғай ұлттық темір жол желісін құру. Қазір ғаламторды шарламайтын бала жоқ. «Қазақтелекомның» басшылығы ең түпкірдегі елді мекендерге жоғары жылдамдықты интернет жетуін қамтамасыз етуі тиіс. "Жеті рет өлшеп, бір рет кескен" жөн. «Елді даурықтырып автокөліктерді құжаттандыруды құзыретке алып, ертең игере алмай ұятты болып жүрмеңдер» деп түйіндеді Серік Ахметов.

Оцените пост

0