Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
23:02, 18 ноября 2009

Батыл болмап едім сол кезде...

Өткенге өкініп, өксіп жинап көкірекке, жас шығару органдарын қинау менің әдетім емес еді. Алайда, «шіркін-ай»-нан «әттең-ай»-ы көп тіршілік циклында көңіл босайтын сәттер оқтын-оқтын болып тұрад. Сондай сәттердің бірі кеше болды. 
Маil.ru-агентте бір ағымда қатарлас болған, бірақ мамандығы бөлек болған жігітті кездестірдім. Анау-мынау әңгіме қозғалды. Универ жылдары талқыға салынып, «пәленше сонда», «түгенше анда» әңгімесі жалғасын тапты. Сөз арасында сол қызды еске алдым. Ол сол жігітпен бір мамандық бойынша дәріс алған еді. «Көріппе едің ?» деген сұраққа «Білмедім, соңғы көргенімде сот әкімшілігінде қызметте еді, жеке өмірі жайлы білмедім» деп жауап қатты.  
... Күз. Универге жаңа келіп, айналамен танысу. Екінші парадан шығып, үйге беттеген едім. Қатарластарымыздың жартысы «танысу» рәсімі ретінде дәмхана жаққа бет алған. Біреу айқайлап, есімімді үндеді. Артқа бұрылып қарағаным сол еді, оның жүзін көрдім. Ұртына күлкі келіп, алақанымен ұртын жабыңқыраған, сары қыз. Дүрсілі жүректің ілгері басып, тыныс тарылғандай болды. Сол сәтті ұмытпаспын. Қасындағы қыздармен сөз алмасып, жанымнан өтті. Бұрылып, ізінен қарадым. Қайталап шақырған дауыс назарымды алып, курстасқа қарай беттедім.
Иә, оқу басталып, студенттік шақ төрт жылға жалғасты. Таңертең оқу, одан кейін кітапхана, демалыс күндері «отырыстар», «қозғалыстар». Төрт жыл бойында таңертең ішімнен амандасып, сабақтан кейін қоштасып жүрдім. Танысуға батпадым. Ойласам ойымнан, жатсам түсімнен шықпаған «сары пәле» болды. Басқа қыздармен қол ұстасып, қатынас құрған болсамда осы «әттең-ай»-дың «пәлесі» көкейтесті көлденең тұрған «көңіл» болды. Кейде жолды бірге өтіп, аялдамаға бірге баратын кездер болушы еді. Сонда мен ойымда «қазір, жолды өтіп бара жатқанда бір көлік атып шықса, мен жүгіріп барып, сол қызды құшақтап көлік астынан аман алып, жерге бірге құласақ, мен астына ол үстіме құлап, көздеріміз тік шағылысып, қысқасы Hollywood-тан жаман емес «сцена» болса» деп арманға батушы едім. Ондай болмады әрине. Осылай төрт жыл өтті. Осылай, тіл қатпай, сезімдер іште сақталып, төрт жыл уақыт артта қалды. 
Қазір, кейде «неге батыл болмадым, басқаларын «құлатып» жүргенде осыған неге батылым жетпеді» деген ойлар бар әрине, өкініштісі жауабы жоқ бұл ойларға айтар. Бірақ, өмірде ерекше орын алған, сана мен сезім сандықтарында нағыз маржан болған сол қыз ғана. Өкінем бе ? Жоқ. «Өмірде осылай болу керек шығар» деген байламға келіп, өзімді жұбатып қоям.
Айтпақшы, бүгін естідім, бақытын тауып, неке қиыпты, «кездеспей кеткен бір бейне...» деп қол сермедім мен оған. 
Сонда да, жасты тыйып, сіңбіріп алдым, гриппке жақсы профилактика болды, мұрын іші жақсылап шайылып, тазарды...  

0
242
0