"Мың бала" туралы

Мадина Омаркулова 2012 M05 31
2714
1
4
0

«Қазақфильмнің» «Жаужүрек мың бала» кинотуындысы 2012 жылдың ең ірі жобасы болды. Жалпы прокатқа 3 мамырда шыққан бұл фильм алғашқы үш күнінде-ақ 1 миллион АҚШ долларына жуық қаржы жинап, рекорд...

«Қазақфильмнің» «Жаужүрек мың бала» кинотуындысы 2012 жылдың ең ірі жобасы болды. Жалпы прокатқа 3 мамырда шыққан бұл фильм алғашқы үш күнінде-ақ 1 миллион АҚШ долларына жуық қаржы жинап, рекорд орнатты. Ал бір аптаның ішінде бұл фильм 147 миллион тенге қаржы жинапты. Мамыр айы бойы еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілетін тарихи экшн-фильм – белгілі режиссер Ақан Сатаевтың туындысы. Бұл Қазақстанның кино тарихындағы ең ауқымды жобалардың бірі болып есептеледі. Фильмнің өндірістік бюджеті 12 миллион долларды құрады.

«Жаужүрек мың бала» фильміне басты рөлдегі және екінші дәрежедегі актерлерді таңдау мақсатында жарияланған кастингке 22 мыңнан астам үміткер қатысты. Түсірілім алаңында бес жүзге тарта отандық БАҚ, сонымен қатар «The Independent», «Hollywood Reporter», «Variety» секілді әлемдік ірі медиа өкілдері де болды.
Актерлер екі ай бойы актерлік шеберліктерін шыңдап, атпен шабуды, садақ тартуды меңгерген екен. «Жаужүрек мың бала» продюсерлерінің бірі Әлия Уәлжанованың айтуынша, фильмге шетелдік дистрибьютерлер мен сауда агенттері үлкен қызығушылық танытып отыр. 17 мамыр күні Канн фестивалі аясындағы кинонарықта қазақстандық жаңа туынды алғашқы драфт нұсқаларымен-ақ 20th Century Fox, Universal Pictures секілді халықаралық ірі дистрибьютерлерге таныстырылмақ.
Жоңғар шапқыншылығы –азаттық үшін жанын пида етіп, әр қазақ баласының тарихта қанымен жазылған оқиға. Кино желісі бойынша, осы соғыста ел үшін күрескен жауынгер ер-азаматтар қатарында, жаужүрек Сартай батыр да өзіндей өрімдей жас, жет-кіншек сарбаздарды жинап, жорыққа бастап шығады. Мың бала атанған Сартай жасағы қарасы әлдеқайда көп жауға азғана қол қарсы шауып, «Аңырақай шайқасында» қазақ әскерінің жеңуіне ықпал етеді. Жау жоңғарға қарсы күрес жүргізген жас балалар туралы аңыз осы фильмде қайта жаңғырды. Фильмде қазақ рухы, ерлік, жігер, намыс, махаббат, достық, сатқындық, кектен туған ашу-ыза барлығы да көрініс тапқан. Жас батырлардың «не ел боламыз, не құл боп құримыз» деген намысы туындының негізгі идеясы да болып тұр.
«Жаужүрек мың бала» фильмінде 99 пайыз өз еліміздің мамандары, актерлері жұмыс жасады, қазақ киносына жаңа есімдер қосылды. Басты рөлдерді ойнаған жастар Асылхан Төлепов, Аян Өтепберген, Құралай Анарбековалар аға буын актерлер Дос-қан Жолжақсынов, Төлеубек Аралбай, Тілектес Мейрамов,Болат Әбділманов, Берік Айтжанов, Нұрлан Әлімжан сынды актерлерден еш кем түскен жоқ. Әр актер туралы жеке-жеке толассыз айтуға болады. Сартай бейнесін жасаған Асылхан Төлепов, Таймас образын сомдаған Аян Өтепберген, Хорлан бейнесінде көрінген Құралай Анарбекова, Зере рөлін ойнаған Әлия Әнуарбек сияқты жап-жас жігіттер мен қыздар өздерінің жастыққа тән сымбатымен, әдемілігімен, қазақылығымен баурап алады.
