Астана-Байқоңыр-2011

Мәдина Торғаева 2011 M12 14
1181
0
1
0

Тағдырдың берген ерекше мүмкіндігі ме, әлде, Алланың берген таптырмас сыйы ма? Бұны мен біле алмадым. Қалай дегенде де, өмірімде бірінші рет осындай дәрежеге жетіп тұрмын. Өздеріңізге белгілі...

Тағдырдың берген ерекше мүмкіндігі ме, әлде, Алланың берген таптырмас сыйы ма? Бұны мен біле алмадым. Қалай дегенде де, өмірімде бірінші рет осындай дәрежеге жетіп тұрмын. Өздеріңізге белгілі, елордамызда алғашқы футурологтар мен фантасттардың конгресі өткен болатын. Осындай маңызды іс-шараға өзімнің қандай да бір үлесімнің тиетіндігін, тіпті, ойлаған да емеспін. Ресейдің қадірлі қонақтары – беделді жазушылардан сабақ алу кімнің түсіне кіріп шығар дейсіз. Онымен қоса, өзіңнің жазған шығармаңның кітап болып басылуы – мен үшін мүлдем күтпеген жағдай. Ұйымдастырушылардың негізгі мақсаты – тек сыйлақтарын таратып, қонақтарды шақыртып қана қоймау, жас жазушылар арасында достық сезімін ұялату. Шынында да, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген өзің сияқты мәртебеге ие болып отырған адамдарды кездестіру ғажап емес пе? Өз басым, дәл сол адамдардан құралған ортаға түскеніме шексіз алғысымды білдіремін. Олардың жүректері жылулыққа толы мейірімді жандар екендіктеріне көзім бірден жетті. Негізі, мен әрқайсысына жеке тоқталып өткім келеді.

Әсем даусымен кез келген адамның жүрегін жаулап алатын Әлия есімді қызға тоқтала кетсем. Күлкісінен ерекше әсер алуға болатын бұл жан - Хромтау қаласының тұрғыны. Менің ең алғаш танысқан досым да, осы – Әлия. Алғаш кездестірген сәттен бастап-ақ, екеуіміз бірімізді 10 жыл танитын жан достар секілді тіл табыстық. Қандай сәттер болмасын, ішіңдегі сырыңды, ең алдымен, сол адамға айтуға асықсың. Өйткені оның нұрлы жүзіне қарап-ақ, «ол мені түсінеді, осы жан маған көмектесе алады» деген ой ұялайды.

Менің өмірімде «керемет дос» деген атпен қалатын ендігі бір адам – Анар. Қарағандының ашық та жарқын бұл қызы өзінің жайдары мінезімен, қарақат көздерімен, нағыз досқа тән қылықтарымен есімде қалды. Қай кезде де қасыңнан табыла білетін Анар кез келген адамның көңіл-күйін шырқау шегіне дейін жеткізіп бере алады. Оның ерекше қасиеті – ашықтығы. Шындықты жасырмайды, өзін өтіріктен аулақ ұстайды.

Өзінің сүйкімділігімен көзге түсе білген тағы бір керемет адам – Дина есімді қыз. Нені ұнататынын, нені жақтырмайтынын жасқанбай айтатын шыншыл адам, міне - осы. Қиын сәттер туып қалса, жан-дүниесін ашуға даяр, бізден кеңес сұрап, өз ойын да еркін білдіреді. Күлуге жаны ерекше құмар Дина Алматылық әсем қыздың кейпін мен үшін айқын ашып көрсетті.

Көрген кезде сұлулығына тоймайтын ару қыз – Айжан. Астанадан келген бұл нәзік жанның өзіне тән адамды тартатын қасиеттері жетеді. Тұла бойын алып бара жатқан сезімін жасырмайды. Ал қоштасуға жақындаған кез келгенде: «Сендер сияқты адамдарды кездестіргеніме қуаныштымын. Сендермен қоштасқым келмейді, тағы да жолықсақ қандай бақыт болар екен!», - деген сөзді осы арудың аузынан бірнеше рет естігенмін. Мен де оны тағы да кездестірсем, еш өкінбейтіндігіме сенімдімін.

Өте сыпайы, көп тіл қата бермейтін Ақнұр есімді Тараздың қызын айта кетпеуге болмас. Бұл қызбен сөйлескенде жаның жай табады. Байқағаным, екеуіміздің ұнататын фильмдеріміз де, әртістеріміз де ұқсас екен. Бұнымен қоса, ол да мен секілді 11-сынып оқушысы екен. Тағы да мен күтпеген сәйкестік екеуіміздің армандап жүрген оқу орнымыз да бір екен. Қайран, егер сол оқу орнына түсіп жатсам, мен екі мәрте қуаныш болар еді.

Арамызда әрқашан күліп жүретін, аузына тыным таппайтын жалғыз бала – Әнуар. Ақтөбелік бұл бала, менің ойымша, дос таңдауды біледі. Ең алғаш көрген кезде, ол 28 жасар біз секілді жазушымен жан досындай әңгіме айту үстінде еді. Өзінен екі еседей үлкен адаммен өте еркін сөйлескенін көріп, шыны керек, таңғалдым. Жақынырақ сөйлесіп көрсең, расында да, кез келген адаммен дос болуға жол таба білетін жайдары әрі ашық мінезді бала.

 

 

Оцените пост

1
Дальше