Қазақ көрермендері көптен күткен кино туынды болды. Атақты драматург жазушыларымыз да «Жау жүрек мың бала» қазақ киносында «Қыз Жібектей» орын алады деп баға беріп те үлгерді. Атақты жазушы,драматург, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков «Айқын» газетінде жарық көрген «Қазақ киносы ұлтты қорламаса, қолдаса...» атты мақаласында жаңа кинотуындыға былай баға береді: «Жаужүрек Мың бала» ұлттық калоритінің байлығы, көркемдік сапасының жоғарылығы арқасында қазақ көрермендерін кинотеатрларға қайта жинай бастады. Әлемдік киноаренаға да осы шығарма арқылы ұялмай шыға алатынымыз ақиқат. Қорыта айт-қанда, «Жаужүрек Мың бала» фильмі - қазақ киносының елеулі табысы. Бұл туындыны қалың көрермен қауым зор құрметпен қарсы алады деп сенеміз. Осы фильмнен кейін «Қазақфильм» киностудиясының да, барша көрермен қауымның да еңсесі көтеріліп, өзгелердің алдында ұлтың үшін ұялмай, салбыраған басты жоғары көтеріп жүретін кез келді деп айтуға толық хақымыз бар… Ескерте кетер бір жай: Фильмнің титрынан «Жаужүрек» деген қосарланып жүрген анықтауышты алып тастаған жөн болар еді. Жаужүрек балаларды көрермен онсыз да экраннан көреді ғой. «Мың бала» деген атаудың өзі-ақ жеткілікті сияқты».
Республикалық беделді басылымдар да аталған фильмге жақсы рецензия жазды. «Ана тілі» газетінде «МЫҢ БАЛА» СЕКІЛДІ МЫҢ ФИЛЬМ КЕРЕК» деген мақаланың тақырыбы-ақ фильмге берілген баға. «МЫҢ БАЛА» ҚАЗАҚТЫ БІР МАРҚАЙТЫП ТАСТАДЫ» деген тақырыппен «Түркістан» газетінде де мақала жарық көрді.Шетелдік басылымдар «Жаужүрек мың бала» турасында не дейді екен ? Кейбір шетелдік басылымдарда жарық көрген материалдардан үзінділерге тоқталсақ. «Тарихи эпос «Жаужүрек мың бала» қазақстандық киноөндіріске серпініс әкелу керек» бұл «The Washington Times» басылымының берген бағасы. «Жаужүрек мың бала» -әлемге қазақстандық киноөндірісті танытатын фильм» деп жазады London Evening Standard. Ал атақты Reuters «Романтикалық қазақ эпосы» десе, Variety «Қазақфильм» әлемдік киноматогравта өз орнын таба бастағандай» деп мәлімдеді. The Independent басылымы «Шайқас көріністері керемет» деп баға берсе, BBC World News «Қазақстандық киноның «жаулап алуы» деп айқын айтыпты.
«Жаужүрек мың бала» көптің көңілінен шықты. Шетелден жұлдыздарды шақырмай-ақ, өзіміздің өнерлі жастармен де әлемге қазақ киносын мойындататын туынды түсіруге болатынына көзіміз жетті. Халқымыз ұлттық рухты насихаттайтын туындыны көптен күтті. Көпшілік қауымға көрсетілімге шыққанда да ел осы фильмді көруге асықты. «Жаужүре мың бала» көрсетіліп жатқан кинозалдардың бәрі лық толы болды. Тіпті билет табылмай, киносүйер қауым билет 1-2 күн бұрын алып қойып жатты. Фильмнің көрсетілім басталғалы бері 2 апта өтсе де жағдай әлі сондай. Киноға бұрын өздері ғана баратын жастар әке-шешесі, ата-әжесін де алып барып жүр. Бір аптаның ішінде кассадан жинаған қаражаты 147 млн теңге болса, 2-аптаның аяғында бұл сомма екі есе өсетіні анық. Алайда көңілді қынжылтатын бір мәселе бар. «Баяғы жартас бір жартас» демекші. Отандық кинопрокатшылар қазақ тіліндегі фильмдерге көрермен аз жиналады деген сылтаумен қазақ тіліндегі фильмдерге мейлінше селқос қарайтын стереотип қалыптасып қалған. «Жаужүрек Мың бала» фильмі де осындай селқостықпен бетпе-бет келді. Бірақ қазақ өмірін өз тілінде көргісі келген көпшіліктің қысымы бойынша, кинопрокат фильмнің қазақ тіліндегі нұсқасынан 6-7 данасын сұратып алыпты. Демек, қазақ киносын қазақ тілінде көретін қазақтар аз емес. Сапалы түсірілген ана тіліміздегі фильмдерді ел көруге асық екенін Ақан Сатевтың «мың баласы» дәлелдеді!

P.S.
Қазақтың рухын көтеретін, ұлттың ұлылығын насихаттайтын туындылар көп болсын! Сапалы қазақ киносын қолдайық, қазақ рухын
асқақтатайық!

15 мамыр 2012 жыл

Оцените пост

4
Дальше